Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында



Дата04.11.2016
өлшемі198,88 Kb.
#264
Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы

Филология ғылымдарының докторы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің профессоры


Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында

Олжабай Нұралыұлы 1881 жылы Ерейментау өңіріндегі Қоржынкөлдің «Шешен» деген аулында дүниеге келген. Әкесі Нұралы жиырма бес жасында болыс болған, ауыл-елге сыйлы адам екен.

Олжабай ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында бүгінгі күні екі ұдай пікір қалыптасып отырғандығы бар. Оны өзінің ұрпақтарының кейбір әбес қадамдарынан деп ұққан жөн. «Олжабай Нұралыұлы шығармалары» деген кітап жарық көрді. Сол кітаптың кіріспе сөзінде ақынның ұрпағы Әлихан Барлыбаев ата намысын қорғаймын деп қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі С.Сейфуллинге орынсыз тиісіп, атын қаралаған тұстары бар. Онда ұлы ақын туралы: «Талай жылдар дәмдес, сыйлы қонағы болып, төрінде отырған, бірге сырласып, жекжат болып жүрсе де Бөгенбай ұрпақтары Олжабай, Барлыбай, Төлебайларды орынсыз балағаттап, таптық жау ретінде суреттеген»,- дейді. Бұл орынсыз айтылған сын. Тарихи оқиғалардың куәгері болған, бәрін өз көзімен көрген адамның жазғанының тарихилық сипаты әрқашан сақталады. Бұған бір жолғы Сәкен мінездемесі де аздық етпейді.

«1916 жылы елдерін қақсатып жылатқан екі болыстың үстінен 120 шамалы арыз келді»,- дей келіп, үстінен 120 арыз берілген екі болыс уездік комитеттегілерге өте белгілі адамдар еді. 1916 жылы елді шулатқандары жұрттың құлағынан әлі де кеткен жоқ. Бұларға сот жасамаған соң, Ақмоланың облыстық Қазақ комитетінің өзіне көңіліміз енді мүлде толмайтын болды. Бұл екі жауыз болысқа ештеңе істемеген соң, облыстық комитет «жауыздыққа қарсы болады» деп ойлаудан қалдық. Және облыстық комитеттің мүшесінің бірі, әлгі екі болыстың бір інісі Төлебай еді»,- дейді.

Сонымен қатар, Сәкен Олжабайға нақты мінездеме берген. «Олжабай сөзге шешен, пысық адам болған соң, алғашқы патша түскен кезде Ақмолаға келіп, жиылыстарда сөйлеп, аз уақыт «көсемдік» қылған. Сол қарсаңда Омбыда болған облыстық съезге өз бетімен барып, өзінің ауылдағы інісін облыстық қазақ комитетіне мүше қылып өткізіп кеткен. Елінен, үстінен сексен шамалы арыз келген соң, Олжабай қолға түспей, Ақмоладан қайтып кеткен» дегендерінің шындық екенін біз Омбы архивінде сақталған деректерден көреміз. Сәкен ғұмырнамасын жазған Т.Кәкішев: «Қанжығалы елінің болыстары Олжабай Нұралин мен Әлкей Байменовтер патша ағзамға адал берілгенін айрықша танытты. Өздерінің сөзін екі қылмайтын және олжаға ортақтасатын Тұрсынбай мен Мұқан Ералиндер, Төлеубай Барлыбаев, Махмет Боқтаев, Жәкен Шопалаев, Зілқара Өтеубаев, Шарке Байменов, Рақымжан Кәрібаев, Тәшкей мен Жүніс Төлеповтер, Қайырдан мен Мағрипа Айтмағамбетовтер, Істібай Қарпықбаев, Шабдыр Бекбергеновтер Қоржынкөлдің 2,4,5,8 ауылдарына қамшы үйіріп, шаш алудың орнына бас алып, он тоғызға жеткенді де, жетпегенді де, отыз бірден асқанды да, аспағанды да, 42 жасқа дейінгілердің бәрін тізімге тізіп, көгендеп берді. Жұмысқа бармаймыз деген Сәкен Сейфуллин мен Мақажан Байдильдин мен Ескендір Жақсыкеев сияқты ер-азаматтарды ұстап беріп жатты»,- дейді.

Әрине қиын қыстау кезде әр пенде әрқилы әрекетке барады, бірақ соны уақыт өткеннен соң болмағандай, не бұрмалап айту жараспайды. Тарих ешкімді де бұлтартпайды.

Олжабай ұрпақтарының ата өміріне бірыңғай жаны аши қарауы, елге жасаған қиянаты мен әрекеттерін сынамауы, өткен замандағы теріс әрекеттеріне көз жұмып, тарихи деректерді жоққа шығаруға тырысулары Олжабай мұрасын дұрыс түсінуге кедергі тигізері сөзсіз.

Жаңылмайтын жан жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ: Олжабай да өз кезінде қателесіп, басына ауыр күн туғанда кінәларын толық мойындаған ақын. Ақын өткендегі қателіктеріне қарап шығармаларына дәл сондай баға берсек, біздікі де ағаттық болар еді.

Олжабай ақынның жоғарыда аталған кітабы туралы жазушы Нәбиден Әуталиповтің «Түркістан» газетінде сын мақаласы шықты. Мұнда да ақын шығармаларына ұрпақтары тарапынан жасалған жанашырлық жайлар қатты сыналады. Сөзміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірелік: «Сәбит Дөнентаевтың «Қайтып қарғыс алмайсың» деген белгілі өлеңін сол бойынша көшіріп алып, «Жігіт-ақ» деген атпен /68-бетте/ осы жинаққа бергеніне таңданып отырмыз. Кітаптағы «Қыз келбеті» /14-бетте/, «Мақпал» /15-бетте/ атты екі өлеңі де оқырманға едәуір күмән туғызады», дей келіп, бұл екі өлеңнің авторы басқа адам екенін атап айтқанда, қызылжарлық Әмірхан Сүйінұлының (1836-1901/ «Ғазиза қызға» /1852/, «Жәмила қызға» /1861/ деп шығарған ғашықтық өлеңдері екенін алға тартады. Әрине осындай күдікті жайдың да кездесуі әдебиет тарихына қайтып оралайын деп отырған Олжабайға абырой қоспайтынын кейінгі ұрпақтарының түсінбегені өкінішті.

Өмірінде талай қиын-қыстау кезеңді басынан өткеріп келе жатқан Олжабай ақын 1928 жылы конпескеленіп, алғашында Ақтөбе облысына, кейіннен Атырау облысының Қызылқоға ауданына жер аударылады. Шаңырағымен айдауда жүрген ақын 1932 жылғы аштыққа ұшырап, Омбы өңіріне қайтып оралады.

Олжабай шығармаларының көпшілігі Омбы жерінде сақталған. Біз негізінен оның ел аузындағы шығармалары мен баспа бетін көрген туындыларын сөз етеміз.

Олжабай айрықша назар аударып, зерттеуге тұратын ақын. Оның шығармаларының қолжазбасы үш том болып Қазақстан Ұлттық Академиясының қолжазбалар қорында сақтаулы тұрғанын да айта кету керек.

Ақын 1935 жылы Орынборда оқып жатқан Қазыбек атты баласын алып келе жатқанда, Қызылжар қаласында демікпеден қайтыс болған. 1994 жылы ақын сүйегін Қазыбек ақсақал Ерейментаудағы ата-баба зиратына жеткізіп, үлкен там салған көрінеді.

Ертістің Омбы өңірінде Олжабайдың мына шығармалары сақталған. «Абылай қалай хан болған?» - тарихи дастан, 486 тармақ, 121 шумақтан тұрады; «Сағындым» жыр-толғау, 192 тармақ, 48 шумақ; «Құдайға айтқаным» - өлең, 60 тармақ, 15 шумақ; «Өмір туралы» - өлең, 34 тармақ, 8 шумақ; «Елге сәлем» - өлең, 20 тармақ, 5 шумақ, т.б. толып жатқан ірілі-ұсақты шығармалары бар.

Олжабай Нұралы баласы, Нұралының әкесі – Саққұлақ шешен, Саққұлақ жасы ұлғайған шағында Нұралыдан туған Олжабайды жастайынан шешендікке баулиды. Омбының Ертіс өңірі мен Сарыарқада Олжабай айтты деген сөздер де баршылық. Ол шабытты ақындығымен қатар, суырып салма тапқырлық сөздерімен де елге атақ-даңқы жайылған. Омбы, Түмен, Новосібір облыстарында қазақтар арасында Олжабайдың «Ағаштың түбі бірге, бұтақ басқа» деп аталатын өлеңі кең тараған.

Ағаштың түбі бірге, бұтақ басқа,

Ұқсайды адам ата сол ағашқа.

Қанжығалы Ішпектен есіп жүріп,

Жапардан айрыламыз төрт арыс та.

Жиестен тарайды екен менің атам,

Әлдеуін батыр екен одан туған.

Баласы Әлдеуіннің Ақша батыр,

Ақшадан асып туған Ер Бөгенбай,

Ер қамын Едігедей жер Бөгенбай.

Қалмақты қысқа түнде қырық шапқан,

Тұраналы Бөкеңнің бел баласы,

Бапан би одан туған ел данасы.

Бапаннан Саққұлақтай адам туды,

Қазақтың атын білмес қай баласы.

Сәкеңнен менің әкем Нұралы туды,

О дағы ата-бабам жолын қуды.

Тіреліп ақырғы өмір Олжабайға,

Жегізді ащы тұрмыс заһар уды.

Атандым бақытты Олжабай, сорлы Олжабай,

Болсам да сол заманда Көкшетаудай.

Осы айтылған шумақтардан Олжабай Нұралыұлының тегі туралы нақты деректер аламыз. Негізі Олжабайдың ақын ретінде көзге түсіп, ерекше шығармашылықпен айналысқан кезеңі 1916-1935 жылдар аралығы.

Ақынның шығу тегінен хабар беретін мынадай дерек бар. «Саққұлақ шешеннің жеті баласы болған. Осы жеті баланың ішінде Нұралы, Ерәлі деген екі баласы өзіне ұқсаған шешен болған. Олардың бәрі де ескіше оқыған, сауатты, әрі ақын екен. Ерәлі /1846-1932/ суырып термелейтін төкпе ақын деседі. Оның «Жантай» деп аталатын дастанын /Жантай – Абылай ханның бас батыры/ С.Сейфуллин «Әдебиет майданына» жариялаған болатын.

Өмірінің соңғы кезеңін қуғында өткізген ақын көңіл-күй лирикасының тәуір үлгілерін туғызған. «Күйініш», «Адасса адам», «Тағдыр сыры», «Алдамшы өмір», «Жалған дос», т.б. жырларынан ақынның қасіретке толы мұңын көреміз. Олжабай ескі шежіреден хабардар, ақын-жыраулар мұрасын да меңгерген, оның озық қасиеттерінен нәр алған ақын екендігін аңғару қиын емес. «Кім білер» өлеңінде:

Қара құрттай қаптаған мал қадірін кім білер?

Қырмызы кәусар толқыған бал қадірін кім білер?

Исі жұпар аңқыған, жер қадірін кім білер?

деген сияқты нақылдар, афористік тебіреністер түрінде Бұқар, Көтеш, Шал ақындарша өмірге, өзін қоршаған ортаға көзқарасын білдірген.

Олжабай ақын басындағы торығушылық оның дүние-мүлкі тәркіленгеннен кейін басталады. «Елім-ай» өлеңінде:

Сені тастап жат боламын, кетемін,

Қош-қош, елім, қош-қош, Арқа белім-ай!

Өлі айрылмай, тірі айрылған күн болды,

Қалған өмір маған қара түн болды,-

деп, рухани күйреуге, дүние, тұрмыстан түңіліп, торығу мен үмітсіздікке түскен сәттері өмірінің соңғы кезіне дейін жалғасқанға ұқсайды.

Адам өмірі, оның ғұмыр жасының өсуін, өзгеруін әдемі жеткізген «Адам жасы» деп аталатын өлеңінде былай дейді:

Жиырма жаста адамзат қасқырға ұқсар,

Отыз жаста жолбарыс күші тасар.

Қырықта арыстандай айбатты боп,

Елу жаста түлкідей айла жасар.

Алпыс жаста адамзат арқандаулы,

Жетпіс-шідер, қол-аяқ бірдей байлаулы.

Сексенде қуат-тамыр, кеуіп-бітіп,

Тоқсанда қу сүйектен қанша аяулы?

Өмір белестерін жырға қосуда оның байырғы ақын-жыраулардан үлгі алғандығын байқаймыз. Академик З.Ахметов: «Бір-біріне жанасымы жоқ сияқты көрінетін екі нәрсенің қандай да бір қасиет-белгілерінен, не қимыл өзгешелігімен ұқсастық, жақындық туып, теңестіруге болатынын атап айта кету жөн»,- деген теңеу туралы. Жоғарыдағы өлеңде де әр жастағы адамның қуаты мен мүмкіндіктері жасының өсіп, ұлғаюына қарай бірде күшейтіп, енді бірде бәсеңсітіп, тұқыртып отыру нақты көрініс алған.

Ақын ағайын арасындағы татулық, ауыз бірлік, адамгершілік қасиеттерді ардақтай білуге көпшілікті шақырған.

Білмеген жақын туыс ата-анасын,

Мал сияқты тойдырған қара басын.

* * *


Жаман бала хайуанның төліне тең.

* * *


Жау дегенің – жақының.

* * *


Досың – күнің, дұшпаның – түнің.

Олжабай ақынның адамгершілік, ағартушылық, ақындық биік мұраттарды айқын көрсеткен шығармалары кезінде мерзімді баспасөз беттеріне де шыққан екен. Соның бірі 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне басылған «Аңшылық» деген өлеңінде:

Тамылжып қарашада ақ қар жауып,

Қансонарда желсіз ауа тыныштанып, - дейді.

Ақын мұнда халықтық үлгідегі бейнелеу тәсілін батыл, орынды пайдалана білген.

Ақын туған жері Ерейментау өңірі табиғатын шеберлікпен жырлаған. «Сарыарқа», «Құсайынның зары», «Елге сәлем» т.б. толғауларында өз мінезіндегі құбылу сезімдерін өмір шындығымен астастыра отырып өнерде шынайы бейнелейді. «Сарыарқа» атты толғауында Арқа жері, табиғаты, салты, өзінің жастық дәурені туралы жырлайды. Қазақ халқының аштыққа ұшырауы, қырылуы, құнарлы жерлерден айрылуын:

Тірі қалған көрерсің,

Мәдени елге кірерсің.

Қонысың болар орыс қаласы,

Қазақ тұрмыс енді жоқ.

Болуға да орны жоқ,

Ағымның солай жорасы.

Халқының болашақ тұрмысын көз алдына елестетеді. Толғаудың өлеңдік қасиеті мықты болмаса да тарихтық, деректік мәні жағынан бағалауға болатын туынды.

Ақын тек өлең, толғау, дастан ғана жазып қоймаған, аудармамен де айналысқан. Толстойдың «Солон сөзі», Жуковскийдің «Туған жерін», Надсонның «Тұқымы бірге ағаш» т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған.



«Абылай қалай хан болған?» тарихи дастаны ақын шығармаларының көрнектілерінің бірі. Оның қысқаша мазмұны мынадай:

«Шыңғысхан әулетінен шыққан атасы – Көркем Уәли, әкесі – қанішер Абылайдың өз аты - Әбілмансұр болған. Қазақ пен қалмақ кезек соғысып жүрген кезде бір жылы қалмақ келіп, Абылайдың елін шауып, бала-шағасын жетім-жесір етеді. Абылай осы топалаңнан қашып, Ұлы жүздегі Төле бидің үйіне кез келген адам екенін біліп жөн сұрағанда Әбілмансұр: «Ата-анам жоқ, біреумін. Атымды да, затымды да білмеймін, қолыңызда тұрып қызмет жасайын»,- деп сұранады.

Әбілмансұрдың көптен сақал-мұрты алынбаған, басында сең-сең сабалақ тымағы. Төле би мен жанында отырған адамдар сенің атың «Сабалақ» болсын деп ұйғарады. Осы күннен бастап Төле бидің қойын бағып жүре береді. Күндердің күнінде Қанжығалы қарт Бөгенбай қалмақпен соғысуға бара жатып, Үйсін Төле биге соғады. Бөгенбай жанына Жантай батырды ертіп келген екен. Сабалақ оңашада Бөгенбайға келіп, өзін Төле биден сұрап, соғысқа әкетуін өтінеді. Батыр Төле биден рұқсат сұрап, Сабалақты қалмақпен болатын соғысқа ала кетеді. Осы соғыста Сабалақ ерлігімен, ақылдылығымен көзге түседі.

Қалмақтар күні бұрын таудың биік шыңына берік қамал жасап, қазақ қолын өткізбейді. Сабалақ жанына жүз жігіт ертіп, түні бойы жүріп, таудың бір шетінен қалмақтың қамалын бұзып, таң ата «Абылайлап!» айғайлап шапқанда қалмақтың алдыңғы шебі кейін қарай шегінеді. Қазақ әскері қалмақты қашырады. Бөгенбай батыр Сабалақтың ерлігіне риза болып, өзі мініп жүрген Нарқызылын атайды. Осы соғыста Сабалақтың «Абылайлап!» шапқан күні оған «Абылай» деп ат қояды. Келер жылы қазақ жүздері басын қосып, тағы да қалмақпен соғысқа аттанады. Он мың қол Орта жүзден, он мың қол Ұлы жүзден, ал Кіші жүзден жеті мың қол соғысқа барады. Қалмақ жайын білуге қасына қырық жігіт қосып, Абылайды жібереді. Қалмақтың қарауылшы он жігітін алдарына салып қуа жөнеліп, жол-жөнекей бәрін де жайратып кетеді. Бұл жайды естіген қалмақтың қонтажысы Уса Серен әскерін жиып, Тұрпанға жетеді. Таудың қапталына ерте бастан бекініп алған қалмақ қолы қазақтың бір батырының жекпе-жекке шығуын сұрайды. Ұлы жүздегі Жаныстың Шақан деген батырының інісі қалмақтың бір батырымен айқасады. Екі батыр кезек-кезек найзаласып, қалмақ батырдың күші басым түсіп, қазақтың батырын жеңеді. Сүйекке екі жақтан шапса да Шақан батырдың басын найзаға ілген қалмақтар мәз болады. Жеңген қалмақ батырларды тағы да жекпе-жекке шақырады. Ешкім дауаламаған соң, Сабалақ рұқсат алып шығады. Қалмақ батырын Сабалақ жеңіп, Уса Сереннің Қырыс деген інісін өлтіріп, бір апта қалмақпен соғыста қазақ әскерлері жеңіске жетеді.

Ол заманда қазақ елі бірлікте болып, бір жеңінен қол, бір жағадан бас шығарып өмір сүрген деседі. Атақты қолбасшылар Еспембет, Матай, Шәкей, Керей Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Бәсентейін Малайсары батырлар тұтас болып, бір елдің сойылын соққанын жырда жан-жақты көрсетеді. Абылайдың батырлар көмегі арқасында кейінірек қазақ қолына басшылық еткені, қол басқарғаны баяндалады.

Ақын дастанында 1740 жылы қазақ халқы Абылайды ақкиізге орап, хан сайлаған жайын сөз етеді. Абылай қазақ қолын бастап тұрғанда Қызылжардан бастап, Ертіс суының бойы, Қарқаралының айналасы, Аякөз суының бойы – түгелімен қалмақтан тазартылып, қалмақтардың Тарбағатай тауынан асыра аластатылғаны жайында қызықты баян етіледі.

Бұл тарихи дастанда Қанжығалы Олжабай Абылай туралы шебер, бірден-бір үздік жырлады деуден аулақпыз. Әрине, Абылай туралы жыр-дастандардың бәрі сақталмағаны, көбінің кітап болып басыла қоймағаны тағы бар. Олжабай бұл жырды осы ғасыр басында жазса да, хан туралы дастанында Абылай бейнесін жасауға тырысқан. Олжабай жазба поэзияның жетегіне іліккен ақын болғандықтан да шешен сөйлеу мен шебер айтуға кішкентайынан баулынса да келісті түйіндеу, үздік дастан жазып кетуді шарт санамаған.

«Абылай қалай хан болған?» тарихи дастаны басқа да тарихи дастандар сияқты халқымыздың азаттық жолындағы күресін, ерлігін, жаугершілік дәстүрлерін көрсетеді. Бұл дастанды оқыған адам халқымыздың ерлік тарихынан сабақ алады. Ақын өзінен бұрынғы жырлап кеткен ақын-жыраулардың Абылай туралы жыр-дастандарына сүйене отырып, дәл сол әңгімелерге құрылмаса да көп жағынан толыстырып, қайтадан тыңнан жырлаған деп есептеген жөн.

Авторы белгісіз «Абылай хан» атты дастан тағы бар. Оның мазмұны біздің қолымыздағы Қанжығалы Олжабай дастанының оқиғаларымен желілес, жырлау дәстүрі де бір-біріне жақын болып келеді. Екі дастан да Сабалақ туралы ел аузындағы аңыздар мен әңгімелер негізінде жырланған. Онда да Сабалақтың қалмақтармен қалай күрескені, қалай хан тағына көтерілгені жайында баяндалады. Абылайдың сол заманда ұстанған саясатына оң баға беріледі. Дастанда хан болатын жігіттің іс-әрекеті, ұстанған саясаты әрдайым халық тілегімен сай келгені дәлелді көрсетіледі. Бұл жағынан ақын эпикалық жырларға тән әсірелеуді қолданып отырған, бірақ жырдың өн бойында әсірелеу аздау. Болған оқиғаға тарихи негізде баға бере баяндалған.

Олжабай дастаны басқа осындай дастандармен тақырыптас, өзектес болғанына қарамастан оны қайталамайды. Ақын Абылайдың елі, жері үшін жасаған ерен еңбегін тарихи тұлға ретінде толық көрсете алған.

Абылайды алты алаш біледі. Дегенмен, Абылай қарамағында болған Бөгенбай батырдың ұрпағы болғандықтан Олжабай Нұралыұлы ұлы ханды өзінше жырлауы – заңды құбылыс. Дастан оқиғалары қызық. Әсіресе Абылайдың ерлігін сипаттайтын тұстары тартымды да әсерлі.

Шулады қазақ қолы алғыс беріп,

Сабалақтың кетіпті түсі өзгеріп.

Ішке қанын тартқан сұрғұлт түсі,

Қандыбалақ қырандай үңірейіп,-

дейтін жолдарда Абылайдың жеңіске жеткен тұсы аса бір жылылықпен, сүйсінгендікпен айтылады. Дастанда Абылайды қыздыру, қайрау, әруаққа сиыну, атын атап ұрандау суреттері сәтті жырланған. Қазақ батырлары Абылайды пір тұтады.

Олжабай ақын ханның балалық шағындағы ауыр күндерін суреттеген тұстарында, басқа да Абылайды жырлаған жыршы-жыраулар сияқты, атақ пен даңққа ханның өз ақылы мен батырлығы арқасында жеткенін айта кетеді. Жоғарыда айтқанымыздай Абылай бірден Абылай болмаған. Әуелі Сабалақ атанды. Көпшілік оның сырт түріне қарап:

Алынбай көптен бері шашы өскен,

Сабалақ сең-сең тымақ көзге түскен.

Кір болып өне бойы тұрғаннан соң,

«Сабалақ» мұның аты болсын дескен.

Олжабай ақынның Абылайдың балалық шағын жырлаған өзге де жыршы-жыраулардың өкше ізін баса, соларға ұқсас етіп жазуы заңды да. Мысалы, Бұқар жырау:

Әбілмәмбет төренің

Арқада жүріп қаңғырып,

Түйесін баққан құл едің,

Абылай атың жоқ еді-ау,

«Сабалақ» атпен жүр едің, –

десе, Сүйінбай:

Сенің атың Абылайды,

Әбілмансұр атанып,

От жағып жүрген жерінде

Шайханада көреді.

Сол құлдықтан құтқарып,

«Сабалақ» деген ат қойып,

Төле би алып келіп еді,-

дейді. Осы шумақтардың бәрінде де шындықтың ұшы жатқан сияқты. Өйткені қай заман, қай дәуірде жырланса да сол кездегі ел жайы, жер-су, кісі аттары, уақыты тарихи деректерге сәйкес айтылып отыр.

Абылай туралы жыр-дастандардағы ұрыс эпизодтары, кейіпкерлердің іс-әрекеттері бір-бірімен соншалық ұқсастықта сипатталады. Абылай туралы жыршы-жыраулардың Олжабай ақын жырлаған нұсқасында көп эпизодтар ұқсас болғанымен кейбір адам аттарында айырмашылықтар кездеседі. Әр түрлі нұсқалардан бірер мысал келтірелік. Алғаш жауға шапқанын Олжабай Абылай атынан былай сипаттайды:

Бата бер, хан мен қара, мен барайын,

Құдай жазса қалмақтан кек алайын.

Өлсем – шәйіт, өлтірсем – қазамын ғой,

Қазақтың намысы үшін жан қияйын.

Шәді төре Жәңгірұлының «Абылайдың қалмақты қашырғаны» деген жырындағы:

Абылай жау шетіне жалғыз шықты,

Қазақтың намыс болып бұл жұмысы.

Айғайлап тұрды сонда «Талапкер» деп,

Дауысын алыс-жақын есітті көп,-

деген жолдар Абылайдың ерлігімен қоса, адамияттылықтың қасиеттерін де алға тартады.

Төле би бір жаққа асқа барады. Сабалақты сынамақ болып, сарқыт ала келеді. Келсе, бала ұйықтап жатады. Жолдасына оянған соң, мына басты қолына ұстат деп тапсырып кетеді. Оянған Сабалақ жан-жағындағы барлық бақташыны жиып, біріне құлақ, біріне көзін беріп, құлағының бір жапырағын ғана өз жейді. Төле бидің жолдасы ырым қылып неге бәрін өзің жемедің дегенде:

Сабалақ айтты бидің жолдасына:

«Мен тойдым би берген соң ықыласына.

Жолдастың бірі – құлақ, біреуі – көз,

Дұрыс па оларға бас қимасыма?»,-

деген екен. Бұл сөздерден Абылайдың ақылын, ұлылығын, болжағыштығын көруге болады. Қарапайымдылық, кішіпейілділік Абылайдың хан көтерілуіне дейін жеткізеді. Абылай бұл шығармада тарихи тұлға ғана емес, сәтті сомдалған әдеби қаһарман дәрежесіне көтерілген. Олай дейтініміз: сан соғыстарда қазақ қолының жеңіске жетуіне септігін тигізгені соншалық, ерлік еңбегімен атақ-абыройға кенеледі, хандыққа жетеді.

Дастанда Абылайдың ерлігі мен еңбегі сөз болып қоймайды, сол заманда өмір сүрген даңқты адамдардың игілікті іс-әрекеті де көрініс табады.

Би тұтқан Қаракесек Қазыбекті,

Әм батыр Қошқарұлы Жәнібекті.

Қанжығалы Бөгенбай бір батыры,

Қаракерей Қабанбай найман текті.

Кіші жүз Арал батыр жеті рудан,

Тама Есет аруақты биі болған.

Бөгенбай табын топтан шыққан батыр,

Абылай хан қарауында бәрі тұрған.

Ұлы жүзде Төле би болып еді,

Жаныс батыр Болтайдан шығып еді.

Үш жүздің баласына ортақ хан боп,

Абылай қарауында тұрып еді,-

Қаншама, дәлдік, әділдік! Ақын болған істі бәз қалпында баяндайды. Бұра сөйлемейді, іш тартпайды. Қазақ асылдарының бәріне бірдей қарайды. Егер осындай бірлік болмаса қазақтар қалмақты жеңе алмас еді, Абылай халық қалаған хан болмас еді. Үзіндіде айтылатын батыр-қолбасшылар есімдері тікелей Абылай атымен байланысты айтылады. Абылай бейнесін ана түсуде бұл ұлы адамдар ісі жырға әжептәуір көркемдік өң берген.

Тағы бір ескеретін жай: тарихи дастанда жер-су атаулары жырдың тарихи сипатын ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, Балқаш, Түркістан, Көкшетау, Ертіс, Қара теңіз, Алтай, Қазан, Талқы, Құлжа т.б. жер-су атауы бар. Бұлардың бәрі де Абылай іс-әрекеттерімен байланысты айтылып отырады, сипатталады.

Дастанда жау батырларының да ерлігі, ірілігі орынды сипатталады. Оларға жөнсіз өшпенділік көрсетілмейді. Егер жекпе-жек егесте теңдесімен белдеспесе Абылайдың батырлығы дәлелденбес еді.

Қара қасқа аты бар бурыл сақал,

Еңгезердей айқасып қалмақ кәпір,-

дегенде қалмақ батырының кәнілігі, жаужүректілігі жеткізіле суреттеледі. Расы кейбір тармақтарда жауласқан елдер арасындағы өшпенділік пен кек, өзара аяусыз тілі ащы, уытты болып келеді. Оны заңдылық деп қана бағалау керек.

Жырда поэзияға тән көтермелеу, кемсіту, асқақтық жиі кездеседі. Бірақ бұдан оқиғалар мен кейіпкерлер іс-әрекеттері шындықтан шығып кетпейді.

Абылай хан туралы жыр-дастан, аңыздардың ішінде Олжабай ақынның жырлағанына ұқсас «Абылай хан» деген авторы белгісіз қисса бар.



Авторы белгісіз нұсқада:

1. Қол жинап бата берді таңдап қарт Бөгенбай,

Астына атын берді таңдап қандай.

Жылқының Нарқызылым тұлпары еді,

Мен қартайдым шырағым, соған орай.

2. Шырағым, көзің отты бала екенсің,

Мінезің шын жүйрік хан екенсің.

Жазғытұры қалмаққа аттанамыз,

Соған жүр, керек болар жан екенсің.

Олжабай нұсқасында:

Бөгенбай бата беріп, қолын жайды,

Көпшілік: қолын жайып, «Амин» деді.

Жылқының тұлпары еді Нарқызылым

Шырағым, ырым қылып сен мін деді.

Шырағым, уытты, отты бала екенсің.

Мінезің, құлқың таза дана екенсің.

Жазғытұры үш жүз боп жиналамыз,

Сол жиылысқа керекті жан екенсің.

Бұл шумақтардан басқа да, кейбір тармақтарда екі дастанға ортақ қайталаулар бар. Біздің ойымызша, бұл екі дастанның негізі бар сияқты. Осы екі нұсқада кездесетін ортақ мынадай тармақтар бір: «Шырағым, Нарқызылды таза сақта», «Қоңтажы Уса Серен қалмақ еді», «Әке-шеше ел-жұртым туғаным жоқ», «Атымды кім қойсаң да құп аламын», «Сабалақ мұның аты болсын деген», «Балаға сарқыт алды сынамаққа», «Ас болып би бір жаққа кетіп еді» т.б. толып жатқан ортақтық байқалады.

Қанжығалы Олжабай ақынның «Абылай қалай хан болған?» тарихи дастаны жұрт-жұрағат аузындағы негізгі нұсқа деп тануға лайық. Тағы бір ескеретін жайт: Олжабайдың Абылайды жырлауы ата-бабаларының Абылаймен тұстас, майдандас болғандығынан да еді.

Қанжығалы Олжабайдың «Абылай қалай хан болған?» тарихи дастаны халқымыздың сан ғасырлық ерлігін, елдігін, азаттық жолындағы күресін бірсыпыра шындықпен бере білген шығарма. Жырда қазақ халқы үшін жасаған Абылай ерлігі мен еңбегі жоғары бағаланады.

1993 жылы профессор Е.Өтебаевтың нұсқауымен Қанжығалы Олжабай әдеби шығармашылығына, оның сақталуы мен жиналуына, жариялануына байланысты тапсырма алып, мыналарды анықтаған едік.

Осы уақытқа дейін Қанжығалы Олжабайдың біраз туындылары баспа бетін көріп үлгеріпті. Бұған қуанамыз. Бірақ, әттеген-айы тағы бар. Олай дейтініміз, баспа бетін көрген шығармаларын біздің қолымыздағы ел аузынан жинаған нұсқаларымен салыстырғанда мынадай айырмашылықтар байқалады:

«Жұлдыздың», 1992 жылғы 7 санында Қанжығалы Олжабайдың тарихи дастанының аты «Сабалақ – Абылай хан» деп аталады. Ал, біздің қолымыздағы нұсқада аталмыш дастанның аты «Абылай қалай хан болған?». Біздің ойымызша ел аузындағы нұсқасы түпнұсқа болса керек. Олай дейтініміз, Қазыбек Нұралин жариялатқан нұсқада шығарманың тілі бұрмаланып, әбден түзетуге түскен. Оны төмендегі мысалдармен дәлелдейміз.

Біздегі нұсқада: Жарық көрген нұсқада:

«Абылай қалай хан болған?» «Сабалақ – Абылай хан»

тарихи дастан тарихи дастан

/486 тармақ, 121 шумақ/ /741 тармақ, 185 шумақ/

Ел аузындағы нұсқада кіріспе Жарық көрген нұсқада 22

жоқ. Кіріспе орнына қара тармақтан тұратын кіріспе бар.

сөзбен Абылай өміріне шолу

жасалған.

1. Баязит, Әмір-Темір, Тоқтамыс- Баязит, Әмір-Темір, Тоқтамыс хан

хан,


Бір туыстас түрік руынан Үш қошқардың сүзісі болған

болған сұлтан. сұлтан.

Он төртінші ғасырдың болған Он төртінші ғасырдың мезгілінде,

мезгілінде,

Түрік жұрты дәуірлеп, асып Түрік жұрты дәуірлеп өсіп

шыққан. тұрған.

2. Әр кәмелдің зауалы болған Әр кәмелдің зауалы толған

кезде, күнде,

Үш қошқардың сүзіскен Үш қошқардың сүзісі болған

болған кезі. күнде.

Дін исламның ханының бәрі түрік, Діні – Ислам, бәрінің ханы – түрік.

Майданда бірін-бірі қырған кезде. Майданда бірін-бірі қырған күнде.

3. Әр әулет бөлек-бөлек хан Әр ұлт бөлек-бөлек хан боп кетті,

боп кетті,

Сонымен Алтын Орда күші бітті. Сонымен Алтын Орда күші бітті.

Қырым, татар, қапқаз бен Қырым-Татар, қырғыз-қазақ,

башқортстан, Башқортстан,

Ноғайлы, қырғыз, қазақ, Қапқаздағы Ноғайлы бараба

бараба ұлты. ұлты.

4. Беріректе Абылай хан Берментін Абылай хан болған екен,

Қоныс қып Көкшетауды Қоныс қып Көкшетауды

қонған екен. қонған екен.

Тұсында ханға жолдас батыр Жарына батыр-билер жолдас

болып, болып,

Сол кезде біздің қазақ болған Сол кезде қазақ елі толған

екен. екен.

5. Ұлы жүзде Төле би болып Ұлы жүзде Төле би болған

еді, еді,

Жарыс батыр Ботпайдан Жаныс батыр Ботпайдан

шығып еді. шығып еді.

Үш жүздің баласына ортақ Шапыраштыдан тағы бір

хан боп, Қараш батыр,

Абылай қарауында тұрып Қазақтың жасақтарын құрып

еді. еді.

6. Сол Абылай ортамызға Үш жүздің баласына ортақ

қайдан келген, хан боп,

Қалайша қазақ елі хан Абылай хан қарауында тұрып

көтерген? еді.

Ескі сөзді ескерген жан Әбілмансұр - әуелгі өз аты

азайды. еді.

Сөз еді ұмытылмай қалсын Абылайлап шапқанына

деген. Абылай деді,

Жиырма бірінші буыннан

қосылатын,

Шыңғыс хан тұқымынан

бекзат еді.

7. Кейін Бөген тастаған қолға Кейін бөгіп тастаған қолға

келді, келді,

Мың шамалы кісімен Он мың шамалы кісі екен

іріктелген, Қол бастаған іріктелген,

Жәнібек, Малайсары

Мойын талып келеді алыс Келеді екен мойын талып

жерден, алыс жерден.

Қашқан қалмақ сезініп үдері Қалмақ қашқан сезініп үдей

ұшып. ұшып,

Түйісіп соғысудан қалмақ Келе жатқан қазақ қолын

безген, қалмақ сезген.

Талқы асумен Құлжаға бет Талқы асумен Құлжаға бет

түзеген. түзеген.

Біздегі нұсқа мен жарияланымдағы нұсқаны салыстырғанда мынаған көзіміз жетті. Біріншіден, біздегі нұсқада Қанжығалы Олжабай шығармаларының қайсысын алсаңыз да тілі тым қарабайыр. Екіншіден, өлеңдерінің де, тарихи дастанның да тілінің көркемдік дәрежесі бір-біріне жақын. Ақын қай өлеңінде де болсын өз әлінше ұғымды етіп айтуға тырысқан. Салыстырулар нәтижесінде байқағанымыз, ақынның осы орта өрнекпен жазылған шығармалары көп түзетуге ұшырап, аяусыз күзелген. Журнал беттерінде жарияланған өлеңдері болсын, дастаны болсын өзгеріске ұшырау себебі, жариялаушы ұйқас, теңеулерді көп жерде жанынан қосып жіберген сияқты. Көзге сөлекет көрінеді-ау деген жерлерін қатты күзеп қиянат жасаған.



Халық аузындағы шығармалар көп өзгеріске ұшырай береді. Жариялаушылар Олжабай шығармаларына да түзету енгізу арқылы ата шығармасына жақсылық жасадым деген болуы керек. Бұл ағаттық. Олай дейтініміз, халқы үшін, Отаны үшін көп жақсылық жасаған азаматты шығармалары ортан қол екен деген өлшеммен бағаламаса керек. Қанжығалы Олжабай шығармаларының Омбы жерінде не үшін сақталғанын жоғарыда айттық. Тегінде Олжабайдың артында қалған ұрпақ ақынның қолжазбаларын, күнделіктерін, хаттарын іздеп тауып, зерттесе, ақын өмірбаянының көп сырлары ашыла түсер еді.







Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет