Мені пәк деп...
http://www.adebiet.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=3416&Itemid=23
Шаш мәңгі шуағыңды, Күн қайнары!
Суарсын мейірімнің нұрлы аймағы.
Онсыз да қыран қанат қатайғанда,
шыңдардың дауылдары шыңдайды әлі!
Ойларым - елім, тілім, ар-намысым,
шығады солар үшін жан дауысым.
Қыран да қара жерден жылу алар
мәңгілік қияларға самғау үшін!
Ішімдегі ойларды тот басуда,
оны аршитын ешкімім жоқ қасымда.
Жарқылдатып шуақтай шашар едім -
мен де, олар да түсеміз отқа, суға:
ойы жоқтар ойлыға үкім айтып
шеттерінен шебер-ақ оттасуға.
Жырақ шығып күнделік құр дүбірден,
жарқылдайын ойыммен - шындығыммен.
Мұңсыздықтан адамзат кердеңдейді,
көмкерейін жан отын мұң жырыммен.
Ақиқаттың әуезін естіген жұрт
сырт айналсын алдамшы былжыр үннен.
Өткіншіге, ойланбай, құр алданышың
жүргендері өзімді сынар да анық.'
Мезгілдердің тотынан ойды аршымай,
болмайды екен отырсам құр арбалып.
Қасаң тартқан тірліктің көк қоржынын
түбі, әйтеуір, шындығым шығар жарып.
Күн жұтады тірлікті, жер екшейді,
күңкілдеумен күні өткен ел өспейді.
Соны ойласам, күңкілдің құрбаны боп
өліп кеткен ойларым елестейді.
Ол ойлардың орнында - тыртық кілең,
сыздатқанда жасымды іркіп, күлем.
Тұла бойда сау тамтық жоқ та шығар -
шұрқ тесік, секілді жыртық кілем.
Ой жетілер тамыры тереңдесе,
тереңдейді топырақ кемелдесе.
Сәбидейін бойыма біткен екен
тууға оны тиіспін мен, ендеше!
Мүмкін ойым арудай Ай мүсінді,
мүмкін зәрлі кесір ме қайғысы улы,
жабыққанның бәріне нұр беретін
мөлдірлік пе әлде бір жайлы, сырлы.
Ана іштегі болашақ баласының
тілейді ылғи жалғанмен жарасымын.
Дана болып туа ма, шала болып -
қорғайды ана өбектеп жан асылын.
Ойран салып есердің, естінің де,
ойларыма хақы жоқ тепсінуге.
Тірі тұрсам - жақсысы, жаманы ма -
шерткізбеймін ешкімге ешбірін де!
Достарыңызбен бөлісу: |