Есту қабілеті зақымдалған балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың арнайы (түзету) оқу бағдарламасы 1-тарау. Түсіндірме жазба
Бағдарлама «Білім Туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5 және 14 баптарына, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, есту қабілеті зақымдалған балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларына сәйкес әзірленді.
Мектепке дейінгі жас бала дамуының маңызды, онтогенез кезеңінің бірі болып табылады, өйткені дәл осы кезеңде тыныс-тіршіліктің әр түрлі саласына қатысты қалыптасуы күрделі, көп деңгейлі психикалық үрдістердің қалыптасуы үшін алғышарттар қаланады. Бұл тұрғыда есту қабілеті зақымдалған балалардың мектепте оңтайлы оқуға дайындығына және одан әрі қоғамға бейімделуіне бағытталған оқыту мен тәрбиелеу маңызды рөл атқарады. Бұл есту қабілеті зақымдалған баланың толыққанды дамыған тұлға ретінде қалыптасуы, түзету мен орнын толтыруды тиімді психологиялық-педагогикалық құралдардың көмегімен қамтамасыз ететін мақсатты түрде жобаланған сипаттағы педагогикалық процесс екендігін білдіреді.
Бағдарламаның мазмұны мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеудің жалпы дидактикалық принциптеріне сәйкес тәжірибеде жүзеге асатын оқыту мен тәрбиелеудің түзетушілік бағытын ескере отырып құрылды: ғылымилығы, оқыту және тәрбиелеудегі жүйелілік, қол жетімділік, көрнекілік, білімді меңгерудегі белсенділік және дербестік, балалардың жас және жеке ерекшеліктерін есепке алу, оқытудың өмірмен байланысы. Естімейтін балаларды оқыту мен тәрбиелеуде олардың психикалық дамуының ерекшеліктеріне негізделген өзіндік (спецификалық) дидактикалық принциптері ескеріледі: онтогенетикалық, тұлғалық-бағдарлы, әрекеттік, дамыта оқыту принципі, дамуындағы ауытқуларды түзету мен диагностикалаудың бірлігі және тәрбие мен оқытудағы түзету бағыттылығы принципі.
Бағдарламаның мақсаты – мектеп жасына дейінгі есту қабілеті зақымдалған балалардың жас ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктеріне сәйкес білім, білік, дағдыларын, рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясына негізделген жалпы адамзаттық құндылықтарға, ұлтжандылыққа және толеранттылыққа тәрбиелеу, сондай-ақ баланың мектепте оқуға әлеуметтік-психологиялық, тұлғалық, ерік-жігерлік, физикалық және зияткерлік даярлығы.
Бағдарламаның міндеттері:
есту қабілеті зақымдалған балаларды психологиялық-педагогикалық зерттеуде педагогтарға көмек көрсету;
есту қабілеті зақымдалған балаларды мектепалды даярлау;
мектепке дейінгі білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігі ұстанымдарын қамтамасыз ету, білім беру салаларын кіріктіру, баланың зияткерлік, әлеуметтік және тұлғалық дамуы үшін инновациялық әдістемелер мен технологиялар қолдану, тәрбиелік, дамытушылық және оқыту міндеттерінің бірлескен байланысын қамтамасыз ету, мектеп, мектепке дейінгі ұйым мен отбасының бірлескен ынтымақтастығы, есту қабілеті зақымдалған мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ата-аналар қауымдастығының қажеттілігін қанағаттандыру;
Бағдарлама баланың қатынастық (коммуникативтік) дағдыларының қалыптасуына, танымдық және әлеуметтік мотивтерінің көрінуіне, қызығушылығы мен білім алуға деген құштарлығының дамуына ықпал етеді.
Әр саладағы күтілетін нәтижелер сабақтардағы оқу мақсаттарының жүйесі арқылы беріледі.
Бағдарламаның мазмұны дене және психологиялық дамуының келесі жас кезеңдерін қамтитын балалардың жас топтары бойынша ұсынылған: бөбек жасы (2 жастан 3 жасқа дейін) және мектепке дейінгі жас (3 жастан 6 (7) жасқа дейін). Бөбек жасын ерте (1 жастан 2 жасқа дейін) және кіші жасқа (2 жастан 3 жасқа дейін) бөледі. Мектепке дейінгі жасқа мектепке дейінгі кіші (3 жастан 4 жасқа дейін), мектепке дейінгі орта (4 жастан 5 жасқа дейін) және мектепке дейінгі естияр жас (5 жастан 6 (7) жасқа дейін) жатады.
9. Бағдарлама меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі ұйымдардың барлық түрлері мен типтеріне және мектепалды даярлық сыныптарына ұсынылады.
2-тарау. Бірінші кіші топ (2 жастан 3 жасқа дейін)