Оқытудағы инновациялық технология – білім берудің жаңа сапасымен қамтамасыз етудің кепілі



бет323/679
Дата05.02.2022
өлшемі27,72 Mb.
#5259
1   ...   319   320   321   322   323   324   325   326   ...   679
Әдебиеттер
1. Айтжанова. Қазақ әдебиетін оқытудың әдіснамасы / Айтжанова. – Алматы, 2002ж.
2. Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. – Алматы, 1997ж.
3. Қазақстан мектебі. №2-7. 2011-2012ж
4. Білім беру жүйесіндегі басты бағдар //Білім кілті. Республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық журнал. - Алматы, 2006ж.
ҰЛТТЫҚ ОЙЫН ТҮРЛЕРІ САБАҚТА


Оразгелдиева Қ. (Қызылорда)

Халқымыздың тарихи – мәдени мұраларының түрлері сан алуан. Осындай құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлт ойындары. Қазақтың ұлт ойындары тақырыпқа өте бай және әр алуан. Шындап келгенде,ұлт ойындары-ауыз әдебиетінің бір саласы. Олай болса,ұлан-байтақ қазақ даласына ауызекі тарай келіп, ол түрленіп, өзгеріп отырған. Ұлттық ойындар тек жас адамның дене күш-қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа, дәлдікке, ептілікке, жылдамдыққа т.б ғана тәрбиелеп қоймай, оның ақыл-ойының толысуына, есейіп өсуіне де пайдасын тигізеді. Манашұлы Тұяқпай жырында:


«Балалармен ойнайды,
Ойнап жүріп ол бала
Кеудеге ақыл ойлайды»-деп түйіндейді. Олай болса, бала өзін қоршаған дүние туралы түсінікті ойын үстінде алады, ол дүние сырларын түйсініп аңғарады, тәжірибе жинақтайды.
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы –жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені,көргені көп болған адам білімді болады»,-дейді Абай Құнанбаев. Абайдың бұл пікірі ойынға да толық қатысы бар деп ойлаймын.
Қазіргі мұғалімдердің алдында тұрған міндет - оқушыларды сабаққа ынталандыра білу, сол арқылы әр тақырыпты жете түсіндіру. Ал оқушыны сабаққа қалай ынталандыруға болады? Бұл сұрақтың бір ғана нақты жауабы бар: ол тек сабақ қызықты өткенде ғана. Күнделікті сабаққа ұстаздар арасына кеңінен тараған тағы бір әдіс – ойын элементтерін пайдалану. Бала белсенділігі ойын үстінде танылады. Жақсы ойынға бар ынтасымен берілген бала, алуан мәлімет, дағды мен шеберлікті меңгереді. Кейінгі кездерде сабақтарыма ұлттық ойындарды кіргізіп жүрмін. Алдыма қойған мақсатым: оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру және әр тақырыпты жете меңгерту. Осы орайда ұлттық ойындарды өткізе отырып, халқымыздың әдет-ғұрып, мәдениетімен жете таныстыру мақсаты да басты назарда болмақ. Сол себептен де өз сабақтарымда ұлттық ойындарда қолдануды әдетке айналдырдым.Ойынның белгілі бір уақыттарда жүзеге асырылып, сабақ кезеңдеріне нұқсан келмейтіндей жымдасып жатуын көздеймін. Ұлттық ойынды көбіне қайталау, қорытынды сабақтарда қолданамын.
Бала отбасы тәрбиесі және өзін қоршаған ортамен тығыз араласа отырып ана тілін үйренеді. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларға ана тілін оқытудың тиімді әдістеріне ерекше мән беріледі. Баланың сөздік қорын молайтып, сөзді еркін, өз мағынасында қолдануға, тез жылдам сөйлеуге жаттықтыруға ойын бірден – бір таптырмайтын құрал.
Мысалы: Бірінші сыныпта балаларды қимылдату мақсаты мен халық ойыны «Қуыр, қуыр, қуырмашты» ойнату пайдалы. Оның шарты: Бірінші бала бас бармақтан бастап шынашаққа дейін бір рет саусақтардың атын түгел айтып береді. Сөйтіп, бар саусағын жұмып тұрып, екінші бала кез – келген саусағының атын атайды. Бұл ойын балалардың тілін жаттықтырып, есте сақтау қабілетін жетілдіре түседі.
Өтілген дыбыстарды пысықтау кезінде «Ұшты,ұшты» ойынын ойнатудың маңызы зор. Ойын шарты: Мұғалім «Ұшты ,ұшты ..» деп тек дауысты дыбыстан басталатын сөздер айтады. Оқушылар дұрыс болса қол көтереді, ал дауыссыз дыбыстан басталатын сөз айтқанда қол көтеріп қалса, ол ойыннан шығады.Тақпақ, өлең,санамақ айтып айыбын жояды.Бұл ойын шапшаңдыққа, жылдамдыққа үйретеді.
Дыбыстарды пысықтау кезінде «Сиқырлы таяқ» ойыны ойнатылды. Ойын шарты: Мұғалім сиқырлы таяқты ұстап, өтілген дыбыстан басталатын сөз айтады да оқушыға береді. Ол оқушы таяқты алып, сөз айтып келесі оқушыға береді. Егер оқушы сөз таба алмай немесе жаңылысып қалса, жеңіледі. Бұл ойын білімділікті, тапқырлықты қажет етеді. Бірінші сыныпқа келген балалардың кейбір әріптерге барлығының бірдей тілі келе бермейді.Бұл мақсатта «Айгөлек» ойынын ойнатудың маңызы зор. Ойын шарты: Сыныпты мұғалім екі топқа бөліп алады. Екі жақтың ойын басшылары орталарынан бір қыз бен бір ұлды шығарып, олардың қолына бір ақ тас, бір қара тас береді. Олар екі тасты ешкімге көрсетпей,уысына қысып тұрады да, екі ойын басынан:-Сен қай қолдағы тасты қалайсың?-деп сұрайды. Бастаушылардың бірі мен». Оң қолдағы тасты қалаймын»,-дейді, екіншісі сол жақ қолдағы тасты алады. Қайсысында ақ тас болса, сол ойын бастайды.
І топ бастайды.
-Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Күші мығым,қуатты,
Білімі шыңға өрлеген,
Шепті бұзар ер керек.
ІІ топ:
-Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Күші мығым,қуатты,
Білімі шыңға өрлеген,
Саған қандай ер керек?-дейді.
І топ:
Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Күші мығым,қуатты,
Білімі шыңға өрлеген,
Бізге пәлен ер керек,-деп бір ойыншының атын атайды. Ол оқушы бір жаңылтпаш айтады,оны келесі топтан бір оқушы айтып беру керек.Жаңылтпаштардың тіл дамытуда, сөзді таза сөйлеп, ширақ айтуда пайдасы көп.
Жұмбақ шешу ойынын жарыс түрінде өткізуге болады. Жұмбақ ойыны балалардың өздігінен ойлауына мүмкіндік береді. Оларды дерексіз ойлаудан нақтылы ойлауға жетелей түседі.
2 сыныпта әдебиеттік оқу сабағында «Қалай айтуды білемін» ойынын «Атадан қалған асыл мұра» бөлімінде ойнаттым. Бұл-үй жануарларының,аңдар мен құстардың жүріс-тұрысын,дауысын дұрыс сипаттап, тілімізді дұрыс айтуға дағдыландыратын аса қызықты ойын. Шаруашылықта, күнделікті тұрмыс-тіршілікте маңызы зор мәліметтер кең қамтылады, төмендегіше жүргізіледі.Ойынды мұғалім бастайды:
Ұқыпты -ұтар,
Ізденген –табар,
Оқыған-озар,
Еріншек –тозар.
Осылай деп мұқият тыңдап отыруды тапсырған соң, ойын жүргізуші енді:
Кәнеки, балалар, малды қалай шақырады білесіңдер ме,енді соның үніне салайық!-дейді. Сөйтіп жүргізушінің өзі:
Биені-құраулап,
Түйені-көс-көстеп,
Сиырды-аухаулап,
Ешкіні-шөрелеп,
Шақыра аламыз,
Сауамыз,бағамыз,-дейді.
Өлең аяқталған соң, мұғалім балалардан біртіндеп:
-Биені қалай шақырамыз?-деп сұрайды.
-Биені «құрау-құрау» деп шақырамыз деп оқушы жауап береді.
Ал енді малды суға кім шақыра алады?-деп сұрайды.
Мұғалім Оқушы
Жылқыны- -МоҺ-моҺ
Қойды -пұшайт-пұшайт
Ешкіні -шөре-шөре
Түйені -сорап-сорап
Сиырды -шәугім-шәугім
Итті -кә-кә
Тауықты -шеп-шеп
Мысықты -піш-піш,кіс-кіс,-деп шақырады
Ал, енді малдың төлдеуін қалай атайды?,-деп сұрайды.
Мұғалім Оқушы
Бие -құлындайды,
Қой -қоздайды
Ешкі -лақтайды
Түйе -боталайды
Ит -күшіктейді
Тауық -жұмыртқалайды
Мысық -балалайды.
Сөзді дұрыс айтып, жауабын анық бере алмаған ойыншылар айыпты болады да, дұрыс жауап бергендер жеңіп шығады.
Ұлттық ойындарды үнемі пайдалану арқылы оқушылардың ауызша есептерге жаттығуына логикалық ой жүйелерін жетілдіре түсуіне толық мүмкіншілік бар. Олардың қатарына халықтың байырғы ауызша есептерін, халық ойындарын жатқызуға болады.
Халық ойындарын математика сабағында пайдалану оқушының алған білімін күнделікті өмірмен берік ұштастыруға қолайлы. Құрылыс ойынында бала сызық бойына әдемі үй құрылысын геометриялық фигуралардан жасап, оның бояуларының бір-бірімен келісімді болуын қадағалайды. Құрылыс материалдарын пішіні, түсі бойынша симметриялы орналастырып, оларды көлемі (кең, тар), биіктігі (биік, аласа) бойынша салыстырады. Ойын барысында шығармашылық танытып, жаңа мазмұн ойластырып, белсенділік көрсетеді. Өзінің және жолдастарының тұрғызған құрылыстарының сапасына баға береді. Математика сабағында халық ойындарын қолданудың түрлі жолдары бар. Мысалы: ойын сабақтың басында, не ортасында, не соңында қолданылуы мүмкін.
Ойынды сабақтың басында қолдану үй тапсырмасын тексеруге оқушылардың түгел қатысуына мүмкіндік туғызады.
Ортасында оқушылардың шаршағанын басып, сергіту жаттығуы мақсатында қолданылады.
Сабақтың соңында сабақты бекіту немесе сол сабақтан алған білімді жинақтау мақсатында қолданылады.Оқушылар ойын ойнаған кезде көпшіл, жылдам болуға, ептілікке, зеректікке, тапқырлыққа бағыт алады.
Ұлт ойындары-ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің, күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   319   320   321   322   323   324   325   326   ...   679




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет