ҰЖДАН – СОВЕСТЬ
Адам нысап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда мұсылманша ұждан, орысша совесть бар. Бұл не? Бұны істеп тұрған кім? Бұған жауап берушілер «адамшылық, ары соны ұнайды» дейді. Менше, бұл жауап сол ұжданның солай қылғанда ұнайды деген болып шығады. Мен сол ұждан, совесть қайдан шығып тұр десем, оған жауап жоқ сияқты. Меніңше, совесть-жанның тілегі. Неге десеңіз, жан тіпті жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, барған сайын жоғарылайтын нәрсе. Сондықтан тезірек жоғарылауға себеп керек қылады. Мәселен, таза дене, таза, толық мінез, ой, істер керек қылады. Соның қатты бір керегі совесть-ұждан. Оны осы өмір үшін керек қылмайды, соңғы өмір үшін де керек қылады. Себебі егер бұл өмір үшін ғана керек болса, ол не пайда, не мақтан үшін болады. Мәселен, атым қалсын, пәленше мені сонда кісі деп халық мені жақсы көрсін деген болады. Онан басқа жоруы жоқ. Себебі, ол совестің иесі жан жоқ, артқы өмір жоқ деп отырса, соқыр табиғаттың жансыз жаратқан бір машинасы совесімен іс қылды не, қылмады не? Тәңір жарылқасын, алайын деудің де қисыны жоқ. Себебі, ол тәңірі бар деп отырған жоқ. Соқыр, саңырау табиғат тәңір жарылқасынды есітмейді, көрмейді. Менің таңырқайтыным сол тәңірі жоқ деп отырғандар жасасын, пәленше жасасын пәлендей іс дейді. Бұл бұйрық па, тілек пе? Бұйрық болса кімге? Тілек болса кімнен? Менің ойымша, қанша айтып тәңіріні жоқ қыламын дегенімен жанның сау ақылы тәңіріні мойнына салмай қоймайды. Бірақ дағдысынан оза алмай оны сезбейді. Жоғарыда жан жоқ деушілер жан миға біткен бір сипат, онан бөлінетін нәрсе емес дейді. Бұл сөз жанды таба алмай орнын сипалаған сияқты. Себебі ми, жұлын, электрия қуаттарын жинайты бөтелкесі батерея сауыттары сияқты жанның тұрағы, ол бұзылса электрия кеткен сияқты жан да кетеді. Жан өлген соң бір хайуанға кіріп, ол өлсе тағы бір хайуанға кіріп жүреді деген сөздің дәлелі не екен?
Олай болғанда шыққан жан тағы бір денеге кіре ме? Жансыз денеге кіре ме? Егер жанды денеге кіреді десе, өз жанының бар жоғын біле алмай жүргенде оған тағы бір жанның не керегі бар? Егер жансызға жан болады десе, өлген адамның жаны тіпті жоғалмай әр түрлі хайуан болып құбылып жүрген жоқ па? Қандай хайуанға жан болса да, ол жан өзін-өзі мен деп біліп жүрмей ме? Аяғында жан әр түрге түсіп дүние тіршілігіндегі ісіне қарай не рахат, не бейнетте болат деген брахман дінінің сөзі болған жоқ па? Жан жоқ деушілердің және бір дәлелі – қайта айналыс жолы. Онысы бұл әлем қайта газ болып, онан сұйық болып, онан және салқындап, қатайып планета болады. Өйтіп қайта жаралғанда да жерде адам, хайуан, өсімдіктер болады. Ол кездегі әр нәрсеміз бұл өмірдегіге тіпті ұқсамайды. Бірақ ол өзгерістерде бізден сезім жоғалғандықтан, біз түк сезбейміз дейді. Бұл дәл діншілдердің күтіп жүрген қияметі. Және бір дәлелі: жаратылыс жолы: онысы бәрі жаратылыс себебімен жаралып жатқан соң, басқа бір жаратушы не керегі бар дегені ғой. Ол соқыр, білімсіз табиғатты біресе білімсіз ессіз қылып, біресе таңдаушы, жоғарылаушы қылып отырғанын көрдіңіз бе?
Түзелуші мақсұтсыз, талапсыз түзеле ала ма? Сезімсізден ерік, мақсұт шыға ала ма? Олардың және бір дәлелі – тұқымдастық жолы еді. мұны жаратушы жан мен жан жоқ деген туралы дәлел қылудан гөрі жаралыстың сыры тураы айту керек еді. ондағы барша адам, хайуан, өсімдіктер басында су хайуаны жерге шығып сонан өзгерген және бір-біріне ұқсас. Хайуандар, адамдар бірі бірінен туып өзгерген дейді. Мұның тәңірі мен жан туралы аз болса да, бұл туралы ойымды айтайын.
Ең түпкі жаратушы туралы болмаса, барша өсіп-өнгендерді түрлентіп шығарып жатқан жаралыс жолы екеніне еш сау ақыл таласпайды. Бірақ біріне-бірі ұқсағандардың бәрін мынау мынадан туып өзгерді дей беруді менің ақылым қабыл алмайды. Бұл жер, өсімдік, хайуандар шығаруға жарарлық болғанға шейін мұның топырағы, суы барша заттарға әбден былжырақ болып араласқан, сөйткен жерден өскен өсімдік, хайундар себептеріне, топырақ, суы, ауасының өлшеуіне қарай біріне бірі ұқсса, ұқсаңқыраған тіпті ұқсамаған болып өнген. Менің бұл сөзмді сынау үшін даладағы сортандағы, балаулы сайдағы, өзен бойындағы өсімдік, шөп бұтаның бір арадағысының ғана бірі біріне ұқсамағандарын көріп, солардың топырақ, су, ауа сияқты себептерін тексеріп қараңыз. Егер Дарвин мен Маиенің сөзі дұрыс болса, ол өсімдіктер де бірінен бірі туып өзгерген болып табылады. Меніңше, жылқы мен есектен қашыр туса да, екі жылқыдан қашыр тумайды. Бұл сөзімнің қорытындысы тәмам барлықтың ата-анасы бір екені рас. Сонан туып өзгеріп жатқаны да рас. Бірақ ұқсасы, бәрі бірінен бірі туып өзгергені жоқ. Жаралған себептерінің ыңғайына қарай біріне бірі ұқсас не ұқсаңқырап, не тіпті ұқсамай жаралып жатыр. Бұл сөзімді маймылдан туғанға арланып айтып отырғаным жоқ, қайта жаманнан жақсы туғанға қуанатын орным бар. Бұл кезде бүкіл Европа мойындап отырған сияқты Дарвин сөзіне қарсы дау айтқаныма орысша ғылым оқыған жастар тексермей, үстірт қарап, мені сөгуі мүмкін. Оларға айтатыным: Дарвиннің нәсіл туралы, сайлау жоғарылау туралы айтқан сөздерін сын жазған Германия ғалымы Дидвар Дортманның дарвинизм туралы жазған кітабын оқып, Дарвин мен Дидварды салыстырып салмақтап, сонан соң мені сөгулерің қашпас деймін. Осы кітаптың аяқ жағында менің қорытындым болса да, көбіне Европа ғалымдарының таласты сөздері болады. Оның ішіндегі өз ойым қабылдағанын алып отырмын. Өз білімімше, сыңар езу болғаным жоқ деп өзіме өзім сенемін. Және өз ақылым ұнағанын жаңалап, қосқаным да бар. Мен пәленше екен айтқаны дұрыс, онан асып ойлап не табамыз дегенді терең ойын құмға көміп, өз көзін өзі шұқып шығарғандық деймін. Жоғарыда магнетизм, спириизм, телепатия, фахризм, лунатизм, түс көру сияқтылардың бәрі бір қуаттан шығады деп әр түрлі жору айтқан Европа білімділерінің сөзі туралы менің ойым мынау:
Мен жан да бар, жын да бар, адамның өз жанының қуаты да бар деймін. Дәлелім:
Шақырмаған жан келіп, кейде өзі пәленшенің жаны екеніне нанарлық сөз айтатыны.
Шақырмаған кісіге бақсылық-дуаналық, фахризм, жындылық, кез болатыны.
Ұйқыда кезу, лунатизм, магнетизммен біреудің еркін билеу, түсі дәл келу – бұл үш түрлісі үш бөлек қуаттың иесі болуға лайық, Оның бәрін бір-ақ қуаттан іздеу қате деймін.
Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таң қаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен? Осы кезде жанның барлығына, өлген соң да жоғалмайтынына күндей жарық дәлелдер табылып тұрса да, нанып қалған әдет алған шатақ діннен шыға алмаған молдаларша қатып қалу – ақыл ісі ме? Бір адам жанының өлген соң да жоғалмай, мұнан таза, жоғары болатынын ақылымен қабылдап нанса, және бір адам жан өлген соң біратола жоғалады деп таныса осы екеуі өлерде есі дұрыс болып, өлерін біліп өлсе, екеуі не жанынан өледі? Әрине жанның өлген соң тазарып, жоғарылайтынына нанған кісі қуанышта болып, жоғалуына нанған кісі өкініште болып, біржола жоғалмады-ау деп өлсе керек. Және ұждан, совесть жанның тілегі екеніне нанған кісі қиянат қылғанына жете қуанса керек. Олай нанбай, бай ұждан, совесть құры ғана көрініс үшін адамдыққа лайық деген кісіге жақсылық қиянаттың көп айырмасы жоқ болса керек. Ізін білдірмеудің айласын тапса болғаны, себебі өлген соңғы жан өміріне нана алмай ұждан, совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, шбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмі сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілдерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін, жалқаулық, әйтпесе жаратушыда білім бар, өлген соң да бір түрлі жан тіршілігі бар. Жан екі өмірде де азығы – ұждан, совесть деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор жәрдемі үш анық дегенім осы.
Достарыңызбен бөлісу: |