«Қоғамдық сананы жаңғыртудың өзекті мәселелері»


Дәріс №4. Қазақстандық сананы жаңғырту бағыттары: прагматизм мен бәсекелік қабілет



бет6/18
Дата24.10.2023
өлшемі1,38 Mb.
#188127
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Байланысты:
« о амды сананы жа ыртуды зекті м селелері»

Дәріс №4. Қазақстандық сананы жаңғырту бағыттары: прагматизм мен бәсекелік қабілет
Жоспар
1.Прагматистік өмір салты-уақыт талабы.
2.Ұлттың бәсекелік қабілеттілігінің алғышарттары.

1.Прагматистік өмір салты-уақыт талабы.Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ірі-ірі рухани-мәдени жаңартуларды қолға алды. Қазіргі таңдағы ұлттық сананың жаңғыруының көтерілуі де уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Қоғамның барлық салаларының дамуына тың серпін беретін елбасының 2017 жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының алар орны ерекше.


Елбасы «бүгінгі радикальды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс. Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу он жылдықтың ұраны болуға жарайды» деген ой тастайды.
Сонымен, баса мән беріліп отырған «прагматизм» ұғымын қоғам қалай түсінуі керектігі жөніндегі пайымдаулары өте өзекті.
Прагматизм гректің «прагма» деген сөзінен шыққан, ол «іс», «әрекет» деген мағынаны білдіреді. Прагматизм терминін XIX ғасырдың 70 жылдары америкалық философ Чарльз Сандерс Пирс енгізген.
Прагматизмнің басты идеясы адамдарға өмірлік мақсаттарының шешімдерін табуға көмектесу болып табылады. Ұғымның басты қағидалары: адамның белгілі бір мақсатты болуы, тәжірибенің маңыздылығы, жетістікке жетудегі сенімділігі, салыстырмалы білімінің болуы, ақиқаттың тиімділік тұрғысынан мойындалуы маңызды.
Қоғамның рухани жаңғыруы аталған қағидаларды ұлт санасына сіңірумен тығыз байланысты.
Елбасының заман талабына сай біртұтас ұлт болу үшін «қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» деуінде бойымызда ұшырасатын ысырапшылдық, даңғойлық, астамшылық сияқты келеңсіздіктерден арылу керектігіне меңзейді.
Бүгінгі нарық заманы әрбір адам, ұжым, тіпті мемлекеттің барынша үнемшіл, қанағатшыл, жинақы болуын талап етсе де олар қоғамда әлі де орын алып отыр. Нарық қанша қыспаққа алса да біз үнемшіл болуға дағдылана алар емеспіз.
Тәуелсіздік жылдары кәсіпкерлікке кең жол ашылып, жеке кәсібінің арқасында байлық жинағандар елімізде арта түсті. Адал еңбек, маңдай термен байыған азаматтар еңбектің қадірін білері сөзсіз. Ал заңсыз жолмен байығандардың байлықты бағалай қоюы неғайбыл, оның мысалы өмірде аз ұшыраспайды. Ұлы ойшыл Абай «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп бекер айтпаған. Және бекер мал шашудан да сақтандыра келе «иттікпен тапқан малды, адамшылықпен жұмсауға» шақырады. Яғни, құр мақтанға, бақталастық пен бәсекелестікке салынбай жиған-тергеніңді орынды ұқсатуға үндейді. Алайда бүгінде кең етек алған мұндай жағымсыз қасиеттер қоғамда қалыпты үрдіске айналып бара жатқандай. Соңғы кездері жаппай белең алып бара жатқан тұтынушылық көзқарастың да жағымсыз әсері жоқ емес.
Бабаларымыздың өмір салтына үңілсек прагматизмнің талай жарқын үлгілеріне көз жеткіземіз. Қазақ халқы ұрпағын ең алдымен еңбекпен тәрбиелеуге баса мән берген. Бұл турасында «еңбегіне қарай өнбегі», «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды», «маңдайы терлемегеннің, қазаны қайнамайды», «келген дәулет, кеткен бейнет», «кім еңбек етсе сол тоқ» деген халық даналықтары еңбекке құндылық ретінде қарауының көрінісі.
Бүгінгі нарықтық қатынастар кезінде де жастарды еңбек тәрбиесіне халық даналығы арқылы тәрбиелеудің маңызы зор. Біздің ерекшелігіміз де осында болса керек. Білімді де жаппай сауатты ұрпағымызға рухани негіз ретінде қанағатшылдық, сабырлылық, үнемшілдік пен қайырымдылық секілді құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Нарық бәсекесінде бұл құндылықтарсыз жеңіске жетудің мүмкін еместігі баршаға аян. Бәсекелестік заманда сауда-саттықты барынша меңгергенімізбен үнемшілдікке келгенде әлі де шорқақпыз. «Теңгенің тиыннан құраларын» мирас еткен ата-баба тәлімінің кейде қаперден шығып жататын кездері де аз емес. Десекте қарапайым халық қашанда үнемшіл.
Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Алайда, Кеңестік дәуірдегі тоталитарлық экономика халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық дәстүрлерінің одан әрі күйреуіне, экологиялық жағдайымыздың орны толмас зардаптарына әкелгеніне тарихымыз куә. Соның бір көрінісі- 1954 жылы Қазақстанда басталған тың және тыңайған жерлерді игеру науқанында айқын байқалды.
Ұланғайыр аумақтың жерін тиімділігін жан-жақты сараламастан, есепсіз, беталды жыртып тастаудың салдары сан ғасырлар бойы қалыптасқан құнарлы қыртысты аз ғана жылдың ішінде адам танымастай халге жеткізіп, орны толмас экологиялық апаттарға әкелді. Мал жайылымы қысқарып, топырақтың құнарлы қабаты бұзылып, 18 миллион гектардан астам жер эрозияға ұшырады.Ал оның қалпына келуі үшін бірнеше ғасыр уақыт керек еді. Жайылымның азаюы салдарынан ұсақ мал өсіру қарқыны 3 есе азайды. Тың игерудің республика табиғатына кері әсері жануарлар дүниесінен де байқалды. Қазақ жерін мекендеген аң-құстардың көптеген түрлері азайып кетті. Көп жерлерде өзен-көлдер тартылды. Профессор Т.Омарбеков қазіргі қостанайлықтар бір кездегі облыс аумағында тың игергенге дейін 5 мың көл болғанын, бүгінгі күні олардың 500 ғана сақталып қалғанын, бұрынғы 56 шағын өзеннің 20-сы жойылып кеткенін есептеп отырғанын айтады. Мұндай жағдай басқа тың игеруші облыстардың аумақтарынан да көптеп кездеседі. Табиғатқа немкеттілік көзқарас, оны күшпен «бағындыруды» көздеген біржақтылық міне осыған әкелді.
Аста-төк ысырапшылдықтың ауыр салдарын Арал теңізінің қасіретінен де көреміз.
Сырдария мен Әмудария өзендерінің суларын мақта егісіне көптеп бөлуден Арал теңізі тартылып, оның суы азайды. Жер және су қорын есепсіз пайдалану, мақта мен күріш дақылдарын өсіруге басымдық беру салдарынан теңіз түбі жалаңаш қалды. Теңіз суының тұздылығы 3 еседен астам өсіп, Арал өзінің балық өнеркәсібінен тұтастай айрылды. Оның үстіне құрғап қалған теңіз түбінен тұз бен шаңның көтерілуі күшейе түсіп, Арал аймағының климаты күрт нашарлап кетті. Айналадағы табиғи орта тепе-теңдігінің бұзылуы халықтың тұрмыс жағдайы мен денсаулығына қатер төндірді. Адам өлімі, әсіресе балалардың шетінеуі көбейді. Аймақ тұрғындарының 80% әртүрлі сырқаттарға шалдықты. Бұл экологиялық апат іс-жүзінде ұлттың генетикалық өсіп-өнуі мүмкіндігін сақтап қалу туралы мәселе көтеруге мәжбүр етті, өйткені аймақты негізінен қазақтар мекендейтін.
Осындай ахуалдар ұлттың қауіпсіздігінің басты саласы экология мен денсаулығында маңызды орын алатын экологиялық санамыздың атадан балаға мирас болып келе жатқан қанымызға сіңген, ізгі қасиеттерін қайта түлетудің бүгінде аса өзектілігін арттыра түседі.
Бүгінгі күніміз үшін еліміздің асты-үстіндегі барлық шикізат қорларын сарқып, қоршаған ортаға немкеттілік тоғышарлыққа әкелді. Ертең баламалы жаңа энергия көздері табылып, пайдаланған кезде керексіз болып қалуы мүмкін, сондықтан «бар қорларды тез қарқынмен игеруіміз керек», - деп ұрандатудың салдарын сол өндіріс аймақтарында орналасқан халықтар тартып отырғаны да шындық. Уақытша пайдамыз үшін табиғатқа, халықтың денсаулығына келтіріп жатқан зиянымыздың алдын алу үшін қоғамдық сананы экологиялық мәдениетке тәрбиелеу аса маңызды. Өйткені, қазақ арасында кең таралған өлім-жітімдер, әсіресе жас нәрестелердің шетінеуі, рак, өкпе, туберкулез ауруларының өрши түсуі ұлт денсаулығына қатер төндіретін факторлар. Экологиялық мәселелер тек түрлі қозғалыстар мен ұйымдардың ғана алаңдайтын, дабыл қағатын ісі емес, бүкіл қоғамның, үкіметтің қолға алатын шаруасы. Тұтас ұлтты экологиялық құндылықтарға тәрбиелеу ұрандық, науқандық сипат алмай белсенді іс-әрекетке айналуы керек. Халықтың әлеуметтік жағдайы, жұмыссыздық, қоғамның түрлі топтарға жіктелуі экологиялық ахуалды кейінгі кезекке ығыстырып тастады. Дегенмен де экологиялық жағдайдың алдын алу қоғамның рухани жаңғыруына тікелей байланысты. Табиғаттың берген сыйын ысырапшылдықпен, астамшылдықпен пайдаланбай оны кейінгі ұрпаққа да сақтап жеткізу үшін ұлт байлығын үнемдеуді, болашаққа жоспарлауды үйрене білуіміз керек.
Күнделікті өмірімізде даңғойлық пен кердеңдіктің де орын алып келгені ақиқат. Соның айқын бір көрінісі - орынсыз салтанаттар. Әрбір отбасы өз мүмкіндігіне қарамай қарызданып, бәсекелестікпен сән-салтанат өткізіп, шығынға батып жатқанымыз бойымыздағы жағымсыз қасиеттерден туындайтыны белгілі. Мұндай орынсыз салтанаттарға ұжым, қоғам, тіпті мемлекет деңгейінде де жол беріліп жатады. Сондықтан қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз салтанат емес. Керісінше ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдікпен оны орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.
Қазір нарық заманында әрбір адамның нақты мақсатқа ұмтылысы, қажетті білімі мен мықты денсаулығы, кәсіби тұрғыдан жетілуді көздейтін, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдаланатын мінез-құлық прагматизмін қалыптастыру басты меже. Әлемдегі бірден-бір табысты болып табылатын мұндай заманауи үлгіге қол жеткізуіміз үшін не істеу қажеттігін ұлы ақынымыз Абай өзінің қара сөздерінде былайша сабақтайды.
«Жас бала анадан екі түрлі мінезбен туады: біреуі-ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар-тәннің құмары, біреуі-білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген»-деп бала тәрбиесіне ас мән бере келе, баланы оқу-білімге жастайынан баулуға, жаман мен жақсы қасиеттерді ажырата білуге, талаптануға үндейді. Және «адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де-ақымақтық»-деп адамгершілік қасиеттер мен ғылымды бәрінен жоғары қояды.
Қоғамдағы келеңсіздіктер мен жағымсыз құбылыстарды жоюда білім мен тәрбие маңызды орын алады. Әл-Фараби бабамыздың «адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек: тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деген қанатты сөзі бүгінгі жастарға қаратып айтылғандай. Адамгершілік қасиеттердің бастаулары ұлттық тәрбие мен ұлттық дүниетанымызда жатқандығы, тек оны тез арада қолға алмайынша жас ұрпақтың бойына ізгілікті қалыптастырудың әсте мүмкін еместігі соңғы кездері батыл көтеріле бастады.
Рухани және моральдық құндылықтарымызды қалыптастыру үшін салауатты да ізгілікті өмір салтын орнықтыруға күш сала отырып, соған сай дағдыларға тәрбиелеу аса маңызды. Ғылым мен білімнің соңғы жетістіктерін басшылыққа алып, жастардың қабілетін жан-жақты аша отырып, оның бойында тұлғалық қасиетін дамытуды қолға алуымыз қажет. Ұлттың бойындағы асыл қасиеттеріміз бен рухани құндылықтарымызды сіңірген ұрпақ қана қандай заманаға да дес бермесі анық. Тек тамырынан терең нәр алған ұрпақ қана бүгінгі өзгерістерді, рухани жаңғыруды дұрыс қабылдай аламақ. Міне осындай адамның мақсаты да айқын, қандай ма жетістікке қол жеткізетін, өз тағдырын өзі жасайтын прагматик тұлғаға айналары хақ. Олар өз болашағын болжай алатын тұлға деңгейіне көтерілмек. Адам бойында қалыптасуға тиіс прагматикалық мінез –құлық та осы болса керек.
Болашақ ұрпақтың «бәрін үйренемін», жетістікке қалайда «қол жеткіземін» деп биікке құлаш сермей, үлкен мақсаттарға ұмтылуы бүгінгі уақыт талабы да.
Қазіргі нарықтық қатынастар заманында ұлттың ұстанар прагматизмі де осындай болса керек.
2. Ұлттың бәсекелік қабілеттілігінің алғышарттары. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2004 жылғы «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» және 2017 жылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдаулары мен үстіміздегі жылғы сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстан қоғамының бәсекелік қабілеттілігінің аса өзектілігіне баса назар аударта келе, «қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады» деген ой тастайды.
Елбасы «бәсекелік қабілет дегеніміз- ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» дей келе, бәсекеге қабілеттіліктің маңызына ерекше көңіл бөлген.
Келешекте ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен бағаланатыны айқын. Осы орайда әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьтерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени және конфессияаралық келісім сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында.
Ұлттың бәсекелелік қабілеті ең алдымен оның білімділік деңгейімен айқындалады. Яғни адами капитал сапасын жақсарту үшін білім беру жүйесінің моделі өзгеруге тиіс. Оқыту бағдарламалары сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағытталуы қажет.
Бұл бағытта елімізде 2016 жылдан қолға алынған жаңартылған оқу мазмұынына көшу орта білім беру жүйесінде басталып та кетті. Елбасының 2018 жылғы арналған Жолдауында орта білім беру мекемелерінің барлығы толықтай оған 2021 жылы көшетіндігін атап көрсетті.
Білім берудің жаңа сапасы ең алдымен оқу бағдарламаларының бірыңғай стандарттарын енгізумен тығыз байланысты. Жаңа бағдарламалар, оқулықтар мен маман кадрлар білім берудің барлық деңгейлерінде оқыту сапасын көтеруге бағытталып отыр. Әсіресе, жас буынды жаңа IT технологияны меңгеруге дайындауда маңызы ерекше.
Ұлттың бәсекелік қабілеті ең алдымен оның көп тілділігімен айқындалады.
Үкімет елімізде үш тілді білім беруге кезең-кезеңмен көшуді қолға алып отыр. Үш тілде білім беру бүгінгі уақыттың да талабы. Бүгінде әлемде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарық көреді. Оның көлемі жыл сайын артып келеді. Жалпы әлем елдерінің 70% астамы көптілділікті ұстанады. Алайда ағылшын тілі осының ішінде өмірдің қай-қай саласы болмасын басымдыққа ие болып отыр.
Елімізде үш тілде білім беру тәжірибесі 2007 жылы 33 мектепте бастау алған. Толық көптілді білім беру моделі 1992 жылдан бері «Білім» инновация лицейінде ( бұрынғы қазақ-түрік лицейі), 2008 жылдан Назарбаев зияткерлік мектептерінде жүзеге асырылып келеді. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2015- 2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес үш тілде оқыту эксперименталды мектептердің тәжірибесі бойынша (0-11 сыныптарында кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту) 2019 жылдан бастап енгізіледі. Оған дейін арнайы орталықтарда білім беретін мұғалімдерді дайындап, білікті мамандардың жетіспеушілігін шешу қолға алынды.
Үш тілділікке көшуде шағын жинақталған мектептерде жүзеге асыру оңайға түспесі анық. Өйткені мұндай мектептердің материалдық-техникалық базасы әлі де сын көтермейді. Оның үстіне тілдерді үйрететін лингвафон және жаратылыстану пәндерін оқытатын кабинеттерімен жабдықталуы әлі де шешімін таба қойған жоқ. Қазақстанда барлық мектептердің 40% астамын құрайтын шағын жинақталған мектептерді ірі елді мекендердегі мектептерге шоғырландыру немесе басқа да шараларын қолға алмай бұл мәселе өткір күйінде қала бермек.
Үш тілде білім беру жоғары оқу орындарында әрбір пән бойынша ағылшын тілінде оқытатын мамандар даярлауға да тікелей байланысты.
Қазіргі таңда 42 жоғары оқу орнында үш тілде мамандар даярланғанымен орта білім беру жүйесіндегі кадрларды арнайы курстардан өткізуді жалғастыра беру өте өзекті.
Тұтас ұлттың бәсекелік қабілеттілігін арттырудағы маңызды мәселе-тікелей адами капиталдың сапасы болмақ.
Адами капитал дегеніміз адамның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, іскерлігі, бүгінгі бәсекелестік замандағы оның адамилығы мен кәсіби құндылығы саналады. Яғни білімді адамның мәртебесі артпақ.
Қазіргі жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне негізделіп ұлттың бәсекелік қабілеттілігінің рейтингісі дайындалады. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі жаһандық зерттеулер мен әлем елдерінің экономикалық бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші бойынша онымен қоса жүретін рейтінгіде 2016 жылы Қазақстан 53 орынды иеленді (2015 жылы-42 орын, 2014 жылы-50 орын).
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі әртүрлі экономикалық даму деңгейінде дамыған әлем мемлекеттерінің ұлттық бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын 114 көрсеткіш ішінен Қазақстан 40 көрсеткіш бойынша өсім, 65 көрсеткіш бойынша азаю байқалса, 9 көрсеткіш бойынша өзгеріссіз қалған. Адам Дамуының Индексі (АДИ) бойынша адами капитал 1) халықтың сауаттылығы және біліммен қамтылуымен; 2) өмір жасағының ұзақтығымен; 3) жан басына шаққандағы табысымен өлшенетіні белгілі. Ал осы АДИ деңгейі бойынша Қазақстан жоғары елдердің қатарында.
Жалпы мұндай индекс экономикалық даму және бәсекелестік жолында кедергілерді жоюды мақсат тұтқан мемлекеттер үшін экономикалық саясат пен тұрақты экономикалық прогресске жету бағдарында қолданылуы керек деп болжанады.
Олай болса, бәсекелелік қабілеттілікке-адамның тұрмыс жағдайы, құқықтары мен бостандықтары, жалпы адам өміріне қатысты барлық құндылықтар жатады. Міне осы дүниелердің барлығының бір қоғамда шоғырлануы-бәсекеге қабілеттілік болып табылады. Бір сөзбен айтқанда бәсекелестік қабілет тек экономикалық көрсеткіштер ғана емес, ол тұтас қоғамдық сана мен әлеуметтің жаңаруы мен дамуы. Ал оны жаңғыртушы- мына біз бен сіз секілді азаматтар.
Қоғамның бәсекелік қабілеттілігін айқындауда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының алар орны ерекше.Бұл мәселе алғаш ҚР Президентінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында жеделдетілген технологиялық жаңғыртылу басымдығына көшуімізді айқындап берді.
Цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары-ақ батыл енгізіле бастады. Ең алдымен, мектептерді жаппай компьтерлендіру қолға алынды. Компьтерлер кеңседе де, үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланыла бастады, ақпаратпен орындалатын кез келген жұмыс компьтер көмегімен жүзеге асырылатын болды. Ақпаратты сақтау да, тасымалдау да жолға қойылды. Сымсыз телефондар, желілік телеарна-осы бағдарламаның жемісі. Жаңа дамып келе жатқан жасанды интеллект белгілі бір алгоритм жоқ жерде пайдалануға жол ашады.
2011 жылдың 18 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ұлттық жерсеріктік «Отаu TV» телерадиохабар тарату желісі іске қосылған болатын.Бүгінде ұлттық оператор қызметін пайдаланатын отбасылар саны миллионға жетуге жақын.
Президенттің Жолдауында елімізде үлкен экономикалық және технологиялық дүмпу болуы тиістігі баса айтылды. Ал ол үшін, ең алдымен, тағы сол IT саласына басымдық беріледі.
Жалпы, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары осыдан он жыл бұрын сәтті басталған Оған мысал-«eGov» жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операцияны компьтер алдында отырып-ақ жүргізе аласыз. Құжат рәсімдеу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Бұл істер алдағы кезде одан әрі жетілдіріле түседі.
2017 жыл Жолдауда да елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жеделдету белгіленді. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып бара жатқан мына заманда IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну қиын. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы осы цифрлы жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.
Жолдауда Елбасы: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл –маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және де басқа перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты»,-деп нақты бағдар берді.
Қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлы хабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде. Бұл үшін соңғы жылдары аталған бағдарлама аясында елімізде 244 радиотелевизиялық станса іске қосылмақ.
«Цифрлы Қазақстан» тек бір ғана IT саласын ғана емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Бағдарлама ІЖӨ-дегі IT- секторының үлесін 2020 жылға дейін 5 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. IT- секторында 150 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Еңбек өнімділігі 37 пайызға жеткізіледі.Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру да басты міндет, ол 85 пайызға дейін жеткізілетін болады.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда 4 бағыт бар. Бірінші бағыт- ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт- экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шарушылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі- мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт- IT-мамандарды дайындау.
Цифрлы технологияның халқымыздың жартысы ауылда тұрып, сол жерде нәпақасын айырып отырған ауыл шарушылығы саласына да берері көп. Әлемге әйгілі «Microsoft» комфаниясының қожайыны Билл Гейтс ойлап тапқан «Оракул» деген компьтерлік бағдарлама ауылшаруашылық жерлерінің хал-ахуалын санаулы ғана уақыт ішінде талдаудан өткізіп, қандай жағдайда екенін айтып бере алады. Дәл қазір Қазақстанда егістік пен жайылымның көбі жекенің қолында және пайдаланылмай жатқаны белгілі. Ал аталған бағдарлама сол жер иелерінің кім екенін, жерді қанша уақыттан бері пайдаланбай жатқанын анықтай алады. Демек, «Цифрлы Қазақстан бағдарламасы аясында Билл Гейтстің «Оракулы» да елімізде кең қолданысқа енуі әбден мүмкін.
Цифрлы технология бұдан бөлек денсаулық сақтау және білім беру салаларында да қолданыста. Оны жетілдіру мақсатында Қазақстан мектептерінде электронды күнделік қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар, педагогтар да атқарған жұмыстарының есебі мен жоспарларын қағаз күйінде емес, электронды үлгіде тапсыра алады.
Жалпы мұның бәрі халықтың бақуатты өмір сүруі үшін жасалып жатқан шаралар. Тұрғындардың әл-ауқаты артып, еңсесі тік көтерілгенде ғана Қазақстан дамыған өркениетті елдердің қатарына, яғни алдыңғы «отыздыққа» қосыла алады. Ал, бұл мақсатқа жету үшін еліміз Үшінші жаңғыруды еңсеруі тиіс. Алдағы кезде замана көшінен қалғысы келмеген әрбір азамат, мамандар, ғалымдар мен студенттер ұялы байланыс, телекоммуникация, сандық ТВ, кеңжолақты интернет, ақпараттық технологиялар, Е-үкімет, Е-сауда, интерактивті жарнама және әлеуметтік медиа саласындағы өзекті тақырыптардан тыс қалуына болмайды.
Ұлттың бәсекелік қабілеттілігін дамытуда мәдени және конфессияаралық келісімнің де алар орны ерекше.
Қазіргі таңда елімізде мақсаты мен мүддесі ортақ, ынтымағы жарасқан 130-дан астам этнос пен 18 конфессияға тиесілі 3700-ге жуық діни бірлестіктер тең құқылы өмір сүріп жатыр. Мемлекет оларға ешқандай қысым мен шектеулер қоймаған. Діни бірлестіктердің бәрі заң алдында тең. Мемлекет дін ұстанатын және оны ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара төзімділік пен құрмет қатынастарын орнықтыруға жәрдемдеседі. Дін барлық уақытта ұлттың рухани тірегі, қоғамды топтастырушы құрал болған, әрі ұлттың қасиетті сипаты да.
Дініміздің үлкен жанашыры Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астанада 2003 жылдан бері өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бес Сьезі соның айқын көрінісі. Сьездерге қатысқан әлемдік және ұлттық діндердің жетекшілерімен қатар белгілі саясаткерлер, мемлекет пен беделді халықаралық ұйымдардың басшылары рухани келісім мен дінаралық төзімділікті орнатуда Қазақстаннан алатын тәжірибе мен үлгінің мол екендігін атап өтті. Діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты ілгерілетудегі Астана Сьезінің үлесі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының резолюцияларында да атап көрсетілді.
Конфессияаралық қатынастар саласына деген назардың күшеюі 2016 жылы Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылғанынан да айқын көрінеді. Оған діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, азаматтардың сенім бостандығына құқығын қамтамасыз ету, сондай-ақ, мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы өзара ынтымақтастық саласындағы функциялар мен уәкілеттіктер берілді.Негізгі міндеттерінің бірі-елдің тарихи және мәдени мұрасын сақтай отырып, қоғамның тек материалдық қана емес, рухани байлығын қорғауды қамтамасыз ететін зайырлы қоғам құндылықтары мен мұраттарына сәйкес келетін саясат жүргізу болып табылады.
Қазақстандағы дін саласындағы мемлекеттік саясат келесі қағидаттарға сүйенеді:
- мемлекет пен оның институттарының зайырлы, конфессиялық бейтарап саясаты;
- адам мен азаматтың дінге көзқарасына, діни немесе зайырлы бірлестіктерге қатыстылығына қарамастан олардың құқықтары мен бостандықтары тең;
- діни бірлестіктердің заң алдындағы теңдігі;
- халықтың түрлі топтарының этномәдени дәстүрлеріне, менталитет ерекшеліктеріне деген құрмет;
- ар-ождан мен дін бостандығы саласында тек конституциялық құрылым негіздерін, адам мен азаматтардың денсаулығын, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қажет ететін жағдайлардан өзге шектеулер қойылмайды;
- мемлекеттік билік пен басқарудың барлық деңгейлерінде ар-ождан мен дін бостандығы саласындағы саясатты ашық жүргізу.
Қазіргі таңда Қазақстанда 8 жоғары (соның ішінде 2 ислам, 1 католик, 1 лютерандық, 4 протестанттық), 6 арнайы орта және 3 жалпы білім беретін діни оқу орындары бар. Сондай-ақ жаңа мешіттер, шіркеулер, синагогалар салынуда.Халық арасында дінге сенетін адамдар қатары көбейіп келеді. Діндер арасында халықтың 90%-дан астамын құрайтын мұсылмандар мен христиандарының саны басым.
Бүгінде қазақ халқының өзге діни сенімдерге құрметі, толеранттылығы мен түсінушілігі бірігу факторына, еліміздегі қоғамдық тұрақтылық пен мемлекеттік дамуды қамтамасыз етудің басты шартына айналды. Қазақ елі әлемге конфессияаралық келісім моделін қалыптастырушы мемлекет ретінде танылды.
Сұрақтар:
1. Прагматизмнің басты идеясы мен қағидаларын атаңыз?
2.Бабаларымыздың өмір салтында көрініс тапқан прагматизмнің жарқын үлгілеріне тоқталыңыз ?
3.Күнделікті өмірімізде кеңінен орын алып келген даңғойлық пен кердеңдікке нақты мысалдар келтіріңіз?
4.Қоғамның бәскелелік қабілеттілігінің алғышарттарын атаңыз?
5. Тұтас ұлттың бәсекелік қабілеттілігін арттырудағы адами капиталдың алар орнын көрсетіңіз?
6. Бәсекелік қабілеттілікте өзіндік орын алатын мәдени ашықтық дегенді түсіндіріңіз?
Әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, Бәсекеге қабілетті экономика үшін, Бәсекеге қабілетті халық үшін». Астана:Елорда, 2004.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік». Астана: Елорда, 2017.
3. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» // Егемен Қазақстан.18 сәуір,2017.
4. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.2: Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қарасөздер.-Алматы:Жазушы.-2005.-336 бет.
5. Бурбаев Т.К. Ұлт менталитеті. Монография. Астана: «Елорда», 2001-248 б.
6. Омарбеков Талас. Қазақстан тарихының XX ғасырдағы өзекті мәселелері. Көмекші оқу құралы.-Алматы: «Өнер», 2003.-552 бет.
7. Қайдар Ә.Т. Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу). Алматы: «Толғанай Т» баспасы, 2004, 560 бет.
8. Нұрқатова Ләззат. Бәсекеге қабілеттілік-басты өлшем //Айқын, 19 мамыр 2017.
9. Қастер Сарқытқан. Бәсекелестік деген не? Біз кіммен бәсекелесеміз? 15/04/2016 2 4106
10. Амангелді Айталы. Адами капитал деген не? //Ақиқат, №5, мамыр, 2017.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет