Өмірбаяны мен еңбектері керімбаева Р.Қ., Сембаева Г. П



Дата31.12.2019
өлшемі49,5 Kb.
#54311
ӘОЖ:821.512.122:82-312. 6
М.Х. ДУЛАТИДЫҢ ӨМІРБАЯНЫ МЕН ЕҢБЕКТЕРІ
Керімбаева Р.Қ., Сембаева Г.П.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,Тараз


Мұхаммед Хайдардың ата-бабалары кезінде Моғолстан мемлекетінің құрамына енген қазіргі Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Қырғызстан және Шығыс Түркстан жерлерінде ұлыс бегі, тархан қызметтерін атқарған, өздерінің мұрагерлік иеліктері-Маңлай-Сүбенідербес басқарған. Өз әкесі Мұхаммед Хұсайын Моғолстанның Жүніс ханының күйеу баласы, Ташкентті билеген, анасы Хуб-Нигар ханым-Жүніс ханның қызы.

Әкесі өлгеннен кейін Мұхаммед Хайдар біраз уақыт Бабырдың қолында тұрады. Содан кейін Бабырдың рұқсатымен Сұлтан Саид ханға келіп, оның Қашқардағы сарайында тұрып, сарай қызметін басқарады. Саид ханның Әбубәкірге қарсы соғыстарына қатысады. Жан-жақты білімді, сарай қызметін жетік білетін адам ретінде ханның мұрагер баласы Әбу ар-Рашид сұлтанның тәрбиешісі болады.



Мұхаммед Хайдардың басына қауіп төнгеннен кейін Үндістанға қашады. Ол мұнда ұлы Моғолдар сарайында әскер басы болып, Кашмирді жаулап алу соғысына қатысып, жаулап алғаннан кейін Ұлы Моғолдар атынан біраз уақыт Кашмирді билеп тұрады. Ол осында өзінің атақты еңбегі «Тарихи Рашидиді» жазуға кіріседі.

Қазақстанда ғылыммен мәдениетің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан майталман ғалым, халкымыздың тұңғыш тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулати. Дулатидың еңбектері еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өткеніне үңіле бастаған елдің тарихына өлшеусіз үлес қосты. Күні бүгінге дейін Қазақстан мен Орта Азия елдерін зерттеушілердің, тіптен түркі тілдес халықтардың мәдениетін зерделеген европалық ғалымдардың қай-қайсысын алсақ та, оның еңбегіне негізделгендігін, сілтемелер жасағанын көреміз.

Мұхаммед Хайдар Дулатиді-әйгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнама» дастанының авторы, Жетісу жеріндегі ежелгі Дулат тайпасы әмірлерінің ұрпағы ретінде білеміз. Оның өмірі жайлы деректер де аз, ғалым шығармашылығына мемлекеттік тұрғыдан мән беріп зерттеп-зерделеп жатқан ғалымдар көп. Оның басты еңбегі әлемге әйгілі «Тарих-и-Рашиди» де қазақ тіліне аударылған жоқ, мүмкін ол Дулати шығармасының парсы тілінде жазылып дүние жүзіне тарқап кеткендігінен болар.

Хайдар Дулатидің бабалары кезінде осы елдін тарихында үлкен рөл атқарып, биік мансапқа ие болған Жетісу мен Қашғарды мекендеген дулат тайпасының белгілі бектері болған. Олардың Моғолстан тағына өз адамдарын отырғызған сәттері де болған. Халық қол басқарып, ерлік көрсеткеніне риза болған хан әулеті Шағатай тұсында-ақ ғалым бабаларына Маңлай Сүбе деп аталған осы күнгі Қашғар жерін сыйға тартқан. Олар онда жеке патшалық құрды. Бірақ тақ, үшін таласта Дулат тайпасы да өзгелер секілді өзара тартысқа түскен. Соның салдарынан Қашғарияны ғалымның Мұхаммед Хайдар ныспылы аттас бабасынан Әбу Бәкір Дулати деген тағы бір атасы 1480 жылы тартып алып, Ақсақ Темір ұрпақтары билеп тұрган Орта Азияға кетуге мәжбүр еткен.

«Тарих- и-Рашидиді» Хайдар мырза 1544-1546 жылдар шамасында Кашмирде жазған. Ол екі дәптерден, яғни екі бөлімнен тұрады. Біріншісінде Мәуераннаһрдегі Шағатай әулеті құрған мемлекеттің XIV ғасыр ортасына таман бір жола ыдырап, екіге бөлінуі, Моғолстан деген атпен белгілі болған шығыс бөлігіне Жетісу, Тараз-Талас маңын мекендеген беделді де белгілі тайпа-дулаттардың күшімен дербес мемлекеттің негізі қаланғаны жайлы баяндайды.. 1348 жылы осы мемлекетке дулаттардың қолдауымен Тоғылық Темір (1330-1362) хан болады.

«Тарихи Рашидидің» бірінші дәптерінде Тоғылық Темір ханнан бастап өзін Жаркенттен кетуге мәжбүр еткен Әбд ар-Рашид ханға дейінгі Моғолстанда екі ғасырға жуық уақыт арасында болған тарихи оқиғалар әңгімеленеді.

Ал екінші дәптердің тарихи-мемуарлық сипаты бар. Мұңда ол өз өрмірбаянын тілге тиек еткен, әрі оны бірінші дәптерден бұрын туындатқан. Мұнда автор өзі көріп куәсі болған, басынан өткен немесе естіген жәйттар мен оқиғаларды қаз-қалпында баяндаған.

«Тарихи Рашиди» ұзақ жылдар бойы қолжазба күйінде қалып келгендігіне қарамастан, тарихи деректердің нақтылығы, дәйектілігі, айқындылығы мен шынайылығына орай Үнді, Пәкістан, Ауғанстан, Иран һәм Орта Азияның ғана емес, сондай-ақ Ресей, Еуропа елдері ғалымдарының назарында аударумен келеді.

Мұхаммед Хайдар Дулатиді бiз негізінен тарихшы ретінде танып, бағалап келдік. Солай бола тұрса да, оның ақын, болғандығы жайлы айтылғанымен, поэзиясы жайлы ешқандай нақтылы деректер жоқ.

Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі жылдардың бірінде башқұрт ғалымы Ахмет Заки Уәлиди бірде Берлин кітапханасының қолжазба қорынан Хайдар мырзаның жоғалдыға саналған «Жаханнама» атты дастанын кездестірген. Оқи, зерделей келе ол дүниенің шынында да Мұхаммед Хайдар Дулатидідың қаламынан туғанына көзі жетеді.

Молла Умар ибн Молла-Қажы деген кісі 1814 жылы көшірген «Жаханнама» дастаны 125 беттен тұрады. Поэмада Шahcayap патшамен Жиһанбану ханымның Фирузшаһ атты жалғыз ұлы бірде түсінде елі мен жері түгілі тегі де белгісіз бір сұлуға ғашық болады. Жас шаһзада ол жайлы әкесінің уәзірі Сәлімнің баласы Фируз-рейге айтады. Ғашықтық оты жүрегіне мұң байлаған Фирузшаһ аң аулап көңіл көтеріп жүреді, бірақ ғашығын ұмыта алмай құса болады.

Сөйтіп жүргенде бірде жаһан түзде жайылып жүрген жалғыз киікті ұшыратады. Бірақ киік оны адастырып кетеді. Киікті қуып жүріп ол Гүлстани- Ирам бекінісінде тұратын Перизат атты ханшаға тап болады. Ол перілер елінің патшасы Тадж бахыт пен Маһру ханымның қызы екен. Арудық әкесі «ұйықтап жатқан сұлуды қызықты аңыз, әңгімелер айтып үш рет оята алсаң, саған берем»,- дейді. Фирузшаһқа қыз әкесінің талабын орындауға ұйықтап жатқан қыздың қасындағы патшаның тағы, шарап құйылған шөлмек, шамның пілтесі көмектеседі. Тақ әуелде Ніл алқабының талы болғанын, өткелектен өте келе таққа айналғанын әңгімелесе, Шәһзада оған керісінше бір кеспек ағаш қабығы жонылып, өзегінен ісмер ғалым, зергер және тігінші үшеуі сиқырлықпен керемет сұлу қыз бейнесін жасағанын айта келе, «қыз сонда әлгі үшеуінің қайсысының үлесіне тиеді?»-деп қарсы сұрақ қояды.

Кезек енді шарап құйылған шөлмекке келеді, ол таудың бір жартасы екен. Сонда ол өзінің қопарылып, тұрған жерінен әкетілгенін, қашалып, ақыры шарап құятын шөлмекке айналғанын, өзіне сұлу қыздың еріні тигенін баяндайды.

Сонда шаһзада оған жауап ретінде ғажайып сұлу қызды перінің ұрлап әкеткенін, оны төре, сарбаз және тастан түйін түйетін шебердің, құтқарғанын айта келе, «қыз сонда солардың қайсысына тиесілі?»-деп тағы бір сауалды ортаға тастайды.

Үшінші боп сөйлеген шам пілтесі де өз тарихын баян етеді.Әуелде ол жайылып жүрген қой екен. Сонан оны сойып, жүнінен ханшаның бөлмесін жарық ететін пілте жасапты.

Шәһзада оған да бір-біріне ғашық екі жастың хикаясын әңгімелей жөнеледі де, бір қатыгез қарақшы екеуінің басын шауыпөлтіргенін,соңынан оларды тірілтемін деп әлек боп жүріп бір жолаушы олардың бастарын шатастырып алғанын айта­ды. Сонда «сұлу қыз осы екі жігіттің қайсысына тиісті?»-деп тағы да сауал қояды.

Шәһзада қойған уш сұраққа жауап беру үшін қыз үш рет оянуға мәжбүр болады. Сөйтіп ол патша қойған шартты толығынан орындап, ғашығына үйленген соң, қыз еліне досы Фирузрей де шақырылады. Той өткен соң ол қызды алып досымен бірге еліне кайтады. Әкесі өлген соң таққа отырып патша болады. Арада біраз жыл өткен соң әлгі сұлу қайтыс болады. Денесін перілер еліне әкетіп, ешкім білмейтін жерге апарып жерлейді. Аһ -ұрып қайғыға бөленген Фирузшаһ мемлекет ісін тастап, торығуға түседі. Соңынан баласы Фарух Сауарды нағашысына жіберіп, шешесінін, қай жерге жерленгенін біліп келуді тапсырады. Бірақ одан ешнәрсе шықпайды, Фирузрей патшаға тақтан бас тартып, оны баласы Фарух Сауарға беруді ұсынады. Ол келіседі. Қайғыдан қан жұтқан патшаның сүлдесі қалады. Бірде көңіл сергіту үшін ол аңға шығады. Киік оны ханым жерленген жерге әкеледі. Сол жерде Фирузшаһ тақайтыс болады.

Дастанның қысқаша мазмұны осындай аяқталып «Алғы сөз» бен «Соңғы сөзде» Хайдар Дулатидің өмірі жайлы да нақтылы деректер бар екендігі дәлелденген. Мысалы ол онда хан екеуінің Әнді жанға, сонан соң қалың қолмен Қашғарға жасаған жорығы,Әбу Бәкір мырзаны биліктен айырып, тақты тартып алуы, яғни қысқаша айтқанда, «Тарихи Рашидидегі» өз өмірі жайлы деректерді қайталаған.

Мұхаммед Хайдар Дулати өз шығармаларын жазуға үлкен дайындықпен келіп, жиналған материалдарын белгілі бір принциптер бойынша оқырмандарға ұсынғандығы дәлелденген. Шығармамен етене танысқан адам оның хронологиялық, проблемалық принциптерді қолданғанын байқайды. Мұндай принциптер зерттеушілерге ғана тән қасиет болып табылады. Олай болса, Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақ хандығының алғашқы кезеңдеріндегі тарихын тек баяндап қоюшы емес, сонымен бірге оны жүйелеп, материалдарын екшелеп, өз заманының талабына сай келетін зерттеуші болып саналады.

Сол себепті де «Тарихи Рашиди» еңбегінен біз Қазақ хандығының алғашқы кезеңдердегі тарихына қатысты мол мағлұматтар таба аламыз.

Мұхаммед Хайдар қолбасшы, мемлекет басшысы, философ, дінтанушы, психолог-педагог ғана емес, сонымен бірге дастан жазған ақын, тарихи шығарма жазған ғалым- тарихшы да. Оның қаламынан «Жаханнаме» поэмасы, «Тарихи Рашиди» атты тарихи туынды дүниеге келген. Жалпы алғанда, Мұхаммед Хайдар Дулатидың өмірі мен оның «Тарихи Рашиди» еңбегі тарих ғылымына XІХ ғасырдың 50-шы жылдарынан бері жақсы таныс.



Әдебиет


  1. Р.Кішібеков, Ұ.Сыздықов. Философия. -Алматы: Қазақстан, 2000. -337б.

  2. Б.Садықов. Қазақ жеріндегі философиялық және әлеуметтік саяси ойлардың қалыптасуы мен дамуы. -Шымкент. 2011. -110б.

  3. А.Қасабеков, Ж.Алтаев. Қазақ философиясының тарихына кіріспе. -Алматы: 1995. -181б.

  4. Қ.Жарықбаев. АҚұнанбаев Қазақ халқының ұлы ағартушысы. -Алматы: Білім, 1970-160б.

  5. С.Қалиев. XV-XІX ғасырлар ақып-жыраулардың поэзиясындағы педагогикалық ой-пікірлері. -Алматы:Рауан, 1990-186б.

  6. С.Қалиев. Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. -Алматы:Рауан, 1998-128б.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет