Көптүбірлі тістерде периодонттың созылмалы қабынуын емдеудің нәтижелілігі түбір өзектерін жақсы өтетіндей етіп кеңейтумен және оларды жақсы пломбылаумен тікелей байланысты.
Бірінші қабылдау. Тісжегі қуысын егеп тазалап, сауыт қуысын ашып, өтетін өзектен ұлпа ыдырандысын алып, антисептиктер ертіндісімен жуып кептіреді және эндодонттық аспаптармен өңдеу арқылы өзек қабырғасындағы жұмсарған және толық минералданбаған дентин қабатын (предентин) қырып алып, өзекке конусқа ұқсас пішін береді. Түбір ұшы тесігін ашып кеңейткен соң, өтетін өзекті уақытша пломбылауға болады, өтпейтін өзектердегі ұлпа ыдырандысын зарарсыздандыру үшін өзек сағаларында антисептиктер ерітінділерімен мақта анжы қалдырып, уақытша пломбымен жабады.
Екінші қабылдау. Емделуші адам екінші қабылдауға 2-3 күннен кейін келеді. Егер ешқандай шағымы болмаса, уақытша пломбыны алып, нашар өтетін өзектердің өтетін бөліктерін ұлпа ыдырандысынан тазартады және кеңейтуге әрекет жасайды. Нашар өтетін өзектердің түбір ұшы тесігі деңгейіне дейін өтетіндігін тереңдік өлшегіштің (глубиномер) көмегімен немесе түбір инесімен анықтайды (түбір инесінің ұшы периодонтқа жеткенде ине кіріп кеткендей ауыру сезімі пайда болады).
Қажет болса өзекте ине қалдырып, тістің рентген суретін жасау арқылы немесе «Foramatron» типтес электрондық апекслокаторды қолданып анықтайды. Қазіргі таңда барлық стоматологиялық емдеу мекемелерінің ондай аппаратқа қолдары жете бермейді. Эндодонттық аспаптармен кеңейтілген және антисептиктермен өңделіп, кептірілген өзектерді пломбылайды және олардың қатарына бірінші қабылдауда уақытша пломбыланған өзектер де кіреді. Бұл қабылдауда өту және кеңейту мүмкіндігі жоқ өзектерді импрегнациялау әдісімен өңдейді немесе электрофорездеу, депофорездеу әдістерін жүргізіп уаөытша пломбы қояды.
Ұлпа қабынуына қарағанда, периодонт қабынуы кезінде өзектер инфекцияға өте бай болғандықтан электрофорездеу әдісін бірнеше қабат (кем дегенде 3-4 рет) жүргізген тиімді болады.