Ұсынылатын әдебиеттер: 6, 8,1 16,17,21
12-дәріс тақырыбы: Мен кіммін?
Кей кездері алағаш рет егіз баланы көргенде ажырата алмай қаласың. Сырт пішіні, сөйлесі, жүрісі, күлісі, дауысы айнымай тұрады. Киіміне қарап ажырата алмасаң «Сен кімсің?» деп сұрауға тура келеді. Арада апталар, айлар, жылдар өтіп егіздер есейгенде түр-тұрпатта айырмашылық көбейіп, екеуі мүлде екі түрлі адамға айналып, орта жастан асқан соң мінездері тіптен бөлектене береді. Біреуі көңілді, ашық жарқын болса екіншісі томаға тұйық, көп ойланғыш адамға айналады. Аумай туған егіздермен ұзақ уақыт істес болған кісілер келе-келе оларды дауысынан, жүрісінен оп-оңай ажырата береді. Ұзын сөздің қысқасы кез-келген жеке адам өз алдына бөлек жанды жаратылыс. Ол ешкімге түбегейлі толығымен ұқсамайды. Сыртқы түр-тұрпаты мен пішінін айтпағанда ішкі дүниесі мүлде басқаша, әлдеқайда терең, тылсым, құпия.
Көне заманның ақылды адамдары: «пенденің сыртқы пішіні мен ішкі дүниесінде қандай да бір ұқсастық болу керек қой»-деп, зерттеп, шама шарықтарынша зерделеген. Аристотел: «Адамның бет-бейнесі оның ішкі күйін білдіріп тұрады» деп сенген. Жылмыңдаған күлмең көздер өтірікшіге тән. Оң қабақ пен иектің көтеріліп тұруы кібіріліктің нышаны. Адамның сыртқы мимикаларын әбден зерттеген американдық психолог Альберт Мехрабян былай деп түйін жасайды. «Біздің бір адам туралы пікіріміз 55% бет әлпетіндегі көңіл күйіне қарап, 38 % дауыс ырғағына қарай, 7% пікір оның сөйлеген сөзіне қарай қалыптасады».
Немістің әдебиетші ғалымы Георг Лихтенберг «Жер бетінде біз үшін ең керемет нәрсе–адамның түрі» депті. Ұлық Алла адамды солай жаратқан. Адамның жүрегінде болып жатқан өзгеріс оның алақандай бет әлпетінде көңіл-күй боп сайрап шыға келеді. Уайымшыл адамның бетінде әжім іздері көп болады. Шекедегі көлденең сызықтар таң қалғыш кісілерге, ал тік түскен әжімдер ұзақ уақыт қадалып отырып ойланатын кісіге тән. Көз бен еріннің айналасына шашырай түскен әжімдер көп күлетін көңілді кісілерге үйір болады. Көзді барлық әулиелер жанның айнасы деп атаған. Орта ғасырдағы Қытайда тергеу жұмысын жүргізіп отырған соттар ішкі-көңіл күйін қылмыскерге білдірмес үшін көздеріне қара түсті көзілдірік киіп отыратын болған. Қос жанардың түр-түсіне қарап-ақ әулие кісілер адамның хал-ахуалын дәп басып, тіпті керек десеңіз болашағын дәл болжай алады. Қала берді онша елеусіз секілді екі еріннің өзі адамның мінезі құлқын біршама анықтап тұрады.
Қалай болғанда да бір кездескен кісілер бірін-бірі ә дегенде бет әлпетіне қарап бағалайды. Ол туралы алғашқы пікірі де солай қалыптасады. ХХ ғасырдың адамдарды хирург көмегіне сүйеніп, түріне өзгерістер жасай алады. Бет-әлпеті көріксіз кейбір әйел адамдар өздерін ел ішінде ыңғайсыз сезініп, өзінен-өзі қысылып, төменшіктеп отырады. Сол үшін барынша сүйкімді, әдемі, жағымды болып көріну үшін пластикалық операциялар жасап, түр-тұрпатын мүлде өзгертіп жібереді. Десек те пластикалық операцияның хас шебері американдық дәрігер Максуэл Мольц өзгеше пікір айтады. «Мен талай жыл әдеміліктен мақұрым қалған әйел дидарын қолдан өзгертіп, талай қыз-келіншектің ажарын ашып бердім. Бірақ одан олардың ашық жарқын, елгезек боп кеткен ештемесі де жоқ. Олар бәрібір іштей өздерін төмен санып, бұғып жүреді» Пұшық мұрын қыздарға қанша жерден келістіріп пісте мұрын жалғап берсең де олар өздерін адамдар арасында пұшық сезініп, именіп отырады. Адамның жаны қалай сезінсе сыртқы тән де соған бағынып, иіледі деген сөз.
Бірақ кез келген өркениет, кез келген мемлекет, кез келген ғалым осы адамның ішкі негізі болып тұрған жанға емес сыртқы пішін боп тұрған тәнге қатты мән беріп соны ғана жөндеумен, емдеумен, жасартумен, жақсартумен айналысқанда «Ұлы Адасу» басталады. Біз енді күллі дүние ғалымдарының жинақтаған тәжірбиесіне сүйеніп отырып адамның есейген шағы туралы толғап көрелік.
Әдетте есейген шақ деп 25 пен 65 жастың арасын атайды.Осы шақтың қыр сырын зерттейтін ғылымды «Акмеология» яғни «акме» ең төбесі, шырқау шегі «логос» ғылым. Адам ғұмырының шырқау шегін, ең тәжірбиелі кезеңін зерттейді.
Өкінішке орай қазіргі еуропада жастық шақ культі қатты қарқын алып келе жатыр. Реклама, телевидение, пресса бәрі адамдарды жасартатын дәрілер мен препараттарды, жаттығуларды жарнамалау арқылы барлық адамның миына «қарттық деген өте жаман нәрсе, орта жастан ары қарай ауру, сырқау, торығу, жалғыздық қана күтіп тұрады» деген секілді үрей ұрығын сеуіп жатыр. «Өмірде жастар ғана оза алады. Қаусаған қартты тек қарттар үйіне қамап тастап құтыласың» деген пікірдің тамыры жуандап келеді. Психологтар арнайы сауалнама жүргізгенде адамдардың басым көпшілігі керісінше жастық шаққа емес 35 пен 45-тің арасындағы орта жастарына қайтуды армандап, ақылға жеңдіріп, салауатты өмір сүрудің ең күшті мүмкіндігі осы жаста келеді деп санаған. Ал 50 мен 55-тің арсындағы ел ағалары осы жасымды ұзарта берер ме еді деп қиялдаған. Ал ұдайы бет әлпетін ғана бағалап, мамандықты игеру, ана болу, бала тәрбиелеу деген секілді өмірдің басқа негізгі қырларын танып, білмеген әйелдер беттерін әжім ала бастағанда қатты қайғырады. Адам өз жасын мойындап, соған бейімделіп, жасына қарай сөйлеп, жасына лайықты өзін ұстай білмесе ел арасында жиі ұятқа қалып, содан барып көңіл күйі бұзылып, өмірі шиленісе түседі дейді психологтар.
Қоғамда орта жасар адамдардың тез жетістіктерге жететіні заңды. Нақты өмірдің тәжірбиесі есейген ақылмен дізе қосып қызмет қылғанда адамға шаш етектен пайда береді. Өмірге деген өзіндік көзқарас қалыптасып, бозбала шақтағыдай кім көрінгеннің айтқан сөзіне еріп, опық жемейді. Ғұмырындағы маңызды шешімдерді өзі қабылдайтын қабілетті тұлғаға айналады. Заман мен уақыттың сырын біршама ұғынып, оны барынша тиімді пайдаланып қалуға тырысады. Жас адам уақыттың табиғатын түсінбегендіктен көп мүмкіндігін уыстан шығарып алады. Себебі жас адам болашақтан өте көп үміт күтеді. «Оқу бітіріп алайын, кандидаттық қорғап алайын, үй жасап алайын сосын көрсетім» деп ойлайды. Ал орта жасар есті кісі «бұл шаруа міндетті түрде бүгін жасалуы керек, ертең кеш қаламыз» деп шапшаң қимылдайды.
30-дан асқан есті азамат жыл өткен сайын психологиялық жағынан нығайып, беки түседі. Ол енді біреуге қызмет етуден ләззат табатын жаңа сезімді бастан кеше бастайды. Бұрынғыдай «елдің бәрі менің алдымда иіліп, құрдай жорғаласын» деген кібір принциптерден аяғын тарта бастайды. Айналасындағы адамдардың қателіктері мен кесір мінездеріне кешіріммен қарап, сыйласып, сыйысып істеуді меңгере береді.
Осы арада мынадай сұрақ көп адамды мазалайды екен. «Қоғамды орта жастан асқан тәжірбиелі кісілер басқаратын болса не себепті қоғамда қарама-қайшылыққа толы қиындықтар тым көп? Не себепті көп жағдайда егде кісілер ақылмен, даналықпен іс қылып жастарды тәнті қылмайды?» Себебі дейді зерттеуші оқымыстылар, адамның жасы ұлғайғанымен оның ақылы тоқырап, кері кетуі бек мүмкін. Барлық адам қартаяды, бірақ бәрі бірдей дана қартқа айналмайды. Ежелгі гректер «Қарт адамның ақ шашы оның даналығын емес кәрілігін ғана білдіреді» деп мақалдатқан екен. Псиохологтар адам өмірін кезеңдерге бөліп, былайша саралайды.
Бірінші есейу кезеңін-экспансия периоды деп атайды. Бұл 20-25 жас аралығы. Күш қуаты бойына симай, миы тың идеялармен қайнап жатқан жас жігіт өзін барлық салада бірдей уақытта, бәрін басынан өткеріп, түгел сынап көргісі келеді. Қызық не бар, соның бәрін тегіс оқып, меңгеріп алғысы келіп жұлқынып тұрады. Уақыт өткен сайын өзінің не нәрсеге бейім екенін анық біліп, сол жағына қарай ойысады. Бірақ бұл қасиеттің өзі ақылды жігіттерге ғана тән. Көбіне сылқым, сері, жігіттер жасы отызға толғанша өзінің не нәрсеге бейімі бар екенін анық айта алмай далбасалап жүріп алады.
Екінші міндеті өмірлік серік болатын мінсіз жаратылған жар табу. Өкінішке орай бұл кезде көп еркек жар таңдап жүріп тазға жолығады. Ал бойжеткендер супер жігітке тұрмысқа шығамын деп жүріп, кәрі қыз болып үйінде отырып қалады.
28 -30 жас арсында адам артына қарап, өткен өмірін алғаш рет таразылайтын мінез табады. Алғаш рет өмірінің ең жас, ең балғын, ең қабілетті кезін өткізіп алғанын анық сезіп іші удай ашитын кез. Енді әр нәрсені барлап, бақылап барып сақ қимылдауға көшеді. Енді жас кездегі тым ұлғайып кеткен арманның «орындалмайды-ау» деген артықтарын жонып, қысқартып, нақты дегендерін ғана қалдыра бастайды. «Бүкіл әлемді өзгертіп жіберемін деген баяғы арын басылып, Менің қоғамдағы орным қайсы?» деген сұрақ миына шаншудай қадалады. Ең өкініштісі ажырасу осы кезде өзінің шырқау шегіне жетеді. 35 жасар егде жұбайлар жұптарын қайта қарастырып қателікке ұрынады. Осы кезде «Отбасы деген не? Оның міндеті не? Құдай отбасы құруды не үшін бұйырды? Үйлі-баранды болудың мәні неде?» деген сұрақтардың жауабын таба алмаса амал нешік жұптар екіге ажырайды. Не болмаса ерлі зайыптылар сүйретіліп, сүреңсіз күй кешеді. Дәл осы жаста мамандығы мен жұмысынан жалығу деген екінші бір «ауру» пайда болады. Жас кезде өте қызықты, өте мазмұнды көрінген жұмысы жүйкесін жұқартып, шабытын шақырмайды. Мамандық ауыстыруға кеш болғандықтан көбісі далбасалап, жұмыс орындарын өзгертеді. Өмірді басқа қырынан танып білуге мүмкіндіктің жоқтығынан топастанған саяз пенделер ашуланшақ жындыға айналады. Пысықтары бұл кезде алданышпен дүние түгендеп, үйді жихазбен толтыруға талпынады. Үйіне келсе тез жалығып, ығыр болатын болғандықтан түн ортасына шейін әрдемені сылтауратып шаршамай шапқылай береді. Нәтижесінде отбасында «әйеліңе, бала-шағаңа көңіл бөлмейсің» деген жанжал тіріледі. Осылайша отбасындағы дағдарыс бәрібір болмай қоймайды.
35-тас асқан соң барып салқын қандылық пайда болып, әр нәрсені салмақтап барып қолға алатын байсалды мінез табады. Бес жыл өтіп, жасы 40-қа тірелгенде торығу, түңілу фазасы жұмыр басты пендеге қайта айналып соғады. Қырықтағы жігіт ағасын жатса тұрса; «Не үшін керек осының бәрі? Бала-шағаны несіне көбейтіп, асырап, ақша тауып өліп жүрмін? Жалпы өмір сүріп не керек?» деген сұрақтар ұйқысынан айырады. Бұл енді шешуші кезең. «Мен кіммін?» деген ұлы сұрақтың жүректе аш қасқырдай ұлып тұрып алатын кезі. Бұл ең соңғы ышқыныс. Бұл - барлығын таразыға салып, өлшеп отыратын сау ақылды рухани өмірмен алмастыратын кез келді деген соңғы белгі. Бұл-көкіректе тұншығып жатқан адамның негізгі «Мені» рух деп аталатын заттың бұлқынысы дейді психолог ғалымдар. Бұл «менді» бұрынғы нәпсани «менмен» шатастыруға мүлде болмайды, себебі бұл «мен» бұрынғыдай сұлу қыз, үлкен үй, жайлы машина деген секілді дүниелік нығметтерге жұбанбайды. Жанның осы хәлін шама-шарқынша зерттеген психолог ғалым Гейл Шихи; «Біз не нәрсемен шұғылданып, қандай жұмыс жасамайық, жасымыз қырыққа келгенде өзіміз өмір бақи елемегенсіп, қолдан тұншықтырып келген кеудедегі бір күш сыртқа қарай ышқынып ұмтылады» деп аталы сөз айтыпты.
Көптеген есті адамдар осы жаста өмірлерін қайта бастайды. Қырық жыл бойы қалыптасқан мінез-құлқы мен көз-қарастарына, әдеттеріне қарсы шығып, өзін-өзі түбегейлі тәрбиелеп өзгертеді. Бұл жаста ажырасу азайып, ерлі-зайыптылар жұптарына үлкен кешіріммен қарап, тағдырдың жазуына мойын ұсынады.
Психолог ғалымдар; егер осы жаста адам рухани өмірдің өзегін таппай тағы да өзін өзі алдып, әр түрлі жұмыстарға жегіліп, ойын-сауықтың өзге түрлерін ойлап тауып, не болмаса арақ ішіп жұбанатын болса ол адамды өмірінің соңына қарай «ұлы өкініш» күтіп тұр-деп ескертеді. Кәрілік келіп, бар қызықты сілкілеп тартып алғанда шалдың сүйкімсіз түрі мен сиықсыз тәні ғана қалады. Ас-ауқатты шашып-төгіп, әрең жейтін қуыс кеуде шалдардың абыройсыз өлім сәтін қорқынышпен күткеннен басқа амалы қалмайды.
Осы аса жауапты кезеңді рухани ілімнің күшімен аман-есен алып өтер болса онда 55 жастан ары қарай 65 пен 70 жасқа дейін еркін жететін тың творчествалық шабыт табады. Сергек ой мен сау ақылды қолдан шығармаған дана қарттар бұл кезеңде шын тәуба етуге, жастық кездегі босқа кеткен уақыттарға өкінуге, бейім болады. Өмірдің барлық қиындықтары мен азаптарын тәжірбиесінен өткізіп; «Өмірдің негізгі мазмұны қайырымдылық пен мейірім» деп, ұлы сезімді бәрінен жоғары қоятын шын даналыққа жақындайды. Сонда ғана жастар қайырым мен мейірімнің нұрына малынған қарт адамды жақсы көріп, соның айналасына шоғырлана бастайды дейді.
Енді адамның негізгі менін анықтау деген мәселеге келейік. Ғалымдар мынадай қызық тәсіл ұсынады. Ақ параққа «Мен кіммін?» деген сұрақты 20 мәрте қайталап қояды. Осы бір мазмұннан тұратын көп сұраққа адамдар толық жауап бере алмай қиналып, әр қилы жауап беріп көреді. Әрине көбісі аты-жөнінен, ұлтынан, мамандығынан бастайды. Бірақ алты жеті сұрақтан соң не жазарларын білмей лақап аттарын жазып тастайды.
Енді осы сұрақтарға қазақша жауап беріп көрелік.
1.Мен кіммін? Мен Пәленбай Түгенбайұлымын
2.Мен кіммін? Мен қазақпын
3.Мен кіммін? Мен түген деген Университеттің студентімін.
4.Мен кіммін? Мен Ұлы жүз, Албанмын.
5.Мен кіммін? Мен Пәлен фирманың директорымын.
6.Мен кіммін? Мен парасат орденінің иегерімін.
7.Мен кіммін? Мен түгенбайдың келінімін.
Дәл осы сарында сұрақты соза беруге болады. Бірақ одан пайда жоқ. Себебі бұл анықтаманың бәрі адамның негізгі Менін толық анықтап бермейді. Сондықтан да адамдар қартайған сайын «Мен кіммін?» деген ең маңызды сұрақтың жауабын таппай адаса береді. Себебі адамның есімі шартты атау. Сәби туылғанда үйдегі ағайын-туыс ақылдасып отырып, оған қай ат ұнаса соны қояды. Не болмаса кейбір адамды ата-анасы бала кезінде қалай еркелетсе сол атпен ел арасына танылып кете барады. Мысалы Абай да, Шоқан да ұлы аталарымыздың шын есімдері емес. Екеуі де еркелетуден шыққан бөтен есімдер. Тіпті кейбір кісілер паспорт алатын кезде аты-жөні ұнамаса ауыстырып алуға мүмкіндігі бар. Яғни бұл қатып қалған анықтама емес.
Ұлтын айтып танылу да негізгі анықтама бола алмайды. Себебі кез келген қазақты қалың қытайдың ортасына апарып, қазақ тіліндегі кітап, газет, журнал, радио, теледидардан ажыратап тастаса ол қазақ міндетті түрде қытайланады, Орыстанған қазақтар да сол секілді.
Студент деген тіптен қысқаша анықтама. Себебі жас жігіт университет қабырғасында ары кетсе төрт-бес жыл оқушы боп жүре алады. Оқуын бітірген соң оны тұрған жұмысына қарай басқаша атауға тура келеді.
Жүз бен руда дәл сол секілді. Кез келген қазақ барлық жүздің не болмаса рудың құрамында қазақ болып жүре алады.
Марапат пен сыйлық пендені тіптен мазақ қылады. Себебі мемлекет ыдырап, не болмаса президент тақтан тайып, режим ауысатын болса барлық орден сыйлықтар мәнін жояды. Мыс; Бауыржан Момышұлына «Советтер Одағының Батыры» атағын алып берісімен артынша КСРО тарап кетті. Енді Момышұлыны қазақтың ұлттық батыры деп қайта анықтауға тура келеді.
Барлық кәсіп пен мамандық түгелге жуық уақытша болғандықтан адамның кім екенін анық белгілеп, бермейді. Әсіресе қызметіне жүрегі байланған қарт кісілер пенсияға шығып ешкімге керексіз болып қалғанда үлкен депрессияны бастан кешеді. Үйлеріне сыймай, келіндеріне жақпай, бала-шағасына ұнамай бұрынғы коллективіне әр нәрсені сылтау қылып бара бергенді жақсы көреді. Керісінше жастар кәрі шалдардың жұмысқа келіп, мыжып ақыл айтқанын иттің етінен бетер жек көреді.
Шындығында да «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап беру оңай емес. Көп адам өзін ұлты, мамандығы, жоғары лауазымы бойынша танып көп уақыт мән бермей қарттық пен өлімге дайындықсыз жүре береді. Өмірде күтпеген жерден оқыс оқиға болып, пенде ойламаған жерден қиын жағдайда жалғыз қалып қойғанда ғана «Мен осы кіммін?» деген жүректің түбінде шөгіп жатқан ұлы сұрақ қайта бас көтереді.
Бала бөпе кезінде анасының жатырынан жаңа сылынып шыққандықтан өзін анасының бөлінбес бөлшегі санайды. Қарны ашса ас-ауқаты шешесінің екі омырауында толып тұр. Ұйқысы келсе шешесі ыңылдап, әлдилеп жұбатады. Бірақ сәби өскен сайын оның өз мүмкіндігі молая береді. Өзінше жүру, ішу, ұйықтау осының бәрі рухтың дараланып анасынан алшақтауына себеп. Адамның не болмаса тұлғаның бірінші дағдарысы 1,5 жаста байқалады дейді ғалымдар. «Өзім істеймін. Өзім істей алам» деген бірінші қарсылықтары осы кезде білінеді. Оның ең айқын көрінісі баланың кесесіне «қантты қасықпен өзім салып алам» деп қарсыласуы. Қасықты қысып ұстап алған сәби кесеге шекерді өзі салмай тынбайды. Тәттісін басқа біреу салып берген шәйді «ішпеймін» деп шалқасынан түсетін шайпаулары де кездеседі. Бұл енді өзге әлемнен келген рухтың «мен өз алдыма бөлек жанмын. Мен әр нәрсені өзім істеп, өзім соған жауап беремін» деген бірінші белгісі.
Адамның өміріндегі ең маңызды екінші сәт - сәбидің өзінің өлетінін білетін кез. «Ерте ме, кеш пе мен де өледі екенмін ғой» деген ой алғаш рет 4-7 жас аралығында пайда болады. Ата-анасы әңгіме айтып отырғанда баласы «Сол кезде мен қайда едім?» деп сұрайды. Анасы: «Сен ол кезде әлде туылмағансың, жоқ едің» дейді. Бала: «Бұл кезде болмасам болмаған шығармын. Ең бастысы қазір бармын ғой» деп тынышталады. Бірақ, «ол кезде біз болмаймыз» дегенді миына сиғыза алмай қатты қиналып, жаса баланы кәдімгідей өлім жайлы үрей билеп алады. Ата-анасы баласына өлім туралы дұрыс түсінік беріп үлгермесе сәбидің жағдайы қиындауы мүмкін. «Сонда мен өлген соң шынымен де жоқ боп кетемін ба? Мен өлген соң тағы да қайда барам? Өлім деген не өзі?» деген осы сұрақтың жауабы табылғанша адамға тыныштық болмайды. Мұны жігіт кезіңде жастықтың мастығымен ұмытып кетсең де, шал болғанда алдыңнан қайта шығады.
Адамның өзін танып, бағалап, тұлға болып қалыптасу жолындағы келесі дағдарысы үлкен өмірге араласып, құрдастарына жолыққан шақта басталады. «Енді басқалармен салыстырғанда мен қандаймын?» деген сұрақ үдейді. Себебі бұған дейін әр бала үйінің еркесі, үйінің озығы, мақтаулысы болып келеді. Енді басқалармен өзін салыстырып, өзінің қандай дарын, нендей қабілетпен жаратылғанын білуге нақты мүмкіндік туады. Мектеп партасына алғаш отырған барлық бала өзін: «Ең озығы, ең күштісі менмін» деп санайды. Осылайша алғаш рет ұстаз алдында «кішірейіп, сыну» деген ауыр сезімді бастан кешеді. Мұғалім оған баға қояды. Және оның берген бағасы оның ата-анасының көңіл-күйіне өте қатты әсер ететін болып шығады. Енді бүлдіршін өзінің нашар жақтарын анық байқай бастайды. Біреумен салыстырғанда жәй оқиды, екінші біреуден нашар жазады, тағы біреуден жүгіргенде қалып қояды деген секілді. Осы кезде кенжелеп қалған кейбір балада бірінші сыныптағы дағдарыс деп аталатын келесі бір күйді бастан кеше бастайды. Қала берді «болмайды» деп келетін тыйым талаптар күшей береді. Талаптарды орындау үшін өзіңді бақылау керек екен деген ой туады. Бірақ қанша жақсы оқушы болуға тырасса да тәртіп пен ережені еріксіз бұза береді. Осылайша өзіңді бақылау деген проблема басталады. Бұл асулардың бәрінен сүрініп, жығылып өткен соң ең ұлы дағдарыс «кризис идентичности яғни тұлғаның тоқырауы» басталады. Есейген ер азамат «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап таппай тынышы кетеді. Себебі үйден бөлек шығып, өз алдына дербес отбасы құрған азамат барлық жауапгершілікті мойнына алады. Бірақ осы кезде ұлы сұраққа жауап табуға мүмкіндік бермейтін кедергі – пенденің өзіне сұрақ пен талаптың дұрыс қойылмауы. Көп адам бұл кезде «Менің қолымнан не келеді, әуелі соны дәлелдеп көрсетейін» деген секілді нәрселермен жүріп қалады. Әуелі сүйікті күйеу не болмаса жұбай боп бастаған ер азамат өмірдің қым-қиғаш, шырғалаң, соқпақтарына түсіп алып, оның ащысы мен тұщысын түгел көріп шығады. Жолы болғандары біраз мәселені шешіп тастаған секілді көрінеді. Үй, бала-шаға,машина, дача,қызмет,атақ, бедел қысқасы адамға керектінің бәрі бар. Бірақ осы нығметті қолға түсірем деп жүріп жастық шақтың күш қуатын жоғалтып, қарым қабілетінің мұқала бастағанын анық сезеді. Бар қызық пен желік артта қалғандай көңіл құлазып, қурап тұрады. Осы кезде кісінің тұла бойын тағы да «Мен кіммін? Мен қайда бара жатырмын? Осылай кете берсем қай жерге барып тірелем?» деген жауабы жоқ, бірақ өте маңызды, үрейлі сұрақ шарпып өтеді. Өмірдің қақ ортасы қырыққа келгенде жігіт ағасын осы сұрақтар тіптен өлтіруге айналады. Осы дағдарысқа ұрынған адамдарға рухани ұстаздар, жетекшілер дер кезінде көмек қолын созып, жәрдем қылып жібермесе тұлға толық тоқырап, өмірден біржола түңіліп кетеді.
Бұл кезеңнен әупірімдеп өткен қарт кісіні келесі сұрақтар қыспаққа алды. «Мен мәңгі өмір сүремін ба? Мен бұл дүниеге не үшін келдім? Ана жаққа не нәрсе арқалап бара жатырмын?» Себебі қарттың көз алдында өткен күндердің елесі ғана тұрады. Оның бұрынғы қызықтарын, естеліктерін бөлісетін құрадастарының көбісі о дүниелік болып кетеді. Ал оның өмірде жеткен жетістіктерін жаңа буын тез ұмытып, өз қызықтарын қуалап кете береді.
Енді тұлғаның дағдаруы немесе адамның рухани тоқырап күйреуі деген мәселені тағы да терең тарқатып көрелік.
Сонымен тағы да қайталап нықтаймыз. Кез келген адам 35 пен 40 жастың арасында рухани тығырыққа тіреліп, көңілі құлазиды. Орта жаста санаға соққы беретін бұл тоқырау сезімін арнайы зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізген ғалым Карл Густав Юнг. Бұл ғалым 40 жаста басталатын тоқырауды жамандық емес керісінше Алланың адамға берген сыйы деп бағалаған. Себебі осы тоқыраған кезеңді пайдаланып, рухани ізденіске түсіп, Құдайды табуға мүмкінідік ашылады.
Адамның өмірінің екінші жартысы бұл жаздан соңғы күз секілді деп салыстырады. Сондықтан оған дұрыс қарап жақсылап дайындалу керек. Себебі қырыққа дейінгі кезең үйленумен, бала шаға көбейтумен, пәтер сатып алумен кетеді. Қырықтан асқан адамға бұл проблемаларды шешемін деп талпыну бекершілік. Ендігі міндет - өзіңді танып, кім екніңді шын біліп алу ғана. Адамның бар күш қуаты мен уақыты, ақылы осы сұрақтың жауабын табуға жұмсалсын дейді. Юнг мырза мына нәрсені анық байқаған. Әдетте халық нақылы қарттарды даналықтың сандығы деп атайды. Бірақ біз көріп жүрген қарттардың бәрі жеңіл мінезді жастарға ұқсағысы келеді. Сонда бұлардың даналығы мен көрегендігі қайда кетті? деп сауал тастайды. Кәрі кісінің кері қарай ұмтылуы табиғат заңына бағынбай қасарысу ғой. Осының кесірінен адам өмірдің мақсаты мен мәнін таба алмай шатасады. Бірақ қоғамда «кәріліктен көрі жастық шақ артық» деген қате пікір кең жайылған. Бұл дегеніңіз жылдың төрт маусымының қайсысы ең жақсысы деп таласқанмен бірдей ғой. Әр маусым өзінше жақсы. Қыстың да, жаздың да, көктемінң де өзіне тән артықшылықтары бар. Дәл сол секілді орта жас пен егде жастың да өзіне тән жақсы жақтары жетіп артылады. Себебі бұл кезеңде жас кезіңдегідей орны толмас өкінішке ұрынбайсың.
Тоқырау әр түрлі нәрсені сылтау себеп қылып басталып кетеді. Мыс: есейген қыздың тұрмыс құрып алысқа не болмаса шет елге асып кетуі, ұлдың үйленіп бөлек шығуы, тұрмысыңа тіреу болған ет жақын туысыңның қаза болуы, ұрысып ажырасу, жұмыстан босау, таланттың сарқылуы, емі жоқ сырқатқа шалдығу, мүгедек болып қалу. Бірақ бұл әлі жағдай жақсы болса рухани тоқырау болмай қалады деген сөз емес. Жоғарыдағы оқиғалар тек сылтау ғана. Адамның төрт құбыласы түгел болып тұрса да рухани тоқырау сезімдері жәйләп белгі береді. Өмір бойы өзіне өзі дән риза болып келе жатқан жолы болғыш жігіт орта жасқа жеткенде өзінен өзі күманданып, секемденіп, мазасыздана беретін, істеген нәрселерінен бұрынғыдай терең қанағат ала алмайтын қызық түсініксіз хәлді бастан өткере бастайды. Осы қанағатсыздық сезімі білдірмей басталып кенеттен қарқын алып, өрішігенде адам ашуланшақ, өзімен өзі тұйықталып қалатын көңілсіз кісіге айналады.
Мыс: Кабинетінде жинаған кітаптарына қарап тұрып еріксіз; «Ия, енді маған бұл кітаптың бәрін оқып шығу мұмкін емес» деп таусылады. Жас маманның жұмыста өсіп бара жатқанын көріп; «Бұлар осылай өсе беретін болса біз далада қалатын шығармыз» деп уайымға салынады. Көшеде кетіп бара жатқан қыз бен жігітті көргенде; «Ия, мен енді бүйтіп ешқашан да жүре алмаспын» деп өзінен өзі көңілсіз отырып мүжіле бастайды. Орта жаста осылай рухани күйзеліп жүрген кісілермен жеке сөйлескенде көбісі мынадай сезімдерді бастан кешкендерін жазады.
Жұмыста отырып; «мен осы жерде неге отырмын?, Бұл кабинетте не істеп отырмын?, Кімге, не үшін телефон соғайын деп жатырмын?, Офистегі үйілген мына қағаздарды неменеге аударып төңкеріп отырмын?» деген сияқты түсініксіз сұрақтар аяқ астынан көңілді торлап алады. Күн сайын он бес жыл отасқан әйеліме қарап, «бұл кім менің қасымда жатқан? Бұл әйел қашаннан бері маған серік болып келе жатыр? Тоңазытқыштың ішінен айран іздеп жүрген ана ересек бала кім? Ол менің үйімде емін еркiн не істеп жүр? Kүнделігіне қарап отырып, бір заманда өте маңызды деп белгі соққан шаруаларының енді түк те маңызды емес екенін көріп таң қалады».
Алғашқыда мұндай көңілсіз ойлар көбінесе төсекке құлап, ұйықтар алдында үдейді. Ертеңгісін ол сұрақтарды тағы да қағып тастап, ит тіршілікке белшесінен батып кете береді. Бірақ күндіз де «Бұл менің өмірім бе?», «Менің таңдап алған жолым дұрыс па?», «Мен не үшін тіршілік етемін?», «жалпы барлығы не үшін өзі?» деген сұрақтар қайта-қайта кеудені түртпектеп, оңаша қалғанда да тыным бермей мазалай береді. Рухани тоқырау үдеген сайын адамға өмірі күн санап күйреп, мәнсізденіп бара жатқандай көренеді. Бұрынғы аса құнды, бағалы, маңызды деп санап келген істерінің бәрі бір сәтте мағына, мазмұннан жұрдай болады. Бұрынғы құмарлықтар мен дос-жарандар өткен заманда келмеске кеткендей алыстай береді. Күні кеше іш-бауырын елжіретіп тұрған әйел, бала-шағасы соншалықты ыстық болып көрінбейді. Пенде дағдарған сайын бала-шағасы өзіне бөтен адам секілді көрінеді. Керісінше Алла амандығын беріп, бұл рухани тоқыраудан құтылып шығатын болса әйел, бала-шағасымен бақытты қарым-қатынас орнатады.
Достарыңызбен бөлісу: |