Ол кісі студенттердің сапалы білім алуын, демалуын, спортпен айналысуын айрықша қадағалады. Ұстаздар мен оқушыларға жасаған қамқорлығы тіпті ерекше болды
Сарыағаш ауданында дүниеге келген Манап Өтебаев Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің химия факультетін бітірген. Еңбек жолын Ташкент облысы, Сырдария ауданында мұғалімдіктен бастаған соң Шымкент политехникумында оқытушы, содан кейін гидромелиоративтік құрылыс техникумында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, директоры болады. Ол басшылық еткен 35 жылда Шымкент гидромелиоративтік құрылыс техникумы республикадағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары арасында нағыз көшбасшыға айналды.
Ол кісі студенттердің сапалы білім алуын, демалуын, спортпен айналысуын айрықша қадағалады. Ұстаздар мен оқушыларға жасаған қамқорлығы тіпті ерекше болды. «Жетімнің маңдайын сипағанға жеті пейіштің есігі ашық» дегендей, облыстағы бес бірдей балалар үйін қамқорлығына алды. №3 балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан ұлдарға жыл сайын сүндет той жасап беретіні күні кешегідей көз алдымызда. Өзі жеті баланың өкіл әкесі атанып, олардың барлығына банктен жеке есепшот ашқанын да ұмыта қойған жоқпыз. Арыстағы, Сайрамдағы №4 балалар үйлерінен жыл сайын он бес-жиырма шақты жасөспірімді колледжге оқуға ақысыз қабылдауды үрдіске енгізген де Манап аға болатын. Осындай қайырымдылық іс-шаралары үшін ол кісі 2000 жылы ЮНЕСКО-ның «Алтын медалімен» марапатталды.
Манап Өтебайұлы басшылық еткен жылдары оқу орны көптеген биік белестерді бағындырды. Лондон, Мәскеу, Санкт-Петербургтегі деңгейлес оқу орындарымен достық байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмасады. Маман даярлаудағы осынау жоғары көрсеткіштері үшін Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінде есімі алтын әріппен жазылды. Еліміз тәуелсіздігін алған соң колледж басшысы оқу орнына заман талабына сай жаңа мамандықтар енгізе бастады. Менеджмент ісі, банк ісі, маркетолог мамандықтары дүниеге осылай келді. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде Бөржар өңіріне өсірген 20-30 гектар бауының жемісін елімізден тысқары, сонау Украинаға дейін апарып сатып, колледжді заманауи оқу құралдарымен қамтамасыз етті. Нарыққа тез бейімделген іскер басшы шағын базар ашып, табыс көзін таба білді. Соның арқасында «Біркөлік» сауықтыру шипажайын жабылудан аман алып қалды. Колледж ұжымының қажырлы еңбегінің арқасында қайта қалпына келтірілген шипажай бүгінде облыс халқына өз қызметін ұсынуда. Меценат ағаның Шымкенттегі орталық стадионды колледж балансына алып, халық игілігі үшін сақтап қалғанынан да жұртшылық хабардар. «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы стадионға Қажымұқан Мұңайтпасов есімін беруге күш салып, жастар арасында спорт және қоғамдық дене тәрбиесі жүйесін қалыптастырып, көптеген іс-шаралардың ұйытқысы болды.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін өтетін қазақ күресі жарысына М.Өтебаев басшылық еткен оқу орны студенттері үлкен жауапкершілікпен қатысатын. Ол кісі облыс журналистеріне үнемі қамқорлық танытты. БАҚ өкілдерінің мерекесінде журналистер жарысын өзі ұйымдастырып, демеушілік жасады.
Кешегі нарық заманында орта және жоғары оқу орындары бірігіп жатқан кезеңде де колледж өз мәртебесін сақтап қалды. Осы жылдары Елбасы Н.Назарбаев оқу орнына арнайы ат басын бұрып, өзін-өзі қаржыландырып отырған ұжымның жұмысын жоғары бағалады, Манап Өтебайұлына алғысын білдірді. Білім беру қызметкерлерінің республикалық кеңесінде сөйлеген сөзінде Президент барлық орта арнаулы және жоғары оқу орындарының басшыларын, мектеп директорларын колледждің іс-тәжірибесімен танысып, жұмыс істеу тәсілін үлгі етуге шақырды. Көп ұзамай колледжді ХҚТУ-ға қосу жөніндегі оспадарсыздау шешімнен Өтебаев колледжін Елбасының өзі аман алып қалды. Бұл да болса Елбасының Манап Өтебайұлының іскерлігіне деген құрмет-ізеті болатын.
Манап аға оқу орнында білім мен спортты қатар алып жүрді. Ол құрған «Арман» футбол командасы қалалық, облыстық біріншіліктерде топ жарды. Кейіннен атауы «Мелиораторға» өзгеріп, республика чемпионы болды. Одан әрі үш маусым бойы Кеңес Одағы чемпионатының екінші тобы «Б» класында жеңімпаз атанды.
– 1980 жылы футболдан КСРО ардагерлер құрама командасы Шымкентке келіп, «Мелиоратормен» жолдастық кездесу өткізді. Әкем КСРО құрама командасының барлық ойыншыларын үйге қонаққа шақырды. Аттары аңызға айналған Э.Стрельцов, И.Нетто, С.Сальников, А.Кавазашвилимен сұхбаттасып отырған әкемнің бақытты жүзін көріп, көңілім толқыды, – деп еске алады ұлы Қайрат.
Оңтүстікке қажетті, зәру мамандарды сапалы даярлаудағы ерен еңбегі және білім саласындағы жетістіктері мемлекет тарапынан жоғары бағаланған Манап Өтебаев «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген халыққа білім беру қызметкері» атағын иеленді. «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, «Тың жерлерді игергені үшін», «Астана қаласына – 10 жыл» мерекелік медальдарымен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Еңбексүйгіштігімен ерекшеленген білікті де білгір басшы облыстық мәслихатқа екі рет депутаттыққа сайланды. Ол – Шымкент, Түркістан, Арыс қалалары мен Ордабасы, Отырар, Сарыағаш аудандарының құрметті азаматы.
Қоғам қайраткері, білім саласының үздігі, меценат Манап Өтебаевтың туғанына 80 жыл толуына, сондай-ақ жоғары жаңа технологиялар колледжіне есімі берілуіне және ескерткішінің ашылуына орай ағымдағы жылдың 14 сәуірінде аталмыш оқу орнында ескерткішінің ашылу рәсімі мен халықаралық конференция өтеді. Ал, 13 сәуірде сағат 17.00-де колледжде футболдан Манап
Өтейбайұлын еске алуға арналған арнайы турнир ұйымдастырылады.
КIСIЛIКТIҢ КЕЛБЕТI
Жетпісінші жылдардың бас кезі. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін қазақ күресінен Баспасөз бен Ұлы Жеңіс күндерінің құрметіне жыл сайын жарыс өтеді. Жарысқа облыстың барлық аудан-қалалары, жоғары оқу орындары, сондай-ақ гидромелиоративтік техникумы қатысады. Жарысты ұйымдастыру, жүлделерді белгілеу мен қатысатын командаларды анықтау, жарыс ережесін дайындау газеттің бөлім меңгерушісі Уәлихан Темірбеков ағаға тапсырылған.
Қазақ күресінен репортаж жазу Уәлихан аға қалаған журналистің еншісіне тиеді. Бұл жолғы қалау маған түсті.
– Дұрыстап, мәнді әрі мазмұнды репортаж жазатын бол. Командалар мен палуандарды шатастырып алма. Дау-дамай көп болады. Ол кезде менімен ақылдас, – деп Уәкең мені жан-жақты пысықтады.
Жарыс ә дегеннен-ақ қызу басталды. Баптаушылар мен жанкүйерлер кілемді айналшықтап кетпейді. Кейде төрешілермен дауласып, ұпайды дұрыс қоймағандардың жанына барып, айқайласады. Солардың ішінде ұзын бойлы, қараторы, шашын жанына қайырған жігіт ағасының қимылы мен жүріс-тұрысы басқалардан ерекше. Тіпті, төрешілерге де тап-тап береді.
– Мына кісі кім? – деп Уәкеңнен сұрадым.
– Ол гидроның директоры Манап Өтебаев деген ағаң. Өзі қызуқанды. Жігіттері үшін жанын беруге даяр. Ол кісімен байқап сөйлес. Ашуы да бір адамға жетерлік, – деді.
Атышулы директормен осылай таныстық. Кейін жарыс біткен соң бір-екі ауыз сұхбатқа көндірдім. Химия-технологиялық және педагогикалық институттардың спортшыларымен текетіресе күш сынасып жүрген тіпті балғын жастардың әбжіл қимылына жарыс барысында риза болғанымды Мәкеңе жайлап жеткізгенімде:
– Шырағым, қазақта «Күш атасын танымайды» деген сөз бекер айтылмаған. Жүзден астам палуан арасында командалық екінші орынға ие болу – жақсы дайындықтың, шебер бапкерлердің арқасы. Көресің, келесі жылы бірінші орынға шығамыз, – деп нығарлап айтты.
«Ат кісінескенше, адам сөйлескенше» деген сөздің мәні тереңде жатыр. Сол күннен бастап біріміз аға, екіншіміз іні болдық. Жалпы, Манап ағаның журналистерге деген көзқарасы айрықша болатын.
– Сендер болмасаңдар миллиондаған халық кімнің кім екенін, биліктегілер мен қарапайым адамдардың ара қатынасының қаншалықты дәрежеде екенін қайдан біледі. Сендер ғой елдің жақсылығы мен жамандығын, мықтылығы мен әлсіздігін, ынтымақтастық пен бірліктің мән-мағынасын дүйім жұртқа жария ететін, – деп біздің азғантай еңбегімізді таудай етіп көрсететін.
Сырткөзге тоңмойындау, тәкаппарлау, бірбеткейлеу, сөзге сараңдау болып көрінгенімен, етене таныса келе оның адами қасиетінің молдығына, қолынан келсе нашарларға, жалғызілікті адамдарға, жетімдерге көмек көрсетуге әрдайым дайын екендігіне көзіңіз жете түседі. Қамқорлығын, моральдық көмегін аямайды. Өз студенттері мен оқытушыларын осыған тәрбиеледі. Білікті, білімді, тәртіпті, әділ азаматтар болып өсуіне үнемі қамқорлық жасай отырып, талап етуді күшейтеді. Техникумға кіре қалсаңыз олай-бұлай берекесіз жүрісті көре алмайсыз. Бәрі өз ісімен мұқият айналысып отырады. Кезекшілер баратын жеріңізге жеткізіп, уақытыңызды ұтымды пайдалануға сыпайы қол ұшын береді.
– Байдулла, саған айтар бір тілегім бар, – деді Манап ағай кабинетіне бір шаруамен барған кезімде. – Сендер, журналистер, жыл сайын мерекелеріңді атап өтесіңдер. Сол күннің қарсаңында маған бір күндеріңді қисаңдар жақсы болар еді.
– Сонда біз не істеуіміз керек? – дедім ол кісіні оншалықты түсіне алмай.
– Бөржар көлінің маңында «Мелиоратор» футбол командасының демалатын мекенжайы бар. Стадион қызметке дайын. Бөлмелер де жеткілікті. Мереке қарсаңында осы қаладағы журналистердің бәрін сонда жыл сайын бір мәрте демалдырсам деген ой бар. Футбол, волейбол, баскетбол, теннис ойнайсыңдар ма, жүгіресіңдер ме, суға шомылып, жүзесіңдер ме, еріктерің. Соны сен ұйымдастырсаң... Қалай, келісесің бе? – деді.
Ә дегенде не дерімді білмей, тұрып қалдым.
– Тамағын да ұйымдастырамын, аш болмайсыңдар, – деді тағы да қосымша.
Аспаннан алақанға түскен қамқорлықтан кім қаша қояр дейсің, келістім. Сонымен әр жылы сол қамқорлықтың куәсі болған көзі тірі журналистер оны жыр қып айтып жүреді.
1996 жыл ғой деймін. Манап ағай кабинетке кіріп келді. Орнымнан тез көтерілдім. Дзержинский аудандық партия комитетінің үйін телерадиокомпания қарамағына алғанымызға үш-ақ күн өткен. Менің қолымды алар-алмас, есіктен төрге дейін адымдап жүре бастады.
– Мәке, жайшылық па? – дедім оның мына жүрісіне таңданып.
– Жайшылық, отырған жеріңді көрейін деп едім. Көрдім, құтты болсын, – деді де шығып кетті.
Шамасы екі сағаттай уақыт өтті-ау деймін. Екі кілемді көтерген зіңгіттей төрт-бес жігіт кіріп келді де, столдарды олай-былай қозғап, кілемдерді төсей бастады. Керемет қызылды-жасылды үлкен екі кілем кабинеттің ішін тұтастай қамтып, сәнге бөледі де жіберді.
Сәлден соң телефон шылдыр етті. Көтердім.
– Кілемдер ұнады ма? Саған деген байғазым ғой. Айтпады деп ренжіме. Айтсам, алмайтыныңды білдім. Құтты болсын! – деді де трубканы қойды.
Манап ағайдың кезінде «Мелиоратор» командасы Шымкентте ойнаған әр кездесуінің екінші таймынан толық репортажды сол күні түнгі сағат 23.00-де беріп тұратынбыз. Бұл бір жағынан жанкүйерлерге деген қамқорлық болды. Сүйікті командасының ойынын сол күні-ақ көру – олар үшін қуаныш.
Манап ағайдың өмір қырлары сан алуан. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген асыл сөз осы Манап Өтебаевтай жаны да, жүрегі де таза, адам деген жоғары атақты кір шалдырмай алып жүре білген аяулы, ақылды, қарапайым, әділ, батыл және қайырымды адамдарға арналғандай.
Тірі кезінде басқаларға қуаныш сыйлау, қамқор болу, сөзімен ғана емес, жанды ісімен жәрдем қолын созу – кісіліктің келбеті. Кісілік пен кішілікті, ізеттілік пен инабаттылықты, жомарттық пен сақылықты өміріне серік еткен Манаптай азаматтар тірілердің дәреметімен мәңгі есте сақтала берері ақиқат.
Байдулла ҚОНЫСБЕК, Қазақстанның құрметті журналисі, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.
Өтебаевтың өнегесі
1976 жылы «Спартак» спорт кешенінде аға жаттықтырушы болып жұмыс істейтінмін. Спортшы досым Болат Назаров мені гидромелиоративтік құрылыс техникумының директоры Манап Өтебай-ұлымен таныстырып, «мықты футбол командасын құруыңызға осы жігіт көмектеседі» деді. Ол кісі «сенің ойының маған ұнайды. Қалай ойлайсың, егер футбол командасын құрсақ, қала біріншілігінде 1-орын ала аламыз ба?» деді. «Иә» деп нық жауап бердім. «Облыста ше?». «Аламыз!». «Республикада ше?». «Әрине! Маған сенім білдіріп, жағдай жасасаңыз, қалай жұмыс істейтінімді дәлелдеймін» дедім.
Осылайша талантты спортшыларды техникумға оқуға қабылдап, «Арман» футбол командасын құрды. Манап аға барлық жағдайымызды жасады, тіпті жеке автобус сатып әперді. Біз де уәдеде тұрып, қалалық, облыстық біріншіліктерді жеңіп, республикаға жолдама алдық. 1977 жылы облыс басшысы Асанбай Асқаров екі футбол командасын біріктіріп, «Мелиораторды» құрды. 1980 жылы республика чемпионы атандық.
Мәскеуде футболдан жаттықтырушылар даярлайтын жоғары мектепте екі жыл оқығанымда ұшақпен арнайы ұшып келіп, «Мелиоратор» командасының ойындарына қатысатын едім. Манап ағаны мәскеуліктер жақсы білетін. 1985-87 жылдары қатарынан үш маусым бойы Шымкенттің «Мелиораторы» Кеңес Одағы чемпионатының ІІ тобы Шығыс аймағы бойынша бас бәйгені ешкімге бермеді. Осы жерде назар аударатын нәрсе – Кеңес Одағы бойынша бірде-бір жоғары және орта оқу орындарынан «Мелиоратордай» футбол командасы шыққан жоқ!
Иә, ол футболды да, 15 жыл бойы команданың бас бапкері болған мені де өте жақсы көрді. Ұлағатты ұстаз, парасатты педагог ретінде үнемі қолдау көрсетіп, мерейімді өсіріп отырды. Адамгершілігі мол, өте ақылды, деңгейі жоғары, дарқан жүректі жан еді. Алдымен өзінің емес, футболшылардың жағдайын жасайтын. Техникумда еден жуушы болып істейтін апайларға пәтер әпергені есімде. Қажымұқан атындағы орталық стадионның салынуына ықпал етті. Жарыстың алдында түнгі сағат 3-те қоңырау шалып «Бақтияр, ертең ойын ғой, мен қобалжып, ұйықтай алмай жатырмын» дейтін. Екеуміз бір-бірімізді рухтандырып, алдағы жеңістерге сенімімізді шыңдап отыратынбыз.
Әлгінде айтқанымдай, 1985-87 жылдары қатарынан үш маусым бойы командамыз КСРО чемпионатының ІІ тобы Шығыс аймағы бойынша бас бәйгені жеңіп алды. Ал, 1988 жылы 3-орынға түсіп қалғанымызда маған ренжіді. Мен 1-орында ұзақ уақыт тұрақтап қалу мүмкін еместігін түсіндірдім. Спортшылардың денсаулығы сыр береді, отбасында түрлі жағдайлар болып қалады дегендей. Сол тұста Алматыдағы «Қайрат» командасынан ұсыныс түсіп, ауысып кеттім. Әйтсе де, ағамен қатынасымыз үзілген жоқ. 2007 жылы футболшыларды Алматыдағы «Алатау» санаторийінде күтті. Дастарқан басында «Бақтияр менің бағым екен. Ол барда абыройым күшті, кімсің – Манап Өтебаев едім. Бақтияр кетіп еді, командада береке қалмады» деді. Адамның қадіріне жетіп, бағалай білетін кісі ғой...
Манап аға Оңтүстік Қазақстан облысының футбол федерациясын ұзақ жылдар басқарып, футболды өркендетуге айрықша үлес қосты. Мемлекет тарапынан қолдау болмаса да осыншама уақыт команданы ұстап тұру дегеніңіз ерлікпен пара-пар іс!
Тәрбие сағаты
Тақырыбы: «Наурыз – мерекем, Наурыз – берекем!» ЕА 01-22 тобы