Қ.Махмудов
Ахмад Югнакийнинг «Хибатул Хақойик» Асари Хақида. Узбекистон ССР «Фан» Нашриети Тошкент – 1972, 25-39 беттер;
Махмұд Қашқари.
Түбі бір түркі тілі
Түркі халықтарының бәйіттері
* * *
Үш адамды жақсылыққа бастағанды ғалым біл,
Оның ісін жұртқа жайып, қолдан келсе тәлім қыл.
* * *
Тоныңды асып тастама,
Асынды бер басқаға,
Қонағыңды жасқама,
Даңқыңды ол жаяды.
* * *
Көзімнің жанары сөнді,
Басыңа ажал төнді,
Шыбыным қайда қонды,
Ұйқыдан мені оятар.
* * *
Ұлым, менің өсиетіммен жанды ауызыңа қаратқын,
Ғалым болып, біліміңді ел ішіне таратқын.
* * *
Меңдіқыз жанарыңмен ғашық еттің,
Ойлауды сені ғана кәсіп еттім,
Отына орап қойып қасіреттің,
Жаным-ау, енді неге қашықтайсың?
* * *
Ел басшысы болсаң егер, жағымды істі кәсіп ет,
Бек қасында адамдарға жақсылықты тасып өт.
* * *
Жанымды жар күйігі жабырқатты,
Басқаны менің дертім таңырқатты.
Күндерден көңіл мұңы ауыр тартты,
Содан да жапырақтай сарғаюым.
* * *
Тау-даланы жайқалтқан Еділ суы,
Көлшік-көлдер маңайда оның буы,
Ақ шортандар жүзеді айдынында,
Жағалары көз тартқан қалың нуы.
* * *
Жігітім, кеттің неге жылы орныңнан,
Айырылып, қолындағы бар қорыңнан,
Қайтейін, жаяулығың өз сорыңнан,
Атыңнан бұдан былай үмітінді үз.
* * *
Көріп неге қашпадың,
Қу нәпсіңнен аспадың,
Биік таудан аспадың,
Қолға түстің қор болып.
* * *
Жасалар қыстың қамы құтты жаздан,
Ойласаң шіркін ғұмыр тіпті аз да.
* * *
Қонақжай жомарт кетіп, дүние қараң қалды,
Жинапты бұл мекенге өңкей қу-сараңды.
* * *
Тәңірін ұмытып, дүние жинады,
Туысын тиынға бола қинады.
* * *
Білімді адам еткен инабаты,
Талайлар жан нұрынан сыйға батты,
Ешкімді астамдықпен қинамапты,
Халыққа үлгілі істі өсиет қып.
* * *
Қонақты қарсы алғын, асыңды күттірме,
Қуана жар салғын, бір затын зыттырма.
* * *
О, аяулы сүйіктім,
Басып жолын киіктің,
Таудан асып биік тым,
Қалай жеттің, бұл жерге?
* * *
Қар кетіп, туды міне көктем айым,
Ал енді, суға қарақ әрбір сайым.
Сөзімді тыңда күлмей еркетайым,
Жайнады жарық жұлдыз көк аспанда.
* * *
Бұлақтан су ішелік сылдыраған,
Жайқалтып жапырағын сылдыраған,
Арудың әнін естіп сыңғырлаған,
Келелік қайғы-мұңды алыстатып.
* * *
Залым жан қонақты ұры деп қарайды,
Ел сыйын серінің жолда тонайды.
* * *
Өзгерді заман күймелі,
Парасатты ой сиреді,
Естіні есікке сүйреді,
Білімсіз зұлым басшы боп.
* * *
Ақымақ есін жиып ірге құрсын,
Қастаспай қоймен қасқыр бірге жүрсін,
Жайқалған өмір бетін гүлге бұрсын,
Береке ел ішіне тәртіп орнап.
* * *
Деді сенің жолында,
Азап тарттым сүйіктім,
Тас үгілді қолымда,
Аштысынан күйіктің.
* * *
Көршіңді, туысыңды құрметте,
Таралар тәлімі оның сыры көпке,
Сый алсақ қарымына құры кетпе,
Онан да артық бұйым дайындағын.
* * *
Қыс ызғары басылды,
Барша гүлдер ашылды,
Жердің беті жасыл-ды,
Жайнады әлем жәннәттай.
* * *
Қаһарланып атылдым,
Арыстандай ақырдым,
Батырын жерге батырдым,
Енді мені кім ұстар.
* * *
Күліп келген адамның бетіне күл шашпағын,
Жақсылық ет қашан да, қалыбыңнан аспағын.
* * *
Тағдырдың жазуынан аса алмайсың,
Кез болар тасқын суды тоса алмайтын.
* * *
Тұлпардың туа біткен шабысы бар,
Басатын жолдың жақын, алысы бар,
Нөсердің кездестірер сан ісі бар,
Келемін жануармен желдей есіп.
* * *
Көңілді шарап ішіп жылыталық,
Өмірдің қалды бізді дуы танып,
Қайғыны аз да болса ұмыталық,
Бір мезгіл өзімізге ерік беріп.
* * *
Бұзыраш және құтырды,
Ісі бардай ұтымды,
Келу жолын ұсынды,
Батырларын іріктеп.
* * *
Алудан аманатты зерікпеді,
Тойымсыз әдетіне ерік берді,
Айламен алаңдатты көрікті елді,
Достықтық адамшылық шартын бұзып.
* * *
Аңызақтан әуе айналып жерге түсті,
Таратты опасыз дос қалың күшті,
Үрейлі сонан халық күйге түсті,
Жау қолы Қара Ертістен өтпекші боп,
* * *
Заманның қас дұшпаны суғанақ қол,
Апарар сұмдықтарға сүреңсіз жол,
Тұс-тұстан оған атса қаптаған қол,
Су тартылып, ау болды жермен жексен.
* * *
Арланды қоймай қуып, әлсіреттім,
Жөніне жіберсін бе аршын екпін,
Жотасын күжірейтіп айбат шекті,
Мен оны сойылменен тартып өттім.
* * *
Қыспенен жаз тартысты,
Кездері бар әртүсті,
Қырын қарап айтысты,
Бірін-бірі ұтуға.
* * *
Шөл дала көктемде жайқалыпты,
Өзгеше таулар басы ой танытты.
Бар жәйі дүниенің байқалыпты,
Өрімдей уыз гүлдер шешек атып.
* * *
Оқты көзбен атысып, шықты ерлер майданға.
Ондай кезде сын болар, өз сертінен тайғанға.
Қақтығысты қарулар, оңай соқпай жай жанға,
Қынапқа қылыш сыймады, қанмен жүзі қалыңдап.
* * *
Қар, мұз түгел еріді,
Ағу — судың ерігі.
Ақ бұлттың желігі —
Қайық боп көкте жүзеді.
* * *
Бөрідей шулап жыласты,
Өзекті өртеп мұң ащы.
Дауыстар көкке ұласты,
Көз жастан көп жан соқыр боп.
* * *
Жарасы жайсаң ердің ауыр тартты,
Жанын көп қан тоқтамай, жабырқатты.
Сонан да қайран сабаз тауға тартты,
Енді оны қалтарыстан кім табалар.
* * *
Ту тігілді шатырға,
Дабыл қақты батыр да.
Жау анналып пақырға,
Тұтқындалар қашқаны.
* * *
Ұйқыдан енді оянды,
Ісіне дұшпан өкініп.
Ел болуға ой алды.
Алған соң, біз бекініп.
* * *
Жау тұтқынға алынды,
Азаптан қорқып жалынды,
Қылмысына малынды,
Бар еркінен айырылып.
* * *
Жеткіз менің сөзімді білімді адамдарға,
Тай ат болса — енесі артына алаңдар ма.
* * *
Өз құнын малмен төлеуге,
Болсын деп ісі елеуге,
Теңемей оны селеуге,
Тұтқынның бірін босаттым.
* * *
Құлан қырда жосылды,
Архар —құлжа қосылды.
Жайлап жазық төсінді,
Ойнақтайды оркиік.
* * *
Әкім осы асқынған,
Өз еліне қас қылған,
Жазықсызды басқа ұрған,
Отыр енді бүкшиіп.
* * *
Көңілім сәулемді ойлап тыншымады,
Жанымды ғашық оты шымшылады.
Әсерлі әуенімнен мұң шығады.
Өзінді сәулетайым есіме алсам.
* * *
Көз жасым бұлақ болып толып ақты,
Аққу, қаз жүзуге оған келіп жатты.
* * *
Сүйіктім мойыныма асылады,
Шырқалып назды үнімен тасып әні.
Көңілім сәулешіммен ашылады,
Жайдары жаны таза еркетайым.
* * *
Батыр шықты әр түсті,
Өш алуды айтысты.
Сақалдарын тартысты,
Кеуделерде көкжанып.
* * *
Алуан гүл түрге еніп жайқалыпты,
Көркімен көңілдерге ой салыпты.
Табиғат талай жанға нәр танытты,
Әлемде өзгермейтін ешнәрсе жоқ.
* * *
Жазғы жайлау жасылды,
Тұман түсіп, ашылды.
Жылқы үйездеп, қасынды,
Құлын-тайы кісінеп.
* * *
Батырлар қарсыласын аямайды,
Жан салып майдандасын аялайды.
Ешқашан төккен терін санамайды,
Ерлігін бір-бірінің ағлыстаумен.
* * *
Қауышып жардың өзімен,
Нәр алып нәзік сөзінен,
Мөлдір қара көзінен,
Қуат алғам жаныма.
* * *
Көктем күн табиғатты идіреді,
Тасқын су салындыны үйдіреді.
Тазалап, адам оны күйдіреді,
Әр жерде қурап қалған көң-қоқсықты.
* * *
Кеште бұлт болса — әйелі ұл тапқандай қуанады,
Күзде күнде күн жауса дихандар мұңаяды.
* * *
Парасатпен жалықпастан үйренсең зор білімді,
Көрсетесің даңдайсымай сынақта асыл сырыңды.
* * *
Айдағы құлақтанып, қораланды,
Ақшабұлт көк аспанды орап алды.
Малшыды бастағы әсем орамалды,
Толассыз нөсерлетіп жаңбыр құйып.
* * *
Жігіттер жеміс өсер жайқалатын,
Көңіл де тынса жұмыс жай табатын.
Адамға аң аулауда ой салатын,
Қайталық серуендеп желпініп бір.
* * *
Ізіңнің санап тізбегін,
Бақытым сені іздедім:
Үмітімді үзбедім,
Көзімнен ағыпқанды жас.
* * *
Азық берсең мүсәпір алғыстаған,
Ренжітсең ондайды қарғыс саған.
* * *
Жаз болса, жылқы ойнақтап жарысады,
Үйірін кісінесіп табысады.
Семіз атауыздықпен алысады,
Мырзалар сәйгүлікпен сейіл құрып.
* * *
Дұшпаннан тақғұт бегі тасаланды.
Әдісі уақыт еткен аса мәнді.
Басына бақыт-дәулет жасаған-ды,
Тәңірім оған медет бергендіктен.
* * *
Басқа дүние қиялымды не болса да жеңбейді,
Сәулешімнің басқан ізі жанарымды емдейді.
* * *
Аязда таңғұт қолын басып алды,
Қорланған қатын-қызы жасыған-ды.
Батырлар жеңісіне тасыған-ды,
Олжалап, мал-мүлкін көп түсіріп.
* * *
Бір жігіт асулардан асып кепті,
Мейлінше дүниені шашып-төкті.
Ақыры масқара боп қашып кетті,
Атының атырылған арынымен.
* * *
Бақыт-дәулет берсе Тәңір қолына,
Сәтті күндер туады оның жолына.
* * *
Ендіріп Ертіс суын түрлі түске,
Жұмсадық қалың қолын барлық іске.
Сүйеніп ашу-кекті зорлық күшке.
Дұшпандар бізге қарсы жиналмақта.
* * *
Тәңірім аспанды кең жаратыпты,
Жұлдыз бар онда ғажап, дара тіпті.
Асылды ауаменен оратыпты,
Адамды болмысымен таңырқатып.
* * *
Іс бітірдік, тындырып,
Қашты дұшпан шыңғырып.
Бұтқа дәрет сындырдық,
Қолымыз алға өрледі.
* * *
Ел түрік деп таныса,
Оның өзі бас бәйгі,
Халықты тура бастайды,
Одан ешкім аспайды.
* * *
Күн күркіреп, найзағай жарқылдайды,
Тау мен дала аңызақтан алқынбайды.
Қара боран соғудан тартынбайды,
Бұлтты түріп барады шалғай жаққа.
* * *
Батырлар шақырысты жекпе-жекке,
Кернетіп тұлабойын ашу-кекке.
Құралын қандамады олар текке,
Қынапқа қылыш қаннан сыймай қалды.
* * *
Малың сенің көбейсе — айналаңа жан толар,
Дастарханың болмаса — маңайыңа кім жолар.
* * *
Сескенбей ұлықпенен майдандастым,
Қасқайып қара атыммен тауларды астым,
Белгісіз талай сырлы ойларды аштым,
Отарға оғын атқан сыйлық етіп.
* * *
Айырдым дұшпандарды батырынан,
Пәш болды талай ісі жасырынған.
Көп әскер қолға түсті бас ұрудан,
Күмісін алтынымен олжаладық.
* * *
Ханышаға жыр жүректен есіледі,
Қызметшің жаңа міндет өтінеді.
* * *
Көңілденсе патша-ханым алтын-күміс жаудырар,
Мейіріменен талайларды есінен де тандырар,
Бізге қарап бір жымиса жүрегімді жандырар,
* * *
Сүйіктім, менің ғана аймаңдайлым,
Өзіннен басқа жанға айналмаймын.
* * *
Жасырын құрған тұзаққа,
Ілігіп сәулем ауырдым.
Емінді созсаң ұзаққа,
Жанымды орар ауыр мұң.
* * *
Қонақты құт деп білген ерлер кетті өмірден,
Қалыпты жаны жаман, пейілі қар көмірден.
* * *
Қой, түйе, жылқы болса қолыңызда,
Дәулеті жарар өмір, жолыңызға.
Гүл түрі бір-біріне көрік берер,
Көктемде көтеріліп ерікті өнер,
Адамдар құшақ-құшақ, теріп келер,
Айнымас әсемдікке таңданумен.
* * *
Соғыстан талай бастар домалады,
Бүлінді небір жердің соны алаңы.
Ел қалай бұл алаңға қона алады,
Аққан қан, төбе-төбе сүйек жатыр.
* * *
Соғысты бастаушыны ұстап алып,
Жеткізсем жұрттың көзін іске анық.
Ондайды өлтірмей-ақ жөнге салып,
Бәлемді жіберерем қарыздарғып.
* * *
Бұл өмір оны ауыр жаралады,
Тек қана, сенің емің дауалады.
* * *
Өзіңді бір сұлу қыз алдап кетті,
Жүргенде сен жай басып, таңдап көпті,
Қыр мұрын, қыпша белді есіңе алып,
Ол жайлы әлі талай өкінерсің.
* * *
Сыйлық алсаң сен оны ақым деме,
Жүз моншағын тегінде жақын көрме,
Айып болар жоқты айту ақылды ерге,
Данышпандар бос сөзді жаратпайды.
* * *
Тірлікте бейнетке жан жаншылады,
Рахат көргенше өмір таусылады.
* * *
Құс салып, ит жүгіртіп, аң аулайды,
Қырларда қызыл түлкі алаулайды.
* * *
Тармақтың тасқын суы толқындайды,
Орманын саялаудан ел тынбайды.
* * *
Қарғаны мұз шоқытқан —
Қу құлқынның ісі еді.
Құл болса, егер, жоқтықтан,
Тұзаққа өзі түседі.
* * *
Құрметке, білімдінің сөзін тыңда, жігітім,
Үйреніп парасатын, ақта әділ үмітін.
Аттардың жал-құйрығын жеңілдеттік,
Түн қатып жау шебіне келіп жеттік.
Бөгелмей өткелдерден жеңіл өттік,
Мыңлақтың басын алдық адамының.
(Мыңлақ — қыстақтың аты).
* * *
Жаз шығып, түйін тастап, бүр ашылды,
Аспаннан түрлі гүлге нұр шашылды.
Құс сайрап, сай-саладан су тасыды,
Сұлулық көзді тартты таңғажайып.
* * *
Өнім бермес жер жаман,
Қайырымсыз, озбыр ел жаман,
Оған себеп кер заман,
Сауысқандай саққұлақ.
* * *
Ақылды адамға артық жалынбайды
Үлгілі өсиетті қабылдайды.
* * *
Атты баптап жолға анық,
Қалқан, найза қолға алып.
Қырандай болып қомданып,
Айбынмен жауға баралық.
* * *
Бөктерлеп шықтым тау жаққа,
Қарадым анық жан-жаққа.
Дұшпанның қолы аржақта,
Көрінді жау қарасы.
* * *
Жасалды келісім-шарт аса күшті,
Хан өзі соғыспауға қасам ішті.
Тәртіпті қайта бастап жасап ішкі,
Енді заң бұзғандардың: басын алып.
* * *
Қатал қыс жазды қуды жадыраған,
Мұз басар сықырлатып қазір адам,
Бүрісіп түліктер де қожыраған,
Аяздан жан-жануар тітіркеніп.
* * *
Өмірді білмесең— білімің жоғалар,
Талғамды қашан да — бос сөзді доғарар.
* * *
Оғрақтың, азаматы батыр келер,
Меймандос жомарттыққа басым келер,
Лақтың қонағына басын берер,
Қымызы сабасында үзілмеген.
* * *
Аттың түйіп құйрығын,
Тәңірдің күтіп бұйрығын.
Алуға өмір сыйлығын,
Із тастап, кейін шегіндік.
* * *
Жіберіп аттың тізгінін,
Уақыт еді күзді күн,
Құртуға жауыз құзғынын,
Жеттік ұшып ұйғырға.
* * *
Түсіріп еске бар жайды,
Бектер зарлап сарнайды,
Қайғыдан жүзі сарғайды.
Афрасияптың қазасына.
* * *
Соғыс болмайды айласыз,
Онда жалбару пайдасыз.
* * *
Басында бітімге келмедің,
Қоқандап қарумен ерледің.
Ал енді, бағынсаң тездегін,
Болмаса, басыңды жер жұтар.
* * *
Сараңдар өмірге кең қарамайды,
Сол үшін ішкен асы тарамайды.
Дәм бітсе, ол бір тиынға жарамайды,
Алтынды өз бойыңдай жинаса да.
* * *
Мейіріне жардың тұнық қашан көңлім қанады,
Алауына махаббаттың ойым өрт боп жанады.
* * *
Еңіреген ер еді,
Ойы елге төр еді,
Адамның асыл зерегі,
Ажал оны әкетті.
* * *
Өртті талай өшірген,
Басынан көп іс кешірген,
Шешендік сөзге көсілген,
Қайран ер ерте көз жұмды.
* * *
Қанатын қақса қалың құс, үйрек көлде жылжиды,
Аздығын оқтың білгендей, қасқалдақ суға сүңгиді.
* * *
Қыс, сенде бүрсеңдейді жан-жануар,
Жаз менде бар сұлулық мән бағы бар.
Бұлбұлдар сайрағанда гүл бақшада,
Адамға туады ойдан таңданулар.
* * *
Өсек сөзбен бір әйел атпақшы боп сыртымнан,
Байсыз қалды ақыры тыныш жүрмей құтырған.
* * *
Қасқырды атым менің тарпып жықты
Серпіні жануардың артып мықты.
Даусым да сонда менің шалқып шықты
Көңілімнің құдіреті артып тіпті.
* * *
Күлгенде сенде ашық көңіл сыйла
Көретін қызығынан оны тыйма.
* * *
Кем санасаң жауыңды,
Болар күнің дауылды.
* * *
Көзің түсіп басқаға,
Меніалып тастама,
Жанарымды жасқама,
Көз жасымды көлдетіп.
* * *
Ел ісіне келгенде ерекше ол ер еді,
Адам үшін асылды жер бетінен тереді.
Қыста келген қонаққа асын дәйім береді,
Жұртын тастап азамат оралмасқа кетіпті.
* * *
Жақсылыққа жайсың жан,
Ізгілікке ой салған,
Жауды талай қайтарған,
Ажал оны әкетті.
* * *
Жадырап жаз шыққаны ол анық-ты,
Жер беті мәуе бакқа ораныпты,
Жүретін жануарға жол анық-ты,
Өрісте қалың сиыр ойнақтайды.
* * *
Пайдаланып орайын құлынымды ұрлады,
Нәпсіге еріп қомағай қойымды алып, жырғады.
Өз сертінде өзгермей туралықпен тұрмады,
Шартын бұзды бірліктің, кетсін енді бетімен.
* * *
Жаз бен қыс бір-бірімен айтысты кеп,
Өзгеше өнерімен тартысты көп.
Ушығып кетті күрес әртүсті боп,
Кектеніп аралары алыстады.
* * *
Күй болама қолға түскен адамда,
Істің бәрі айналды енді жаманға,
Ат, адамы тізімделді табанда,
Оның сөзін бұдан былай кім тыңдар.
* * *
Ақ жауыннан гүл қауызы ашылды,
Жаз нұрынан жерге моншақ шашылды.
Жасыл орман жамылыпты асылды,
Хош иістен жадырайды жанымыз.
* * *
Білімдінің, қасына бар күнде балам ерінбей,
Төмен тұрып үйрен толық тәкәппар боп көрінбей.
* * *
Махаббаттың мейіріне нәзік жаның иеді,
Оның ыстық теңізіне бойың балқып күйеді.
Білім деген мәуелі ағаш өз жемісін береді.
* * *
Шүкіршілік жазғанымда шешек атып өнеді
Өмірімде тоқталуға жақындасып келеді,
Еңбегімді елім алсын маған сол ғой керегі.
* * *
Төрт түлік пен алтын, күміс байлығыңа сүйенбе,
Білімсіз ол бос дүние жарамайды сүйеуге.
* * *
Жасырын ол махаббаттан айырыланда, әшкере,
Көзін тіпті жұмсадағы түрады оған жас келе.
* * *
Атымды сұрап алып арықтатты,
Жем-шөпке жануарды жарытпапты.
Тәңірдің талқысынан қорықпапты,
Оңбаған ырысымды алыстатты.
* * *
Махаббаттың күйігінен есі мынау ауысқан,
Жапырақтай сарғаюмен жүрер жолын тауысқан.
* * *
Атымен Тәңірімнің білім жидым,
Өмірдің көңіліме сырын түйдім.
Гүліме таудың таза суын құйдым,
Мәртебем сонан менің биіктетті.
* * *
Халық дәйім сұғанақты жек көрген,
Талай істі басынан көп өткерген.
Ұлым өзің дұрыс өткін өткелден,
Кішіпейіл жаннан тарар жақсы үлгі.
* * *
Сараңдық қып астықты,
Үй-ішіне бермедің.
Тышқан тасып, ас қыпты,
Қызығын да көрмедің.
* * *
Амалы жетік ақылды,
Жаны адамға жақын-ды,
Жауға қарсы атылды,
Оған ешкім тең келмес.
* * *
Сарқырап сай-саладан ағады су,
Бөлеген ақ моншаққа жағаны бу.
Жамылған жасыл жапырақ бағалы ну
Қанатын көк жүзінде қағады қу.
* * *
Шешек атып алуан гүлдер жарасқан,
Көк теңіздей көрінеді жер, аспан.
Қырқаларды қызыға жан қарасқан.
* * *
Құстар ұшып келеді,
Жерден дәнін тереді.
* * *
Әмірімен Тәңірімнің кең әлем бұл байланған,
Оның бәрі жұлдыз-аспан, күндіз-түн доп байланған.
* * *
Қонақ келсе өзін күт, ашықтырма атын да,
Ойнақтасын жануар ертесінде тақымда.
* * *
Адамды заман күйі әлсіретті,
Әйтеуір қолда барын талшық етті.
Айлалы аса пысық болса да епті.
Ажалдан ешкім қашып құтылмайды.
* * *
Көктемде құстар сайрайды,
Жарасып жердің қаймағы.
Құрт, құмырсқа ойнайды,
Ініне шығып, еркіндеп.
* * *
Жолдасыңды жамандап, артық пайда көздеме,
Туғаныңды жоғалтып, қырғауылды іздеме.
* * *
Мың кісің де құрбан болар өзіне,
Жанын қияр оның нұрлы көзіне.
* * *
Көл боп жасым төгілді,
Оған құстар шомылды.
* * *
Жақынын жамандап, дүние жияды,
Әйтеуір, амалдап туысын қуады.
* * *
Іс бастасаң асықпа, толғансаң ой өседі,
Асыға тартқан шақпағың тұтанып, тез өшеді.
* * *
Жеріме жетсем деген жете алмадым,
Өйткені ғашығыма алаңдадым.
* * *
Сымбатты өзі,
Сиқырлы көзі,
Әдепті сөзі,
Алды менің еркімді.
* * *
Бұлтпен бүркелді аспанның жолағы,
Тауларды жапты ол әппақ қар қонағы.
Жел шықса сүрі қар сай-сайға толады,
Сел болып ол енді сырқырап ағады.
* * *
Бүтіндей заман өзгерді,
Құтыртып жаман өздерді.
Адамдар өтірік сөзге ерді,
Парасатты бек кеткен соң.
* * *
Еңкейгенге еңкейгін басың жерге жеткенше,
Шалқайғанға шалқайғын төбең көкке жеткенше,
Жамандықтан аулақ бол жаның сонша күйгенше,
Жақсы сөзден жылылық мәртебеңді өсірер.
* * *
Қу адам әдетінен жаңылмайды,
Данышпан орынды ойды қабылдайды.
* * *
Байлықты да асқынбаған ұстайды,
Дәулетімен басқаларды қыспайды.
* * *
Ниетінен қайтыпты ол дұшпандар,
Келген бізге елшісін де қыспаңдар.
Ел мұратын қобалжымай ұстаңдар,
Деп сарбаздар бір-ақ жерге жиналды.
* * *
Басқаларға жүк көтертіп озбырлықпен үдеме,
Асыңды елге сарқып беріп өзің қатып, жүдеме.
* * *
Жолдас болып танысты,
Алым-берім алысты.
Бір қуменен табысты,
Ұрлап алып, ақшамды.
* * *
Айтып едім жолама деп Құлбаққа
Суайт қой ол судай аққан қужақта.
Сондағы кетіп қапты біз жоқта,
Басқа елден алып келген құлыммен.
* * *
Ол маған басын иіп сәлем етті,
Құрғатып көз жасымды құрмет етті,
Опалы еміне де көзім жетті,
Бірақ та жолаушыдай кетіп қалды.
* * *
Мақсатыма жетемін,
Ғылыммен еңбек етемін,
Өткелден сан өтемін,
Байлығымды сарып қып.
* * *
Қошқар, теке бөлінді,
Балалар да көңілді.
Тасып сүт те төгілді,
Қой, ешкілер сауылып.
* * *
Тегінде оқ себепсіз атылмайды,
Ол бірақ, тау-даланы зақымдайды.
* * *
Әнші, күйші жиналды,
Бөлеп сазға бұл маңды.
Өнерлілер сыйланды,
Сайраңдайық шалқып бір.
* * *
Көл толқыса өзгеше тамға суы енеді,
Ақылдымен кезіксе бұл сөзіме сенеді.
* * *
Дауыл шықты дамылсыз,
Жер-суыңды жалынсыз,
Аяз қатты үскірік,
Жіберді елді тысқырып.
* * *
Шайтан сені адастырды бал беріп,
Кетті сонан маңдайыңнан жан жеріп.
* * *
Жеткіз менің сөзімді білімді адамдарға,
Ұрпақ өссе, естілер өмірге алаңдар ма.
* * *
Күніне жаздың жайлы сеніп қалма,
Абайсыз жаман іске еніп, талма.
Бастайды ізгі ниет ерікті алға,
Сөйлеуге жақсы сөзді әдеттенгін.
* * *
Дәні бөртіп шүйгін қонақ піспеді,
Сүт сүзілді, қазан оттан түспеді.
Мені жібер майданға,
Ерлігімді көрсетем,
Өз сертімнен таймауға,
Бір сәйгүлүк болса екен.
* * *
Қыс, сенен бар тіршілік жиренеді,
Түгелдей бүріскек бір түске енеді.
Кеңдікті жәндік жаздан үйренеді.
Бұлбұл құс бақшаларда еркін сайрап.
* * *
Жаны кедей адамның құлқыны бір толмайды,
Оны ешқашан күшпенен толтыруға болмайды.
* * *
Қордайдың аққу, қазы қаңқылдайды,
Төске алып, тау самалын салқындайды.
Сен неге сәл нәрсеге қырындадың,
Артына аз да болса бұрылмадың.
Көңліңді бізге деген ырымдадың,
Қалдың ғой енді міне, елеусіз боп.
* * *
Қараңғы түн тез атса дел тіледім,
Ұйқымды ой ашса екен деп тіледім.
Жеті қарақшы ол жұлдызын көп санаумен,
Жеңілденді менің күпті көңілім.
* * *
Алтын, күміс болса қолда әркім мекен салады,
Көңілі оның орныққан соң құдайды еске алады.
* * *
Махаббаттың дерті мені қинады,
Күндіз-түні жүрегімде тулады.
Толғанудан жаным да бір тынбады,
Көшіп кеткен жұртын көріп жарымның.
* * *
Жауың барда қанжарынды қайрап жүр,
Қастық етсе, не істеуді ойлап жүр.
* * *
Аяздан жердің беті тынығыпбір,
Айырар адамдар да ұғынып сыр.
«Сай-сайда қасат қарым тығылып түр»
Деп жазға қыс ақтарды өз болмысын.
* * *
Заманың күні-түні жолаушыдай өтеді,
Кімді келіп басса егер оны әлсіз етеді.
* * *
Жарым мені көре сала емдеген,
Сусынымды қандырып еді шөлдеген.
Енді соның күйгінен әлсіреп,
Қайғы уы өзегімнен өрлеген.
* * *
Білімдіден ақылдылар қорланды,
Парасатты ой паршаланды зор мәнді.
Адамдарды бір-біріне қажатып,
Естілерді есер заман торға алды.
* * *
Сүйген жарым кетіп еді сапарға,
Көңілім менің оған берік байланған,
Онсыз жерде жүре алмадым қатарда,
Қайғысынан басым зеңіп, айналған.
* * *
Шыбын жанын қорғауға мекен-жайын сатпақшы,
Төлем беріп, ісіне дәмін жерден татпақшы.
Зорлық түбі қорлық қой қашаннан бұл айтылған,
Ол шындықты енді ұқты, тірі деген ат жақсы.
* * *
Есінен дұшпан ауысты,
Басар жолын тауысты.
Ажалменен қауышты,
Сөзге ауызы келместен.
* * *
Бұзырачтың құнын даулап баралық,
Ердің кегін ерлікпенен алалық.
Жан-жағынан жауды қоршап, қамалық,
Ал жігіттер, тез жиналып, атқа қон.
* * *
Уәде бер қаракөз,
Естіртші бір жақсы сөз.
Қасіретіңе болдым кез,
Жан күйімді түсінші.
* * *
Барыңды шашуға сен асықпағын,
Мақтанып, ойыңды онша тасытпағын.
Жаныңа қайғы деген қас болады.
Көңліңді шығынды ойлап, жасытпағын.
* * *
Жаз сенде жылан-шаян еркіндейді,
Шағуға адам, малды еркім дейді.
Сан мыңдаған улы жәндік желпілдейді,
Деп қыс та бар шындықты баян етті.
* * *
Саған деген қалың малды аяулым,
Дей алмаймын табу үшін аяндым.
Шаршап жүріп, өзіңді ойлап ояндым,
Әкем алып барады оны қабыл ал.
* * *
Қайғым менен шаттығымды дауалайтын емім бар,
Мекенімді жәннәт дейтін менің жақын елім бар.
* * *
Тәңір жолын берген артық ойлана,
Шек келтіріп, ойыменен ойнама.
* * *
Адамдар мәңгілікке туылмаған,
Күн, жұлдыз аспанда ол суынбаған.
* * *
Дүниеге құнықсаң сені орға жығады,
Данышпандар шыныққан оның мәнін ұғады.
* * *
Туласын аса, долығы шықсын іштегі,
Шыланып терге, ерттеулі тоқым ішпегі.
Арыны біраз басылған осы көздегі,
Жөнге оны көндіруге күштеді.
* * *
Қарт адамға көрсетпегін ірге күш,
Ауырлыққа халықпенен бірге түс.
Достарыңызбен бөлісу: |