1.Балаларды саналы тәртіпке тәрбиелеудің теориялық негізі 1.1Саналы тәртіпке тәрбиелеу әдістері мен негіздері. Балалар өмірін ұйымдастыруды, жеке басының тәртібін:
1) Оқушылармен өзінің арақатынасын егжей-тегжейлі ойластырған мұғалім ғана оқушылардың саналы тәртібін тәрбиелеуде табысқа жете алады.
2) Іскерлік, белсенділік етек алған, салдыр-салақтың пен тәртіпсіздікке жол бермеген мектепте ғана тәртіпті, белсенді жоғары саналы адамдар тәрбиеленеді.
Мұғалім саналы тәртіпке тәрбиелеудегі өзінің рөлі мен дәрежесін жақсы ұғынуы шарт.
Егер мұғалімнің жұмыс жүйесі өзінің белсенділігіне және оқушылардың үнсіз тіл алуына негізделген болса, ондай жүйенің, көмегімен саналы тәртіпті тәрбиелеу мүмкін емес.
Іс-әрекеттегі саналы тәртіптілікті тәрбиелеу
Адамның тәртіптілігінің аса маңызды белгісі - бұл онда ұйымдасқан мінез-құлықтың берік дағдылары мен әрекеттерінің болуы. Олар оқыту мен түрліше қоғамдық пайдалы еңбек процесінде қалыптасады.
Тәртіпті мінез-құлыққа үйретуде оқу еңбегінің ерекше мәні бар.Балаларды сыныпта тыныш отыруға, мұғалімді зер салып тыңдауға, жолдастарына бөгет жасамауға, үйге берілген тапсырмаларды орындауға, мектеп шеберханасында, мектеп жанындағы учаскеде ұйымшылдықпен жұмыс істеуге үйретеді. Бұл жерде мұғалімдер тарапынан қойылатын талаптардың бірлігін қамтамасыз етудің үлкен мәні бар. Мысалы: тәртіпті күшейтуге оқу процесін дұрыс ұйымдастыру, сабақта оқушылардың қолы бос болмауы және белсенділігі, танымдық ықылас, оқу жұмысына әуестік айтарлықтай болады. Тәртіпсіздік - сабақты жаман ұйымдастырғандық. Саналы тәртіпке тәрбиелеуде қоғамдық пайдалы еңбектің мүмкіндігі зор.Қоғамдық еңбек процесінде оқушылар ыждағаттылыққа, тапсырылған іске жауапкершілікпен қарауға, еңбекті сүюге, өмір жолындағы қиындықтар мен бөгеттерді жеңуге деген табандылық пен шеберлікке тәрбиеленеді. Жақсы ұйымдастырылған еңбекте мектеп оқушылары дұрыс мінез-құлық, педагогтар мен оқушылар ұжымы органдарының дәл орындау дағдыларына ие болады, әрі нығайтады, өзара жауапкершілікке, тыңғылықтыққа үйренеді. Балалардың сан қилы іс-әрекеті белгілі жүйемен ұйымдастырылуы тиіс. Оқушылардың өмірі мен іс-әрекетін ұйымдастыруда күн тәртібі үлкен маңызға ие. Күн ырғағы - адамгершілік саналарын қалыптастырудық маңызды әдісі, өсіресе оқушылардың саналы тәртібін тәрбиелеуде оның рөлі ерекше.Күн тәртібін сақтау - мінез-құлыққа үйретудің басты құралы. Еңбек пен демалуды дұрыс алмастырып отыру оқу сабақ-тарының тиімділігін арттырады, тәртіпке түсіреді, ұқыптылық пен адалдыққа, жұмысты белгіленген мерзімде орындауға үйретеді. Гигиена талаптарына сөйкес белгіленген күн ырғағы мектеп оқушыларының мінез-құлқын реттеп, оларды тәртіптілікке еңбек пен демалысты дұрыс ұйымдастыруға, тәртіп пен ұқыптылыққа үйретеді."Мектептің барлық режимі - дейді Н.К.Крупская, оның бүкіл жолға қойылуы тәртіпке ерекше әсер етеді." А.С.Макаренко да күн төртібін оқушыларды тәртіпке үйретудің аса маңызды құралы деп қарады.
Бүгінгі таңда бала тәбиелеуде біздің мұғалімдер мен ата-аналарды толғандыратын мәселе – жасөспірімдерді жаман қылықтан сақтандырып, өмірдегі өз орнын, өз жолын жаңылмай табатын көздеген мақсаты үшін күресе білетін талантты да табанды ұрпақ тәрбиелеп өсіру. Осы орайда бала тәрбиесін қалай жүргізуге болады ? Олардың қателіксіз тіршілік етуі үшін мінсіз тәрбие беру жолдары қандай ? Оларды саналы тәртіпке және мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеуді қалай жүзеге асыруға болады деген сұрақтар туындайды.
Саналы тәртіп оқушыларға ата-аналармен , оқушылар ұйымымен, жұртшылықпен мектеп жасайтын тәрбиелік ықпалдылық нәтижесі болып табылады. Сонымен бірге оқушылардың саналы тәртібі үшін сабақтың табыстылығы, мектепте қатаң режим мен тәртіптің болуын қамтамасыз ету — өте қажетті міндетті шарт. Мектепте бекітілген оқушыларға арналған ереженің де мәні зор. Оқушыларды саналы тәртіпке тәрбиелеу жөніндегі жұмыстарды жақсартуға олардың мінез-құлқын бағалау және оқудағы, қоғамдық жұмыстарды атқарудағы табыстарын мадақтап отырудың мәні зор. Бұл бағытта оқушылардың саналы тәртіп пен мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеуді жақсарту педагогтардың бірінші кезектегі міндеті. Бұл міндетті жүзеге асыруға мектептегі, ауылдағы, қаладағы көмекші жастар ұйымдары көмектесе алады. Олардың жоспарлы іс-әрекеті оқушылардың өзін-өзі басқаруын жүзеге асырады.
Өзін- өзі басқару — оқушыларды қоғамдық белсенділікке және саналы тәртіпке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Оқушылар тек орындаушы ғана емес, ұйымдастырушы да бола алады. Ұйымдастыру жұмысы оқушы үшін өте күрделі, сондықтан сынып жетекшінің сынып белсенділеріне үнемі көмек көрсетіп, іскерлік пен дағдыларды қалыптастыруы аса маңызды.Оқушылар үшін сынып жетекшінің әрбір қимылы, іс-әрекетінің тәрбиелік мәні зор. Сондай- ақ тәртіпті мінез -құлық дағдылары мен әдеттерін қалыптастыруда сынып жетекшінің әр түрлі, нақты және мақсаттылықпен ұйымдастыратын қоғамдық пайдалы қызметінің үлкен мәні бар. Өмірде еңбек пен тәртіп қатар жүреді. Оқушылар болашақта қандай мамандық иесі болмасын еңбек тәртібін талап етушілікпен кездеспей қоймайды. Балалардың бойында еңбек ету ынтасын, еңбек ету қажеттілігін ояту, кез келген жұмыстан қоғамдық ойды көре білуге үйрету, оны жігермен, ынтамен орындату өте маңызды. Бұл орайда сынып бөлмесінің тазалығынан бастап кезекшілік атқару, рейдтерге, сенбіліктерге қатысуды, қарттар үйіне көмектесуді атап өтуге болады. Сыныптың мектеп бойынша кезекшілік атқаруы ұйымдастырушылық дағдылар алуға көмектеседі.Саналы тәртіпке тәрбиелеудің маңызды шарты – педагогтар мен оқушылардың өзара қарым –қатынасының дұрыс орнауы.
Оқушылармен жұмыс істей отырып сынып жетекшісі сынып оқушыларында қалыптасқан мінез-құлықтың ұнамсыз тұстарын жоюға, оларды қайта тәрбиелеуге тура келетін жағдайлармен ұшырасып отырады. Мұндай кезде оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеу үрдісін жүзеге асырған тиімді. Әрбір жас мінез-құлқының жаман, жақсысын ой таразысына салып, алдына таудай талаптар қойып, оны орындау жолын қарастырады. Оқушылардың арасында ой-армандарын күнделікке түсіретіндер жиі кездеседі. Күнделік-оқушының өзін-өзі тәрбиелеу ісіне психологиялық жағынан құнды құжаттардың бірі. Өзін-өзі тәрбиелеу бағытында ұлы Абайдың қара сөздері көп көмектесетіні даусыз.
Талап қоюшылықты құрмет көрсетуге қарсы қоюдан сақтану керек. Біздің балаларға қоятын талабымыз-оларға білдірген сенімінің көрінісі. Мектепте, одан тыс жерлерде мінез-құлық ережелерін бұзатын оқушы болса, онымен жеке жұмыс жүргізіліп, оның сынып ұжымымен үнемі байланыста болуын оқушы болса, онымен жеке жұмыс жүргізіліп, оның сынып ұжымымен үнемі байланыста болуын қадағалау керек. Сынып жетекші сыныпты топтастырады, сынып сағатын, сынып жиналысын уақытында өткізеді, белсенді оқушылардың қызметін бақылайды, кезекшілік ұйымдастырады, барлық мұғалімдердің өз сынып оқушыларына бірдей талап қоюын бақылайды, сондай-ақ ата-аналармен тығыз байланыс орнату тиіс. Әрбір пән мұғалімі оқушылардың сабақ үстіндегі мінез-құлқының тәртіптілігін ұйымдастырады, оқу тапсырмаларын бақылайды, сабақта, сабақтан тыс кезде де оларға бірыңғай талап қояды. Сөйтіп мектептегі барлық мұғалімдердің, олардың қоғамдық ұйымдармен келісілген іс-әрекеті оқушыларды саналы тәртіпке, мінез–құлық мәдениетіне тәрбиелеу жөніндегі жұмыстардың табысты болуын қамтамасыз етеді.
Қорыта айтқанда, жастар ұйымы, ата-ана мен мектеп, яғни оқушыға әсер ете алатын ұйымдар барлығы бірлестікте жұмыс жасай отырып, адамгершілігі мол, өз ісіне есеп бере алатын саналы ұрпақ тәрбиелеуге жұмылдырылуы керек.