Тұлға философиялық тұрғыда адамды “адам” ретінде тануға, яғни оның рухани-адамгершілік, ділдік, мәдени қырларына баса назар аударумен пайымдалады. Психология тұлғаның өзіне тән күш-жігерін, мінез-құлқын, психо-физиология ерекшеліктерін зерттейді. Социологияда тұлға қоғам мүшесі ретінде қарастырылып, оның әлеуметтік қырлары, саналы қоғамдық әрекеті жан-жақты зерттеледі. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласының қай-қайсында болсын адам орталық мәселе болғандықтан олар тұлға ұғымын ортақ қолданып, әрқайсысы әр қырынан зерттеп-таниды және осы ғылым салаларының зерттеу нәтижелерінің өзара ықпалдастығы мен бір-біріне әсері бар. Әр ғылым саласы тұлға сөзіне өзіне тән танымдық-ұғымдық мағына сыйғызады.
Психологиялық түсінік бойынша
Тұлға психологияда өзінің өмір жолын белгілей алатын, қайталанбас даралық ерекшелігін сезінетін субъект. Тұлға адам ұғымынан гөрі нақты мағынаға ие. Өйткені адам тұлғалық сипатты иелену үшін өз “менің” өзге “меннен” ажыратып, есейіп, өз бетінше дербес әрекет ету мүмкіндігін ашуы керек. Яғни, белгілі бір мәнді іспен айналысатын, азды-көпті білімі, өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы мен сенімі бар адамды тұлға деп атайды. Қазақ ұғымында бала мұндай азаматтық атқа бозбалалық шақта ие бола бастайтынын “Он үште отау иесі” деген мақалдан көруге болады. Халықта өзінің өнегелі істерімен, имандылығымен ерекшеленген адамды ерекше қастерлеп, кісілігі бар тұлға дейді. Тұлға бойындағы адамгершіліктің көрінісі ар-ұятқа кір келтірмеуінен, намысын жоғары ұстауынан байқалады