Екінші топқа инклюзивті білім берудің негізгі ұғым түсініктері, модельдері, даму кезеңдері, практикалық аспектілері қарастырылған зерттеулерді жатқыздық.
Йорк университетінің профессоры Г.Банч инклюзивтік білім берудің философиясы, қажеттілігі, пайдасы мен қоғам мәдениетін қалыптастыру тәсілдері, білім алушыларды мүмкіндік деңгейлері бойынша бөлу және сәйкес тәсілдерді таңдау мәселелерін қарастырады [145].
Инклюзивтік білім берудің негізгі ұғым түсініктерін қарастырушы ғалымдар М.Ю. Перфильева, Ю.П. Симонова, С.А. Прушинский инклюзияны дамытудың құқықтық аспектілерін, инклюзияның ұғым түсініктердің мәнін, ұстанымдарын, модельдері және кезеңдерін айқындады [146].
Алѐхина С.В. инклюзияны дүниетанымдық көзқарас және білім беру тұжырымдамасы ретінде қарастыра отырып, инклюзияның әлемдік қоғамда пайда болу тарихын, оның шетелдерде даму бағыттарын, инклюзивтік білім берудің табысты ендірілуі, инклюзияны жүзеге асыру ерекшеліктерін ашып көрсетеді [147].
Ахметова Д.З., Челнокова Т.А., Мигранова Г.В., Корвяков В.А., Мухамбетов Д.Г. инклюзивтік білім берудің теориялық негіздерін, ұғымдарын, практикалық аспектілерін қарастырып, инклюзивтік білім берудің педагогикалық және қашықтықтан оқыту технологияларына тоқталды [148].
Л.Н. Лиходедова инклюзивті білім беру ұғымын талдай отырып, инклюзивтік білім беруді ұйымдастыру мен басқарудың базалық ережелерін, инклюзивтік білім берудің халықаралық тәжірибесін, моделін, инклюзивтік білім берудің шарттарын, жеке білім беру маршрутын жасауды өз еңбегінде айқындады және инклюзивтік білім беруді жалпы және арнайы білім берудің бір бөлігі деген түсінік қалыптастырды [149].
Үшінші топқа инклюзивті білім берудің теориялық мәселелері, нормативтік-құқықтық, педагогикалық-психологиялық аспектілері, концептуалдық ұстанымдары қарастырылған зерттеулерді жатқыздық.
Ғалымдар О.А. Апуневич, И.А. Букина, И.Н. Берникова, О.А. Глухова, Т.В. Гудина, О.А. Денисова инклюзияның философиялық және теориялық негіздерін, мүгедектігі бар тұлғаларға инклюзивтік білім беруді ұйымдастыру және жүзеге асыру мәселелерін, кәсіптік білім беру кезеңінде инклюзивтік білім берудің теориялық және практикалық аспектілерін, болашағы және даму жолдарын, инклюзивтік білім беруді психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу тәжірибесін, мүмкіндігі шектеулі білім алушыларды қолдаудың ресурстық орталығын құру тәжірибесін зерделеп, инклюзивтік білім беруді ендіру тәжірибесімен бөліседі [150].
Л.А. Дружинина, Л.Б. Осипова, Л.И. Плаксина (2017) инклюзивті білім берудің теориялық мәселелері мен нормативтік- құқықтық актілерін, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды психологиялық- педагогикалық сүйемелдеу мәселелерін, пәндік даму ортасының концептуалдық негіздерін, пәндік ортаны ұйымдастыру ерекшеліктерін қарастырды [151].
Мальцева Т.Е. жаңа парадигмаға негізделген жоғары инклюзивтік білім берудің концептуалды ұстанымдарының мәні, инклюзивтік білім беруді дамытудың философиялық және психологиялық-педагогикалық аспектілерінің көп қырлылығын, жоғары инклюзивтік білім берудің инновациялық үрдістерін қарастырды [152].
Мовкебаева З.А., Оралканова И.А., Хамитова Д.С. елімізде инклюзивті білім берудің нормативтік-құқықтық базасы, негізгі ұстанымдары мен құндылықтары, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға қарым-қатынасты дамытудың эволюциялық модельдері, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды білім кеңістігіне кіріктірудің қазіргі ғылыми деңгейі, инклюзивті білім берудегі педагогтардың орны, инклюзивтік білім берудегі этнопедагогикалық тәсілдер, Қазақстанда және шетелдерде инклюзивтік білім беру мәселелерін өз еңбектерінде зерделеді [153].
Достарыңызбен бөлісу: |