Оқыту түрі: күндізгі, сырттай



бет4/21
Дата18.02.2017
өлшемі2,36 Mb.
#10039
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

ІІ Физика оқу пәні.

1.Қолдану саласы.

Бұл стандарт ҚР БМЖМС 2.003-2002 негізінде дайындалды, ол «Физика» оқу пәні бойынша білім мазмұнының мемлекеттік міндетті минимумына және оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды тағайындайды.

Стандарт ережелері:


  • Қазақстан Республикасының жалпы білім беруді жүзеге асыратын барлық білім ұйымдарына, олардың меншіктік формасына, типіне және түріне тәуелсіз «Физика» пәнін оқытудың жүзеге асыру кезінде,

  • Бастауыш және орта кәсіптік білім ұйымдарында қабылдау емтихандарының материалдарын дайындау кезінде,

  • Мемлекеттік білім стандарттары және тестілеудің ұлттық орталығында қабылдау емтихандары материалдарын дайындау кезінде,

  • Жоғары оқу орындарында «Физика» пәні бойынша педагог мамандарды даярлауға арналған оқу бағдарламаларың жасау кезінде,

  • Білім біру саласындағы ғылыми – зерттеу институттарында «Физика» пәні бойынша оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендер дайындау барысында,

  • Білім беру жүйесі қызметкерлерінің кәсіптік біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау институттарында «Физика» пәні бойынша педагог – мамандардың біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау бағдарламаларын жасау барысында,

  • Білім бері саласындағы орталық және жергілікті атқару органдарында «Физика» пәні бойынша оқыту сапасына мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде қолданылуы және сақталуы міндетті.

 

Сонымен бірге стандарт республиканың мемлекеттік басқару органдары мен ұйымдарында білім қызметін лицензиялау, білім ұйымдарын аттестациялау, жұмыстық оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын дайындау, олардың жүзеге асырылуын бақылау кезінде пайдаланылуы мүмкін.

«Физика» пәні бойынша осы стандарт білім берудің сәйкес сатыларының базистік оқу жоспарымен, білім беру ұйымдарының типтік оқу жоспарымен, жұмыстық оқу жоспарымен, оқу бағдарламаларымен кешенді түрде қолданылады.

 

 



Нормативтік сілтемелер

Осы стандартта:



  • ҚР БМЖМС 2.003-2002 «Жалпы орта білім. Негізгі ережелерге»,

  • ҚР ЕР 40.1.01-2000 ҚР МСЖ-нің «Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын құруға, мазмұндауға, рәсімдеуге, мазмұнына және белгілеуге қойылатын жалпы талаптарына» сілтемелер жасалған.

 

 

 



2 Анықтамалар мен қысқартулар

 

Осы стандартта Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына және ҚР БМЖМС 2.003-2002 сәйкес қысқартулар, терминдер және анықтамалар мен қысқартулар жүйесі белгіленген:



«Физика» пәнінің базалық мазмұны – мектепте міндетті түрде оқытылуы тиіс және үздіксіз білім берудің келесі сатылары мен деңгейлерінде физиканы оқуды жалғастыру үшін жеткілікті болатын оқу пәні мазмұнының құрамы мен құрылымы.

«Физика» пәнінің базалық мазмұнының міндетті деңгейі – оқу процесінде міндетті түрде оқып – үйренуге қажетті физикалық білімнің жүйеленген көлемі.

«Физика» пәні бойынша білім берудің негізгі бағдарламасы - «Физика» оқу пәні мазмұнының жеке тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастыруға, оның қоғамдағы өмірге бейімделуіне және физика мен техникаға байланысты мамандықты саналы түрде таңдау үшін негіз қалауға қажет міндетті деңгейін анықтайтын құжат. БНБ мазмұнын осы мемлекеттік стандарт анықтайды.

«Физика» пәні бойынша бағдарлы білім беру бағдарламасы - «Физика» оқу пәнінің оқушылардың физикалық құбылыстарды танып білуге деген қызығушылығын дамытуға және ғылымның іргелі негіздері мен олардың қолданылуын өз бетінше оқып – үйренуге дағдылануы үшін қажетті мазмұнын анықтайтын құжат.

БББ – бағдарлы білім беру бағдарламасы

БНБ – білім берудің негізгі бағдарламасы

БОЖ – базистік оқу жоспары

ЖОБ – жалпы орта білім

МБС – мектептің бастауыш сатысы

МЖС – мектептің жоғарғы сатысы

БМЖМС – білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

МНС – мектептің негізгі сатысы.

 

3 Жалпы ережелер

3.1 "Физика" пәнін оқытудың басты мақсаттары

Физиканы оқытуда мынадай неғұрлым жалпылама мақсаттар қойылады:

1) даму үстіндегі іргелі физикалық теориялардың біртұтас жүйесі түрінде көрініс беретін әлемнің шынайы физикалық бейнесі арқылы оқушының ғылыми дүниетанымын қалыптастыру;

2) оқушыларға жеке және әлеуметтік проблемаларды шешуге мүмкіндік беретін физика бойынша базалық білім жүйесін шығармашылықпен қабылдау тәсілдерін үйретудің, сондай-ақ іс-әрекет объектісіне айналып отырған болмысқа эмоционалды-құндылық қатынастың әлеуметтік тәжірибесін меңгерту негізінде олардың өмірлік дағдыларын дамыту.

Бұл мақсаттар оқыту процесінде, оқытудан күтілетін нәтижені де елеулі саралауды, сондай-ақ физиканың типтік оқыту бағдарламасында көрсетілуі тиіс көптеген қосалқы және басқа жеке мақсаттарға жетуді көздейді.

3.2"Физика" пәнін оқытудың басты міндеттері

Физиканы оқытудың мақсаттарынан оның мынадай басты міндеттері туындайды:



  1. білімді ұжымдық және жеке дара қабылдау тәсілдерін тиянақты меңгерту негізінде оқушыларды үздіксіз білім алуға дайындауға; ол үшін оқу-эксперименттік зерттеулер жүргізуге және бақыланған физикалық құбылыстарды теориялық тұрғыда түсіндіруге мүмкіндік беретін ғылыми-таным әдістерінің қажетті дағдыларын қалыптастыру;

  2. оқушылардың санасында табиғатпен оның танып білу туралы білімнің қисынды жүйесін қалыптастыру;

  3. оқушылардың шығармашылық қабілетін және ойын дамыту;

  4. планеталық ауқымдағы процестерге оқушылардың қатынасы бар екенін және олардың өз іс-әрекетінің экологиялығына жеке жауапкершілігін қалыптастыру;

  5. оқушыларды бүгінгі жедел қарқынмен дамып отырған технологияландырылған қоғамда өмір сүруге бейімдеу.

Физиканы оқытудың басты міндеттері негізінде типтік оқу бағдарламасында неғұрлым нақты дидактикалық міндеттер айқындалады, оның ішіндегі аса маңыздысы – оқушыларға білім алу тәсілдерін үйрету.

3.3"Физика" пәнін зерттеу объектілері

Жаратылыс ғылымдары жүйесіндегі физиканың басты орынға ие болуы оның терең философиялық және ғылыми-техникалық мазмұнымен тікелей байланысты. Физика салыстырмалы түрде материяның неғұрлым қарапайым және сонымен қатар неғұрлым жалпылама түрлерін ( зат, өріс ) және материя қозғалысының неғұрлым күрделірек түрлерінің құрамына кіретін физикалық түрін зерттейді. Материяның жалпылама, іргелі құрылымды түзілістерімен және қасиеттерімен айналысатын физика ғылымы білім беруді ұйымдастырудың неғұрлым жоғары сатысына жетті және оның дамыған математикалық және эксперименттік зерттеу құралдары бар. Оның түсініктері, зерттеу нәтижелері мен әдістері, ойлау стилі бүкіл ғылыми-жаратылыстану ойлау стиліне елеулі ықпалын тигізеді. Іргелі физикалық теориялардың біртұтас жүйесі ретінде ұсынылған әлемнің физикалық бейнесі оқушылардың дүниетанымын және біртұтас ғылыми-жаратылыстану бейнесі туралы көзқарасын қалыптастырудағы басым модель болып табылады.

Оқушылардың ғылыми – жаратылыстанудан алғашқы сауаттылығын мектептің бастауыш сатысы (МБС) қалыптастырады, онда биологиялық, физикалық, химиялық және географиялық білімдер «Дүниетану» деп аталатын кіріктірілген жеке пәнге енгізілген.

Мектептің келесі негізгі және жоғарғы сатыларында дүниенің ғылыми–жаралысиану бейнесінің мазмұны “Биология”, “Физика”, “Химия”, “География” сияқты және пәндер арқылы да, сондай-ақ кіріктірілген курстар («Физика және астрономия» ) арқылы да беріледі.

МНС-дағы «Физика» пәні курстар мен бөлімдерді олардың базалық ғылымдағы орналасу ретінде сәйкес қамтиды: механика, молекулалық физика және термодинамика, электродинамика, атомдық физика. Бұл логикалық аяқталған білімнің бірінші концентрін береді. МНС-ның оқу материялын игеру физикалық білімнің толыққанды болуын қамтамасыз етеді, оқушыларға жоғарғы сыныптарда, оның ішінде физика-математикалық бағдардағы сыныпта (мектепте), сондай-ақ орта кәсіптік және арнаулы оқу орындарында оқуын жалғастыруға мүмкіндік беретін қажетті білім қорын жасайды.

Мектептің жоғары сатысында «Физика» пәні «Механика», «Молекулалық физика», «Электродинамика», «Кванттық физика» сияқты негізгі курстарды қамтитын іргелі теориялар негізінде құрылады. Бұл білімнің логикалық аяқталған екінші концентрін береді. МЖС-ның оқу материалын меңгеру физикалық білімнің әлемдік білім кеңістігінің сәйкес деңгейімен пара-пар болуын қамтамасыз етеді.

Астрономиялық материал «Физика» оқу пәніне мынадай екі тәсілмен енгізіледі:

– 7-11 – сыныптардағы физиканың оқу материалдарымен органикалық түрде біріктіру арқылы ;

– ғылыми-жаратылыстану пәндерінің кіріктірілген курсында («Физика және астрономия», «Физика») жеке тарау түрінде беру арқылы;

– Физика-математикалық бағдардағы мектептің жоғарғы сатысында «Астрономия» жеке оқу курсы аясында оқытылуы мүмкін.



3.4 «Физика» пәні мазмұнының таяудағы даму болашағы

Физика саласындағы және онымен іргелес басқа да ғылым салаларында (астрофизика, биофизика, радиология, синергетика, кибернетика және басқа) ашылып жатқан жаңалықтар мен жаңа білімдер ауқымы жыл сайын жылдам қарқынмен ұлғайып келеді. Орасан зор эксперименттік деректер де жинақталуда. Физикалық теориялар да соған сәйкес дамиды. Әсіресе мынадай іргелі физикалық теориялар қайта қаралып, әрі терең, әрі ауқымды даму үстінде:



  • Ньютон механикасының классикалық теориясы (М);

  • Ньютондық гравитациялық механикасының классикалық теориясы (GM)

  • Максвелдің электродинамикалық теориясы және механиканың релятивистік теориясы (RM), яғни Эйнштейннің арнайы салыстырмалық теориясы;

  • Бор постулаттарымен байытылған кванттық механика теориясы (QM);

  • Релятивистік гравитациялық механика теориясы (RGM)

  • Релятивистік кванттық механика теориясы (RQM)

  • Кванттық гравитациялық механика теориясы (QGM)

  • Кванттық релятивистік гравитациялық механика теориясы (QRGM)

Бұл іргелі физикалық теориялардың өзара логикалық және жүйелі байланыстағы диалектикалық бірлігі дүниенің біртұтас физикалық бейнесін береді, физиканы оқытудың барлық әдістемелік жүйесінің басты мақсаты да осы болып табылады. Ол мектептегі физикалық білімнің даму болашағында анықтайды. Осыған байланысты іргелі теориялар төңірегінде жинақталған фактологиялық материалдың орасан зор мөлшерін неғұрлым тереңірек жалпылау және жүйелеу қажет. Физиканың мазмұнын жетілдіру болашақта осының негізінде жүзеге асырылады, ал ол оқу материалын сұрыптап талдаудың (таңдап алу, логикалық байланысын іздестіру және жүйелеу т.б.) ең жоғары әдіснамалық деңгейін талап етеді. Мұнда қазіргі заман талабына сай білімді жеткізуші ретіндегі мұғалімнің рөлі мен жауапкершілігі арта түседі.

3.5 «Физика» оқу пәнінің базистік оқу жоспарындағы орны

«Физика» оқу пәні ретінде Қазақстан Республикасы жалпы орта білімнің БОЖ-ның мемлекеттік компонентін құраушылардың бірі болып табылады.

Базистік оқу жоспарындағы «Жаратылыстану» білім саласының инвариантты бөлігінде физика мектептің негізгі және жоғарғы сатысында міндетті түрде оқылатын пән ретінде көрсетілген. Мектептің (сыныптың) бағдарына байланысты «Физика» пәнін оқытуға бөлінетін уақыт мөлшері БОЖ-ның вариативтік компонентіне (таңдау пәндері, факультативтік сабақтар) бөлінген сабақтар есебінен көбейтілуі мүмкін.

 

4 «Физика» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі

«Физика» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі БНБ-ға сәйкес:

1. Мектептің негізгі сатысында (7-9 сыныптар) - аптасына 6 сағатты, оқу жылында 204 сағатты, оның ішінде:

7-сыныпта - аптасына 2 сағат, жылында 68 сағат,

8-сыныпта - аптасына 2 сағат, жылында 68 сағат,

9-сыныпта - аптасына 2 сағат, жылында 68 сағат,

2. мектептің жоғарғы сатысында (10-11 сыныптар) оқытудың бағдарына қарай:

а) қоғамдық-гуманитарлық бағдарда аптасына 2 сағатты, әрбір сыныпта 1 сағаттан, оқу жылында 34 сағатты, барлығы 68 сағатты,

ә) жаратылыстану-математикалық бағдарда аптасына 6 сағатты, әрбір сыныпта 3 сағаттан, оқу жылында 102 сағатты, барлығы 204 сағатты құрайды.

 

5 «Физика» пәні бойынша оқу бағдарламаларының түрлері

«Физика» пәнінен жалпы білім беру келесі бағдарламалар бойынша жүзеге асырылады:



  • білім берудің негізгі бағдарламасы (7-9 сыныптар);

  • бағдарлы білім беру бағдарламасы (10-11 сыныптар)

Мектептің негізгі сатысына (7-9 сыныптар) арналған БНБ жалпы білім беретін деңгейде анықталады:

Мектептің жоғарғы сатысына арналған БНБ-ның базалық мазмұны екі бағдар бойынша анықталады:



  • Қоғамдық-гуманитарлық бағдардағы мектептерге (сыныптарға) арналған оқу пәні ретінде физиканың базалық мазмұны;

  • Жаратылыстану-математикалық бағдардағы мектептерге (сыныптарға) арналған оқу пәні ретіндегі физиканың базалық мазмұны.

 

5.1 Мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұны

Мектептің бастауыш сатысында оқыту оқушыларды МНС-дағы ғылыми-жаратылыстану пәндерін, оның ішінде физиканы оқуға қажетті базалық дайындықпен қамтамасыз ету тиіс.

Мектептің бастауыш сатысындағы «Дүниетану» пәні бойынша БНБ-ға енгізілетін физиканың оқу материалының төмендегідей көлемі тағайындалады:

Табиғаттағы денелер мен заттар. Судың және ауаның физикалық қасиеттері.

Жарық көздері. Күн мен түннің, жыл мезгілдерінің ауысу себептері. Күнге қарап және құлабыз арқылы тұрған жерді бағдарлау. Күннің сәулесі мен жылуының Жердегі тіршілік үшін маңызы.

5.2 Мектептің негізгі сатысындағы мазмұны

Мектептің негізгі сатысындағы физика бойынша БНБ келесі дидактикалық бірліктер мен бөлімдерден тұрады:

1) Табиғатты зерттеудің физикалық әдістері.

2) Механика: механикалық қозғалыс, денелердің өзара әсерлесуі, жұмыс және қуат, қысым, механикалық құбылстарды зерттеу әдістері.

3) Молекулалық физика және термодинамика: заттың молекулалық құрылысы, жылулық құбылыстар, жылулық құбылыстарды зерттеу әдістері, жылулық процестердегі энергияның түрленуі.

4) Электродинамика: денелердің электрленуі, тұрақты электр тогы, магниттердің өзара әсері, электромагниттік толқындар, электромагниттік құбылыстарды зерттеу әдістері, жарық толқындары, жарық құбылыстары.

5) Атом және атомдық физика: атом, атом моделі және оны зерттеу әдістері; атом ядросы, ядродағы бөлшектердің байланыс энергиясы, ядролық энергетика, ядролық физикадағы бөлшектерді бақылау және тіркеу әдістері.

6) Астрофизика: күн жүйесі, оның құрылысы, планеталар мен кіші денелердің физикалық табиғаты, аспан денелерінің қозғалыс заңдары, Күн және жұлдыздар, олардың физикалық сипатамасы.



5.3 Мектептің жоғарғы сатысының жаратылыстану-математикалық бағдарындағы білім мазмұны

Жалпы білім беретін орта мектептің базистік оқу жоспарына сәйкес физика міндетті оқу пәндерінің ішіне кіреді мектептің жаңа тұжырымдамасына сәйкес кәсіптік бағдарлау жүзеге асырылатын жоғары сатыдағы (10-11 сыныптар) жалпы білім мазмұны, оның ішінде физикада, бір жағынан, оқушылардың үйлесімді дамуын қамтамасыз етуге, екінші жағынан оларды болашақ кәсіптік қызметке даярлауға бағытталған.

Жаратылыстану-математика бағытындағы сыныптарға (10-11 сыныптар) арналған физика курсының ұсынылып отырған бағдарламасы физиканың жалпы мақсаттарын және оқушылардың қабілеттілігінен, қызығушылығынан және кәсіптік мүддесінен туындайтын арнайы мақсатын ескере отырып дайындалды. Физиканы 10-11 сыныптарда оқытудың арнайы мақсаты мынаған саяды: оқушылардың техниканың әр түрлі салаларының, химиялық және биологиялық құбылыстар мен процестердің негізінде физика және оның заңдары жататындығы туралы білімдерді, физиканың зерттеу әдістері мен зерттеушілік сипаттағы білімдерді, құрастыра білу және кәсіби маңызды тәжірибелік біліктерді оқушы бойында қалыптастыру.

Курс негізінде нақты және оған парапар әлемді зерделеу кезінде құрылған физикалық модельдер жатыр. Модельдердің қолданылуы аясын қарастыру курстың маңызды ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Курстың негізгі мазмұнын негізгі физикалық идеялар, принциптер және болжамдар құрайды. Білімді іргелі физикалық теориялар айналасына топтау ең басты орын алады.

Қазіргі заманғы дүниетаным бағдарлама физикалық теориялардың негізін – Ньютон және релятивистік механиканы, молекула-кинетикалық теория мен термодинамиканы, электродинамика мен электрондық теорияны, толқындық, геометриялық және кванттық оптиканы, кванттық механиканы, атом, атом ядросы, элементар бөлшектер физикасын зерделеуді ескереді.

Физиканың теориялық мәнділігі мен практикалық бағытталуы көп ретте зерттеушілік сипатта болып келетін лабороториялық жұмыстар жүйесінде де көрініс тауып отыр. Дәстүрлі жұмыстар мен қатар импульстің сақтау заңын зерделеу, бір валентті ионның зарядын өлшеу сияқты жұмыстар ұсынылған.

Астрономиялық материал жеке бөлім ретінде де, кейбір физикалық тақырыптарды кеңейте қарастыру ретінде де берілген. Жаратылыстану-математика бағытындағы сыныптарда физиканы зерделеуге бөлінуі тиіс оқу уақыты принципті мәселе болып табылады. Физика-математика және жаратылыстану бағытындағы мектептер мен сыныптар өздерінің жұмыс оқу жоспарларын құру кезінде әрбір сыныпта физиканы зерделеу үшін аптасына 5 және 4 сағат бөлінулерін ескерулері қажет.

Физика курсының ұсынылып отырған бағдарламасы енгізгі және вариативті бөліктерден тұрады. Вариативтік бөлік белгілі бір дәрежеде әр мектептің ерекшелігін ескеруге мүмкіндік береді. Физика-математикалық бағыт бойынша бағдарланған мектептер мен сыныптар физика курсын төменде берілген бағдарламамен, ондағы вариативті бөлігінде көрсетілген мәселелерімен қоса толық көлемде оқиды. Жақша ішінде берілген материал мазмұны бағдарламаның вариативті бөлігін құрайды. Сонымен қатар физиканы жаратылыстану бағыты бойынша бағдарланған сыныптарда оқитын оқушылар бар. Бұл бағдарлама осы сыныптар мен мектептерге де арналады, мұнда жақша ішіндегі материалды ескермеуге де болады.

Бағдарламаның молекулалық физика, электродинамика, кванттық физика бөлімдеріндегі оқу материалының мазмұны материалды баяндауды әр түрлі деңгейін ескеретін блоктар түрінде беріліп отыр.

Физика курсының механика бөлімінің мазмұны негізгі мектеп те өтілгенде қорытынды қайталауға бағдарланған. Сонымен қатар бағдарлама тек механика үшін ғана емес, физиканың келесі курстары үшін қажет кейбір жаңа мәселелермен таныстыруды ескереді. Олардың ішінде салыстырмалылық принципі, инерциалдық емес санақ жүйелері, қатты денелердің тепе-теңдік шарттары, импульс моментінің сақталу заңдары және т.б. бар.

Бағдарламаның вариативті бөлігінің мазмұны оқушылардың физикалық құбылыыстарды танып-білуге деген қызығушылығын дамытуға, ғылымның іргелі негіздері мен олардың қолданылуын өз бетінше зерделеуге деген дағдысын қалыптастыруға бағдарланған.

Осылай, мысалы, нақты газдар, сұйықтар әсіресе қатты денелер туралы материалды толығырақ баяндау ескерілген, «сұйық кристалдар», «Гаусс теоремасы», «Киргхофтың ережелері» және т.б. көптеген тақырыптар енгізілген. Кванттық механикаға едәуір көңіл бөлінген, физикалық заңдардың әр түрлі техникалық қолданыстары кеңінен қарастырылған. Элементар бөлшектер туралы білімді қазіргі заман деңгейіне сәйкес баяндау ескеріледі.

Мұғалім физикалық білімнің толық орта мектепке арналған мемлекеттік стандартында анықталған «Оқушылардың міндетті дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды» басшылыққа ала отырып, әрбір блоктан ең маңызды деген материалды таңдап алуына болады. Мұнда ол курсты зерделеу қисынына нұқсан келтірмейтіндей етіп, сыныптың дайындық деңгейіне байланысты әрбір тараудан кейбір түйінді мәселелерді қалдырып, оның басқа маңызды қосымша материалды іріктеп енгізе алады, ал енгізілген әртүрлі оқу жоспарлары жалпы білім беретін мектептер үшін бекітілген бірыңғай міндетті деңгейден төмен болмайтын оқыту деңгейін қамтамасыз етуі тиіс.

6 «Физика» оқу пәні бойынша мектептің әр түрлі сатысындағы оқушылардың міндетті (минимум) дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

6.1 «Физика» оқу пәні бойынша мектептің әр түрлі сатысындағы оқушылардың міндетті (минимум) дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

Механика бойынша оқушылар:

- механикалық қозғалыстың салыстырмалылығы, жол және орын ауыстыру, кинетикалық және потенциалдық энергия, инерция, жылдамдық, масса, тығыздық, күш, қысым, атмосфералық қысым, импульс, қуат, пайдалы әсер коэффициенті, тербеліс амплитудасы, периоды, жиілігі, көлденең және қума толқындар, толқын ұзындығы сияқты ұғымдардың физикалық мағынасын түсінуі;

- бірқалыпты және бірқалыпсыз қозғалыс кезіндегі дененің жүрген жолы мен жылдамдығын, ауырлық күшін, гидростатикалық қысымды, архимед күшін есептеуге арналған формулаларды қолдануы;

- Ньютон, Гук, импульстің сақталу заңдарын; энергияның сақталу және түрлену заңдарын тұжырымдай алуы және түсінуі;

- механиканың негізгі ұғымдары мен заңдарының жай механизмдерге, машиналар құрылысындағы, су көлігіндегі, гидравликалық қондырғылардағы практикалық қолданыстарына мысалдар келтіруі;

- нақты тәжірибелер мен құбылыстар арқылы Ньютон заңдарының әсерін, импульс пен механикалық энергияның сақталуын көрнекі түрде көрсете алуы;

- күштерді (бір түзудің бойындағы) қосу ережесін, қозғалыс мөлшерінің (бір түзудің бойымен қозғалыс кезіндегі) және механикалық энергияның сақталу заңдарын қолдануға, сол заңдарға енетін физикалық шамаларды, сондай-ақ қуат пен қондырғылардың ПӘК-ін есептеуге қарапайым есептер шығаруы;

- күшті сызбада берілген масштабпен кескіндей алуды;

- механикалық қозғалыс түрлерін, серпімді деформацияны байқауға болатын белгілерді атай алуы;

- мына физикалық шамаларды: ара қашықтықты (сызғышпен), көлемді (мензуркамен), массаны (күйентелі таразымен), күшті (динамометрмен) өлшей және есептей алуы; тәжірибе арқылы тығыздықты, жылдамдықты, қатты дененің қысымын, қондырғылардың ПӘК-ін, қуатты анықтай алуы;

- денелердің жүзу шартын көрсете алуы, оның жүзеге асуына мысалдар келтіруі;

- механикадан алған білімдерін бір-екі физикалық құбылысты немесе деректерді (оқушының қалауы бойынша) түсіндіруге қолдана алуы тиіс.

Молекулалық физика бойынша оқушылар:

- жылулық қозғалыс, температура, ішкі энергия, жылу берілу (жылу өткізгіштік, конвекция, сәуле шығару), жылу мөлшері, жылу, сыйымдылық сияқты ұғымдар мен шамалардың физикалық мағынасын түсінуі;

- жылулық процестердегі энергияның сақталу және айналу заңын және олардың қолданылу саласы мен шекарасын білуі;

- молекулалық физиканың негізгі ұғымдары мен заңдарының жылу қозғалтқыштарында, техникалық қондырғылар мен құралдарда практикалық қолданыстарын, кристалдар және басқа материалдардың техникада пайдаланылуына мысалдар келтіруі;

- нақты мысалдар мен құбылыстар арқылы термодинамиканың бірінші заңын көрнекі түрде көрсете алуы;

- жылу мөлшерін, газдың атқаратын жұмысын, термодинамиканың бірінші заңын есептеуге арналған қарапайым есептерді шығаруы;

- зат құрылысының дискреттілігін, бөлшектердің жылулық қозғалысын, олардың өзара әсерін қуаттайтын дененің ішкі энергиясының механикалық энергияға және денелердің механикалық энергиясының олардың ішкі энергиясына түрлене алатындығын дәлелдейтін іргелі тәжірибелер мен құбылыстарды білуі;

- газдардың, сұйықтардың және қатты денелердің қасиеттерін олардың ішкі құрылысы арқылы; сондай-ақ заттың балқу және қайнау температурасының тұрақтылығын түсіндіруі;

- жылу қозғалтқыштарын пайдалануға мысалдар келтіруі және олардың бірінің (оқушылардың қалауы бойынша) жұмыс принципін түсіндіруі;

- мына шамаларды: температураны (термометрмен), ылғалдылықты (психрометрмен) өлшей алуы,;

- молекулалық физика мен термодинамикадан алған білімдерін бір-екі физикалық құбылысты немесе деректерді (оқушының қалауы бойынша) түсіндіруге қолдануы тиіс.

Электродинамика бойынша оқушылар:

- электр заряды, электр өрісі, электр тогы, электр тогының бағыты, электр тізбегі, ток күші, электр кернеуі және кедергісі, меншікті электр кедергісі, магнит өрісі, электромагниттік тербелістер мен толқындар сияқты ұғымдар мен шамалардың физикалық мағынасын түсінуі;

- электр кедергісін материалы белгілі өткізгіштің ұзындығы және көлденең қимасының ауданы бойынша, электр тогының жұмысы мен қуатын, шығындалған электр энергиясының құнын (белгілі тариф бойынша) есептеп шығаруға арналған формулаларды қолдана алуы;

- Кулон, Джоуль-Ленц заңдарын, тізбек бөлігі үшін Ом заңы мен зарядтың сақталу заңын түсінуі және тағайындауы;

- электродинамиканың негізгі ұғымдары мен заңдарының электр қыздырғыш құралдардағы, магнитті-электрлік жүйелердің электрлі өлшеуіш құралдарындағы (дыбыстың магнитті жазылуы, металлургия мен гальванотехникадағы электролиз, электронды-сәулелік түтікше) практикалық қолданыстарына мысалдар келтіруі;

- нақты мысалмен өзгермелі электр және магнит өрістерінің өзара байланысы жайлы қағиданы көрнекі түрде көрсете алуы;

- қуаттың ток күші және кернеумен, ток күшінің өткізгіш бойымен өтетін зарядпен байланысын өрнектейтін формулалар бойынша шамаларды (олардың өлшеу бірліктерін ескере отырып) есептеуі;

- қарапайым электр тізбектерін құрастыруы;

- металдардағы электролит ерітіндісіндегі, газдардағы электр тогының табиғатын түсіндіре алуы;

- электр зарядының, магнит полюсінің, кеңістіктің қандай да бір нүктесіндегі электр және магнит өрісінің таңбасына қандай белгілеуге қарап ажыратуға болатындығын көрсетуі;

- қысқа тұйықталудың пайда болу шартын білуі;

- жарық электрмагниттік толқын ретінде және бөлшектер (фотондар) ағыны ретінде қарастыра отырып түсіндіруге мүмкіндік беретін тәжірибені немесе құбылысты сипаттауы;

- жарықтың толқындық табиғатын дәлелдейтін эксперименттерге немесе құбылыстарға мысалдар келтіруі;

- жарықтың шағылу және сыну заңдарын білуі; нәрсенің айнадағы және линзадағы кескінін салуы;

- мына оптикалық құралдардың: жазық және сфералық айналар, лупа, фотоаппарат, проекциялық аппарат, микроскоп, телескоп, «көзілдірік» жүйесі біреуінің қызметі мен жұмыс істеу принципін түсіндіруі;

- мына шамаларды: ток күшін (амперметрмен), кернеуді (вольтметрмен), кедергіні (омметрмен) өлшеуі;

- электродинамикадан алған білімді бір-екі физикалық құбылысты немесе деректерді (оқушының қалауы бойынша) түсіндіруге қолдануа алуы тиіс.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет