Ақ таяғы ат болар.
Безер болған халыққа
Ағайыннан жат болар.
Салақ болса қатының,
Жағаң болар құрымдай.
Тәрбиесіз жігіттер
Жүрер белін буынбай.
Сөзінде бір тұрлау жоқ,
Ащы судың буындай.
Түрлі сөзін тыңдасаң,
Жыланның зәрлі уындай.
Екі достың арасын
Шағыстырар от жағып,
Мергеннің шақбақ-қуындай.
Кері кеткен керенау –
Сасып кетер маңайы.
Ғұмырда бір жуынбай,
Насихат айтсаң «былай» деп
Сөзіңді қалар ұғынбай.
Ақылсыз бас, жармес,
Дамыл бермес аяққа.
Білгеннен сұра білмесең,
Түбі соғар шатаққа.
Ақыл айтсаң ақымаққа,
Қас көреді сөзіңді.
Айыбын айтсаң бетіне,
«Жоғалтам» дер көзіңді.
Түсініп, ақыл ұғатын
Ұл туған жоқ, без енді.
(Шешендік сөздер/Құраст. Адамбаев Б.- Алматы: 1992.- 167 бет. 158- бет)
БАЙЛЫҚ, БАҚЫТ, АҚЫЛ Ерте заманда Байлық, Бақыт, Ақыл үшеуі бас қосады. Олар өзара өткен-кеткен әңгімелерді айтысады. Сөз кезегінде үшеуі адам баласына тигізетін пайдасы жайында таласып қалады.
Алдымен Байлық сөз алып: - Менің арқамда ғана адам баласының төрт түлігі сай, үйі дүние-мүлікке бай, ішіп-жемі мол болады. Сондықтан маған тең келер ештеңе жоқ, - деп кеудесін қағады.
Сонда Бақыт былай дейді: - Мен бақпын, кімнің басына қонсам, соның атақ-даңқын шығарамын, мансабын аспанға көтеремін, «ақ-дегені- алғыс, қара дегені - қарғыс» дөкей етемін. Қарсы келген дұшпанды жер етемін.
- О, достарым, мен сендердің таластарыңа қосылмаймын. Үшеуміз тең тудық. Бірақ мен бірер ит жейдені сендерден бұрын тоздырдым. Айтыстарың көңіліме қонбайды. Мен – Ақылмын. Сондықтан бекер даурығып, менменсіп сөйлегенді жақтырмаймын. Үшеуіміз де адам баласына қажетпіз. Көңілдеріңе келсе де айтайын, екеуің де маған бағыныштысыңдар. Адам баласы менсіз өмір сүре алмайды. Келіспесеңдер Данышпанға жүгінейік. Төрелігін сол айтсын, - дейді Ақыл сабырлы түрде. Сөйтіп үшеуі Данышпанға келеді.
Үшеуінің таласын тыңдап алған Данышпан:
- Өмірдің өзі сабақ: «Байлық – бір жұттық». «Бақыт - баянсыз». Ақыл бар жерде ғана Байлық та, Бақыт та, бірлік те, тірлік те, ынтымақ та түгел. Ақылмен бәрін ойдағыдай басқаруға, атқаруға, тындыруға болады. Ақылдың еңбек деген сүйеніші, тіреуі, тұтқасы бар. Оның алмайтын қамалы, қолы жетпейтін ырзығы жоқ. Сондықтан ақылды болып еңбек ете білген адам баласы байлыққа да, бақытқа да кенеліп, мәнді де сәнді өмір сүре алады, - деген екен.
(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова. – Алматы: Жазушы, 1989. – 368 бет. 290-бет)
БАЙЛЫҚ ПЕН АҚЫЛ Бір шалдың төрт ұлы болыпты. Бір күні шал ұлдарын жинап алып, былай депті:
- Мен қартайдым. Біреуіңнің үй иесі болатын уақыттарың жетті. Кімнің ақылы мен байлығы сай болса, сол мұрагерім болады. Әрқайсыларың маған байлықтарың мен ақылдарыңды көрсетіңдер, - депті.
Үлкен ұлы асыл тасты жүзік салған қолын көрсетіп:
Міне, менің байлығым. Ал кім бай болса, сол ақылды, - депті.
Екінші ұлы асыл киімдерін киіп, әдеміленіп келеді де:
- Мені осы түрімде көргендер ақылым мен байлығымның алдында бас иеді, - дейді.
Үшінші ұлы күміспен және тастармен әшекейленген белдігін буынады да:
- Бұндай белдікті, - дейді, - ешкім ешқашан буынып көрген жоқ ...
Әкесі үлкен балаларына қарап басын шайқайды да, ең кіші ұлына қарап:
- Сен неге үндемейсің? Сен қандай байлығыңмен мақтанасың? – дейді. Сонда кенжесі былай депті:
- Менде асыл тасты жүзік те, сәнді киім де, қымбат тастармен әшекейленген белдік те жоқ. Тек еңбек сүйгіш екі қолым, қайрат-жігерге толы жүрегім ғана бар.
Шалға кенже ұлының жауабы ұнайды. Ол өзінің мұрагері болады деп, кіші ұлын айтыпты. Үлкен балаларына інісінің айтқанынан шықпауды өсиет етіпті.
(Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. Құраст. Б. Адамбаев, Т. Жарқынбекова. – Алматы: Жазушы, 1989. – 368 бет. 298-бет)