3) Ә.Нұршайықов, Ж.Саин, Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, Ғ.Орманов, Т.Жароков т.б. шығармашылығы Әзілхан Нұршайықов Ә. Нұршайықов өзіндік көзқарас-қолтаңбасы бар қаламгер. Ел-жерді көп аралаған, әр алуан адамдармен кездескен, өмір оқиғаларын, кейіпкерлерді де ойдан емес, керісінше, қалың көптің ішінен іздеп, табады. Әр алуан көрініс-жайттардан өзінше байлам-қорытынды шығарып, зерттеп зерделейді. Жазушы шағын жанрдан көлемді туындыға дейін болашақ шығармасының дерек – материалын молынан жинап, естелік – сұхбат, хат жазбаларға да зор маңыз беріп, көңіл күнделігіне түсіре береді. Мұның соңы белгілі: ауызша әңгімеден - роман - диалогқа дейін қалың көпке көркем қалыпта, жүйелі, жинақы, тартымды сипат - үлгіде жетеді. Ә. Нұршайықовтың «Әсем», «Ботагөз», «Ғажайып адам», «Ескі дәптер», «Махаббат жыры» сынды лирикалық повестерінен, «Талқы», «Астық», «Баяндама», «Телеграмма» секілді әңгіме – эсселерінің өзіндік өзгешеліктері бар. Біздіңше, бұл туындылардың табиғаты жазылу әдістері тұрғысынан әр алуан болып келеді (мысалы, ауызша баяндау үлгісі - «Әсем», «Ғажайып адам», «Махаббат жыры», қолжазба хат түрі - «Ботагөз», күнделік сипаты - «Ескі дәптер»). Бірақ, соған қарамастан осы туындыларға тән ортақ белгі- ерекшеліктер: жастардың асыл арманы мен асқақ рухы, биік мақсат-мұраттары мен асыл адамгершілігі, қарапайым да кішіпейілдігі, адалдығы мен ар-ожданы, ұяты мен намысы, сезім сырлары нәзік, шынайы үлгіде баяндалады.
Ә.Нұршайықовтың талант пен тәжірибе тәлімін, көзқарас пен қолтаңба мәнерін танытатын туындысы – «Ақиқат пен аңыз» роман диалогы (1976, 1978, 1980). Осы үшін роман авторына Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді (1980). Романнан журналистік қолтаңба, өткір диалог, нақтылы дерек көздері бірден байқалар еді. «Ақиқат пен аңыз» қалай туды?» деген мақаладан «Жұлдыз» журналының тапсырмасы түрткі болғанын, интервью үлгісі болашақ романның жанры мен стилін айқындағанын аңғарар едік. Роман-диалог үлгісі бұған дейін қазақ әдебиетінде болмағанын ескерсек, күрделі жанр-роман мүмкіндігі зорая түскені танылады. «Ақиқат пен аңыз» - Отан үшін от кешіп, өмірін оққа байлаған, халқымыздың біртуар тұғырлы тұлғасы-Бауыржан Момышұлының бастан өткерген оқиғаларын көркем, сырлы суреттеген туынды. Б.Момышұлы өзі көріп, куәсі болған жайттарды байыпты қарап, жүйелі сөз өтеді. 14 Дерекпен сөйлейді, Ұлы Отан соғысы жауынгерлердің ерлік істеріне, жеңістің маңызынадұрыс қорытынды жасайды. Романның өріс-арнасынан, сұхбат барысы мен сырынан екі түрлі мінез сипатын (бірі-қатал, екіншісі-жұмсақ), ортақ тұстарын (адалдық, сөз бен істегі бірлік) айқын аңғарамыз. Романның диалог үлгісінде өріс алуы жазушыға мол мүмкіндіктер берген. Алдымен, Ә. Нұршайықовтың өзі де толарсақтан қан кешіп, қалам ұстағандықтан-соғыстың қасіреті мен шындықтарын жетік білсе, кейінгі кезекте Б. Момышұлының батырлық болмысы мен қаһармандық ерліктерін әр алуан оқиға, түрлі шегіністер дерек пен дәйек көздері, тәлімтәрбие арналары негізінде көркем, шыншыл суреттейді. Ә. Нұршайықов журналист жолы, жазушы еңбегі, шығармашылық жұмыстың қырсыры туралы көзқарастары мен толғам-толғаныстарын - «Өмір өрнектері» сынды әдеби күнделіктері «Қаламгер және оның достары» атты эпистолярлық романы дәлелдеректерімен, өмір-уақыт, тұрмыс туралы ақиқат жайттарға толы шындық сырларымен байытып, кең көлемде толыға түскені айқын аңғарылады.
Ж.Саин Жұмағали Саин 1912 жылы қазіргі Көкшетеу облысының Арықбалық ауданында кедей семьяда туған. Төрт жасында әкеден, бес жасында шешеден айрылған ол балалық шағын әкесінің інісі Сыздықтың қолында өткізеді, жоқшылық пен жетімдік зардабын бір-дей тартады. Кейінірек жазған «Ойласам бала кезімді» атты өлеңінде ақын сол кезін еске алып,
Жылы бір кұшақ таппадым,
Бетімнен адам сүймеді,
Талпындым, жұртқа жақпадым,
«Қу жетім» деп түйреді,-деп жазады.
1923 жылы Жұмағали Көкшетау қаласындағы панасыз балаларды тәрбиелеп оқытатын коммунаға алынады, сонда жүріп жеті жылдық мектеп бітіреді. 1928-1931 жылдары Көкшетау ауданында ауылдық мектепте мұғалім болып істейді. 1931 жылы Алматыға келіп, Абай атындағы қазақ педагогика институтына түсіп, бірер жылдай оқиды да, денсаулығына байланысты аудандық оқу бөлімінің, меңгерушісі болып Қарсақпайға кетеді. Содан ол 1934 жылы ғана Алматыға оралады. Бұдан кейінгі өмірін газет-журнал редакцияларында, көркем әдебиет баспасында, жазушылар Одағында өткізеді.
Жұмағалидың әдебиетке, өлеңге құмарлығы жастай байқалған. Көкше елінің ақындық, әншілік дәстүрі оған ерте әсер еткен. Туған жердің сұлу табиғатын да жетім бала өзіне жұбаныш тұтқан. Жоғарыда аталған өлеңінде ол балалығын еске түсіріп,
Орманның жасыл жапырағын
Аялап талай тарадым,
Мөп-мөлдір бұлтсыз түндерде
Жұлдызды қанша санадым.
Қопаны кездім, су кештім,
Шулады маған құрақтар
Еншісі дала елде өстім,
Алдымда жатты бұлақтар
Жалғыз-ақ жазғы даладан
Қуаныш таптым, сыр таптым.
Көкірегімді кинаған
Қайғыны сонда шырқаттым,-деп жазады.
Көкшетау коммунасында Жұмағали алғашқы шәкірттік өлеңдерін жазады. Олардың кейбірі Петропавлдағы «Бостандық туы» газетінде басылады. КазПИ-де оқыған, Қарсақпайда істеген жылдарында оның қаламынан көптеген өлең-жырлар туады. Отызыншы жылдардың бас кезінен бастап оның өлеңдері республикалық баспасөзде жарық көре бастайды. 1936 жылы ақынның «Бақыт жыры», 1938 жылы «Алтын таң» атты кітаптары шығады.
Бұл жылдардағы Жұмағалидың ақындық мектебі халық поэзиясы мен қазақ ақындары Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың, Сәбиттің үлгілері болды. Кейінірек ол орыс тілін игеріп, орыстың және дүние жүзілік поэзияның көрнекті өкілдерімен танысады. Тақырыбы жағынан жас ақын отызыншы жылдар ішіндегі біздің қоғамдық өміріміздің жаңалықтарын жырлауға ұмтылады. Совет халықтарының жаңа өмірі, колхоздағы еңбек адамдары, Ұлы Октябрь мен революция көсемі Лениндік партия туралы ой-пікірлер, табиғат суреттері оның алғашқы өлеңдерінің идеялық өзегі болып кіреді.
«Жетім серті», «Екі түн» өлеңдерінде Жұмағали өз геройларының ескі және жаңа өмірін суреттеу арқылы социалистік шындықтың сырын ашуға ұмтылады. Өлеңнің геройы жетім бала өмірде көрген ауыртпалығын әңгімелеп отырып, бар алғысын жетімдік торынан құтқарған ұлы Ленин партиясына арнайды.
Сонда маған ана болған
Құшақ жайған, «кел» деген.
«Ей, күнәсыз жетіп ұлан,
«Мә, сүтімді ем,» деген
Ұлы Ленин партиясы,
Саған тарттым жырымды,-дейді
«Жетім серті» өлеңінде.
«Бақыт құшағында», «Айбала» өлеңдерінде Жұмағали колхоздың бүгінгі бақытты өмірі мен еңбек адамдарын көрсетуге талаптанады. Ақын өлеңдерінің лирикалық геройында заманына ризалық, шаттық, қуаныш сезімі байқалады. Табиғат суреттеріне арналған өлеңдерінде де («Құлпыра берші, кең дала», «Май сипаттары») ақын ондағы өзгерісті көруге тырысады.
Таңым сырлы таң қалғандай,
Тарихта еш болмаған.
Күнім нұрлы от жанғандай,
Көріп көңіл тоймаған, -дейді.
Жұмағалидың алғашқы кітаптары ақынның іздену, өсу жолының жемістері болатын. Ондағы өлеңдердің көркемдігі әр қилы. Көп сөзділік, ескі толғау үлгісінде шешендікке, тілмарлыққа салыну, көргенін сырттай тамашалап қызықтау, құбылыстың ішкі мазмұнына терең бара алмау сияқты жетіспеушіліктер отызыншы жылдар ішіндегі ақын жырларында жиі кездеседі.
Жұмағали Саин «Досыма хат» (1939), «Күләнда» (1940) тәрізді поэмалар жазды. Бұлар оның эпикалық поэзиядағы алғашқы талабы болуымен бірге, ақындық ізденісінде жаңа кезең туғанын әйгіледі.
1944 жылы Жұмағалидың «Жорық жырлары» атты» жаңа жинағы жарық көрді. Оған ақынның Ұлы Отан соғысының майданында, жорық үстінде туған өлеңдері кірген еді. Майдан өмірі, соғыс шындығы Жұмағалидың өзін де, ақындығын да тез есейтті. Бастан кешкен өмірдің қиындықтары мен соны поэзия тілінде көркем бейнелеу екі жақты, бірақ бірімен-бірі тығыз байланысты мектеп еді. Ақын осы мектептің екеуін де табысты етті. Ауыртпалығы да, қаупі де мол майдан өмірі Жұмағалидың сезімін ұштады, творчестволық жаңа мүмкіндіктердің көзін ашты. Автордың идеялық, рухани өсуі арқылы оның поэзиясы да жаңа биікке көтерілді.
Ақын майданға аттанған алғашқы қадамынан бастап өз алдына патриоттық асқақ міндет қояды. Отан қорғау жолында қандай қауіпке болса да баруға дайындығын білдіреді.
Жұмағалидың әскери творчествосының елеулі бір ерекшелігі -оның қазақ поэзиясына тың тақырып - партизандар өмірін жырлауды алып келуі. Әскерде ол партизандар қатарында соғысты, отрядтың саяси жетекшісі болды. Ақын өлеңдерінен біз партизан деген адамдардың ерекше сипатын, дербес қасиеттерін танимыз. Отанын, үйі мен жанұясын жау қолында қалдырып, өздері дұшпан тылында күрес жүргізіп жүрген жандардың ашулы, кекті, сұсты бейнелерін Жұмағали сомдап жасайды. «Қар құшып, мұз жайлай» жүрген адамдарға еш нәрсенің қорқынышты емес екені, қаңтардағы боран да, «теңселген қара орман» да оған бой тасалар орын болатынын айтады.
Жүрегінде тулаған, Қатын-бала кегі үшін
Намысы бар, ары бар, Жүрген жандар түн қатып.
Жауда қалған елі бар, Ауыр қолы бұлардың,
Қайғысы бар, зары бар, Қарулары алмастан.
Қан жас аққан көзінен Қалтырайды фашистер
Ыза менен мұң батып, Маңайына бармастан.
(«Партизандар»)
«Жаралы партизан жырларының» шығу тарихы былай. 1942 жылы бір ұрыста Жұмағали көкірегінен оқ тиіп, қатты жараланады. Партизандар отрядтың саяси жетекшісі Жұмағалиды аман алып қалуға бар күшітерін жұмсайды. Үш ай бойы өздерімен бірге сақтап, ең қиын ұрыстарда да алып шығып жүреді. Бірақ Жұмағалидың денсаулығы кеми береді, ендігі жерде отрядпен бірге жүрудің мүмкіндігі болмайды. Ақыры оны партизандар Донбастың ескі шахтері М.А.Масловтардың үйінде қалдырады. Масловтың қызы Ефросинья жаралы партизанды өз қамқорлығына алып, әлсіз кездерінде аузына су тамызып асырайды. Жаралы партизанды іздеген фашистер Масловтың үйіне бірнеше рет тінту жүргізсе де, ер жүрек қыз оны тығып, жау қолына түсірмейді, ақыры адам ғып қатарға қосады. Осы жолы ауыр жаралы ақын күрес майданынан алыс қалып, оның үстіне ауру қинап, көп сезім күйлерін бастан кешіреді. Жұмағалидың «Жаралы партизан жырлары» атты өлеңдерінің циклі осындай күйдегі солдат сезімінің тебіренісін бейнелейді.
«Жаралы партизан жырларының» кейіпкері–кескілескен ұрыста жаралы болып, достарынан бөлініп қалған партизан. Ол ауыр жарасына карамай, достарын іздейді, қайта сапқа тұратын мезгілді күтеді, күрес пен майданды сағынады.
Сағындым сені, достарым,
Сағындым, ерлер, бәріңді.
Сағындым күрес, майданды,
Сағындым от пен жалынды, – деп бірінші жырда тіл қатады ол.Өзінің жаралы күйде бөлініп қалғанына налыған ақын екінші жырда:
Майдандас достан айрылып,
«Жан сауға ма» мені алған.
Сәулетсіз қара тіршілік,
Еттім қашан сені арман?
Босатшы мені, қарағым
Украин қызы қарындас!
Қайда екен қару– жарағым
Қайда майдан, қайда айқас? –деп те жұлқынады.
«Жаралы партизан жырлары» сезімге, суретке бай. Жаралы, ауру солдат көз алдынан көп өмір өткізеді, достарын, елін, сүйген жарын еске алады:
Көз алдымда жауған оқтар,
Кірпік қақпай атқан таңдар
Қауіп, ажал, қан кешулер
Қаһармандар –партизандар.
...Жоқ, жоқ, олар кетті алысқа.
Мен жарымжан қалдым кейін.
Бола алмадым достарыммен
Ұлы жеңіс күнге дейін –дейді үшінші жырда.
Өзін балаша мәпелеп, емдеген украин қызына деген ақын алғысы тіпті ерекше:
Тар кезеңде қара түнді жамылып,
Әлсіз ғана соққан кезде жүрегім.
Іздеген жау қанды тырнақ сабылып,
Сен саяңда сақтағансың, білемін.
Ажал жетіп, көз жұмылар күн болса,
Суык көрге сен деп қана енермін.
Жүрегімді жарып шығар жыр болса,
Сені көктің жұлдызына теңермін.
Бүгін тудым, сен туғыздың қайтадан
Сен – арысың адамшылық таңының.
Коммунизм тұлғасындай сен маған,
Символысың бүкіл совет жанының –дейді төртінші
жырда.Майдан өмірінің алуан түрлі шындығының кең жасалған көркем көріністері Жұмағалидың әскери лирикасын тақырыптық та, идеялық көркемдік жағынан да байыта түседі. «Айтылмай кеткен аманат» өлеңінде ол қиян-кескі қатты ұрыстың реалистік суретін жасайды.
Дірілдеп кетті жер мен көк
Дүмпуге ұлы шыдамай,
Дүниеге қайран еттім мен
Қалайша тұр деп құламай.
Жер бауырлап жөңкіле,
Танк ұмтылды қызды айқас.
Салмағына шыдамай
Қақ айрылды қара тас.