INTERNATIONAL SCIENTIFIC JOURNAL
«GLOBAL SCIENCE AND INNOVATIONS 2023: CENTRAL ASIA»
ASTANA, KAZAKHSTAN, APRIL 2023
48
ойлауға, ал мидың сол жақ жарты шары басым қызмет атқаратын «ойлампаз» типіне
жататын адамдар абстрактілі ойлауға бейім келетіндігін айтады [1, 24 б.]. Сөздік-логикалық
ойлауы бар адамдар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды жүйелі талдауға, бірден
логикалық тиісті қорытындылар шығаруға және оларды ұғымдармен сипаттауға бейім
болады. Ал бейнелі ойлайтын адамдар қоршаған дүниедегі әр алуан заттар мен
құбылыстардың бейнелерін бір мезгілде қабылдауға және көрген нәрселерін ойша
елестетуге олардың бір-бірімен өзара байланыстарын ажыратуға бейім келеді. Мұндай
бейімділік бір жағынан адамның шығармашылық ойлауын дамытуға мүмкіндік берсе,
екінші жағынан оларды логикалық тұрғыдан реттеуге кедергі келтіреді.
Генетикалық тұрғыдан алғанда қазақ халқы о бастан-ақ ұғымжық ойлауға қарағанда
заттардың көрнекі-бейнелерін жақсы қабылдап, оларды есінде жақсы сақтауға, бейнелерге
сүйеніп ойша әрекет етуге икемді болған. Бұған соңғы кездердегі жүргізілген
физиологиялық зерттеулердің нәтижелері де дәлел бола алады. Мысалы, тәуелсіздікті алған
жылдардан соң Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физиологтары жүргізген бір зерттеуде
қазақтарда мидың оң жақ жарты шарлары, ал орыстарда мидың сол жақ жарты шарлары,
ирандықтарда аралық жарты шарлары басым қызмет атқаратындығы белгілі болған.
Сондай-ақ, осыған ұқсас деректерді француз этнограф әрі философы Л. Леви-Брюльдің
мәдениеті артта қалған алғашқы адамдардың ақыл-ойы өркениеті дамыған елдердегі
адамдардың ақыл-ойына қарағанда тым тайыз әрі логикасыз болып келеді деген пікірі мен
Л.С. Выготскийдің мәдени-тарихи теориясының қағидаларын басшылыққа ала отырып,
Орта Азияға экспедициялық сапармен шыққан А.Р. Лурия бастаған топтың сауаты жоқ хат
танымайтын ересек адамдармен жүргізген эксперименттік зерттеу жұмыстарын тексеру
мақсатында жүргізген қазақтың көрнекті психологы М.М. Мұқановтың зерттеулерінен де
тауып алуға болады [2].
А.Р. Лурия басқарған кеңес психологтары 30-шы жылдары қыстақта тұратын хат
танымайтын өзбектердің заттарды ортақ қасиетіне қарай бір ұғымға жатқызу қабілетін
анықтау үшін мынадай эксперименттік зерттеулер жүргізген. Бұл зерттеудің негізгі
мақсаты Л. Леви-Брюльдің артта қалған тайпалардың ой-өрісі, ақылы тайыз келеді дейтін
пікірін тексеруге арналды. Бірде оларға тақияның, көйлектің, етік пен тышқанның суретін
көрсетіп, ұқсастарын бір жерге алып қойыңыз депті. Сонда зерттеуге қатысушылар
тышқанның, етіктің суретін бірге қояды да, көйлектің, тақияның суреттерін бөлек қояды.
Неге бұлай жасадыңдар деп сұрағанда, ол: «тышқан кейде етікті өзінің іні деп ойлап, соның
ішінде тығылып жатады, ал көйлек пен тақия күн өткізбейді», - деп жауап беріпті. Бұл
жауапқа қанағаттанбаған олар, қосымша мынадай сұрақ береді: «Менің бір танысым
тақияның, көйлектің, етіктің суретін бірге қойып, тышқанның суретін бөлек қойды және ол
сол заттарды бір сөзбен киім деп атады, сіз осыған қалай қарайсыз?», - дейді. Сонда ол:
«Бұл кісі дұрыс жасамаған: тышқанның етікпен дос болатыны рас, көйлек пен тақия адамға
күн, салқын тигізбейді», - депті. Сол кезде: «етік те адамға күн, салқын тигізбейді ғой», -
дегенде: «Осылай деу дұрыс, бірақ етктің ішінен талай рет тышқанды ұстап алғанымыз бар,
сондықтан оларды бірге қойған жөн», - деп зерттеушіге бой бермепті [2, 102 б.]. Жүргізілген
осындай зерттеу жұмыстарының нәтижелерін қорытындылай келіп А.Р. Лурия ой
процесінің дамуы қоғам дамуының тарихи сатысына байланысты, ал өзбек секілді ұлттыр
Қазан ревалюциясына дейін феодализм дәуірінде өмір сүргендіктен, олардың жалпыға,
нақты нәрселерден жалпы ұғымға көшу қабілеті жеткілікті дамымаған деген пікір айтты.
Адам ұғымға сүйеніп қана ойша әрекет етіп қоймай, заттардың бейнелеріне де сүйеніп
ойша әрекет етеді. Сөзіміз дәлелдірек болу үшін оның мынадай ойларын келтіре кетейік.
«Ұғымдарды пайдаланып сан-алуан ойлау операцияларын жасау сөйлем құрау дәрежесінде
кездеседі. Ал адамның ішкі ойын алып қарасақ, мұндағы процестер атақты психолог Н.И.
Жинкиннің айтуынша, нақты заттардың, оқиғалардың бейнесі негізінде жүзеге асады.
|