2) Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романы Әуезов Абаймен кездесті ме? Әуезов Абай елінде, Абай жерінде, Абай топырағында дүниеге келді. Көзін ашқаннан естігені – Абай әні, тыңдағаны – Абай сөзі, жаттағаны Абай өлеңдері болды. Оның атасы Әуез айналасы құрметтеп «Әу қожа» деп атайтын, Құнанбаймен аралас-құраластығы бар дана қария еді. Оқу-білім дегенде ықыласы бөлек әрі шариғат білгірі Әуезге Құнанбай қажылықтан қайтқан сапарында таза асыл тастан таспиық, жайнамаз және Құран кітап әкеліп сыйлаған екен. Кез келген адамға ықылас-пейілі түсе бермейтін Құнанбайдың сонау Меккеден сыйлық әкелгенінің өзі Әу қожаның тегін адам еместігін көрсетсе керек. Оның Құнанбаймен өзара сыйластығы кейін Абаймен жалғасын тапты. 15 жас кішілігі бар Абай оны «Әукеш аға» деп еркелей атайды екен.
Әуез қожаның шаңырағында өмірге келген Мұхтар Абай дүниеден өткенде небәрі 7 жаста болатын. Алайда, сол жеті жасқа дейін-ақ ұлы ақынды бірнеше рет көрсе керек. Естеліктер соған меңзейді.