Дәріс №3. Қазіргі ұлттық сана: мәні, сипаты, ерекшеліктері
Жоспар
1. Ұлттық сананың құрылымы, деңгейлері, төлтумалылығы
2.Тәуелсіз Қазақ Елінің ұлттық санасының бірегейленуінің эволюциясы
3. Жаһандану кезеңіндегі ұлттық сананы кемелдендірудің заманауи тетіктері
1.Ұлттық сананың құрылымы, деңгейлері, төлтумалылығы. Ұлттың ұлт ретінде сақталуының, оның мәдениетінің ішкі бірлігінің тұтастануының негізгі күші – ұлттық идея. Себебі, ұлттық идея – мәңгілік түсінік және ұлт болмысына қарағанда түпбастапқы ұғым. Белгілі бір ұлттың қалыптасуы үшін оның бірігуі мен болашағы туралы идея керек. Осы алғашқы идея – ұлттың жасампаздығы мен өміршеңдігінің, болашақ бағдарының көзі, ұлтпен мәңгі бірлікте өмір сүретін ажырамас қасиеті. Ұлттық идеяның құрылымдық негізі күрделі – ұлттық сана, ұлттық сезім, ұлтжандылық, ұлттық намыс, ұлттың өткені мен болашағын тұтас қамтитын жалпылама қағида болып табылады.
Ұлттық идея жөнінде пікірлердің тоғысатын тұсы – «ұлттық идея дегеніміз не және оны қалай іске асыруға болады?» деген сауал төңірегіне топтасады. Ұлттық идея – ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-мәдени дамудың жалпылама идеологиясы, этникалық қоғам базисінің саяси-әлеуметтік-мәдени қондырмасы, ұлттың жасампаздығы мен мәңгілік өміршеңдігінің түп теориясы бола отырып, «өткен-бүгін-болашақтың» бейнесін әйгілейтін этникалық ділдің парасатты-сезімдік көрінісі.
Ұлттық идеяның өміршеңдігі мен бүгінгі заманға дейін келіп жетуінің тәсілі – «өзінің эволюциясын өзі жасайтын тәуелсіздігі» болып табылады. Ұлттық идея мәңгі өмір сүретін, өзіне-өзі қайта оралатын ұлттық рухтың тылсымдығымен үстемеленеді.
«Ұлттық сана» деп аталатын кеңістікте оның атрибуттары болып саналатын ұғымдар мен түсініктер жинақталған: ұлттық мүдде, ұлтжандылық, ұлттық мәдениет, ұлттық рух т.б.
«Ұлттық сана қалай құрылады, негізгі құрылымдық элементтері қандай» деген сауалға орай, оны былайша жіктеп көрсетуге болады: Тарихи сана, Ата-баба рухы (аруағы) мен Рухтану, Дәстүршілдік қағидалар, Ұлттық дүниетаным, Ұлттық-МЕН және ұлттық өзіндік сана т.б. бөліктерден құралады.
Ұлттық сананың бір құрылымы – тарихи сана. Тарих – ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы, өткен ғұмырының қайталанбастығы және оның шынайы бейнесі. Осы түсініктер ұлттық сананың түпқазығына айналады да, ұлт тарихы құндылық ретінде танылып, тарихшылдық оның маңызды бір қозғаушы күшіне өтеді. Осыған байланысты ұлтжандылықты қалыптастыру шаралары: алдымен, шынайы ұлт тарихын құру, оны құрметтейтін және қастерлейтін құндылық ретінде сезіндіру, «тарих – өзіміздің ата-бабаларымыздың қайғысы мен қуанышты сәттерінің асқақ өмірі» екендігін түйсіндіру т.б.
Ал ата-баба рухы – мазмұны жағынан ғылыми-рационалистік байыптаулардан гөрі, образдық-бейсаналы түрде елес беретін халықтың ішкі қозғаушы күші, кеңістік пен уақыттан тыс мәңгі жасампаздықты шақыратын өмірлік қастерлі ерекше көрініс. Мәселен, ата-баба аруағы, намыс, жігер, қуаттылық, төзімділік т.б. құрылымдар – осы Рухтан туындайтын шынайылықтар. Демек, Ата-баба рухы ұлттық сананың мазмұнына бейсаналы-саналы түрде сіңіріледі. Ұлтжандылықты қалыптастыру мен жастарды оған тәрбиелеуде бұл тәсіл кейде әдіснама ретінде қолданылып та жүр. Мәселен, ұлттық намысты ояту, рухтандыру т.б. үрдістер. Жаугершілік заманындағы баһадүрлеріміз жауға шапқан сәтте ата-баба аруағын, ата-баба рухын шақыру арқылы өзін-өзі жігер мен намыс, күш қуатқа бөлейді. Сонымен қатар ата-баба аруағы қастерлі құбылыс: ата-баба аруағы атсын, ата-баба рухын қорлама т.б. деген сөздер осыдан қалған.
Ұлттық рух пен рухтану құбылыстары бір ұғым емес, ұлттық рух ұлттық сананың психо-әлеуметтік құндылықтарының бөлшегі. Дегенмен, рухтану үрдісі ұлттық рухтан туындайды, психофизиологиялық түрде «бөлініп шығады». Ұлттық рух – құбылыс, ал рухтану – үрдіс, демек, ұлттық рух рухтанудың психологиялық қуатының орталығы (ядросы) болса, рухтану ұлттық рухтың нәтижесі мен өмір сүретіндігінің шынайы көрінісі. Демек, рухтану немесе рухтандырушылық дегеніміз – ұлттық сананың сақталуының нәтижесінен туындаған, ұлттық ділдің намыс пен жігер, қуат пен күш жағдайында көрінетін ішкі психологиялық тылсым қуатының іске асуы.
Ал дәстүршілдік қағидалар осыдан туындайтын жалпы ұғымдық ережелерден құралады. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың өзі – мыңдаған жылдар бойғы халқымыздың ұстанған – саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени, психологиялық-этикалық, құқықтық-моральдық қағидалары деп атауға тұрарлық тұтас кешенді жүйе. Ол да бүгінгі қоғамдық өмірдің әрбір саласына сәйкес келетін туынды, ұлттық сананың сусындар нәрі болып табылады. Ұрпақтарымызды дәстүр бойынша тәрбиелеу – ұлтжандылық ділді оятудың, қайта жаңғыртудың ерекше тәсілі. Бүгінгі қоғамымызда ол да іске асырылып жатқан үдеріс.
Сондықтан, жаһандану жағдайындағы ұлтжандылықты қалыптастыру мен ұлттық идеяны сіңірудің тарихи-мәдени қыры, сәйкесінше, салт-дәстүрді сақтаудан, дін мен өнерді дамытудан, тіл мен әдебиетті құрметтеуден, наным сенімдерді бағалаудан құралады. Бұл халқымыздың тарихына шегініс (ретроспекция) жасағандай, бейресми ұлттық идеяның дамуы мен өркендеуінің, бүгінгі күнге дейін ұлттың сақталуының, этнос болмысымен бірлікте дамитын шартына айналуының негізгі рухани көзі. Яғни, ұлттық сананың мазмұнын құрайтын қағидалар. Бұл бөліктер ұлттық болмыстың рухани қыры болғандықтан, оның рухтандыру түрінде өмір сүруінің негізгі ішкі қуаты. Бұл үрдістерді қайта жаңғырту 1991 жылғы тәуелсіздік алғаннан кейінгі сәнге айналған құбылыс немесе уақытша әлеуметтік шаралар емес, керісінше, ұлттық болмысты қайта қалпына келтіру (этнореставрация) мен ұлттың өзіне-өзі үңілуінің (этноинтроспекцияның) көрінісі. Осы рухани болмыс элементтері сан мыңдаған жылдар бойғы ұлттың бірегейлену (этноидентификациялық) қызметін атқарып келген табиғи-тарихи құбылыс.
Сондай-ақ, ұлттық «Мен» оның субьектілерінің, яғни, әрбір қазақ азаматының «МЕН – Концепциясының» тұтастығынан құралатын әлеуметтік-психологиялық құбылыс. Яғни, ұлттық өзіндік сана – ұлттың өзін-өзі қайтадан тануы, өзін-өзі сынау, өзін-өзі жетілдіру т.б. құрылымдарды кеңінен қамтитын Ұлттық Менге жинақталады. Мәселен, Абай «ұлттық өзіндік санадағы жеке ұлттық сананың» айшықты көрінісі болғандықтан, халқын сынау, оның кемшіліктерін ашып көрсету арқылы оларды жойып, ілгері өрлеуді қалады, «қазақ қоғамының әлеуметтік сыншысы» болды.
Қазіргі таңдағы ұлттық өзіндік сананың міндеттері: отаршылдық психология сарқыншақтарынан құтылу, ұлттық мақтаныш сезімін орнықтыру, өзінің өткеніне қайта үңіліп, шынайы тарихты жасау т.б.
Бұдан ұлттық болмысты зерделеуді тереңдету, осыған сәйкес, теориялық-практикалық іс шараларды нығайту қажеттігі туындайды. Ол үшін білім беру саласына ойыссақ, психологиядағы өзінтану курсын «ұлтың өзін тану» бағдарламасына дейін кеңейту, этнопедагогика курстарын модернизациялау, тарих, әдебиет, тіл білімі, философия т.б. қоғамдық пәндерді оқытуда оның ұлтжандылықты қалыптастыру тетіктеріне жете көңіл бөлу қажет. Демек, ұлтты – жай ғана кеңістік пен мәдениет арқылы біріккен адамдар тобы ғана емес, табиғи шартталғандық, генетикалық туыстық, психологиялық ұлттық рух тұтастығы, діл пен дүниетанымның өзгеше түрі арқылы ұйысатын органикалық бүтіндік деп қарастыруымыз қажет. Бұл ұлттың бірегейленуін қамтамасыз етудің басты шарты болып табылмақ.
Ұлтық сана сол этностың өмір сүруінің – өмірлік қуат күші, оны сақтауы мен болашағын құруының жалпы рухани-психологиялық құралы. «Күш» әрине физикалық емес, ішкі психологиялық рухани қуаттылық. Демек, өмірлік күш түріндегі ұлттық сана ұлттық рухқа айналады.
Ендеше, ұлттық сана дегеніміз – жеке тұлғалардың әрбіреуінің сол ұлттың өкілі екендігін байыпты сезіну түйсіктерінің тұтастануынан құралып, ұлттық рухқа жалғасатын жалпы ұғым және этноболмыстың өмірмәнділік тарихи тәжірибесінің жиынтығы.
Ұлттық сананың жүзеге асу құралдары мен айқындалу көрінісі: ұлттық намыс пен жігер;халқына деген сезімдік күш; ұлтжандылық сезім; тылсым қуат; топтасу мен бірігу т.б. арқылы ұлттық рух өзін өзі аша түсіп, өз мәнін қайталап, ұғымдықтан әрекетке, абстрактіліктен нақтылыққа өтеді.
Ол өзінің асқақтығы, ерлігі арқылы – эстетикалық тұрпатты; әділеттілік, адамгершілік, намыс пен жігер бойынша іске асатындықтан – этикалық негізді; бірігушілікті, топтасуды, қоғамдасуды басшылыққа алатындықтан – әлеуметтік тұғырлы; ел мүддесін қорғауды, халықаралық деңгейдегі елдік беделді көтермелеуді қолдайтын болғандықтан – саяси бағдарлы;ашу-ыза, рухтану, жабырқау, аңсау арқылы жүзеге асатындықтан – психологиялық астарлы болып келеді.
Түркі-қазақ халқының ұлттық санасының төлтумалылығының бір көрінісі – оның өміршеңдігі. Жер бетінде тарихта түркі халқындай бірнеше алып мемлекеттер құрған этнос жоқтың қасы. 1986 жылғы көтерілісте де отаршылдық жақ қазақтардың ұлттық санасы мен рухы әбден сөнген деп қабылдаған сыңайлы. Бірақ, «ұйқылы рух» қайтадан оянды.
2.Тәуелсіз Қазақ Елінің ұлттық санасының бірегейленуінің эволюциясы
Ұлттық рухы мен ұлттық санасы қуатты халықта ол үнемі бірегейленуге ұмтылып отырады, әлсірей бастаған сәтте өз кезегінде қайтадан қуат алады.
Бүгінгі замандағы саяси-әлеуметтік ахуалдарды сараптап, өткенге тарихи этноинтроспекция жасауымыз ұлттық сананың кезең-кезеңмен бірегейленуінің өзіндік эволюциясын паш ете алады. Байырғы ата-бабаларымыздыңпрототүріктік – тұран дәуірі, протоқазақтардың – сақтар мен ғұндар кезеңі, дешті-қыпшақ даласындағы – оғыз-қыпшақ дәуірі, бұл синкретизмнің қазақ хандығы тұсындағы – этнодифференцияциаланған уақыты т.с.с. арқылы халқымыздың шынайы тарихын сараласақ, оның адамзат эволюциясындағы – белсенді, айшықты, елеулі; әлемдік аренадағы – өркениеттілікті таратушы, дүниежүзіне табиғи экстенсивті дамудың, тіршілік етудің қолайлы үлгілерін белгілі бір деңгейде ұсынушылық қызметтерін көре аламыз.
Прототүркілердің Ғұндар заманындағы дәуірі әлемге мәдениеті пен қуаттылығы арқылы мәлім болып, өзіндік жаһандық тұтастыққа ұмтылған алғашқы үлгілер деп пайымдауымызға болады. Тарих көрсеткендей, ғұндар заманы Қытайдан бастап, батыс Римге дейінгі аймақты қамтып, өзіндік этномәдениетін құруға және таратуға мүмкіндік алды. Мәселен, Римдік Капитолий қасқырының скульптурасы – ғұндардың көк бөрі тотемінің аналогиясы болғандығы, аңыз бойынша Еділ бойында дүниеге келген Зорастризмдік дәстүрдің Орта Азия мен Иран жеріне және батыс Европаға таралғандығы, оның сол дәуір үшін озық дәстүрлер болғандығын, Қазақстан жерінде қола дәуірінің аяқ кезінде пайда болған шаманизм сенімінің де әлемге таралуы т.б. атап өтуге болады.
Сақтар дәуіріндегі түркіорталықтық көріністер де әлемдік мәдениеттер мен экономикалық қатынастардың дамуы мен өркендеуіне өздігінше ықпал ете бастады. Мәселен, сақтардың әлемге саяси-әлеуметтік ықпалдылығы Геродот еңбектерінде анық айшықталады, олармен дәуірлес Грекия мәдениетінде сақтар туралы мистификация немесе олардың тіршілік етуінің рәміздік образы – кентавр бейнесі әлемге әйгіленген түркілік келбетті елестетеді. Сақтардың мәдениеті мен шаруашылығы сол дәуірлерде әлемге әйгіленіп ғаламдық мәдениеттің өзіндік құрамдас бөлігін құрады.
Жоғарыдағы тарихи ретроспекция көрсеткендей, түркілік дәуірдегі әлемдік жаһанданудың эпицентрі болып келген ата-бабамыздың дүниежүзілік аренадағы саяси-мәдени этноорталықтық билігі сан ғасырлар бойы адамзаттық өркениетке айтарлықтай өз ықпалын тигізген.
Мәселен, Махмұд Қашғаридің «Түрік тілдерінің лұғатында» былай деген: «Ұлы Тәңір айтады: «Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түрік деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түріктерімді қарсы аттандырамын» деген жолдар немесе Аттиланың «құдайдың қамшысы» деп аталуы т.б.түркілердің ұлттық санасының бірегейленіп отыруының айғақты мысалы бола алады.
Осы ұлттық сана түркілер дәуірінде де заңды жалғасын таба түсті, өздерін Көк Тәңрінің ұлдарымыз деп санап, ұлттық идеяның діни-мистикалық негіздерін құра білді. Мәселен, көне түркі жазба ескерткіштерінде: «ел», «халық», «жұрт» «жер-су» ұғымдары рухани-әлеуметтік құндылықтар ретінде қастерленген. Күлтегіннің үлкен жазуында « Көкте Түрік тәңрісі, Түріктің қасиетті жері, суы былай депті: Түркі халқы жойылмасын дейді, Ел болсын дейді».
Осы бірегейлену үрдісі қазақ хандары деп аталған тұлғалардың саяси-әлеуметтік ұстанымдарымен жалғасын тауып, жыраулық дәстүрмен үндесе отырып, ақын жыраулар поэтикасымен айшықталып, Алаш ордашылардың елдік тұжырымдамаларынан да көрініс берген еді. Осы ұлттық идеяның сан мыңдаған жылдарға созылған тұғырнамасы оның мәңгілігі мен ұлттық рух түрінде көріне алатындығыны бағамдайды.
Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі ұлттық сананың бірегейленуін шартты түрде мынадай кезеңдерге бөлуге болады.
1) 1986-1991 жж. Бұл – кезең ұлттық сананың оянып, белсенділік көрсетуі, Желтоқсан көтерілісінен қуат алып, өзінің Қазақ екендігін КСРО-ға және әлемге қайтадан танытуы. Отаршылдықпен тұмшаланған ұлттық сана қайтадан бірегейленді.
2) 1991-2000 жж. саяси-рухани, мәдени-әлеуметтік бірегейлену кезеңі, қайта қазақтандыру ұстанымының жолға қойылуы. Рухани тұрғыдан бірегейлену, мәселен, ғылымдардың ұлттық саласының дамуынан анық байқалады: Қазақстан тарихы, Қазақ философиясы, Этнопедагогика, Ұлттық психология т.б.
Ұлттық сананың бірегейленуінің саясаттағы және экономикадағы көріністері: ұлттық қауіпсіздіктің қолға алынуы, ұлттық қарулы күштердің құрылуы, шекараның белгіленуі, тәуелсіздікті одан әрі нығайту, Ата заңымыздың қабылдануы, ұлттық рәміздеріміздің жаңадан айшықталуы, ұлттық банктың құрылуы, ұлттық валютамыздың енгізілуі, қоғамдық өмірдегі қазақ тілінің қолданылу аясының бірте-бірте кеңейе түсуі т.б.
3) 2001-ден бастап бүгінгі күнге дейін. Бұл кезеңде де ұлттық сананың бірегейленуі қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен өріс алды. Ұлттық экономиканың нығая түсуі, ұлттық тауарлы брендттерінің пайда болуы, Тауарлардың «Қазақстанда жасалған» деген айдармен өндірілуі, Саяси салада: тәуелсіздікті одан әрі нығайту, ұлттық идеологиялар мен идеялардың ұсынылуы: Мәңгілік Ел, Ұлы дала Елі, Қазақстанның әлемдік саяси-экономикалық ұйымдарға мүше болуы т.б. болса; спорт, өнер, ғылым т.б. мәдени-рухани салада Қазақстанның әлемге таныла бастауын мысалға алса да жеткілікті. Мәселен, өнер саласында қазақфильмдердің, мультфильмдердің, оның ішінде тарихи жанрдың түсіріле бастауы т.б.
Бұл бірегейлену бүгінгі таңда бірте-бірте өзінің оңды нәтижесін де беріп келеді: тәуелсіздік алған жылдары қазақтардың 20-30 пайызы ана тілін білмейтін болса, қазіргі таңда 100 пайызға жуығы белгілі бір деңгейде меңгергендігі; қазақ мектептерінің санының көбейгендігі; БАҚ-ның қазақ тілінде сөйлеуі; әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміздің қайта жаңғыруы және оның өмірлік тәжірибеде қолданылу деңгейінің артқандығы; ислам дініне бет бұрушылар санының артқандығы т.б.
3. Жаһандану кезеңіндегі ұлттық сананы кемелдендірудің заманауи тетіктері. Біздің ұлттық тәрбиеміз бен қоғамдық санаға ұлттық идеяны сіңіру қашанда заман талабына сай құрылып, дамытылып отырылуы тиіс. Бұл – ақпараттық қоғам мен жаһандану заманындағы талаптарға барынша сай құрылуы қажет. Өйткені, жаңашылдыққа құштар жастар бұрынғы технологияларды артқа тастап, үздіксіз алға ұмтылу үстінде.
Олай болса, қазіргі жаһандану заманында тарихи сана тағылымын бүгінгі қоғамдық пікір мен ұрпақтарымыз үшін мынадай маңызды болып саналатын түйіндер ретінде ұсынуға болады:
- шынайы тарихты аша отырып, өткеніміз бойынша танылатын халқымыздың ерекшеліктері мен жетістіктері арқылы ұрпақтарымыздың санасында өз халқына деген мақтаныш және сүйіспеншілік сезімді ояту;
- Түркілік кезеңнің асқақ этнорухы арқылы отаршылдық сана сарқыншағынан қалған «өзін төмен санау кемістік комплексін» жоюдың механизмдерін қалыптастыру және сол Рухтың биогенетикалық трансформацияланатын қағидасы бойынша оның мәңгі сақталатын және қайта орала алатын мүмкін болатын (потенциалды) қуат екендігін рационалды бағамдау;
- өткеннің қателіктерін қайталамау және ондағы кемшіліктерді жоюдың бағдарларын құрастыру үшін жаңа үлгілерді құру;
- тарихымыз бастан өткергендей, қиыншылықтарға төзімділік қалыптастыру мен кез-келген жағдайда одан шығудың тарихи тәжірибелерін пайдалану;
- тарихымыздағы ұлттық мінез психологиясындағы жағымсыз сапалар мен қасиеттерді жете зерделеп, одан біртіндеп құтылудың психологиялық механизмдерін жасау; Мәселен, күндестік, көре алмаушылық, рушылдық т.б.
Ұлттық сананың кемелдендірудің ұлттық қауіпсіздік аясындағы тетіктері:
- ұлттық сананы көмескілендіретін әр түрлі идеологиялардан сақтандырудың әдістерін инновациялық деңгейде құру; Мәселен, қазіргі ақпараттық желілер арқылы сананы манипуляциялайтын, санаға сіңірілетін жағымсыз идеологиялардың психологиялық тетіктерінің, атап айтқанда, бейсаналы сендіру, саналы көзін жеткізу, инстинктік еліктіру, рухтық сана өрісіне ықпал ету, ақпараттық-көркемдік аудио-визуальді техниканы пайдалану, қаржылай қызықтыру т.б. тіпті ұжымдық кері тренинг сияқты сан алуан психикаға әсер ететін тәсілдер жиынтығын қолданудың алдын алу шараларын құру т.б.
- Осыдан жаһандану ықпалынан болатын өзге мәдениеттердің біздің халқымыздың құндылықтарына сай келмейтін, оған кері әсер ететін ақпараттарынан сақтанудың психоаналитикалық тетіктерін құру және оны заман ағымына сай жетілдіріп отыру.
- отаншылдықты одан әрі жетілдірудің заманауи, инновациялық тетіктерін жасау және оны білім беру ісіндегі тәрбиеде қолдану т.б. Т
Сұрақтар:
1. Ұлттық сананың негізгі құрылым
дық элементтері қандай?
2. Түркілік дәуірдің дүниежүзілік аренадағы саяси-мәдени этноорталықтық билігі сан ғасырлар бойы адамзаттық өркениетке ықпалы қандай болды?
3. Ұлттық сананың кемелдендірудің ұлттық қауіпсіздік аясындағы тетіктерін атаңыз.
Әдебиеттер:
1.Мухаев Р.Т. Политология.Пособие для общеобразоват. Учеб. Заведений.-Москва: Дрофа, 1997.-384 с.
2. Ғабитов Т.Х., Мүтәліпов ЖМ., ҚұлсариеваА.Т.Мәдениеттану: Жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған оқулық.-Алматы: Раритет, 2004,-416 б.
3.Әкім Ж. Қазақ идеясы. Түркі өркениеті негізінде-Алматы: Өлке, 2006.-232 бет.
4.Нысанбаев Ә.. Глобализация и проблемы межкультурного диалога. В 2-х томах. Алматы: КИЦ ИФиП МОН РК., 2004.-Т.2-308 с.
5.Мухаев Р.Т. Теория политики.-Москва: Вече, 2005.-623 с.
Достарыңызбен бөлісу: |