Нұрсұлу Тапалова
Нұрсұлу Тапалова 1923 жылы 13 қыркүйекте Ақтөбе облысының Ойыл ауданында өмірге келген. Елубайдың талапты қызы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерге бет бұрып, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. 1934 жылы Алматыдан жаңа құрылған Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі Ойылға гастрольмен келеді. Ұжымды ұйымдастырушы және басқарушы А.Жұбанов бастап келген өнерпаздар Ойылдықтарға үш күн рухани ләззат сыйлап, ауылды мерекеге бөлейді. Осы сапар күндері алдарында билеген 11 жастағы Нұрсұлудың талантын байқаған Ахмет Жұбанов оны өнер деген үлкен салаға бағыттап, оған кәсіби білім алуға жол сілтейді. Мектепте би үйірмесіне қатысып, ауыл сахнасына шығып, қоғамдық жұмысқа араласқан Нұрсұлу 1936 жылы қазақтың атақты әншісі Күләш Байсейітова мен биші Шара Жиенқұловалардың атағы дүрілдеп ауылға дейтін жеткенде солар жүрген ортаға жетуді армандайды. Жеті жылдық мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар байқауынан іріктеліп, арман жетелеп, Алматыға барып,13жасында Абай атындағы опера және балет театры жанындағы би мектебіне түседі. Онда Күләш Байсейітованың қамқорлығында болып, Шара Жиенқұлованың көмегін көреді. Биші болып қалыптасуына А.Александров, Г.Уланова, Е.Лифанова, Ю. Ковалев сияқты өнер иелерінің әсері тиеді. Яғни құнарлы топыраққа тап болады. Балет мейстер А.Александровтың шындауынан өтеді. Оқытушысы және театрдың көркемдік жетекшісі Қ.Жандарбеков талапты жастың талантын ұштап қана қоймай Москва және Ленинградтағы хореографиялық училищенің біріне оқуға барып, ұлттық би бөлімінде білімін, шеберлігін жетілдіруге кеңес береді. Бірақ Нұрсұлу театрдан кетпей, оқуға бармайды, кәсіби білімі болмаса да, жаратқанның өзін табиғатынан талантты биші етіп жаратқанын дәлелдеп, көпшіліктің көз айымына айналып, театрдың балет артісі болып шыға келеді. А.Александровтың жетекшілігіндегі театр студиясында оқып, үйренеді.Театр басшылығы жас бишіге аракідік жеке билерді билеуге тапсырады. «Қыз Жібек», 1938 ж. қойылған алғашқы қазақ балеті «Қалқаман-Мамыр» қойылымдарында Н.Тапалова Шара Жиенқұлованы ауыстырады. 1936-1938 жылдары театрда кардобалет артисі,кейін жеке балет бишісі болып сахнада өнер көрсетеді. 1941-1953 жылдары опера және балет театрында прима-балерина болып жұмыс істейді, тәжрибе жинайды, шеберлігі шындалады. Ұлттық операларда жеке билер шығарады. Репертуары Дариға(Көктем), Зарема (Бақшасарай фонтаны), испан биі (Аққу көлі) т.б.билермен толығады. «Киноконцерт», «Белая роза» және «Жамбыл» атты белгілі 20 шақты кинофильмдерге де түседі. Ел арасында Нұрсұлудың аты атала калса, жұрт «о-о-о Зарема» деп құрмет-қошеметін, басбармағын көрсетіп, мақтай жөнелетін болған. «Нұрсұлу Тапалова Зареманы классикалық дайындықсыз биледі. Оның Заремасы нағыз шығыстың аруы болып шықты. Оның биін көріп отырып, биге елітіп кетпеу, ғажайып сұлу биіне қарай отырып, оның тартымды әсеріне ерекше бой алдырмау мүмкін емес. Нұрсұлу Тапалова дәстүрлі классикалық би өнерінің толып жатқан қым-қуыт қиындығын орасан зор ерекше күшімен жеңе білді. Ол қиындығы мол ерекше тәсілдерді бейнелер арқылы сомдап, олардың нәзік сезімдерін көрерменге айрықша жеткізе білді. Бұл биші нағыз ұлттың бағына жаралған»- деп жазды «Менің балетім» деген кітабында халық артісі Болат Аюханов.
Жұртшылыққа танымал болған талантты биші үкіметтік концерттерде сахнаға шығады. 1946жылы 6 қарашада Ұлы Октябрь социалистік революциясының 29 жылдығына арналған салтанатты концертте Л.Хамидидің «Қазақ биін» Рубенштейннің «Тореадар мен Андалузкасында» испан биін шабыттана биледі.
Н.Тапалова И.Морозовтың М.Моисеев қойған «Доктор Айболитінде» және «Эсмеральда» балетінде шебер шынайы биледі. Оның өте тартымды ғажайып сұлу күлкісіне, бишілік шеберлігіне көрермен елтумен қарап отырып қала беретін болған.
1941-1953 жылдар Нұрсұлудың бишілік шеберлігінің шыңдалып, атақ-абройының өскен, аса танымал болып, аты дүркіреп шыққан жылдары болды. 1947 жылы 24 жасында «Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі» атағы берілді. 24 жасында 1947-1949 жылдары Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды.
Өнер адамының тағдырында жол бұралаңы көп болады емес пе? Тасадан тас атқан театр интригасы 1953 жылы отызға жаңа толған бишінің театрдан кетуіне себеп болады да Нұрсұлу ән-би миниатюрасы жанрындағы эстрадалық салаға ауысады. 1954 жылы Қазақтың мемлекеттік Жамбыл атындағы филармониясына ауысып, Кеңес Одағы мен демократиялық республикалардың ән-би ансамблінің жеке бишісі болып өнер көрсетеді.
1958жылы 22 наурызда әйгілі биші Қазақстан комсомолының IX съезінің делегаттарына арналған үлкен концертте «Махаббат вальсін» биледі. Москваға онкүндікке жүрер алдында Н.Тапалова 1958 жылы Алматының Ленин атындағы мәдениет және демалыс паркінде концерт қояды. Онда ұйғыр биін, Б.Байқадамовтың «Шаттық жырын», татар әні «Еркем», өзбек әні «Там басында», қырғыз әні «Кімге айтам», «Су тасушы қыз» әнін, «Махаббат вальсін», әзірбайжанның халық әні «Джуджәләрімді», «Бозжорға» биін, осетиннің «Лезгинкасын» орындап, әр ұлттың өнерін көрерменге маржандай тізіп берді.
1958жылы Нұрсұлу Тапалова Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. Өзіне бекітілген рольді кәсіби деңгейде, жоғары дәрежеде сахнаға алып шыққан қазақтың мың бұралған тал шыбықтай бишісін Кеңестер Одағы ғана емес, әлем таныды. Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Нұрсұлу бишінің көрерменнің ыстық ықыласына бөленгенін одақтас республикалардың, орталық баспасөздердің жарыса жазып, кеңінен дәріптегені белгілі. Әсіресе Әзірбайжанның ұлттық биі «Джуджәлерімді» үйіріп әкеткенде қазақ бишісінің асқан шеберлігіне талайлар таң қалды.
Осы онкүндікте «Біржан-Сара», «Абай», «Назугум», «Дударай» операларының сахналық көріністерін тамаша билерімен әшекейледі.
Қазақ өнерін дамытуға үлес қосқаны үшін онкүндіктен оралғаннан кейін Н.Тапалова «Құрмет белгісі» орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін» 1957ж медалімен, грамоталармен марапатталады.
Әйгілі биші 1960жылы «Қазақ концерт» гастрольдік – концерттік бірлестік ашылғанда, осы ұжымға ауысып, 1961 жылы Ғ.Құрманғалиев, А.Үмбетбаевтармен бірге Ақмола қаласында үлкен концерт берген. Ал Ж.Омарова, Р.Бағланова, Г.Ғалиева, П.Кононова, Ә.Есқалиевпен Москва,Ленинград қалаларындағы мәдени шараларға қатысады. Сондай-ақ Л.Сүйіндікова, Т.Бүйрабаев, ерлі-зайыпты Серіковтер және Б.Мырзалиевпен бірге эстрада бригадасымен Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарына, Ақмола,Ақтөбе сияқты қалаларға шығып өнер көрсетеді. Кейін өзінің эстрадалық квинтеттегі Х.Әбуғалиева, А.Макогонова, Ю.Морфесси, С.Қабиғожина, Р.Жүніманов секілді артистерімен гастрольдерге шығып, республика жұртшылығына мәдени қызмет көрсетеді. «Нұрсұлу мейірімді болғанымен, өзінің концерттік бригадасындағы тәртіпке қатаң қарайтын еді» -дейді бишінің бригадасында болған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сара Боранбаева.
Болат Аюханов-Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты- «Нұрсұлу Тапалова – қазақ ұлттық биінің де нағыз шебері. Оның қазақ операларында, әсіресе, «Біржан мен Сара» операсының бірінші актісі мен «Ер Тарғын» операсының соңғы актісіндегі биі ерекше шықты:ол билеген сиқырлы сахнаға қарай бергің келеді» - деп бағалайды.
1975 жылға дейін сахнада өнер көрсеткен шебер биші қазақ, қырғыз, өзбек, армян, испан, орыс т.б. халықтардың ұлттық билерін сахнада керемет орындауға қол жеткізді. Қазақ биі «Боз жорға», қырғыз биі «Жылқышы», өзбек биі «Алтын көл», армян биі «Сори ахчик» биі, «Ер Тарғын» операсындағы Алтынай, орыстың лирикалық биі, шығыс биі, әнмен биленетін испан биі «Пасадобль» т.б. әсем билерді шәкірттеріне үйретеді.
Нұрсұлу туа біткен талантымен қатар Алла Тағала берген асқан сұлулық иесі болған. Тоты анасы Нұрсұлу туралы былай дейді: «Небір мықты қылқалам шеберлері қазақтың сұлу қыздарын саларда менің анамның сымбатты мүсінімен салыстыра қарап алып барып кірісетін еді». Нұрсұлу десе Нұрсұлу еді. Шоқыр зайыбына «Лучше всех» деп ат қойған.
«Нұрсұлу Тапалова өте әдемі болатын. Мен онымен «Аққу көліндегі испан биін биледім, оның қасында жүріп ертегідегідей әдемілікті сезіндім» - дейді би өнері қайраткері Болат Аюханов
Нұрсұлу Тапалова мен Шоқыр Бөлтекұлы қазақтың біртуар өнер қайраткерлері Ш.Айманов, Н.Тілендиев, Ғ.Құрманғалиев, А.Жұбановтармен бір сахнада өнер көрсеткен, Б.Момышұлының, Б.Байқадамовтың т.б. отбасымен дос болып, араласып өмір сүрген.
Сахнаның көркі, сұлу да сылқым, ерке биші Нұрсұлу Тапалова әйгілі биші болса, оның зайыбы Шоқыр Бөлтекұлы қазақ боксының атасы. Олар Айсұлу,Тоты атты екі қыз тәрбиелеп өсірген.
1992 жылы белгілі бишінің ғұмырлық жары, Қазақстан боксының атасы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, СССР спорт мастері атағын алған тұңғыш қазақ Шоқыр Бөлтекұлы өмірден өтті.
Қазақ бишісі ұлттық мәдениеттің дамуына субелі үлес қосқан тұлға Нұрсұлу Тапалова 1998 жылы 13 қарашада Алматыда қайтыс болды.
Дүние жүзіне танымал балет шеберлері Галина Уланова мен Майя Плисецкаялармен өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Абай атындағы академиялық опера және балет театры сахнасында бірге өнер көрсетіп, гастрольдік сапарларда бірге болған, ұлттық хореографияның қалыптасуына, дамуына зор үлес қосқан ірі тұлға, балерина Нұрсұлу Тапалова еді. Оған қандайда болса құрмет пен мәртебе лайық. Н.Тапалова Ш.Жиенқұловадан кейінгі би әлеміндегі ірі тұлғалардың бірі болды. Сахнадағы 39 жылғы таза еңбегімен қазақ мәдениетінің алтын қорына зор үлес қосқан дарынды биші.
Күндей көзі, айдай аузы бар сұлу, табиғатынан талантты Қазақ өнерінің бастауында болып, дамуына зор үлес қосқан дарынды тұлғаның бір кездері республикалық мәдениет, өнер мекемелері тарапынан ескерусіз, елеусіз қалғаны белгілі еді.
Тәуелсіздік жылдарында Н.Тапалованың таланты мен еңбегі елініп, аты қайта оралды. Нұрсұлу Тапалова атындағы жүлдеге Ақтөбеде, Ойылда аудандық, облыстық бишілер байқауы өткізіледі. Тәжірибелі хореографтар Алматыдан келіп, Ақтөбеде жас бишілер мен би ұжымдары жетекшілерімен шеберлік кластарын өткізеді. Нұрсұлудың ізін басып, ісін-биін жалғастырған ақтөбелік жас биші Шара Нақыпбекова- « Голливуд жұлдызы» атанды.
Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіндегі музейде асқан биші Н.Тапалованың фотосы, азды-көпті деректер жиналған. Орталық Мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатында әйгілі бишінің елуінші жылдары түсірілген билері сақталған. Ақтөбе облысының Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлкетану музейінде, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде Н.Тапаловаға арналған арнайы экспозиция жасақталған, деректер, тұтынған заттары, экспонаттар жиналған.
Атақты балеринаның 90 жылдығына арналып Ойылда музейде мәдениет үйінде мәдени шаралар өткізілді. Естеліктер айтылды. Конференция өткізілді. Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінде 2013жылы 20 қыркүйекте Нұрсұлу Елубайқызы Тапалованың 90жылдығына арналған «Би әлемінің таланты» атты сазды – танымдық кеш өтті. Ойылда Н.Тапалова атындағы көше бар.
Ғажайып биші Нұрсұлу Тапалованың шынайы өнері өлмейді, жасай береді.
Еркін Жолмырзаұлы Құрманбек -
Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері,
мәдениеттанушы және өлкетанушы.
30 тамыз 2014 жыл
Достарыңызбен бөлісу: |