ӨМIРIҢIЗ
БIЗГЕ ӨНЕГЕ
Сәлеметсiз бе, Бауыржан ата. Сiзге № 5 орта мектебiнiң 7-сынып оқушысы Айзат Қанатбекова хат жазып отыр.
Мен соғыстың өте ауыр қанды майдан болып өткенiн теледидар мен тарих пәнi сабағынан бiлемiн. Бауыржан ата, сiздiң ерлiгiңiз жайлы «Жұлдыз» журналынан оқыдым. Сiздiң Мәскеу шайқасында 28 панфиловшылармен бiрге ерлiкпен күрес жүргiзгенiңiз туралы мәлiметтi бiлдiм. Сiздiң қазақ жауынгерлерi арасында алғырлығыңыз, ер жүрек батырлығыңыз мен үшiн үлгi. Соғыстағы әскери-стратегиялық шеберлiгiңiз, Мәскеу үшiн шайқаста өз батальоныңызды басқарып, жауға төтеп беру тактикасы бүгiнгi Қазақстан Республикасының әскери күштерi үлгi аларлық үлкен тәжiрибе.
Ата, мен сiздi үлгi тұтып жақсы көремiн. Бiр ғана өкiнiш бар, биылғы соғыстың аяқталғанына 65 жыл толу меретойында дастархан басында қадiрлi қария болып отырсаңыз ғой. Бiрақ Алланың берген жасынан ешкiм асып кете алмайды.
Бауыржан ата, батыр, соғыс ардагерi және бейбiт өмiрде де әдебиет майданының қатарында, соғыс туралы естелiк жазып, бiзге өсиет қылып, көп үлгi қалдырдыңыз. Бiз сiздiң шығармаларыңызды оқып, өмiрге нысана етемiз.
Айзат ҚАНАТБАЕВА,
№5 орта мектептiң 7-сынып оқушысы.
Өскемен қаласы
Cертке берiк Әмина
Соғыс басталғанда Әминаның жасы жиырмада болатын. Оның ата-енесi ауылдың сыйлы жандары едi. Жолдасы да ауылдың айтулы азаматы. Осылайша, бақытты өмiр сүрiп жатқан шаңырақтың тыныштығын сұм соғыс бұзды. 1942 жылдың жаз айында Әминаның жолдасы Көшербай Отан алдындағы парызын өтеу үшiн қан майданға аттанады. Артында әке-шешесi, құрсағында баласы бар жан жары қалады. Бақытты отбасы тiрегiнен айрылған соң, ауыр күндер басталады. Алайда Әмина жанұяның берекесiн, болашағын ойлап, қиындықпен күреседi. Үш айдан соң Әмина босанып, өмiрге ұл бала әкеледi. Соғыстың азабынан көз ашпай, қиналып отырған отбасына бұл үлкен жұбаныш болады. Сәбидiң есiмiн атасы елге жеңiс сыйласын деген ниетпен «Жеңiс» деп қояды. Әмина Жеңiсiн дүниеге әкелгеннен кейiн, оны өзiне сүйенiш етедi. Жұмыстан жабыққанда бауырына басып, сағынышын басатын. Тек баласы үшiн барын беруге дайын болды. Бiр жылдан соң Әминаның қайнысы Сейiтқазы да соғысқа аттанады. Қиындық арта түседi. Күн сайын таңмен таласа тұрып, түн жарымында ұйқыға жататын. Ол кезде тыныш ұйқы да жоқ. Әминаның көзi жасқа толып, алдағы күндi ойлайтын.
Ауылдың қара жұмысы бүкiл адамды шаршатты. Арық қазу, өгiз-арбамен жер жырту, егiн егу, масақ теру, тезек-қи тасу, диiрмен тарту, келi түю, қолғап тоқып, майданға жiберу... Халықтың ауыруға да уақыты болмайтын. Қиын кезде халық iшер асқа, киер киiмге жарымады. Уақыт озған сайын қинала түстi. Әрбiр үйден жоқтау айтылып, ел iшiнде зарлы үндер көбейдi. Қабырғаны қайыстырар мұндай қайғылы хабар Әминаға да жеттi. 1943 жылы Көшербайдан суық хабар келдi. Ендi Әмина бақытты күндерiн «жесiр» деген атпен алмастырды. Әминаға бұл соққы қатты тидi. Бiрақ Көшербайдан тұяқ қалғанына шүкiршiлiк етедi. Ал Көшербайдың анасы жота-жота құмының ортасына барып, бар даусымен зарлап, кешке үйiне шаршап жететiн.
1943 жылы Сейiтқазы майданнан бiр аяғынан айырылып оралады. Ол оралғасын, отбасында шаттық қайта тұтанады. Сейiтқазы жұмысқа орналасып, Сырғаш есiмдi қызбен отау құрады. Арада жыл өтiп, Сырғаш дүниеге қыз бала әкеледi.
Бiр күнi Нұрмаханбет ата қатты науқастанып, келiнi Әминаны шақырып алады. «Төрт жыл бойы соғыстың тауқыметiн бастан кешiрдiк. Батыр ұлдарымыздың арқасында басымызға бейбiт күн туды. Маңдайыма жазылғаны шығар, осы жеңiстi де көрдiм. Менiң ендi арманым жоқ. Қызым, саған айтар сөзiм бар. Сенiң жан-жарың, менiң тұңғыш ұлымның қаза болғаны бәрiмiзге ауыр тидi. Бiрақ бұл қасiрет жалғыз бiздiң жүрегiмiзде емес. Егер «жаспын, өмiрiм алда» десең, саған ешкiм тосқауыл болмайды. Бiрақ ұлым Көшербайдан қалған Жеңiсiм осы үйдiң егесi екенiн ұмытпағайсың. Егер «өзiмнен бұрын баламды ойлаймын, осы үйдiң түнiн өшiрмеймiн» десең, осы қара шаңыраққа ақылшы болып, Жеңiстi осы үйде өсiргейсiң. Ақылымды ойлап, таразыға саларсың» деп атасының көзi жасқа булығады.
Әмина көзiне жас алып: «Осы уақытқа дейiн бар өмiрiмдi тек қара шаңырағыма, Көшерiмнен қалған жалғыз балам Жеңiсiме арнадым. Алдағы уақытта да солай етемiн. Немереңiз Жеңiс осы қара шаңырақта ер жетедi. Жеңiстi оқытып, осы үйде қызығын көрсем, одан асқан бақыт жоқ шығар», – деп жауабын берiптi.
Нұрмаханбет ата келiнiне риза болыпты. Атасы көп уақыт өтпей қайтыс болады. Әминаның енесi Шұға ана да бұл қайғыға төзе алмай, дүние салады.
Әмина үшiн өмiрдiң қызығы тек Жеңiс едi. Жеңiс анасының өмiрде көп азап шеккенiн жүрегiмен түсiнетiн. Сондықтан ол мектепте тәртiптi, озат оқушы болды. Мектеп бiтiрген соң, ауылға тракторшы, шопыр болып жұмыс атқарады. Мәриям атты арумен бас қосып, анасын қуантады. Өмiрге тоғыз сәби әкелген Мәриям Әмина анасына қамқоршы едi. Бiрақ Әминаның бақытты күндерi тағы да қысқа болды. Баласы Жеңiс пен келiнi Мәриям бiрiнiң артынан бiрi қайтыс болады. Өмiрдiң ащысын көп көрген абзал әже немерелерiне ана, әке, әже, атаның да орнын басты. Әжесiнiң ақылын тыңдаған немерелерi де жаман болған жоқ. Барлығы бiлiм алып, елге қызмет еттi. Бүгiнде Әмина әже немере-шөберелерiнiң ортасында бақытты өмiр сүруде. Атасы Нұрмаханбеттiң айтқан өсиетiн әлi де естен шығарған жоқ.
Құндызай Өтеген,
№177 орта мектептiң
7-сынып оқушысы.
Сексеуiл кентi,
Арал ауданы,
Қызылорда облысы
Мәншүкпен жау шебiнде бiрге болған
Жер-әлемдi солқылдатқан соғыс дүмпуiн көрiп, талай-талай қанқұйлы кезеңдi басынан өткiзген ауылдасымыз – Күрiшбек ата. Бiр өзi – бiр тарих. Күрiшбек ата 1912 жылы Жетiсу губерниясы, Жаркент уезiнде қарапайым отбасында дүниеге келген.
1941 жылы желтоқсан айында Күрiшбек ата майданға шақырылады. Ол Алматыда жасақталған 100-атқыштар бригадасында алты ай жаттығудан өтедi. Мұнда ол партия ұйымының хатшысы болып та қызмет етедi. Күрiшбек ата қазақтың бiртуар батыр қызы Мәншүк Мәметовамен танысыпты. «Өте сауатты, алғыр қыз едi» деп еске алады Мәншүк апамызды.
Мәншүкпен бiрге майдан даласына аттанады. 1943 жылы күзде Невель қаласы үшiн ұрыста Мәншүк Мәметова қаза болады. Оның денесi сол қалаға жерленедi. Қазақтың батыр қызын ардақтап, оның атына Невель қаласынан көше аты да берiледi. Кейiн атқыштардың екi бригадасы қосылып, дивизия атауын алады. Атқыштар арасында қайта iрiктеу басталғанда, Күрiшбек ата жаңа құрамға қосылады.
«Бiз 1944 жылы өте күштi бекiнiс – Новосокольников қаласын азат ету үшiн шабуылға шықтық. Адам шығыны көп болды. Көретiн күнiм бар екен, бұл ұрыста да аман қалдым. «Ерлiк үшiн» медалiмен марапатталғанда қаза болған майдандас достарым есiме түсiп, кеудеме ащы өксiк тығылғаны әлi күнге ойымнан кетпейдi» деп еске алады майдангер ата.
1944 жылы қаңтар айынан бастап Күрiшбек атаның дивизиясы Батыс майданға, Маршал Рокоссовскийдiң қоластына өтедi. Брест қаласын азат ету ұрысына кiрген кез де осы түс. Одан бөлек, көптеген елдi мекендердi жау тұзағынан азат еттi. Күрiшбек атаға Брест қаласын азат етудегi ерлiгi үшiн III дәрежелi «Даңқ» орденi табыс етiледi.
1946 жылы елге оралған Күрiшбек ата 1953 жылға дейiн Ұзынбұлақ ауылында мұғалiм, комсомол, партия ұйымының хатшысы болып қызмет атқарады. 1953-58 жылдары Кеген ауданы, Қарқара ауылында 7 жылдық мектепте мұғалiм болды. 1959-76 жылдары қазiр өзi тұрып жатқан Сәмбе ауылындағы орта мектепте қызмет iстеп, зейнетке шықты.
Күрiшбек ата қырық жылдан артық өмiрiн жастарға бiлiм, тәрбие беруге сарп еттi. Осы еңбегiн бағалап, жыл сайын марапатқа ие болады. Олардың iшiнде Маршал Г.К.Жуковтың медалi де бар. Бүгiнгi күнi Күрiшбек ата – бейнеттiң зейнетiн көрiп, немере мен шөбере сүйiп отырған бақытты жан.
Ақтiлек Сыбан,
Сүмбе орта мектебiнiң
9-сынып оқушысы.
«Ұланның» жас тiлшiсi
Сүмбе ауылы,
Ұйғыр ауданы,
Алматы облысы
Достарыңызбен бөлісу: |