1. Корпускулярлық теория. Бұл теорияны 1704 жылы ағылшынның атақты ғалымы Исаак Ньютон (05.01.1643-20.03.1727) ұсынған. Бұл теория бойынша қызған денелерден жан-жаққа түзу сызықтың бойымен өте майда түйіршіктер тарайды. Егер жарық түйіршіктерінің жолында бір дене кездессе, сол тосқауыл дененің қасиетіне қарай, түйіршіктер одан шағылып кері қайтады, не оған сіңіп қалады немесе одан өтіп ары қарай тарайды. Жарық түйіршіктерінің шағылуы абсолют серпімді шарлардың соқтығысуына ұқсас, яғни түсу бұрышы мен шағылу бұрышы өзара тең болады. Ньютон бұл теориясында жарық құбылыстарын серпімді денелерде болатын құбылыстардың заңдылықтарымен түсіндіруге тырысқан. Бірақ көптеген құбылыстарды (интерференция, дифракция т.б.) түсіндіре алмаған. Сол сияқты көптеген түсініксіз сұрақтарға қанағаттанарлықтай жауап бере алмаған (мысалы, қызған денеден шыққан жарық түйіршіктерінің температурасы жарық көзінің температурасына тең болып, ол түйіршіктер түскен денелерді күйдіріп жіберу керек еді. Бірақ тұрмыста мұндай құбылыс байқалмайды т.б.)