Обложка эмблема фонда «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбындағы балалар шығармалары Астана 2010 ж. Ерлікке тағзым!



бет3/7
Дата27.12.2016
өлшемі3,17 Mb.
#5401
1   2   3   4   5   6   7

Ерлігің мәңгі есімде
Қараңғыда көрген жоқ оны ешкім де,

Келе жатты ұрланып соғыс түнде.

Келе жатты ол қап-қара, бүйі болып,

Жолбарыс боп жалаңдап жол үстінде.

Сырбай Мәуленов.

Соғыс! Сен қандай суық едің! Қасіреттің қара қайығына мініп,қайғыны желкен етіп, қара жерді қапсырып төніп келдің! Мен сендік салқындықты бір ғана атауыңнан сезінем. Талай армандарды сөндірген, қырандарды сенделткен, жайсаң даланы селдеткен сендегінің барлығы сұмдық еді. Талай-талай текті ұлдарыңның өмірін өзің иемденіп алып, қанды майданға тастап жібердің. Бір сенің суық үнің қаншама ақ армандарды, сағым жылдарды, жүректе жазылмай кеткен жырларды ұрлады?!

«Отан үшін отқа түс, күймейсің!» ұранын ту ғып ұстап, қан майданға аттанған аталарымыздың сондағы ерлігін айтсаңшы.

- Үстімде сұр шинелім,

Ақсаңдай басып келемін,

Ұмытса да достарым,

Ұмытар ма мені елім, –

деп Қасым Аманжолов жырлағандай, елі үшін қасық қаны қалғанша арпалысқан ер мінезді ұлдарының ерлігін ұмытпақ емес, ұмытпайды да.

– Ежелден ел тілегі – ер тілегі,

Адал ұл ер боп туса – ел тілегі, – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, қашан да халық адал ұлдың елге тірек болуын аңсаған. Халыққа тіреу болған да сол ерлер еді.

Сол кездің қиындығын Қадыр Мырза Әли былай деп жырлайды:

– «Қырық екінші жылды басқа жазбасын,

Ұмытты ғой ерлер онда өз басын...

Москваға жетпей жолдан тоқтасын,

Астанадан киіп қайтсын ноқтасын», –

Деп әкеміз елді жаудан қорғаса,

Біз қорғадық опасыздан отбасын».

Ер басына күн туып, етігімен су кешкен қиыншылық жылдарды, мұң-шерге толы жырларды тамаша суреттеген ақын өлеңін оқи отыра, сол кезге бір көз жүгіртесің. Сезінесің, түсінесің, шошисың да жиренесің. Сол кезде ерлік көрсеткен жауынгерлерге бас иіп, әрдайым есімдерін сан қайталап отырасың.

– Үйдің жылысын қыс келгенде білерсің,

Кімнің батыр екенін жау келгенде білерсің, –

деп Балпық би айтқандай, жау келгенде тойтарыс бере білген батырлар сан мыңдаған еді.

Қолына қару алып, «фашизмнің тамырын құртамыз» деп ерлік көрсеткен Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы есімдері тарихқа алтын әріппен жазылды. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды апаларымыз қара бұлт төнген кезде нағыз өр мінез танытты. Сызға ұйықтап, мұзды жастанған қанша өмір қиылды. «Ертеңгі ұрпақ келешігің арманы ақ болсын, жүзінде күлкі жайнасын, аспаны шуаққа толсын» деп кеткен жандар еді. Майданда жауынгерлер қолына қаруын алса, Жамбыл Жабаев өз жырларын қару ғып жұмсады. Еңіреп кеткен ерлерді жігерлендіріп, рух беріп отырған Жамбыл өлеңдері талай жауынгерлердің қалтасынан табылып жатты. Күні-түні жарылған бомба, атылған оқ Жер-Ана төсінде ойран салды. Ақын Сырбай Мәуленовтың өлеңі еріксіз ойға оралады:

– Қоштас, – деді ол, – туған ел, жеріңменен,

Тастарды да күйдірді темірменен.

Миллиондаған жандардың атын жойып,

Құлақкесті құл етті нөмірленген.

Иә, бұл нағыз сұрапыл соғыс. Есте мәңгілік сақталатын соғыс тамұқ отымен бірдей болды. Дегенмен жеңістің ауылы алыс емес еді. Кеудеде от боп жанған ар- намыс жауынгерлерді алға жетеледі, болашақ жеңіске сендірді. Жан қиып кеткен жандар ертеңгі өмірдің жарқындығын тіледі.

– Олар өлді тек аспан сау болсын деп,

Олар өлді туған жер бар болсын деп.

Олар өлді ақ арман сөнбесін деп,

Олар өлді өзгелер өлмесін деп, –

деген Сырбай Мәуленов өлеңі осыған айқын дәлел.

Жеңіс! Көптен күткен ақ арман бір сенің ғана өне бойыңа сыйып

тұрғандай. Көңіл тебіренді, сәби күлді, ана жадырады, аспан қара түнектен ашылды!

– От шашты Отан аспаны,

Төгілді көздің жастары.

Окоптан шықты солдаттар,

Атылды көкке соңғы оқтар, –

деп Сырбай Мәуленов жеңіс күнін асыға күткен халықтың сол бір қуанышты кездерін осылай баяндайды.

Жеңіс күні соғыстан оралмай қалған ерлеріміздің рухына бас иіп, арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне құрметпен қарап, олардың қайсарлықтары мен ерліктеріне тағзым ететін күн емес пе?! Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлы Жеңіс – Қазақстан тарихының жарқын беттерінің бірі. Бұл – қан майданда от кешкен соғыс ардагерлері мен сол жылдарда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін»деп, құлақтары жастыққа тимеген тыл ардагерлерінің мейрамы» деп атап өткен болатын.

Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, жеңіс үшін жанын берген аталарымызды, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен Жеңіс күндерді жақындатқан апаларымыз бен әжелерімізді мақтаныш етеміз. Осы орайда ел намысы мен Отан абыройы жолында от кешіп, кеудесін оққа тосқан қандастарымыз бен жерлестеріміздің есімін жаңғыртып, жас буын санасына сіңіре түсу – біздің басты борышымыз. Біз әрқашанда Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген сүйіспеншілігінің, жастарды патроиоттық сезім мен ерлікке тәрбиелейтін өлшеусіз өнегесі деп білеміз. Өкінішке қарай, жыл сайын ардагерлердің қатары азайып бара жатқандығы көңілге қаяу түсіреді. Бірақ көзден кетсе де, олардың ерлігі көңілден кетпесі анық. Олар тек жеңіс әкеліп қана қойған жоқ, сонымен қатар ел еңсесін көтеруде аянбай еңбек етті.

Қайтпас тұлғаларды ұлықтап отыру – тек халықтың ғана емес, мемлекеттің борышы. Еліміз олардың еңбегін бағалап, көше аттарын берді, ауыл-ауылға соғыс құрбандарының ескерткішін орнатты. Биыл менің мектебіме алғаш қазақтан шыққан ұшқыш қыз Хиуаз Доспанова есімі берілмек. Мен сол үшін қанаттанамын, қуанамын, шарықтаймын. Бүгінгі таңда біздің жасар ерлігіміз, алғысымыз да осы болмақ.

«Бұл өмірде әр ісіңнің жаңғырығы болады» деген Мұхтар Шаханов сөзін сараласақ, бүгінгі ашық аспанның кешегі жаңғырығы – отты жылдар еді. Біздің міндетіміз – солар сыйлаған ел тыныштығын сақтау.
Ерғалиева Гүлжамал

Батыс Қазақстан облысы

Орал қаласы

30 жалпы орта білім беретін мектептің



9 «А» сынып оқушысы

Барлаушылар
Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен

арғы аталарымды мақтан тұтып,

рухтарына бас иіп, түп нағашы атам

Букаев Бисенбайдың ерлігін паш етемін.

Сұрапыл соғыс қанды майдан қызған шақ,

Өкшелеп жауды біздің әскер қуған шақ.

« Отан үшін от кешсең де күймейсің »

Жақын деп жеңіс сеніммен белді буған шақ.

Батыс майдан, Белоруссия орманы

Кең даланы қараңғы түн торлады

Сонғы айқас, алапат ұрыс алдында

Айналаға тыныштық бірден орнады.

Алаулар шақырады жырақтағы,

Солдаттар тынығуда түнеп бәрі.

Әрқайсының ойында туған елі

« Жеңіс » деп соғады бойда жүрек қаны.

Әр жауынгер демалуда қалауымен,

Біреуі сүйген жарға жазады өлең.

Болашақ артист жігіт қақ ортада

Қосылып ән айтуда гитармен.

« Төрттік » атпен танымал барлаушылар

Бір-бірінің ойларын ыммен ұғар

Немісше сайрайтұғын өз тіліндей,

Хахол жігіт Паланчук Гриша да бар.

Әуелетіп ән шырқар өзбек – Ислам,

Снайпер жігіт ресейлік Зотов Иван.

Ал Букаев Бисенбай ұшқыр ойлы

Қазақтың бар болмысын бойға жиған.

Блиндаждан солдат шықты хабарменен

Төрттікті шақырады командир деп

Басқалар, демалыңдар ертең ұрыс

Тынығып, күш жисаңдар болар дұрыс.

Төрт жігіт блиндажға келді кіріп,

Бұйрықты қабыл алды құлақ түріп

«Құп болады, командир!» деді олар

Төртеуі бір дауыспен қатып тұрып.

Қараңғыда ілгері жылжып келеді,

Алдарында жау бекінісі біледі.

Таңғы ұрыс.Жаудың қандай шамасы?

Білу міндет. «Тіл» алып қайту керегі.

Туған жер, атамекен тілегінде

Қайрат пен күш жиналған білегінде

Тұрса да белгісіздік алдарында

Төртеудің қорқыныш жоқ жүрегінде

Тоқтады «төрттік» байқады: мина құрылған

Айналып өтті сара жол жатты ұзыннан

Бір бүйірден тағы бір жол қосылды

Немістердің тұрған жері осы бір маң

Табиғатта түпсіз түнек бар аймақ

Жағдайды білмек – ілгері жүрді абайлап,

Әттең, әттең кете алмады ұзаққа

Өздері келіп түскендей болды тұзаққа.

Дүние диірмендей дөңгеленді,

Тулақтай қусырылып жер көлемі.

Қолға түскен төрт жігіт жігеріне

Отанға деген махаббат дем береді.

Қайдан, қашан, кім жіберді сендерді?-

Деп бір құзғын жауап ала бастады.

Зәбірледі, азаптады бірақ та

Барлығы да ауыздарын ашпады.

Соққыға жықты, бас көзге тепті аямай

Жігіттердің жағдайлары қиын-ды

Шикіл сары лейтенанты немістің

«Қамаңдар шеткі сарайға» деп бұйырды.

Тар қапаста бір терезе, бір есік

Сыртқа екі фашист қойған. Сол күзет.

Төрттік енді ақылдасты: «Қалайша

Қолға түстік, қашу керек тезірек».

Бисенбайдың қозғалтпайды бүйрегі,

Ислам бейдің төрт-бес тісі күйреді

«Қашу керек, кету керек бұл жерден»

Бәрінің де ызаға толы жүрегі.

Терезе тар есігі мықты қапастың

Мүмкін емес бұзып шығу – қауіпті.

Бисенбайға бір ой келді іске асса

Алдайтын айла ақылменен тауыпты.

Сонан соң айтты байыппенен: «Жігіттер,

Тезірек тіспен ілгектеріңді үзіңдер».

Жағасының астынан алып ине-жіп

Тізді оған қырықтай ілгек бір-бірлеп.

«Гриша сенің келді кезің қимылдар

Алдап-сулап немістерді ұғындыр

Дүниеқоңыз шіркіндер нанса сөзіңе

Осы жерден құтыламыз шығынсыз»

Немісшелеп сайрады сонда Гриша,

Гетенің тілін сөйлеуге ол тым ұста.

«Есікті ашып, ішке кіріп көріңдер,

Алтын тауып алдық мына бұрыштан

Қашпақ болып қаздық сарай бұрышын

Тауып алдық алтынның бір уысын

Жіберсеңдер бостандыққа біздерді,

Баиисыңдар. Осы болар дұрысы.

Сенбесеңдер терезеге келіңдер,

Алтындарды көздеріңмен көріңдер.

Ал, сенсеңдер ішке кіріп келісіп,

Қазынаны екеуара бөліңдер».

Екі неміс терезеге қарады,

Бұрын-соңды көрмеген бұндай «көрімді».

Қараңғыда гимнастерка ілгегі

Жалт-жұлт етіп, алтын болып көрінді.

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды»

Есікті ашып екі неміс ішке енді

Бұларға да «іздегенге – сұраған»

Шапшаңдықпен кірісіп кетті іске енді.

Екі жігіт киімін киіп немістің

Тұтқындардың қолын артқа байлады.

Ауыздарын шұлықтармен тығындап,

Бұл арадан кету жолын ойлады.

Сыр білдірмей өтті ұзын көшеден

Төрт тұтқынға мылтықтарын кезенген.

Тоқтатқан күзет есітті айтқан жауапты:

«Атуға алып барамыз» - деді кезеңмен.

Тездетіп басып жолға түсті баяғы,

Ал Иванның жүргізбейді аяғы

Арқасына салып оны Бисенбай

Алмастырды бүлкілі мен аяңын.

Ислам бір кез белгі берді «Тоқта» деп,

«Ат-арбалар келе жатқан жоқ па?» деп.

Тың тыңдады... аздан кейін тұрды атып,

Неміспенен кездескендей бетке кеп.

Бұл не тұрыс? Немістің жолын бөгейік,

Тастарды теріп, жол ортасына төгейік

Ағаштардың бұтақтарын жинап ап,

Үйіп қойып, не болғанын көрейік.

Көп кешікпей ат жеккен арба көрінді

Және дағы тамақтың иісі білінді.

Таңқалды бәрі: «Міне нағыз Трофей»

Артығымен ақтайтын болдық сенімді.

Тоқтады обоз үйіндіні көрді де,

Тездетіп жолды тазартуға кірісті.

Аспазшы, конвой, ат айдаушы жиылып,

Бітірмекші жылдамдатып бұл істі.

Бисенбай айтты: Дәлдеп атқан оғыңды,

Дөп тигізші анау ұзын фрицке

Аянба Ваня өнеріңді бір көрсет

Бұл төте жол апаратын жеңіске.

Шүріппені басып қалды снайпер

Қалай тұрып атқанын оның сынар кім?

Гүрс етіп құлап, кетті неміс келмеске

Сонгы оғы мүлт кетпеді Иванның

Жігіттерді Бисенбай алға бастады

Жекпе-жекке, айқасқа кірді қас-қағым.

Қимылдап шапшаң, жиғызбай есін олардың

Жетеуін де арқанмен байлап тастады.

Командирдің бөлінді ойы сан-саққа

«Таң атып қалды. Жігіттер неге кешікті?»

Осы кезде табиғатты оятқан

Талмаураған «Катюша» әнін есітті.

Батыс майдан. Белоруссия орманы

Барлаушылар келе жатыр олжалы

9 фашист, 4 ат-арба «Кухня»...

Жігіттер біздің демалса енді болғаны.

Жауынгерлер асыға күткен бұларды

Алдарынан уралап бәрі шығады.

Осы кезде арайлап таң да атыпты

Күлімдеп күн, аямай төгіп шуақты.

Барлаушылар барып келген селоға

Жетті, міне, жауынгерлер атойлап.

Аш немістер өз еркімен берілді

Шыныменен жеңілгенін мойындап.


Немістің сегіз солдаты мен бір офицерін және неміс кухнясын қолға түсірген ерліктері үшін барлаушылар:

Букаев Бисенбай – лақап аты «Орлан»

Паланчук Григорий – «Профессор»

Зотов Иван – «Меткач»

Алимов Ислам – «Артист» екінші дәрежелі Даңқ орденіне ұсынылды.
Ерлігі бұл төрттіктің жан түлеткен

Әр солдаттың аузында даңқы кеткен

Жеңіске жету болып армандары

Жай ғана еңбекткері халқына еткен.

Қанша солдат соғысты алғы шепте,

Жеңу үшін қайтпаған алған беттен

«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмас»

Ерліктері аңыз болып бізге жеткен.



Ертазиева Ақмарал

Ақтөбе қаласы

32 мектеп-гимназия оқушысы




Балалығын соғыс оты ұрлаған
Соғыс! Талайға түрпiдей тиетiн, жаныңды жегiдей жейтiн ауыр әрi суық сөз. Табаны күректей 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысы. Ерлер майданға аттанып, ана мен бала жылап, қайғы шеккен қасiреттi жылдар.

Талай боздақ жауға қарсы аттанып, өлiмдi емес, келер өмiрдi ойлады. Кiмнiң жас, кәрi екенiне қарамады. Бiрi – жау қолында, ендi бiрi оққа ұшып мерт болды. Жеңiс жолында құрбан болған есiл ерлердiң арасында менiң атам Серiкбай Аяпбергенұлы да бар едi. Атам 1921 жылы Алғабас ауылында дүниеге келген.

Серiкбай ата бала кезiнде алғыр, ширақ, елгезек болып өсiптi. Жиырма жасында соғысқа аттанады. Жас болса да, соғыс ширатып, жiгерлендiрiптi. Берлинге барып, ерлiк көрсеткен. Екi жыл ауыр зеңбiректi атқыштар дивизиясында болып, кейiн барлаушылыққа ауысқан. Осындай тұлғалы азаматтардың арқасында соғыс тым ұзаққа созылмады. Десе де, бес жылда қаншама ана баласынан, қаншама әйел сүйiктi жарынан айрылды. Жеңiс туын желбiретiп Серiкбай ата оралғанда, бүкiл ауыл қуаныпты. Ауылдың жаралы жүрегiне шипа iздеп, оларға қуаныш сыйлау үшiн еңбек етедi. Он екi бала тәрбиелеп, немеренің қызығын көредi. Ел iшi Серiкбай атаны құрметтеп, iзгiлiк көрсететiн. Осыдан он жыл бұрын ауылдың ажарына айналған Серiкбай ата өмiрден өттi.

Атамның аңызға айналған ерлiктерiн ауыл тұрғындары жиi айтып жүредi. Атамның өмiрi ұрпақтарына үлгi екенiне мақтанамын.



Әйгерiм Серiкбай,

Ы.Алтынсарин атындағы мектептiң

10-сынып оқушысы.

Құмарық ауылы,

Т.Рысқұлов ауданы,

Жамбыл облысы


Атамның асыл сөздерi
Менiң атам Қожагелдi Мәж­би­ұлы 1924 жылы қараша айында Новотроицкое ауы­лында (қазiргi Төле би) дүниеге келген. Әкесi Мәжби Байболат болыс­тың бас биi болып, бiр­неше рет Қазақ-қырғыз арасын­дағы дау­ды шешуге араласқан. Оның бәй­бiшесiнен – 4 ұл, 4 қыз, екiншi әйе­лi Қүлиманнан Қожай, Қожагелдi туады.

Атам Қожагелдiнiң әкесi Мәжди би конфискацияға iлi­нiп, Кеңес үкiметiнiң қуғын-сүргiнiн көредi. Төрт жасында әкесi қайтыс болып, атам жетiм­дiктiң тырнағына iлiнедi. Сол кезде Кеңес үкiметi «бай-кулак баласы» деп оқытпайтын болған соң, ағасы Қожай екеуi тектерiн жасырып, төрт ата арыдағы ба­ба­лары Майлыбайдың есiмi­мен жазылады. Балалық шағы ашар­шылық кезiне тап келiп, анасы­на ерiп, Қырғызстанның Жа­лал-Абад деген жерiне 2-3 жыл тұрақтап, жан сақтайды. Кейiн елге келiп, бiлiм алады. Мектеп бiтiрген соң соғысқа дейiн ау­дан­дық газетте тiлшi болып жұмыс iстейдi. 1943 жылы со­ғысқа аттанып, 1944 жылы жара­қаттанып елге қайтады. Келген соң мұғалiмдер институтына оқуға түседi. Алайда отбасы жағдайымен оқуын аяқтай алмайды. Ауылға мұғалiм болып орналасады. 1954 жылы 28 панфиловшы батырлардың бiрi Әлiкбай Қосаевтың қарындасы Сақып апайымызға үйленiп, тоғыз ұл-қыздың әкесi атанады.

1961 жылы Ақтөбе ауылына көшiп келген соң, математика пәнi мұғалiмi, оқу iсiнiң мең­геру­шiсi, партком хатшысы, кешкi және сырттай оқытатын мектеп директоры болып, 40 жылдай ұстаздық етiп, еңбек демалысына шығады. Соғыс және еңбек ардагерi Қожагелдi атам 2002 жылы 78 жасында науқастанып қайтыс болды.

Балнұр Қожагелдi,

«Ұланның» жас тiлшiсi.

Балуан Шолақ ауылы,

Шу ауданы,

Жамбыл облысы




Өлiм мен Өмiр ортасында
Жылжып уақыт, жылдар өтсе де, қазақ халқының тари­хында Ұлы Отан соғысының iзi мәңгi өш­пейдi. Жеңiс үшiн қанша адам отбасын тастап, соғысқа аттан­ды. Бойларын рух пен намыс кернеген абзал аза­маттар ел басына күн туған, ауыр кезде от пен оқтың орта­сында жүрiп, Отан үшiн отқа түстi. Қанша азап тартса да, келер күннен үмiт үзбей, жеңiске, азаттыққа үм­тыл­ды.

Қазақ халқы ата-бабасы қорғап, келер ұрпағына мұра ретiнде қалдырған дарқан дала­сында қанат жайып, өркендеп, өсiп келедi. Бабалар ерлiгi өш­пек емес.



Асылдана Жұмашева,

Құмсай орта мектебiнiң

11-сынып оқушысы.

Құмсай ауылы,

Мұғалжар ауданы,

Ақтөбе облысы



Қанды қырғын болмасын
Соғыс ешкiмге де қуаныш пен күлкi әкелмейдi. Тек қайғы-қасiрет, азап-қиындық...

1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат 4-те тыныш ұйқыда жатқан елдi фашистiк Герма­нияның қарулы әскерi Белорус­сия жерiне басып кiредi. Мiне, осылай Ұлы Отан соғысы бас­талыпты. Соғысқа елiмiзден 1 миллионнан астам азамат ат­танып, 800 мыңы қайта оралып, 600 мыңы ерлiгi үшiн түрлi марапатқа ие болған едi.

Соғыс жылдарында мыңдаған концлагерьлер салынып, ондағы адамдардың басым көп­шiлiгi азапталып өлтiрiлген екен. Адамдарды газбен улап, пешке жаққан. Германияға күнделiктi тауарлар қажет бол­ғандықтан, адамдардың шашта­рынан – мата, майынан – са­бын жасаған. Соғыстың осын­дай жан түршiгерлiк әрекетте­рiн кiтап­тан, ардагер ата-аға­лардан естiген едiм. Соғыстың жалы­ны қазақ жерiн де шар­пы­ды. Батыс Қазақстаннан 500 шақырым қашықтықтағы Ста­линград түбiнде үлкен ұрыс болған.

Қазiр Жеңiс күнiне барша ха­лық ерекше ықыласпен дайын­­­далуда. Бұл күнге барлық жақсылық жарасады. Бейбiт өмiр үшiн ардагер ата-әже­лерге алғыс айтамыз. Қанды қырғын қайта тумасын. Бiздер, жастар, ғылымда озық, өмiрде тәрбиелi, ұлтжанды бол­уы­мыз қажет.



Рамазан Көкжал,

қазақ-түрiк лицейiнiң

9-сынып оқушысы.

Қарағанды қаласы





Батыр ұлттыҢ

ұрпағымыз
Мiне, Жеңiстiң ұлы күнi. Осындай бейбiт күндi сыйлаған ата­ларымызға мың алғыс. Егер бабалар болашақ үшiн ерлiк көрсетпегенде, бiз осылай өмiр сүрмес те едiк... Олар жерi, елi үшiн шайқасқа түсiп, кеудесiн оққа тосты. Отан соғысында ерлiк көрсеткен жүзге жуық қазақ азаматы Кеңес Одағының батыры атағын алды. Әлия мен Мәншүктей апаларымыз қазақ қыздарының қайсарлығын көрсеттi. Бiз, батыр ұлттың ұрпақтары, соғысты болдырмауға және Отанымызды сатпауға, елiмiздiң тыныштығын сақтауға уәде беремiз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет