Шілдехана тойының қандай маңызы бар? Бала алғаш дүниеге келген күні қазақ шілдехана тойын жасайды. Шілдеханада түнімен ән айтылып, күй тартылған. Яғни жаңа туған нәрестенің алғаш құлағына естілетіні қазақтың әні мен жыры болған. Осыдан соң қазақ қалай әнші болмайды дейсің?! Бұрындары жас босанған әйелді түн күзететін болған. Сол түні ән мен жыр, күмбірлеген күй түні бойы бір толастамаған екен. Ол, бір жағынан, жаңа туған баланы жын-шайтан иектемесін деген ойдан шыққан. Өйткені ән салған адамның жаман ой ойлауға мүмкіндігі болмайды. Ал әнде үлкен құдірет бар. Сол дыбыс, әуен, саз жаңа туған нәрестенің құлағына сіңеді. Тек шілдехана жасалған күні болмаса, баланы қырқынан шығарғанша үйге көп адамды топырлатып шақырмаған екен. Ол екі аралықта балаға «бауы берік болсын» айта келгендердің өзі келін мен баланы көруге талпынбаған. Өйткені «келінге көз тиеді, балаға сұқ өтеді» деген. Қазақ жаңадан туған ботаның өзін жетілгенше тасада ұстап, ешкімге көрсетпеген ғой. Сол сияқты біреу қолға алып, жүзіне көз салып қараса, соның өзі жас балаға ауырлық әкеледі деп қауіптенген. Бір жағынан, бұл да дұрыс. Өйткені біз, өзіміз де бізде қандай энергия, қандай биоөрістер бар екенін біле бермейміз. Ал адамдар әртүрлі. Сен балаға жамандық ойламаған күннің өзінде балаға бейсаналы түрде зиян тигізуің мүмкін. Сондықтан ересек адамдар мүмкіндігінше жас босанған келіні бар, жаңадан туылған бөпесі бар үйге бара бермеген. Себебі қырық күн толмаған сәби жердің баласы деп есептелмеген. Бұлай деуге не негіз болды екен деп көп ойландым. Себебін тапқан сияқтымын. Қырқынан шықпаған баланың білегін ұстап көріңізші, еті мен сүйегі бірікпегенін байқайсыз. Ал қалай қырық күн толады, сол күні ет пен сүйектің біріккенін сезесіз...