Әл-Фараби.
Бақытқа жету жайында.
Бейрут-Любнан: Дар-уа-мактабатуль-хиляль, 1995. – С.25-102.
АХМЕТ ИҮГІНЕКИ
АҚИҚАТ СЫЙЫ
Бақыт жолы білім арқылы білінеді.
Білім ал. Бақыт жолын ізде.
Білімді кісі қымбат бағалы динар сияқты,
Білімсіз надан – құны жоқ бақыр (мыс)
Білімді мен білімсіз қашан тең болып еді.
Білім алған ер [халыққа] дана болды.
Білімсіз тірісінде көрде жатқан өлік сияқты.
Білімді адамның [өзі] өлгенмен аты өлмейді.
Надан – тірі дегені болмаса, аты өлік.
Білімді бір [кісіге] білімсіз мың.
Тең келе ме? Білімнің теңін теңдей ала ма?
Енді ойлап, сынап, байқап көріңіз,
Білім сияқты пайдалы өзге не нәрсе бар?
Білімнің арқасында ғалым жоғары көтерілді.
Білімі жоқ адам төмен құлдырады.
Білім ал, салғыртсынбай үйрен, Алланың елшісі:
“Білім кімде болса соны ізде”, – деді.
Сондықтан пайғамбар “Ғылымды Шында (Қытайда) болса да іздеп тап” деген.
Білімді кісі білімнің парқын айырады.
Білімнің пайдасын, уа, досым, білімді біледі.
Білім қадірін адамға білім білдіреді.
Білімсіз ноқай білімді не қылсын!
Білімді керек сөзді айтады,
Керексіз сөзін көміп жасырады.
Білімсіз не айтса ұқпай-түсінбей айтады,
[Ақырында] оның өз тілі өз басын жейді.
Жаратушы тәңірі де білім арқылы танылады.
[Ол]»Надандықта қайыр жоқ» деді.
Білімі болмағандықтан бір қауым халық
Өз қолынан пұт жасап: «Құдайым бұл» – деді.
Білімдінің сөзі үгіт, насихат, үлгі-өнеге,
Білімдіні парсы да, араб та мақтады.
Малы жоққа – білім түгесілмейтін мал,
Қаржысы жоққа – білім таусылмайтын қаржы.
* * *
Білімді не айтады, тыңдап көріңіз!
Әдептіліктің басы аузын бағу.
Тіліңді тарт, тісің сынбасын,
Егер [тілің] шыға қалса, тісіңді мықтап сындырады.
Ойланып сөйлеген кісінің сөзі – сөздің асылы.
Көп шатып мылжыңдаған тілді алдырмайтын жау [деп түсін].
Беталды сөйлей берме, тіліңді тый.
Тіліңнің жүгенсіздігі бір күні басыңа жетеді.
Тілін тартпаған кісіні ақылды деуге бола ма?
Тіл мен сөздің бостығы талай басты жеді.
Адамды тіліңмен өшіктірме. Біліп қой.
Тіл жарасы жазылмайды, оқ жарасы жазылады.
* * *
Ақылды ердің тілі – өз басының дұшпаны,
Талай ердің қаны тілінен төгілді.
Көп сөйлеген көп өкінеді.
Аузын баққанда өкінген [бар ма] қане?
Адамға не келсе тілінен келеді.
Тілінен біреу жақсы, біреу жаман болады.
Тыңда, илан бұл сөзге: [бағзы біреулер] күн сайын ерте
Тұрып, тілге жүгініп, құлшылық етеді.
Тіліңді бақсаң, өзің аман боласың.
Пайғамбар адамның отқа күйдіретін
Тіл деді. Тіліңді тарт. Оттан өзіңді сақта.
Егер екі нәрсе бір адамға бас қосса,
Ол адамға жақсылық жолы кесілгені.
Бірі – керексіз сөзді айта салса,
Екіншісі – ол кісінің сөзі жалған болса.
Сөзі жалған адамнан тез қаш.
Өз өміріңді шыншылдықпен өткіз.
Тіл мен жақтың көркі – шын сөз.
Шын сөйле, әңгімеңді тартымды ет.
Шын сөз бал сияқты, жалған – жуа.
Бұл бұрыннан келе жатқан мысал сөз.
Шыншыл бол, туралық ет, әділ атан.
Шыншыл деп білсін халайық сені.
Қыңырлықты тастап, әділдік киімін ки,
Киім-кешектің көріктісі – әділдік киімі.
Сырыңды кісі білмесін, берік сақта,
Сөзіңнен өзіңе өкініш келмесін.
Барлық жасырын ісің жария болып,
Көрген, естіген саған күлмесін.
Досым деп иланып сыр айтпа, сақтан,
Досың қаншама иланарлық шын болса да.
Шырақ, сырың өзіңде сақталып тұрмаса,
Досыңда сақтала ма? Мұны жақсылап ойла.
* * *
Бұл дүние керуен түсетін сарай сияқты,
Керуен-сарайға түскен көш одан әрі сапар шегу үшін түседі.
Әдепкі керуен қозғалып, жолға шығып ұзап кетті,
Тағы да жол тартып көшетін керуен қаншама?
Бұл дүние соңында қанша жүгіруге болады?
Ашкөз дүние үшін [жүгіреді] деп өзіңді ұста!
Малға мұнша не үшін көңіл қоясың,
Мал таңертең келсе, кешке қайтадан кетеді.
Малға сұқтануды көңіліңнен шығар!
Киімнің [барлығын], қарынның тоқтығын қанағат ет.
Байлық пен кедейлік Алланың ісі
Азық жоқтығын «кедейлік» – деп айтпа.
Бұл дүние мүлкінен тамақ пен киімді
Артық тілеме. Обал жүктейсің.
Пайғамбар дүниені егінжай деп айтты,
Егінжайға жаныңды салып игілік ек.
Бұл дүниенің ләззаты мәңгі емес,
Рақат дәурені зу етіп желдей өте шығады.
Жас қартаяды, жаңа ескіреді,
Күшті болса әлсірейді, қуаты қашады.
Бұл дүниенің заты бүгін бар болса, ертең жоқ.
Менікі дегенің өзгелердің еншісі боп шығады.
Барлық толған [нәрсе] азаяды, түгел кемиді.
Барлық салтанаттың соңы қарап болады.
Адамы сыйматын қанша жер бар еді,
Адамдары өлді. Жері [қаңырап]бос қалды.
Неше дана, неше философ бар еді,
Қайда бүгін солардың мыңнан бірі?
Дүние [әуелі] күлімдейді де, қайтадан қас-қабағын шытады.
Бір қолымен бал ұстап, бір қолымен у қатады.
Бал жалатып, алдымен ауыздың дәмін келтіріп,
Кейінгі тостақ ұсынып, у қатады.
Тәтті жесең, ащы [жеуге] дайындал.
Рақат біртіндеп келсе, реніш ондап келеді.
Ей, ренішсіз, қиындықсыз өмір сүруді армандаушы,
Бұл дүние ондай үмітке қашан орын беріп еді?
Бұл дүние жылан сияқты. Жыланның көзін жой.
Сипағанға жұмсақ, іші тола у.
Жылан жұмсақ болғанымен, пиғылы жауыз,
Қашық тұр, жұмсақ деп иланбағыл!
Бұл дүниенің көруге сырты көрікті.
Алайда, ішінде сүйкімсізі – мың [сан].
Қарап, сыртының әдемілігін көріп, бұған
Көңіл қойғаның – біліп қой, қатенің басы.
Алланың елшісі пайғамбар: «Күллі қатенің басы – дүниеқұмарлық»
Уа, дос, білімді [кісінің] жолын қу!
Егер сөйлейтін болсаң, біліп сөйле.
[Егер] мақтағың келсе, жомарт ерді мақта.
Сараңға бөрі сияқтандырып оғыңды кезе.
Барлық ел жомарттың жақсылығын айтады,
Жомарттық барлық айыптың кірін жуады.
Жомарт бол. Саған сөз де, сөгіс те келмейді.
Сөз келетін жолды жомарттық тыяды.
Жібімейтін көңілді жомарт кісі жібітеді.
Қол жетпейтін мұратқа жомарттың қолы жетеді.
Сараңдықты мадақтайтын тіл бар ма?
Жомарттықты әрі зиялы, әрі қарапайым халық мақтайды.
Көрдің бе, жомарт білімді жете меңгерді.
Сол үшін малын сатып, мақтау алды.
[Жомарттың арқасында] қорғансыздар жақсы өмір кешті.
Дүниеде жақсы ат қалдырып өтті.
Сараң арам [жолмен] көп алтын, күміс жинады.
Обал арқалап өлді, оның үстіне қарғыс алды.
Малын [өзге] кісілер үлестіріп алды,
Сараңның одан алған үлесі – өкініш.
Уа, мал иесі, жомарт, ізгі ер,
Құдай саған берген екен, сен де бер.
[Байлықты] жинап бермеген кісі – жек көрінішті әрі жаман атты.
Берсең – адал [Сонда ғана] қанша жисаң жи.
Мінездің жақсысы, әдеттің мінсізі –
Біліп қой, жомарттық. Ол – сараңның айнасы.
Қолдың бақыттысы – беруші қол.
Алған, бірақ бермеген қол – қолдың құтсызы.
Сараңдық – емдегенмен жазылмайтын ауру.
Беруге [келгенде] сараңның қолы тастай берік.
Қанша жиғанмен, сараңның көзінің сұқы, көңілі тоймайды.
Ол – малдың құлы, мал – оның билеушісі.
Жомарт ер – халықтың құрметтісі.
Жомарттық абырой-атағыңды, ажар-көркіңді арттырады.
Адамдардың арасында сүйіспеншілікке бөленгің келсе,
Жомарт бол. Жомарттық сені сүйіспеншілікке бөлейді.
Сараң – нағыз ұятсыз. Малдың күзетшісі
Жияды. Ішпейді. Жемейді. Тістеп ұстайды.
Дос-жаранына сау жүргенде дәм-тұз татырмайды.
Өледі. Қалады. Ақырында дұшпанына бұйырады.
Және бір керекті сөзім бар саған
Мен оны айтайын. Құлақ қой.
Ол сөз – мынау. Тәкаппарлықты басыңнан шығарып,
Кішіпейілділікті берік ұста. Одан мүлде айырылма.
Тәкаппарлық – барлық елде жеккөрінішті қылық.
Мінездің ең жақсысы – жуас қылық.
Біреулер ұлықсынып, «Мен, Мен», – дейді.
Ондай адамды халық та, құдай да сүймейді.
[Сараң] барлық жиған-терген дүние мүлкін
Пайдаланбады. Өлді. Халін көріңіз.
Әйелі басқа бір еркекпен қалып,
Өзі [көрде] жатып, [малының] санын береді.
Тәкаппар киімін кисең, тез таста!
Халыққа көкірегіңді керіп, тіліңді түйреме!
Мұсылмандықтың белгісі – көнбістік.
Егер мұсылман болғың келсе, көнбісті бол.
Көнбіс адамды тәңірі жоғары көтереді,
Тәкаппарлық көрсететін адамды төмен құлдилатады.
Ұлықсынба, абайла, ұлық бір құдай,
«Ұлықтық менікі. Сіз иеленбеңіз», – деді [Ол].
Пайғамбар – оған Алланың нұры жаусын! – Былай деген:
Достарыңызбен бөлісу: |