Гимнастика өткізудің әдістемелік көрсеткіші. Алдымен дыбыстың артикуляциясымен таныстыру қажет. Дыбыс айту кезіндегі дыбыс шығару органдарының, әсіресе тілдің еріннің қимыл – қозғалыстарында көңіл бөліп логопедтің көрсетуі бойынша еліктеуіш әдісімен дыбыстарды дұрыс айтуға машықтандырады. Егер бұл әдіспен үйренбесе, онда басқа арнайы әдістерді пайдалану қажет. Мысалы: «ң» дыбысын дұрыс айтқызу үшін баладан «н» дыбысын созып айтуын өтінеміз. Осы кезде логопед шпательмен немесе логопедиялық зондпен тілді жұмсақ таңдайға дейін итеріп тілдің түбірін жұмсақ таңдайға тигізіп ұстап тұру керек. Сөйтіп «ң» дыбысын созып жеке айтуға дағдыландырады. Дыбыс айтуға машықтандыруды алдымен жабық буыннан бастаған жөн. Біріншіден «ң» дыбысы қазақ тілінде сөз басында кездеспейді, екіншіден «ң» дыбысы жабық буынды анық естіледі. Мынандай да әдіс пайдалануға болады. М дыбысын айтқызу кезінде ерінді екі саусақпен ашып ұстап тұру керек. «Ң» дыбысын қоюда төртінші әдісті де қолдануға болады. Ол әдіс ұқсас дыбыстармен кезекпен буын айтқызу арқылы «ң» дыбысын айтқызуға дағдыландыру. Мысалы: ан-аң, он-оң, ын-ың, өн-өң, ін-ің, ұн-ұң. Ұқсас буындарды кезекпен айтқызу әдісімен басқа да дыбыстарды айтуға болады. Мысалы: қа-ға та-те қо-ғо па-пе қу-ғу ба-бе қы-ғы са-се то-то ты-ті бо-бө бы-бі ко-ке сы-сі со-се мы-мі мо-ме ны-ні Ә дыбысын дұрыс игеруге а дыбысы негіз болады. Бала а дыбысын айтқанда кезде тілді алдыңғы тістерге тигізе жылжытып, тілдің ортасын аздап дөңестендіріп ұстау керек. Ә дыбысымен буын айту машықтандырғанда алдымен тіл алды дауыссыздарынан бастаған жөн. Мысалы: әт тә әл лә әс сә әз зә.
Артикуляциялық жаттығуларында негізгі мақсаты тіл дыбыстарын дұрыс айтуға керекті сөйлеу мүшелерінің қимыл – қозғалыстарын толық жетілдіру. Әр жаттығудың өзіндік аты бар және сол аттарын балалар есіне сақтай білуі қажет. Біріншіден атаулар балаларды жаттығуға қызықтырады, екіншіден жұмыс барысында уақытты жасау шарттарын түсіндермей тек оның атын айтса жеткілікті. Мысалы: «ат шауып келеді» немесе «сағат». Жаттығуларды дұрыс орындау тәсілдеріне тоқталайық.
1. «Күрекше» жалпақ тілді ауыз қуысынан шығарып, төменгі ерінге салып 10-15 секунд ұстап тұру керек. Тілді қимылдатпай ұстап тұруын қадағалау керек.
2. «Кесе» ауыз кең ашық. Жалпақ тілді жоғары тіске қарай көтеріп 10-15 секунд ұстап тұру керек. Бірақ тіл тіске тимеуі керек.
3. «Ине» ауыз ашық. Тілді жіңішкертіп ауызды шығарып 10-15 секунд ұстап тұру керек.
4. «Төбешік» ауыз сәл ашық. Тілдің екі бүйірі жоғары азу тістерге тиіп тұр. Тілдің ұшы алдыңғы төменгі тістерге тірелген. Осы қалыпта 10-15 секунд ұстап тұру керек.
5. «Түтікше» жалпақ тілді ауыз қуысынан шығарып бүйірлерін жоғары көтеріп түтікшеге ұқсатып тұрып үрлеу. Осы жаттығулардың бәрін баяу қалыпта орындап 8-10 рет қайталау қажет.
6.«Сағат» жіңішке тілді ауыз қуысынан шығарып оңға, солға қимылдату керек. 15-20 рет қайталау.
7. «Ат шауып келеді» тілді таңдайға жабыстырып баяу, жылдам қағу керек. Тіл асты желбезегін созу. Жаттығуды 10-15 рет қайталау.
8. «Саңырауқұлақ» ауызды кең ашып тіл ұшын таңдайға жапсырып ұстап тұру керек.
9. «Алтыбақан» тілді жіңішкертіп ұстап кезекпен мұрынға, иекке қарай созу. Бірақ ауызды ашып ұстау керек. Осылайша 15 рет қайталау қажет.
10. «Тәтті шырын» жалпақ тілмен жоғарғы ерінді жалап ауыз қуысына тереңірек кіргізіп ұстау. Осылайша 15 рет қайталау қажет.
11. «Жылан» ауызды кең ашып, тілді молырақ алға қарай жылжытып жіңішкертіп, қатайтып ұстап, сосын осы қалыпта ауыз қуысына ақырындап кіргізу.
12. «Сылақшы» ауыз сәл ашық, тілді шығарып әуелі жоғарғы ерінді, сосын төменгі ерінді жалау. Бағытын өзгерте отырып 10-15 рет қайталау. Көрсетілген жаттығулардан логопед қойылатын дыбысқа керектілерін ғана іріктеп алады.
Достарыңызбен бөлісу: |