Акмеологияның адамзат білімінің кешені ғылымдарымен байланысы Қазіргі заманғы праксеология адамтану мен қоғамтанудың мәліметтерін ескеріп, жүйенің жалпы теориясы тұрғысында, әлеуметтік тәжірибенің алуан түрлі аясында іс-әрекетті ұтымды ұйымдастырудың позитивті принциптерін айқындауға ұмтылады.
Акмеологияның қазіргі заманғы қоғамтану, қолданбалы әлеуметтік және іргелі философиялық ғылымдармен байланысы дүниетанымдық және әдіснамалық бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
Философия әдіснамалық тұрғыда акмеологияны іргелі ғылыми сипаттағы дербес ғылыми пән ретінде негіздейді. Философия дүниетанымдық тұрғыда акмеологияның қоғамдық ғылым ретінде аксиологиялық және праксеологиялық идеалдарын ұсынады, сонымен бірге бір мезгілде қазіргі адамтанудың ерекше бөлімі ретінде қарастырады.
Қоғамдық-гуманитарлы табиғатына және аксиологиялық- гносеологиялық мәртебесіне сәйкес, акмеология тарих және мәдениеттану, әлеуметтану және экономика, менеджмент және маркетинг, саясаттану және конфликтология, педагогика және экология сияқты әлеуметтік ғылымдармен тығыз байланысты, ол акмеология үшін маңызды ұғымдарды – іс-әрекет, кәсібилік, ұйымдастырушылық және реттеу сияқты ұғымдарды түсіндірудің алуан түрлі әлеуметтік аспектілерін анықтайды.
Адамтану тұрғысынан акмеологияның адам туралы ғылымдармен өзара әрекеттестігі «шығармашылық» категориясын сипаттайды. Ол шеберлік, даму, кемелдену, дарындылық, қабілеттер, креативтілік, жетілдіру, рефлексия, эвристика, сана, тұлға, даралық сияқты акмеология үшін түйінді ұғымдарды анықтайды, сонымен бірге акмеологияның адам туралы салалас ғылымдармен өзара әрекеттестігінде қарастырылатын басқа категорияларды анықтайды.
Әдіснамалық тұрғыда акмеология – іргелі-қолданбалы сипаттағы кешенді ғылым. Іргелілік басқа ғылымдарда зерттелмейтін болмыс аясындағы заңдылықтарды танумен анықталады. Акмеологияның танымдық сипаты тәжірибелік-бағдарланған акмеологиялық технологияларда көрініс табады.
Акмеологияның басты мәселесі – толыққанды кемелдіктің хронологиялық ұзақтығы емес, кез келген өмірлік кезеңді өркендеу кезеңіне айналдыруға қабілетті адамның рухани күйі.
Акмеологияға деген ғылыми қызығушылық еш уақытта азаймайды. Бастау көздері педагогика мен психологияда болатын акмеология жаңа ғылым ретінде, білім беру сапасын арттыру мәселесі қазір белсенді түрде зерттеліп келеді. Акмеологияның пәнаралық сипаты жаңа мүмкіндіктерді іздеуге, сонымен бірге акмеологиялық мектептердің үлгісін құруға және тәжірибеден өткізудің жаңа мүмкіндіктерін іздеуге мүмкіндік береді.