Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»



бет8/56
Дата22.05.2018
өлшемі6,79 Mb.
#40605
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   56

ҰЛЫ ПЕДАГОГТІҢ ӨСИЕТІНЕН


Қасиетті сөздерді сақтап, бағалай біл. Отанға деген махаббат жайлы босқа даурыға берме, қайта Отан игілігі үшін, бақыты мен күш-қуатын нығайта беру үшін адал еңбек ет.

Отан – сенің үйің, сенің алтын бесігің. Туған үйің де әрдайым жақсы бола бермейді. Біздің өз қайғымыз, өз ренішіміз болады. Осылар жайында айтқанда, сен өз туған үйіңнің де қайғысы мен реніші туралы айтатыныңды есіңде ұста.

Кемшіліктер туралы айғайлауға көп ақылдың керегі жоқ. Көпірме сөзділік пен даңғазалықты жек көр. Қайырымдылық пен әділеттіліктің салтанат құруын тіле, солардың жолына бар өнеріңді сал.

Отанымыздың қандай алыс түкпірінде жүрсең де, туған жеріңді ұмытпа. Заңға, тәртіпке бағына біл. Дүниедегі ең адамгершілік заңдарға бағына білу дегеніміз – азаттықтың жоғарғы көрінісі.

Сен он алты жасыңда-ақ өзіңе: «Мен жарық дүниеде не үшін өмір сүремін?» – деген сұрауды қоя білуге тиіссің және бұған азаматқа лайықты жауап бере білуге тиістісің.

Он алты жасыңда сен өткен жолыңа қарап тұрып, өз еңбегіңнің жемісін көруге, өз өміріңнің алғашқы қорытындысын шығаруға тиістісің. Сен болашақ еңбеккер ғана емессің, сонымен бірге болашақ жауынгерсің де.

Кішкентай кезіңнен-ақ өзіңді әскери қызметке даярлай біл. Төзімді әрі шыдамды бол, қиыншылықтардан қорықпа.

Кішкентайыңнан-ақ уәдеге, антқа берік болуды үйрен. Уәдеге берік болу – сенің жеке басыңның абыройы.

Өзіңе-өзің ие бол. Өзіңе-өзің әмір етуді кішкентайыңнан үйрен. Мойның жар бермейтін, бірақ істеуге керек нәрсені атқаруға өзіңді-өзің үйрете біл.

Өз бойыңдағы парықсыздықтың ең кішкентай белгілерін де – қыңырлықты, өшпенділікті, ашуланшақтықты, менменсіген тәкаппарлықты – жоя біл. Бұлардың бәрінен дарашылдық өрбіп-өнеді.

Егер өзіңді мойын ұсындырып, өзіңнен-өзің талап ете білмесең, жүз мұғалімнен оқысаң да, ештеңе шығара алмайсың.

Ақыл-ой мен сезім әдепсіздігі, кемістігі біздің заманымызда моральдық ауру деп есептеледі. Мұғалімді қастерлей біл. Өзіңді ағаттықтан сақтап, бұрыстығыңды бетке басқан адамға да рахмет айт.

Адамдарға залымдық ойлама, адамдарды ренжітпе, адамдардың жанын ауыртпа, мазасын алма, тыныштығын кетірме.

Кінәсын сезіну – тәрбиелі адамның инабатты сезімі. Тек ақымақтар және адамгершілік жағынан дөрекі, көргенсіз адамдар ғана кінәсына қымсынбайды. Кінәңды сезіну - өзіңді-өзің төмпештеу емес, керісінше, ол – арыңның ұяты, адамгершілік тазалықтың, көргенділіктің белгісі.

Сенің анаңа, әйелге, қызға деген қарым-қатынасың – түйсікті, сезім мен ақыл-есті тәрбиелеудің аса маңызды мектебі. Әйелге деген қарым-қатынас – ардың, намыстың, көргенділіктің, ізеттіліктің аса нәзік өлшеуіші.

Сенің ақылсыз, дөрекі әрі немқұрайды айтылған бір ауыз сөзің оны өкпелетінін, жанына бататынын абыржу туғызып, таң қалдырып, әбігерге түсіретінін біліп қой.

Қарттардың адамдық әлсіздіктеріне ешірімді бола біліңдер. Жекелеген әлсіздіктерін елең қылмауға үйреніңдер.

Адамдық әлсіздік пен зұлымдықты шатастыруға болмайды. Зұлымдыққа қарсы күресу керек. Зұлымдыққа төзуге болмайды. Зұлымдықпен келіссең, адамшылықтан жұрдай болғаның. Екіжүзділік, жағымпаздық, ымырашылдық - бұл үлкен бәле. Құбылып тұратын бұл бәлелерді тани білуді үйрен, оларға төзбе, олармен келіспе.

Сенің жан-дүниеңнің алғашқы әрекеті – ең ізгі әрекет. Жамандықты көргенде, оған қарсы күрессем бе немесе көзді жұмып өте шықсам ба екен деп ойланып жатпа. Жүрегің мен ар-намысың қалай әмір етсе, солай қимылда. Игі сезімдер – ар-намыстың сенімді қорғаны.

Адамның адамшылығын қорлау, өзін ғана құрметтеуге тұрарлық адамға санап, ал басқаны шыбын құрлы көрмеушілік – жамандықтың зоры осы. Біздің кейбір азаматтардың жалқаулығы, салақтығы, ауырдың үстімен жүруге ұмтылатыны – жамандықтың ең зоры осы. Бұл бәлемен де келісуші болма!

Пайдакүнемдік – зор бәле. Пайдакүнем адам шыншыл да бола алмайды, принципті де, қайсар да, өз борышына адал да бола алмайды. Кішкентайыңнан қанағат қылып үйрен.

Өзіңнің ғана емес, өзгенің де, қоғамның барлық адамдарының, сондай-ақ жеке адамның бақыты мен қуанышына бола жасалған бүкіл қоғамға тән байлық сен үшін де қымбат болуға тиіс.

Зор бәленің бірі – қызғаншақтық, жолдасыңның қол жеткен табыстарын қызғанба, қайта қуан. Бірақ қуана отырып, одан озуға тырыс.

Оқуға бар ынта-жігеріңді сал – сенің бойыңа сол жарасады! Жатып іше, арамтамақ болма! Ой жалқаулығын жек көр.

Ойсыз, кітап оқусыз, ақыл-ой еңбегінсіз өткен күн – босқа өткен күн. Өзіңе тапсырылғаннан да көбірек істеуге тырыс. Өз алдыңа міндет пен тапсырма қоя біл.

(В.А.Сухомлинский. Даналардан шыққан сөз: Нақылдар жинағы./ Жинап, құраст., ауд. Ұ.Асылов. – Алматы: Мектеп, 1987. – 383 бет. 119-123 беттер)

ҰЛЫ ПЕДАГОГТІҢ ӨСИЕТТЕРІ

Әкең мен анаң саған өмір берді және олар сенің бақытың үшін өмір сүреді. Солардың денсаулығы мен тыныштығын сақта. Оларға күйік болма.

Сенің адал өмірің, еңбексүйгіштігің, сенің білім алудағы, еңбектегі табыстарың – ата-анаң үшін зор бақыт. Өз үйіңе бақыт әкел.

Ана жүрегін сезе біл, оның жанарындағы шапағат пен тыныштықты, бақыт пен қуанышты, алаңдаушылық пен мазасыздықты, абыржу мен ренішті көре біл. Егер сен бала кезіңнен анаңның көзінен оның жан дүниесін көре білуді үйренбесең, адамгершілік жағынан өмір бойы тәрбиесіз болып қаласың. Анаңа да, әкеңе де шыншыл бол. Ата-ананың құптауынсыз істеуге болмайтын нәрсенің бәріне солардың рұқсаты мен ризалығын сұра. Ұл мен қыздың шын еркіндігі тыңдай білер балалардан шығады.

Адамның үш жұты бар: олар-өлім, кәрілік және жаман бала, - дейді украиндардың халық даналығы. Кәрілік - келмей қоймайды, өлім - алмай қоймайды, оларға ешкім де өз үйінің есігін жауып алып, қарсы тұра алмайды. Ал үйіңді жаман баладан да өрттен қорғағандай қорғауың мүмкін. Бұл ата-аналарға ғана емес, сонымен бірге балалардың өздеріне де байланысты.

Тыңдағыш ұл, тыңдағыш қыз болу - өзіндік тұрпат-тұрғыңнан айрылу деген сөз емес. Ата-ананы сыйлау – елпектеп, бас ие беру деген де сөз емес. Амал не, өмірде әмір етуге моральдық қақысы жоқ, сыйлауға да, ырқында болуға да тұрмайтын кейбір әкелер мен шешелер кездесіп қалады. Егер сондай адамның баласы болу маңдайыңа жазылған болса, шындық үшін күресе біл, өзіңнің адамдық қасиетіңді сақтай біл, қайыспайтын бол.

Егер семьяда қайғы, бақытсыздық, ұнамсыз жайт болса, онда семьяны аман алып қалу жөніндегі сенің жауапкершілігің арта түседі. Тек өзіңнің қажырлы еңбегіңмен ғана сен ата-анаңның жан дүниесін жайландыра аласың. Сен өзіңнің бірінші жалақыңды алғанда анаңа, әжеңе сыйлық алып бер. Бұл сыйлық - өзің айтар алғыстың белгісі.

Қарт адамдардың үйретуге де, ақыл айтуға да қақысы бар. Бұл моральдық қақыны құрметтей біл.

Кәрілік бақыт бола алмайды. Бақытты кәрілік дегенді надандар ғана ойлап тапқан. Кәрілік тыныштық немесе қасірет қана болуы мүмкін. Сый-құрметке ие болғанда ғана ол тыныштық болады. Ұмытшақтық пен жалғыздық оны қасіретті етеді. Аталарың мен әжелерің, аналарың мен әкелеріңнің қарттығын қасіретке айналдырмаңдар. Адам өз ұрпағы арқылы өмірде көп жасайды. Адамның өлмейтіндігі осында.

(В.А.Сухомлинский. Даналардан шыққан сөз: Нақылдар жинағы./ Жинап, құраст., ауд. Ұ.Асылов. – Алматы: Мектеп, 1987. – 383 бет. 272-274- беттер)
МӘҢГҮРТ

Сарыөзектен адам іздеп табу оңай ма екен: адам да бір, бір түйіршік құм да құм. Ал енді кең өрісте мал жүрсе, оны, әйтеуір ерте ме, кеш пе, табасың. Соны тапсаң, бақташысы да табылады. Найман-Ананың есебі солай еді. Бірақ еш жерден тірі жан кездеспеді. Жуан-жуандар қалың малын басқа өріске ауыстырып әкетті ме, әлден толайым күйінде Хиуа мен Бұхардың базарына айдап әкетті ме деп те сескенді. Олай болса, түйеші мәңгүрт ит арқасы қияннан қайтып орала ма, жоқ па?..

Ана шіркін көкірегін қайғы мен күдік кернеп, ауылдан аттанарда жаратқаннан бір-ақ тілек тілеген: мейлі, мәңгүрт болсын, мейлі ессіз, ақылсыз пенде болсын, кім болса, ол болсын, әйтеуір, менің балам болып шықса екен, әйтеуір, тірі көрсем екен... Бір көрсем- арманым жоқ!- деген. Бірақ та жуырда кезбе саудагерлер керуені әлгі мәңгүртті кездестірген жерге жақындаған сайын ана жүрегі ақыл-ессіз мәңгүрт ұлды көруден сескеніп, тұла бойын үрей билей берді. Енді құдайға: «Е, жасаған, балам тірі болмаса болмай-ақ қойсын, бірақ әлгі мәңгүрт сол болып шықпаса екен, бақытсыз басқа біреу болып шықса екен», - деп жалбарынды. Ал алыстан сарылып, сансырап келе жатқандығы мақсаты - әлгі мәңгүртті өз көзімен көріп, өзінің ұлы емес екеніне әбден сеніп, біржолата күдер үзу. Күдер үзіп, елге қайтып, қалған ғұмырында тағдырдың салғанын көріп жүрер еді де...

Енді бірде бұл райдан қайтып: «Е, құдая, сол бейшара басқа біреу емес, тек менің ұлым болса екен деп зарыға, зарлана тіледі. Мәңгүрт тұрмақ, тағы бір бәле болып кетсе де, тек менің ұлым болса екен...»

Ойлар сайысының осындай ойранында келе жатып, енді бір қырқадан аса бергенде, кең алқапта жайбарақат жайылып жатқан түмен түйе табыны көзіне оттай басылды. Өркештерін май тұтқан қоңыр түйелер маңғаздана маң-маң басып, әр қараған, шеңгелдің басын бір шалып, жайылып жүр. Іздегенім ақыры табылды-ау деп Найман Ана ә дегенде қуанғаннан Ақ інгенді сауырлап, өріске қарай салып ұрып келе жатты да, кенет қазір мәңгүрт ұлымен көрісетіні есіне түсіп, есі шығып, тұла бойы қалшылдап, үрей-үркек болды да қалды. Тағы бірде қуаныш бойын қайта билеп, не болғанын білмей, жүрегі түскір алып ұшты.

Мыңғырған мал мынау, ау, мұның бақташысы қайда? Осы маңда болса керек еді. Өзектің арғы бетінен бір адам көрінді. Аулақтан кім екенін айыру қиын. Қолында ұзын таяғы бар, үстінде қоржын, торсық артқан мініс түйесі жетегінде, әлгі бақташы сабалақ тұмағын баса киіп, жақындап келе жатқан жолаушыға бей-жай қарап, қозғалмастан тұра берді.

Таяп келіп, Найман-Ана өз ұлын танығанда, түйе үстінен қалай аунап түскенін өзі де білмей қалды. Ақ інгеннен құлап түскендей болып еді, оны елер шама жоқ!

- О, ұлым менің, құлыным! Мен сені іздеп шарқ ұрдым!- Ол киіздей тұтасқан баялышты кеше-меше ұмтылды.. .-Мен сенің анаңмын!

Жүрегі түскір су-у-у ете қалды. Аяғымен жер тепкілеп, аузы-басы кемсеңдеп, өзін өзі тежей алмай, ал кеп бір аңырасын, боздасын сорлы ана. Буын-буыны дірілдеп, құлап түспекке томардай қақайып тебіренбей тұрған ұлының иығынан қос қолдап құшақтап алған. Төбесінен ұдайы төніп тұрған қара қайғы зілмәуір салмақпен енді келіп үстіне құлағанда, амалсыздан аңырап, азалы бір үнге басқан. Жылап тұрып, жас жуған ақ шашының арасынан әлі де үміткер көңіл өз ұлының таныс дидарына қадалады. Мені таныр ма екен деген ынтызар үмітпен ұлының жанарына жалбарына көз тігеді. Өз анасын тану деген сонша қиын емес қой, құдай-ау!..

Бірақ анау бұл әйелді осы даладан күнде көріп, әбден көзі үйреніп кеткендей-ақ, бұл жолаушының алыстан арып-ашып келгеніне титтей де мән берген жоқ. Қасында біреу бар ма, жоқ па, неге жылайды-ау, неге күйзелдің-ау деген не, жо-жоқ, селт етпеді-ау сабазың. «Ау, неге жылап тұрсыз?» - деп те сұрамады. Ол-ол ма, бір сәтте анасының қолын өз иығынан ысырып тастап, жанынан бір сәт ажырамайтын қомдаулы түйесін жетектеп, тасыраңдаған жас табын алыстап кетпеді ме екен деп, түйелер жаққа қарай аяңдап кете барды.

Жападан-жалғыз қалған Найман-Ана жүресінен отыра кетті де, өксігін баса алмай, қос қолымен бетін мыжып, басы салбырап, сансырады да қалды. Ақыры әл-дәрменге келіп, сабыр сақтауға тырысып, баласының артынан барды. Мәңгүрт ұлы сабалақ бөркін баса киіп, бұған зердесіз, мәнсіз ғана көз қиығын тастағанда жел қағып, қайыстай қарайып, өлі беттеніп кеткен жүзінде болар-болмас жымиыс елесі шалықтап өткендей болды. Ал көзі... көзі дүниеде не бар, не жоғынан бейхабар, бейтарап, сол баяғы адасқақ, сезім-сезіксіз күйінде қала берді.

- Отыр, сөйлесейік, - деді сорлы ана аһ ұрып күрсініп алып. Екеуі жерге отырды.

- Сен мені танисың ба? – деді анасы. Мәңгүрт басын шайқады.

- Сенің атың кім?

- Мәңгүрт.

-Мәңгүрт деп сені қазір атайды. Ал бұрынғы атың есіңде ме? Есіңе түсірші шын атыңды.

Мәңгүрт үнсіз. Бірдеңені есіне түсіргісі келіп, ышқынып-ақ отыр, тіпті қиналғаннан кеңсірігі терлеп те кетті, бірақ көз алдын дір-дір еткен тұнжыр тұман тұтты да тұрды. Сірә, көз алдын ештеңе көрсетпес қалың қапас қаптал алса керек, ештеңені есіне түсіре де алмады, елестете де алмады...

- Әкеңнің атын білесің бе? Әкеңнің аты кім? Өзіңнің елің қайда, руың кім? Тым құрыса, туған жеріңді білесің бе?

Жоқ, тұтасқан тұңғиық тұман. Ол ешнәрсе білмейді.

Құдай-ау, қандай күйге дұшар қылған сені!- деп сыбырлап, ана мұңлық қайтадан еріксіз аузы кемсеңдеп, ыза мен қайғыға булығып, өзін-өзі баса алмай, өксіп-өксіп, үзіліп-үзіліп боздай берді. Ана қайғысы мәңгүртке шыбын шаққан ғұрлы көрінген жоқ.

- Ау, жерді, суды тартып алса мейлі, байлығыңды тартып алса мейлі, тіпті жаныңды алса да мейлі,- дейді үнін шығарып. –Ау, адамның ақыл-ойын тартып алуды қандай қаражүрек ойлап тапты, құдай-ау?! О, құдай, бар екенің шын болса, мұндай сұмдықты жұртқа қалай дарыттың? Жер бетінде басқа сұмдық аз ба еді?

(Айтматов Ш. Мәңгүрт//Жалын, № 7, 2008 жыл, 9-10 беттер)

ІІ. ҚАЗАҚ АҒАРТУШЫЛАРЫНЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАРЫ
ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН

(1841-1889)
ӘЙ, ДОСТАРЫМ

Әй, достарым, жігіттерім,

Болмасқа болушы болма!

Қолыңнан келсе қыл қайыр,

Кісіден алушы болма.

Жақсының жүзі жәндетті,

Бір көруің ғанибет-ті.

Жаманның ісі міндет-ті

Зар берсе алушы болма!
Жоғары қарап оқ атпа,

Өзіңнің түсер қасыңа.

Ақылсыз жанды досым деп,

Басыңды қосып сыр айтпа.

Күндердің күні болғанда,

Ол жаман айғақ болар басыңа.

Бар күшіңді сынаспай,

Балуандарменен күреспе.

Таң боларсың әлемге,

Сөз боларсың көлемге.


Ақылсыз достан – ақылды дұшпан артық.

Дұшпаныңнан бір сақтан,

Сырты май да, іші қан.

Ел ішінде жар-жора,

Достарыңнан бір сақтанғанда, мың сақтан.
ӘЙ, ЖІГІТТЕР

Әй, жігіттер, үлгі алмаңыз,

Азған елдің ішінен.

Алыс-алыс қашыңыздар

Зияндасты кісіден.

Жақсыны көзден салмаңыздар,

Жақсыдан қапыл қалмаңыздар.

Өзі болған ерлердің

Аяғынан алмаңыздар.

Әр елге, әр жұртқа алтын сақа табылмас.


Бас ауырса бақсыларды

Алыс келіп бақтырарсың.

Жазықсыз жануарды сойып,

Өкпеменен қақтырарсың.

Жын-бәлекет қашады деп,

Тұмар алып тақтырарсың.

Білмес надан еткен істен

Ешбір қайыр табылмас.


Алған жарың жаман болса,

Бір тәңірге көп налырсың.

Жарым сондай болса екен деп,

Көрінгенге көз саларсың.

Әзелде маңдайыңа нені жазса соны аларсың.
Бәріңізге қасы қара, қызыл жүзді табылмас.

Қатының өлсе қарс ұрып қаларсың.

Аны-мұны қармалап,

Және біреуді аларсың.

Бір кеткен соң қамқор әке-шешең табылмас.

(Бес ғасыр жырлайды: 2 томдық./Құрастырған, М. Байділдаев, М. Мағауин. Алматы: Жазушы, 1989.-Т.2.- 496 бет. 14-15 – беттер)


ЖЕТІНШІ СӨЗ

Жас бала – анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады; біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспмейді; қуат таппайды. Біреуі білсемекен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?», деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді? »деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.

Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құда тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екенбіз?

Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса каерек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, еш нәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Өз білгенің - өзіңе, өз білгенім - өзіме», «кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол» деген дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз.

Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде, хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз. (Абай. Қара сөз. Поэмалар. Алматы: ЕЛ, 1993- 272 бет. 80-104-беттер. 21-22 -беттер)

ОНЫНШЫ СӨЗ

Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?

Балам орнымды бассын деген не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді?

Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?

Артымнан балам құран оқысын десең, тіршілікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Жаманшылықты көп қылсаң, балаңның құраны неге жеткізеді? Тіршілікте өзің қылмаған істі өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?

Ахирет үшін бала тілегенің – балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?

Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі - өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейрімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші – малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екіталай.

... Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты халал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің сол. Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік.

Хош, сөйтіп жүріп-ақ мал таптың байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды. (Абай. Қара сөз. Поэмалар. Алматы: ЕЛ, 1993- 272 бет. 80-104-беттер. 27-28 -беттер)
ОН БЕСІНШІ СӨЗ

Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім.

Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды, сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады.

Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып, іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойласа көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен.

Есер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қайтып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.

Үшінші - әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір құмарлық өзіне бір түрлі дерт болады екен, уа әрбір құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бр түрлі мастық пайда болады екен.

Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы, мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен.

Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен.

Есер кісі ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к...н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім.

Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?

Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» (Абай. Қара сөз. Поэмалар. Алматы: ЕЛ, 1993- 272 бет. 80-104-беттер. 35-36 -беттер)

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек?

Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хаким айтқан екен, сол секілді сөз болады. (Абай. Қара сөз. Поэмалар. Алматы: ЕЛ, 1993- 272 бет. 80-104-беттер. 42-бет)

ОТЫЗ СЕГІЗІНШІ СӨЗ

Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері тұғралы біраз сөз жазып ядкар (ескерткіш, есте қалу) қалдырайын. Ықылас бірлән оқып, ұғып алыңыздар, аның үшін махаббатың толады. Махаббат - әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселербірлән. Мұның табылмақтығына себептер - әуелі һауас сәлим (жақсы сипат) һәм тән саулық, бұлар туысынан болады, қалмысы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады.

Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады.

... Енді біліңіздер, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (Шек, шама. Бұл жерде өлшеусіз, артық деген мағынада) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген ынсап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы.

Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түземек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзінше бір дәулет біледі. Бұл істердің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы кезіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не райда шықты? Мұнша әуреленіп, сыртыңды бір сүйген қауымыңа ұқсатарсың? Сыртқа қасиет бітпейді, алла тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікбірлән өсер.

... Өзін-өзі артық көрсетпек екі түрлі!

Әуелгісі - әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.

Екінші - өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.

Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады.

Һәм өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілікті бітіреді де, күншілік күңшілікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы, адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады.

Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық.

Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды.

Білімсіздік хайуандық болады.

Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады.

Бұлардың емі, халқына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын... (Абай. Қара сөз. Поэмалар. Алматы: ЕЛ, 1993- 272 бет. 80-104-беттер)


*** *** ***


Жастықтың оты жалындап,

Жас жүректе жанған шақ.

Талаптың аты арындап,

Әр қиынға салған шақ.

Уайым – аз, үміт – көп,

Ет ауырмас бейнетке.

Бүгін-ертең жетем деп,

Көңілге алған дәулетке.


Қайратпен кіріп, жалынбай,

Ақылмен тауып айласын.

«Мен қалайға?» салынбай,

Жылы жүзбен жайнасын.

Қайратқа сеніп қақтықпай,

Жазасын тауып жауласар.

Қатынша тілмен шаптықпай,

Майданға шықса жарасар.


Жалыны қайтар дененің,

Үнемі тұрмас осы шақ.

Талайғы кәрі дүниенің

Бір тетігін ұстап бақ.

Құйрығы шаян, беті адам –

Байқамай сенбе құрбыға!

Жылмаңы сыртта, іші арам,

Кез болар қайда сорлыға.


Досыңа достық – қарыз іс,

Дұшпаныңа әділ бол.

Асығыс түбі - өкініш,

Ойланып алмақ – сабыр сол.

Ақ көңілді жақсыдан,

Аянбай салыс ортаға.

Ақылы, ары тапшыдан,

Қу сөзін алма қолқаға.


Сұм-сұрқия, қу заман,

Гүл көрінер жігітке –

Қызықты өмір жайнаған,

Кеудесі толып үмітке.

Бір нәрсені ұнатса,

Қайта ойланып қарамас.

Мақтанып жұртты шулатса,

Құмары сол қызба бас.


Сенісерге келгенде,

Сене берер талғамай.

Жұрты құрғыр сенгішке,

Тұра ма қулық жалғамай?

Ары кеткен алдағыш,

Мені-ақ алда, сөкпейін.

Балы тамған жас қамыс,

Ормасаңшы көктейін!

Сені жақсы көрмесе,

Сенер ме еді сөзіңе?

«Япырмай?...» деп терлесе,

Ар емес пе өзіңе?



(Абай. Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ: Өлеңдер. – Алматы: Жалын. 1990. – 128 бет. 62-63 - беттер)

АСПАН, ЖЕР ЖӘНЕ АДАМ ЖАРАТЫЛЫСЫ ТУРАЛЫ

ЕЛ АУЗЫНАН ЖИНАҒАН ӘДЕБИЕТ ҮЛГІЛЕРІНЕН

(Үзінділер)

Кімде-кім болсын туа болмайды, жүре болады. Баз-баз жандар болады: ұрлық қылған емес, қарлық қылған емес, кісі өлтірген емес, мехнат-машақатты басынан көп кешіріп, қайғының қалың ортасында жүріп, табиғат жазасымен жазаланып, жәбір-жапаны көп көріп, қорытылуы жеткен соң, алтын болып тазарып шығады. Мұны бізге бұрынғылар оқыттырып кеткен. «Жердің кені қазса шығады; адам кені жүрсе шығады» деген. Және айтқаны: «Жігіт күнінде «өлсең — өлесің, кісі болып шығасың», «Үйде өскен бұзау өгіз болмайды!» деген.

Бір ақыл деген: айтуға аты бар да, өзінің бар-жоғы белгісіз сәуле бар. Мөлшерсіз нәрсе жоқ. «Қаралдысы тарыдай» — деп сөйленеді. Біреуде тарыдай ақыл бар болса, өзін-өзі бейнеттен, зорлықтан құтқаруға тырысуды біледі. Кім болсын, ол болсын, тарыдай ақылы жоқтықтан, өзін-өзі бейнетте, қорлықта қалдырады. Мұны қайдан біліп отырсың десең, қазақтың айтқан сөзінен аңғарып отырмын. Жақтырмаған біреуді: «Осы шіркіннің тарыдай ақылы жоқ», — деседі. Осы тарыдай өз бойына өзі егін өсіріп, өндіріп молайтып алушылар болады. Ондай болған жандардың ақылы көк пен жердің арасы толарлықтай тары болуға тиіс. «Ақылды өзің білмесең, сатып ал!»— дейді. «Ақыл — ауыс, ырыс — жұғыс», — дейді. Не нәрсе адамның өз талабымен болатұғын болады. «Жорға жүрісінен пұл болады, жаман жүрісінен құл болады». Өзгем өтірік болса да, осы сөзім — шын, сен бұған иманыңдай иланып сен! «Ақылсыз бас-аяқтың әлегі». Сол ақыл деген нәрсенің өз бойымызда барлығын, қаралдасын көрумен біліп, қарасын танып тұрғанымыз жоқ. Өзімізге қалдырған жұмысынан, істеткен ісінен барлығын біліп тұрмыз. «Ақылдың тұрағы — баста, баста болса, мида болады-ау!» — деп ойлаймыз.

...Егер біреу бақытсыздыққа душар болса, екіншісі оған көңіл айтып, қайғысын бөліседі. Ал қуаныш пен шаттыққа кенелген кісі дәл қайғыға ортақтасқандай болмайды. Өзгенің қайғы-қасіретіне шын мәнісінде ортақтаса білу тәрбие барысында біртіндеп қалыптасқан адамгершілік қасиет.

...Дене — бір қараңғы үй. Жан — сол үйдегі жарық қылып тұрған бір сәуле. Әркімнің жаны бір қалыпта, бір түрде болмайды. Сондай болғаны үшін айтылады: «Арық пен семіздің басы бір ме, жақсы мен жаманның жаны бір ме?» — дейді... Алайда жан бар, дене бар. Екеуі бірінен-бірі жасырын емес, бірақ жан деген нәрсені ешкім көрген емес. Адамның денесі өзіне де, басқаға да көріністе тұр. Жанның өзі көрінбейді, бірақ белгісі көрінеді (автордың жанның барлық белгісі деп отырғаны ойлау, сөйлеу, қиял, зейін және т.б.), жанның барлығы сонан танылады. Барлық белгісі — адамда бір нәрсені ойына салып ойлау бар, сезу бар. Ойланып сезген бір нәрсені орындап, келтіру керек. Міне, осындайлар — жанның барлық белгісі. ...Денедегі жанға серік болуға жарайтұғын нәрсе — қан.

...Жүрек — күшті машинаның түп тұрағы. Өкпе мен бауыр — жүректің қызметкерлері. Қан жүректе қайнайды, жан деген — сол қайнаған қанның буы. Бу болғанда жай бу емес, күшті, қайратты, қызулы бу. Бұл будың қайнауының қызулы, күштілігімен электр сықылды жарық сәуле болуға жарайтыны — миға қарай барып, ақыл атанады. Жүректе қайнап тұрған бу «жан» атанады. Тіршіліктің түп-тамыры, қазығы — жүрек. Неше мүше, неше дене болса — бәріне қызу күш, қайрат жүректен бармақ. Жүректен соңғы қайратты машина — бауыр. Барша дененің тірлігі — осы бауыр жұмысы... Бір денеде екі жан болмақшы емес, бір-ақ жан. Миға барғаны ақыл атанды, бауырға барғаны қан аталды. Жүректің өзінде тұрып қалғаны көңіл атанады, бауырға барғаны қан аталады. Жүректің өзінде тұрып қалғаны көңіл атанды. Ақыл, сезім, қайрат, жігер — көңілдің жұмысы... Көңіл бәрінің үстінен билейтұғын патшасы. Бұл сөз білімі бар, сезімі бар жанға айтылатын сөз. Білімі, сезімі жоқтық — ит жүрек, жаман ой. Мұндайлардың жанын «жабайы жан» дейді. Тар ауданды, соқыр сезімді жабайы жаннан не шықты?...

Адам танымы бес бастаудан нәр алатын асау өзен іспеттес. Оның бірі — көру, екіншісі — есту, үшіншісі — түйсіну, төртіншісі — иіс сезу, бесіншісі — дәм. Сезім органдарына тек тап-таза бейнелер ғана келіп түспейді, сонымен бірге бұған ескі-құсқысы аралас, тіпті лас нәрселер де келеді. Ойлау оларды сұрыптай отыра, жарамдыларын ғана қабылдап, жарамсызын шығарып тастайды. Тіл — ой маржаны, ойсыз тіл жоқ. Арман — сөздің қаймағы, нәр-тұзы. Қиял — өмірдің гүлі, әдеміліктің мәйегі. Қиялсыз адам — дәрменсіз.

(Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Аспан, жер, және адам жаратылысы туралы / Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10-том.- Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2006.-480 бет. 160-162- беттер)



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   56




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет