Қасым Аманжолов
Соғыс жылдарынан бастап, өршіл даусымен, қуатты қызу, жалынды екпінімен ерекшеленген ақын – Қасым Аманжолов. Оның «Дауыл» (1948), «Нұрлы дүние» (1950) атты жинақтарына енген өлеңдері, «Абдолла» (Ақын өлімі туралы аңыз) атты асқақ рухты поэмасы қазақ поэзиясының айрықша құбылысына айналды. Қ.Аманжолов шығармашылығы – қазақ поэзиясында бұған дейін болып көрмеген тың эстетикалық игіліктерді әкелді. Бірде бұрқанған дауылды, бірде өрттей шарпынды, сұңғыла сезімтал, мейірбан, кейде ойшыл ақын халқымыздың көркемдік ойын жаңа биікке көтерді.
Қасым Аманжоловтың «Дауыл» жинағына отызыншы жылдардың аяғында жазған, сол сияқты соғыстың алдында және соғыс жылдары, одан кейін де дүниеге келген туыңдылары топтастырылса, «Нұрлы дүниеде» 1945-1950 жылдар аралығындағы жырлары жинақталған. Алғашқысында ақынның шын жүректен шыққан, лирикалық кейіпкердің алуан толғаныстарының басы қосылса, кейінгісіне «саясат» араласа бастаған.
Сол кезеңдегі және жалпы қазақ поэзиясындағы жарқын құбылысқа айналған Қасым Аманжолов өлеңдері – сол дәуірдің шындығының, қоғамдық-саяси ұмтылыстар мен көңіл күйлердің, ел өміріндегі жаңа өзгерістердің, ұлттық көркемдік-философиялық сезіну мен ойлау ерекшеліктері һәм деңгейінің, рухани тынысы мен сипаттарының бейнелі куәсі.
Мәселен, «Дариға, сол қызда» (1946) адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға, алапат сұрапылда арпалысып, өліммен сан рет бетпе-бет келіп, аянбай айқасқан лирикалық кейіпкердің өмірлік мұратындай, айнымас асқақ, асыл аңсарындай елестейтін қызға деген телегей сағынышы, теңіздей тебіренген сезімі бұған дейінгі және өз уақытындағы барлық басқа өлеңдерден өзгеше өрілген, жаңаша бейнеленген. Мұнда сапырылысқан сан алуан өмірлік-көркемдік стихиялар араласа шарпысып келіп, өзіндік күрделі көркемдік әлемге айналған. Өлеңнің көркемдік материалы – соғыс жылдарының шындығы. Сол материал – мазмұн стихиясы бірден көңілге алаң шақыратын тосын дүрбелеңімен, буырқана, аспанға шапшыған асау текті өрлігімен, нәзіктік пен сұлулықты ардақтап аялай білер парасатымен бірден назар аудартады.
Қысқасы, толғанысы да, тұрпаты да тосын, өмірлік те, психологиялық та драматизмге толы, көркемдік болмысы бөлек, философиялық-көркемдік толғамы телегейдей лық толып, тасқындай лекіген аласапыран сезім ширығысымен ширатылған «Дариға, сол қыз» қайталанбас көркемдік әлемімен, лирикалық кейіпкердің тағдырындағы, өлеңнің болмысындағы драматизмімен, символдық-философиялық һәм жинақтаушылық сырымен, парасатты, пайымды психологизмімен, көркемдік құрылысының өзіндік тосындығымен қазақ поэзиясы үшін айтулы жаңалық, лирикамызға қосылған сүбелі үлес болды.
«Серінің сертке таққан семсеріндей» «өлеңнің өткіріне» ұмтылған өрен жүйрік ақынның:
Нұрлы дүние, туған елім,
Жарқылдайсың жас айбынмен.
Бір сен үшін туған едім,
Бір сен үшін жасаймын мен, – деген жүрекжарды толғанысы әр замандағы әр ұрпақтың жан тереңінен шымырлап шыққан сертті сөзіндей, ағынан жарылып айтқан адал антындай естіліп, философиялық парасат-пайымын, толғам-тұжырымын бейнелейді. Кіршіксіз сезім, парасатты патриоттық рух сәулесімен нұрланған асқақ идея тербелген тегеурінді ырғақпен, жалт қаратар жаңа образдылықпен жеткізілген.
Қисыны келсін-келмесін, қайткен күнде де өлеңнің бір қуысына еңбекті, нұрлы заманды қыстыру амалсыздан дағдыға, үйреншікті сарынға айналған кезеңде заманның асқар биігінен осылайша асқақ сөйлеу, туған елдің абыройын арындай, барындай аспанға көтере әспеттеу, әмірін соған арнайтынын ант етіп айту сол кез үшін әрі жаңалық, әрі шығармашылық батылдық деуге лайықты еді.
Жаңалығы – барлық ұлттар үшін ең басты байлық та, бақыт та – кеңес елінде компартия, Ленин, Сталин сияқты көсемдер болып тұрған шақта жаралы жауынгердің аруағын шақырып, жасқанбастан халқын бәрінен биік бағалап, бір елі үшін туғанын, сол үшін өмір сүретінін асқақ пафоспен айтуында, философиялық терең тебіреніспен бейнелеуінде, елін табанның астында жаншылып, шектелуге мәңгі көне беретініне емес, қандай күн туса да, қайраты өшпегеніне сеніп, «жарқылдаған жас айбынымен» келуінде.
Батылдығы – осы ойды бүкпей, бүгежектемей, ақтарып салуында. Осы өлеңі үшін тырнақ астынан кір іздеу кең өріс алған сол кезеңде ақынға кінә тағып, айыптаудың тәсілдері оп-оңай табылар еді. Бірақ бұл жылдары отызыншы жылдармен салыстырғанда, заман сәл де болса өзгере бастаған. Оның үстіне бұл сөзді – бұл ойды айтып отырған қан майданның қақ төрінен қансырап келген жауынгер ақын!
Қан майданда жүріп, шалғайдағы елін, жерін сағынған, сол сағыныштың жалынын баса алмаған ақындар тыныш өмірді тамсана жырға қосқанда, жаппай жырлағанда, олар үшін іңкәрлік сезімнің, сезінудің әсері айрықша екені сол тұстағы жырлардан айқын көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |