30 Дейтеромицеттер – Deuteromycetes немесе жетілмеген саңырауқұлақтар – Fungi Imperfecti класы
Табиғатта аса көп тараған, бұлар тек өсімдіктер қалдықтарында, әртүрлі құрамы бар топырақта да сапрофитті тіршілік етеді. Сонымен қатар, жоғарғы сатыдағы мәдени және жабайы өсімдіктердің паразиттері. Жалпы Қазақстанда кездесетін саңырауқұлақтардың 45%-дайы, 1650-ден астам түрі жетілмеген саңырауқұлақтарға тән.
Бұл класқа мицелийлері гаплоидты көп клеткалы, физиологиялық жағдайына, өсіру ортасына, түріне байланысты бір не көп ядролы болады. Клетка аралықтары аскомицеттердікі сияқты жай саңылаулы. Аздаған түрлерінде ғана базидиомицеттер сияқты саңылауы күрделі келеді. Олардың айқын қалталы және базидийлі спора тасушы мүшелері болмайды, жыныссыз жолмен түзілетін конидиялар арқылы көбейеді. Бұлардың біраз түрлері бүршіктену және мицелийдің жеке клеткаларға бөлінуі арқылы да көбейе алады. Көпшілік дейтеромицеттердің конидия сағақтары бір-бірімен сағақтары коремий, спородохия, ацервула (ложа) пикнид деп аталатын әр түрлі формалар құрайды. Көптеген конидия сағақтары бір-бірімен тығыз желімделіп буда құрайды, мұны коремия деп атайды. Конидия сағақтарынан ұшынан синхронды түрде конидиялар тарқатылып жатады. Гифалардың тарамдалып тоқылуынан дөңес дене не жастықшалар (строма) құрылады, оның жоғарғы жағынан конидия споралары бар конидия сағақтары түзіледі, мұны спородохий деп атайды.
Ацервула конидия сағақтарының дамуы жағынан спородохияға ұқсас, одан негізгі айырмашылығы дөңес стромаларда құралмай, гифалардың тоқылуынан құралған тегіс қабаттарда құралады, сыртында перидий қабығы болады. Пикнидалы конидия сағақтары күрделі. Ол шар не құмыра пішінді ашық не күңгірт түсті қабықты, жоғарғы жағында тар тесігі болады. Пикниданың ішкі жағынан тығыз қысқа конидия сағақтары дамиды. Конидия сағақтарының ұшынан конидия, артроспора, алевриоспора, анеллоконидия, бластоспора, пороспора, фиалоспоралар деп аталатын әр түрлі конидиоспоралар түзіледі. Артроспора конидия сағағының не гифалардың фрагментациясы нәтижесінде түзілсе, алевриоспора конидиогенді клетканың пердеге бөлінуі нәтижесінде түзіледі, алевриоспора көбінекей ірі келеді және бірден пайда болады. Алевриоспора конидия сағағынан бөлінгеннен кейін конидиогенді клетка ұзарып, онда сақина пішінді тыртық қалады. Ондай конидиогенді клетканы анеллофора, ал спорасын анеллоконидия деп атайды. Бластоспоралардың құралуына конидиогенді клетканың қабығы тұтас қатысады. Бластоспора бүршіктену тәсілімен конидия сағағының ұшында түзіледі. Пороспора құрылуда конидиогенді клетканың ішкі қабаты ғана қатысады және бүршіктену арқылы дамиды. Қалың қабықты келеді. Фиалоспора құрауға конидиогенді клетканың қабығы қатыспайды, фиалоспора фиалидиден дамиды. Барлық споралар конидия сағағының ұшында пайда болады. Дейтеромицеттердің классификациясы конидия сағақтары мен конидия спораларының құрылысына, формасына негізделген.
Алайда, мұндай жасанды классификация олардың филогенетикалық шығу тегін көрсетпейді, тіпті олардың бір-бірімен қарым-қатынастарына қайшы келеді. Кейде қалталы саңырауқұлақтардың (мысалы, Mycosphaerella) бір туысқа жататын түрлерінің, әр алуан конидиялы сатысы болуына байланысты, әр түрлі туысқа, тіпті тұқымдасқа, кейде қатарларға, ал екінші бір жағдайда туыстық қатынастары бір-бірінен шақ, бірақ конидиялы спора тасушы мүшесі ұқсас түрлері бар бір туысқа жатқызылады. Мысалы, Oedocephalum түрінің конидиялы спора түзуші мүшесі мукорлардың, дискомицеттердің және гименомицеттердің кейбір түрлеріне ұқсас болып келеді.
Бұрын бұл класс уақытша қалталы не базидийлі спора тасу мүшелері табылғанша деп келді. Кейінгі зерттеулер кезінде біраз дейтеромицеттердің аскалы, базидийлі спора тасушы мүшелері табылып, олардың байланыстарының барлығы анықталды. Мысалы, көпшілік – Aspergillus, Fusarum және басқа дейтеромицеттердің қалталы спора құру кезеңдері табылды. Алайда көпшілік дейтеромицеттердің жетілген, яғни телеоморфа кезеңі табылмады. Қазіргі уақытта біраз микологтардың дейтеромицеттер жөніндегі көзқарастары өзгерді. Көпшілік микологтар дейтеромицеттерді жоғарғы сатыдағы саңырауқұлақтардың эволюциялық дамуының қалыптаспаған жас бұтағының бірі деп қарайды. Тіршілік жағдайының кенет өзгеруіне байланысты жынысты споралық жағдайын жоғалтқан басым көпшілігі қалталы саңырауқұлақтардың бір бұтағы болу керек деседі. Жалпы конидиялық спора тасу мүшесіне, оның құрылысына қарай классификациялауда туыстас организмдер әр түрлі таксономиялық бірлікке кетіп қалады. Оның себебі бір туыстың ішінде бірнеше түрлі конидиялы спора құру жағдайлары байқалады. Соған байланысты дейтеромицеттердің туыстарының әр тұқымдастарға, қатарға жатуы мүмкін. Сондықтан, осы уақытқа дейін дейтеромицеттердің табиғи классификациясы жасалған емес. Кейінгі уақытта көптеген микологтар жыныссыз көбею мүшесінің құрылысы мен биологиясын негіз етіп алып жаңа табиғи классификация жасауға тырысуда.
Жоғарыда айтылғандай, жетілмеген саңырауқұлақтар тек жыныссыз жолмен конидиоспоралар арқылы көбейеді. Соған байланысты бұл саңырауқұлақ дарақтары конидийден дамиды деп есептелуіне байланысты ішкі себептердің әсерінен аздаған мутациялық өзгерістерге ұшырайды деп есептеп келді. Бірақ табиғатта саңырауқұлақтарда оның ішінде дейтеромицеттерде мұндай жағдай байқалмайды. Бұл класс экологиялық қозғалғыш тым өзгергіш, әртүрлі төсеміктерде кең тараған саңырауқұлақтар қатарына жатады. Оның басты себебі мицелийінің гетерокариотикалық яғни генетикалық әртүрлі белгісі бар ядродан құралуында.
Жоғарыда айтылғандай көптеген қалталы саңырауқұлақтардың жетілмеген саңырауқұлақтарға жатқызылатын конидиялы сатысы өсімдіктердің паразиті ретінде кездессе, қалталы спора түзуші кезеңі өсімдік қалдықтарының сапрофитті ретінде кездеседі.
Дейтеромицеттердің жасанды классификацияларының ішінде итальян микологы П.Саккардонның ұсынған системасы көбірек қолданылады. Бұл система бойынша, дейтеромицеттер, гифомицеттер, меланкониялықтар, сферопсидалықтар болып 3 қатарға бөлінеді.
Гифомицеттер – Hyphomycetales (Moniliales) қатары
Бұл қатар жетілмеген саңырауқұлақтардың ішінде морфологиялық және экологиялық жағынан көлемді, әртүрлі құрылысты организмдер. Moniliales қатарына Қазақстанда қазіргі уақытта 698-ден астам түр жатады. Оның 55-і ғылымға жаңадан табылған түр. Бұл қатар спора сағағының құрылысына, спораның орналасуына қарай Monilianiaceae, Dematiaceae, Tuberculariaceae, Stilbaceae тұқымдастарына және Mycelia Sterilla туыстарына бөлінеді.
Монилиния – Monilianiaceae тұқымдасына 360-тан астам түр жатады. Көпшілігінің мицелийлері және споралары түссіз, кейде ашық түске боялған. Бұл қатарда конидия сағақтары мицелийде жеке-жеке орналасқан немесе коремиге не спородохиға топталған. Ал, монилинна саңырауқұлағының гифаларының бос өрімделуінен төмпешік түзіледі, оның тарамдалмаған, не тарамдалған үш жағынан ірі бір клеткалы, сопақ пішінді тізбектелген конидиялар дамиды. Monilinia fructigena алманы, алмұртты, өрікті шірітеді. Монилинияның конидия сатысы Monilia. Бұл саңырауқұлақ тек қомайдағы жемістерді ғана шірітіп қоймай, өсіп тұрған жемістерді де зақымдап монилиоз не жемістің шіріндісі деген ауруды қоздырады. Мұнымен ауырған уақытта жеміс қоңыр тартып, жекелеген теңбілдер пайда болып, кейіннен олар бірігіп кетеді. Жеміс жұмсарады да, бетінде жартылай шар пішінді тығыз күлгін не сарғыш түсті жастықшалар құралады. Бұл саңырауқұлақтың конидиалды спора құру жағдайы. Конидиясы сопақ жұмыртқа пішінді.
Penicillum туысы гифомицеттердің ішінде көп тараған және көпшілікке белгілі. Бұл туыстасқа 68 түр жатады, оның 8 түрі жаңадан табылған эндемиктер. P.Kazachstanicum, P.roseolo-lilacinum, P.albido-sclerotiferum, P.mali т.б. бұлардың көпшілігі алма жемістерінде тіршілік етіп, көп зиян келтіреді. Мұның конидия сағағы мицелийде жеке-жеке орналасады, тек кейбір түрлерінде коремиге жинақталған. Олардың жоғарғы жағы шашақталып тармақталған. Кейбір пенициллиум түрлерінің қалталы стадиясының болуына байланысты олар қалталы саңырауқұлақ класында қарастырылады. Басым көпшілігінің қалталы стадиясы белгісіз. Пенициллум топырақта, өсімдік қалдықтарында көп тараған. Кейбір түрлері жемісте, пиязшықта паразитті тіршілік етеді, қоймадағы жемістерді шірітеді. Саусақсалалы пенициллум (P.digitatum) мен Италия пенициллумы (P.italicum) цитрус (апельсин, лимон) жемістерінде көк-жасыл не сарғыш зең түрінде кездеседі де, оларды шірітіп көп зиян келтіреді. P.chryzogenum – сарғыш түсті зеңінен алғаш рет биологиялық активті зат – антибиотиктерді синтездеді. Пеницилинді басқа да антибиотик – гризеофильвинаны алуға пайдаланады. Ал оны саңырауқұлақ қоздыратын дерматомикозды емдеуге қолданады.
Aspergillus туыстасына 24 түр жатады, оның 4 жаңа. Конидия сағағының жоғарғы жағы түйреуіштің басы сияқты буылтықтанып келеді. Көпшілік аспергилл саңырауқұлағының конидия сағағы мицелий гифасы сияқты түссіз, ал кейбіреулері қоңыр, сары, қара түсті болады. Мұның да біраз түрлерінде қалталы стадиясы белгісіз. Бұл да топырақта, өсімдік қалдықтарында тіршілік етеді. Аспергилдің көп тараған түрі A.niger, әр түрлі тағамдарда, материалдарда қара зең түрінде кездеседі. Микробиология өндірісінде органикалық қышқылдар: лимон қышқылын және амилаза, протеиназа ферменттерін алу үшін пайдаланады. Бидай, жаңғақ және басқа өсімдіктерде A.flavus түрі афлатоксин деп аталатын адамға зиянды улы заттар бөліп шығарады. A.fumigatus адам және жануарлардың қатты ауруын тудырады. Бұл саңырауқұлақ құстардың тыныс жолдарының ауруын қоздырады. Ал адамда өкпе аспергилезын және ангина белгілерімен өтетін аллергияны қоздырады.
Көкшіл сұр шіріктіә (Penicillum expansum) саңырауқұлағы алма. алмұрт жемістерін қоймада сақтауда жатқанда зақымдайды. Ауру жемістің зақымдалған не батыңқы жерлерінде пайда болады. Жемсітің саңырауқұлақ өскен жері ашық қоңыр не сарғыш түске боялады. Дақ түскен жерде ақ түсті мицелий жұғындысы пайда болады. Онда көкшіл сұр түсті конидиоспора түзіледі. Шіріген жемістен сасыған иіс шығып, жұмсағы қышқыл тартады.
Жемістерді жинаған және сақтаған уақытта механикалық зақым келмеуін қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, қоймаларда температураның және ылғалдың бір қалыпты болуы керек.
Қызғылт зең пішінді шіріндіні Trichothecium roseum қоздырады. Бұл шіріндіні жапырақтың айналасында қоңыр түсті тостағанша дақтың пайда болуынан байқауға болады. Дақ жемісті іш жағынан шірітіп, ұлғая бастайды. Дақ алғашқы уақытта мицелий зеңінің пайда болуына байланысты ақ түсті болады. Кейіннен конидиалды спора құруға байланысты қызғылт түске боялады. Конидиясы алмұрт пішінді, еі клеткалы. Конидиоспорасы өне келе саңылау тесігі, не зақым келген жері арқылы жеміске өтеді.
Ауруға қарсы күрестің басты шарты жеміске механикалық зақым келтірмеу, жемісті сақтайтын жерді, қойманы таза ұстау қажет. Қойманы күкіртпен түтіндету, немесе 1% формалин ертііндісін бүрку керек.
Ботритис (Botrytis cinerea) сәбіздің тамыр жемісінде, астық тұқымдасына жататын өсімдіктердің тамырында, құлпынайдың жемісінде паразитті тіршілік етеді. Бұл паразит өсімдіктердің әр түрлі мүшелерінде сұр түсті жұғын түрінде тараған. Ол мицелий мен бір клеткалы кондийден тұрады, оның ұшында түссіз, кейде аздап боялған конидиялары болады.
Ботритистан қарақат, тошала жапырақтарының жоғарғы жағында ұсақ сары түсті дақтар пайда болады. Конидия сағақтары аздап тармақтанып келеді. Сұр түсті шірік құлпынай жемісінде үлпілдеген мамық дақ түрінде пайда болады. Егер құлпынайды жел қозғаса немесе оған бірдеңе тиіп кетсе, ботритистың споралары тозаң , шаң түрінде оңай таралады. Ауру қоздырушы споралар өсімдік қалдықтарында сақталып, жазғы конидиоспоралары арқылы топыраққа тақау жатқан жемістерді зақымдайды. Botrytis-тің көпшілігі – сапрофиттер. Паразитті түрлері пиязда, жоңышқаның гүлінде, жүзімнің жемісінде және көкөністерде кездеседі. Сұр шірік ауруымен күресу үшін агротехникалық шараларын жұрыс қолдану және гүлдеуге дейін 3-4% бордос сұйығын бүрку қажет.
Вертицилиумның (Verticillium) конидия сағағы шоғырланып тармақталған, одан түссіз бір клеткалы немесе бір-біріне жабысып түйін сияқты жинақталған конидиялар дамиды. Кейбір түрлері мақта картоптың паразиттері, олар вертициллез ауруын тудырады.
Вертицилла (Verticillum dahliae) мақта жапырақтарында паразитті тіршілік етіп, оны солдырып тастайды. Осыдан өсімдіктің өсуі біртіндеп тоқталады, қауашағы солып, уақытынан бұрын ашылады. Вертицилланың конидия сағағы әдетте тармақталып, топталып тік өседі.
Рамулярияның (Ramularia) 123 түрі кездеседі, оның 8 Қазақстан жеріне ғана тән, конидия сағақтары тарамдалмаған, конидиялары түссіз, ұзын, бір немесе бірнеше клеткалы. Олар – бүлдірген мен беденің паразиттері.
Дематия – Dematiaceae тұқымдасына 220-дай түр жатады. Мицелийлері тармақталған мақта тәрізді жинақталып не бос жайылып жатады. Жас уақытында түссіз соңынан сарғыш қара түске дейін өзгереді. Конидий бір, екі не көп клеткалы, муральды, шар, эллипсоид, ұршық, цилиндр т.б. пішінді.
Альтернарияға (Alternaria) 13 түр жатады. Бұлар топырақта, өсімдік қалдықтарында сапрофитті және пияз, қызғалдақ, алма, шие, қарақат, итмұрын, сәбіз және т.б. өсімдіктердің факультативті паразиті.
Мицелийі көп клеткалы, тармақталған, жатаған сарғыш, қоңыр-жасыл, қара түсті барқыт сияқты жұмсақ. Конидияспорасы көлденең және бойлай бөлінген сопақтау, жоғары қарай жіңішкерген көп клеткалы. Альтернария әр түрлі мәдени өсімдіктерде әр түрлі індет туғызады.
Кладоспориум (Cladosporium) мицелийлері, конидия сағақтары және конидия споралары сарғыш түсті. Конидиялары көбінесе екі клеткалы. Бұлардың сапрофитті де, паразитті де түрлері (C.herbarum) бар, дәнді дақылдарда қара зең түрінде кездеседі.
Туберкулярия – Tuberculariaceae тұқымдасына 50-ден астам түр жатады. Мицелийлері перделі, төсеміктен шығып жатқан бөлімі мақта тәрізді, өзара матасып строма не спородохий түзеді. Спородохийі шар, сүйел, диск тәрізді жалпақ. Конидий сағақтары болмайды, болған күнде қысқа, кисть пішінді, шоғырланып дихотомиялы бұтақтанған. Конидийлері бір клеткалы бір не көп перделерге бөлінген шар, жұмыртқа, ай, сигма, цилиндр пішінді, тегіс не бұдырлы келеді.
Фузариум (Fusarium) аса көп тараған, мұның түрлері топырақта және өсімдіктерде паразитті түрде кездесіп, оларды солдырып тастайды. Бұл туыстың 17 түрі кездеседі. Фузариум Tuberculariaceae тұқымдасына жатады. Бұлардың конидия сағағы спородохияға жинақталған. Фузариум туысына жататын саңырауқұлақтардың басым көпшілігі – фитотрофтар. Фузариумның бір түрінің өзі әр тұқымдасқа жататын өсімдіктердің тұқымын, жемісінің солып қалуын және тамырдың шіруін тудырады. Тамырдың шіруін көбінекей өскіннің өсу фазасында зақымдайды. Бұршақ, лобия, қияр, қауын, қарбыз, томаттардың тамырларының және картоп түйнегінің құрғақ шіруін F.avenaceum, F.solani, F.culmorum, F.javanicum және басқа түрлері қоздырады. Fusarium-нің кейбір түрлері насекомдарда паразитті тіршілік етеді. Адамда және жылы қанды жануарларда микоз және токсикозды қоздырады. Кейбір фузариумдер F.sporotrichiella тат пен қаракүйе саңырауқұлақтарында паразитті тіршілік етеді. Олай болса оны паразиттерге қарсы биологиялық күрес үшін пайдалануға болады. Фузариум конидиясы орақ пішінді, олар перделермен бірнеше клеткаларға бөлінген. Конидия жиынтығы қызғылттау түсті. Фузариумның кейбір түрлері жүгерінің тамырлары, сабақтарын және собықтарын шірітеді.
Картоп түйнектерін Fusarium solani құрғақтай шірітеді. Түйнектің қабығында бос кеуек жерлер пайда болады, бұл жерлерде ақшыл және алқызылдау төмпешіктер түзіледі, олар орақ пішінді конидиялардан тұрады. Fusarium gramineum астық тұқымдастарын зақымдайды, өздерінен у (токсиндер) бөліп шығарады, ол тамаққа араласып ктесе, адамды уландырады. Fusarium nivale күздік егістерді зақымдап, өте көп зиян келтіреді. Олар «ақ зең» түрінде күздік егістер қардың астынан шығысымен-ақ пайда болады.
Фузариозды шіріндіні Fusarium avenaceum, F.lateritium саңырауқұлақтары қоздырады. Бұл ауру алманың сыртында не тұқым бүрінде пайда болады. Ауырған тұқым бүрінде қызғылт не сары түсті конидия сағақтары бар мицелийлер құралады.
Стилба – Stilbaceae тұқымдасына 10 шақты түр жатады. Мицелий төселе жатып жайыла өседі, аз мардымсыз келеді, түссіз не ашық түске боялған. Конидий сағақтары коремиге жинақталған. Конидийлері бір клеткалы бір не бірнеше перделерге бөлінген, муральды, шар, эллипсоид, бүйрек т.б. пішінді, кілегейсіз не кілегейге батып жатады. Әртүрлі өсімдіктерде паразитті және өсімдік қалдықтарында сапрофитті тіршілік етеді.
Mycelia Sterilia-ға (Myceliales) 5 туыс, 23 түр жатады. Мицелийі жақсы жетілген, өрмекшінің ұясы сияқты матасып, әр түрлі түсті қабыршақ не киіз құрамды, ал кейде бір-бірімен тығыз өрімделіп склероций құрайды. Склероцийлері төсеміктен шығып тұрады. Мицелий төсемікте жатып, қоректенетін организм клеткасына еніп тұрады. Еш ақытта спора құру мүшесі түзілмейді. Mycelia Sterilia саңырауқұлақ системасында ерекше орын алады. Бұлар паразитті, сапрофитті және симбионтты тіршілік етеді.
Кейбір түрлерінің қалталы, базидийлі және жетілмеген саңырауқұлақ түрлерімен байланысы барлығы анықталды.
Гифомицеттердің өкілдері табиғатта көп тараған. Топырақта, өсімдік қалдықтарында сапрофитті тіршілік етіп, органикалық заттардың ыдырауына қатысады. Топырақта тіршілік ететін гифомицеттер жоғарғы сатыдағы өсімдіктермен ғана күрделі байланыста болып қоймай, бактериялармен де байланыста болады. Көптеген топырақ сапрофитті саңырауқұлақтары өсімдік ризосферасында фитопатогенді саңырауқұлақтардың дамуын тежейді. Сондықтан оларды ауыл шаруашылық өсімдіктерінің саңырауқұлақ қоздыратын ауруларымен күресуде биологиялық мәні ерекше. Мысалы, ағаш триходермасын (Trichoderma lignorum) мақтаның солуын және басқа өсімдіктердің ауруын қоздыратын Verticillum dahliae фитопатогендік саңырауқұлағын құрту үшін қолданылады. Trichoderma мицелийі түссіз не ашық түсті қауым құрайды, кейіннен қауым ақ түстен сарғыш, жасыл, соңында күңгірт жасыл түске айналады. Кейбір түрлері су қоймаларының ластауын анықтайтын индикатор болып есептеледі. Су гифомицеттері судағы өсімдік қалдықтарын ыдыратып, су қоймасында, детриттің құралуын қамтамасыз етеді де, су жәндіктерінің азық қорының алғашқы көзі болып есептеледі және зат айналу процесіне қатысады.
Гифомицеттердің ішінде өсімдіктерде, саңырауқұлақтарда паразитті тіршілік ететін түрлері де аз. Қалталы стадиясы толық жойылған гифомицеттердің кейбір түрлері жануарда паразитті тіршілік етіп, дерматомикоз ауруын қоздырады. Бұл қатардың ішінде жыртқыш түрлері де кездеседі. Олардың уақ насекомдарды ұстайтын арнаулы ұстағыштары болады, онымен насекомдарды ұстап, қоректенеді. Сондықтан, мұндай гифомицеттерді зиянды насекомдарды құрту үшін биологиялық тәсіл ретінде пайдалануға болады.
Көпшілік гифомицеттер микробиология өндірісінде антибиотиктер, ферменттер және басқа заттар алу үшін пайдаланады.
Меланкониялықтар – Melanciniales қатарының конидия сағақтары қысқа, олар саңырауқұлақ гифтерінің өрімделуінен құралған жалпақ, дөңес, аздап ойыстау болып топталып орналасады (ацервула). Онда конидиялы споралар дамиды. Бұл қатарға 200-ден астам түр жатады.
Глеоспориум (Gloeosporium) туысының көпшілігі – паразиттер. Олар жүзім, лобия, жоңышқаларда теңбіл – антракноза ауруымен қоздырады. Бұл аурумен ауырған өсімдіктің сабағында, жапырағында және жемістерінде теңбіл дақ пайда болады. Жүзімнің теңбіл антракнозасын G.ampebophagum саңырауқұлағы тудырады. Мұнымен ауырған өсімдіктің өнімі 30-40% кемиді.
Коллетотрихумның (Colletotrichum) глеоспориум туысынан конидиялы сағағында қоңыр түсті қылтанақ сияқты өсінділерінің болуы арқылы айырылады. Бұлар қарақат, жүзім, бұршақ, лобия, асқабақ, зығырды және т.б. өсімдіктерді антракноза ауруымен зақымдайды. Өсімдіктердің сабағында, жапырағында, жемісінде антракноза деп аталатын дақ пайда болып, онда паразитті тіршілік етеді. Конидия сағағы бір клеткалы түссіз, цилиндр пішінді, жекелеп орналасады.
Құлпынай марссонина (Marssonina frageriae) саңырауқұлағы құлпынай жапырағын, мұртшасын және сабақтарын зақымдайды. Ауру негізінен ескі жапырақтарда болады.
Алғашқы уақытта жапырақта қызыл-қоңыр, қоңыр түсті ірі дақ пайда болады, оның жиектері күңгірт келеді, кейіннен қоңыр түске айналады. Дақта саңырауқұлақтың спора тасушы органы түзіледі. Бұл саңырауқұлақ жасыл не солған жапырақта мицелий немесе конидиальды спора түрінде қыстап шығады. Конидиальды спора сатысымен бірге кейде қалталы стадиясы да байқалады, бірақ даму сатысында белгілі қызмет атқармайды.
Сферопсидалықтар – Sphaeropsidales қатары
Бұл қатардың басты ерекшелігі конидийлер – стилоспоралар мен конидий сағақтары өсетін пикнид деп аталатын шар, алмұрт, табақша пішінді қалталы саңырауқұлақтардың жемісті денесі перитецийге, сирек апотецийге ұқсас мицелийлердің тығыз өрімделуінен құралған параплектенхима не прозоплектенхима құрылысты қатты не жұмсақ, күңгірт не ашық түске боялған денешігінің болуында. Пикнидалары кейде бір-бірімен тығыз өсіп, күрделі құрылысты көп камералы споралар өсетін қуыс түзеді. Пикнидалары төсемікке батып жатады, тек жоғарғы жағындағы тесігі ғана көтеріліп тұрады. Конидия сағақтары әртүрлі құрылысты, тарамдалып не тармдалмай келеді, кейде болмайды. Стилоспоралары әртүрлі формалы, құрылысты, түссіз не әр түсті.
Бұл қатарға 344-тен астам түр жатады, оның 55 эндемиктер. Бұл қатар пикнидалары мен конидия сағақтарының, спораларының құрылысына қарай Sphaeropsidaceae, Nectrioidaceae, Leptostromataceae, Excipulaceae тұқымдастарына бөлінеді. Бұлардың ішінде орталық орынды сферопсида тұқымдасы алады.
Сферопсида – Sphaeropsidaceae тұқымдасына 1000-нан астам түр жатады. Пикнидасы шар, алмұрт және т.б. пішінді доғарғы жағында тар тесігі бар, бір не көп камералы, күңгірт пішінді. Тіршілік ететін өсімдіктің денесіне тұтас не жартылай батып жатады. Конидия сағақтары пикнидий қуысының қабырғаларында түзіледі. Стилоспоралары әртүрлі формалы бір, екі және көп клеткалы. Филлостикта (Phyllostica) туысына 150-ден астам түрлер жатады. Оның 23 тек Қазақстанда кездесетін эндемиктер, көпшілігі жапырақтың паразиттері. Бұлардың түрлері алма ағашының, алхорының, темекінің мамыргүл жапырақтарының теңбіл ауруын қоздырады.
Фома (Phoma) туысына 134-тей түр жатады, оны 5 эндемик. Ол филлостикта туысына ұқсас, одан пикнидийлерінің жапырақта өспей, өсімдіктің сабағында не басқа органында өсуі арқылы айырылады. Phoma brassicae түрі капустада болады. Кейбір түрлері микориза құрауға қатысады.
Фома (Phoma herbarum) жүзімнің, қызылшаның сабағы мен жапырағында және капустада көптеген күңгірт пикнид құрайтын сапрофит. Ол өзі тіршілік еткен өсімдіктерді шірітеді. Конидия сағағы болмайды, болған күнде өте қысқа, конидиоспоралары конидиогенді клеткалардан дамиды.
Аскохита (Ascochyta) сферопсидалықтар қатарының ішінде көп тараған туыс. A.viciae түрі бұршақта аскохитоз аурын қоздырады. Бұл аурумен ауырғанда жапырағында дөңгелек пішінді алғашқыда сары, соңынан қара дақтар пайда болады. Сабағында, жемісінде түзілетін дақтар ұзындау, белгілі бір формасы болмайды. Пекнидиялары шар пішінді, екі клеткалы спора түзеді. Аскохита өсімдік жапырақтары мен сабақтарының және жемістерінің паразиттері. A.melonis қауын мен қиярдың, A.graminicola астық тұқымдас өсімдіктердің жапырақтарының паразиттері.
Септорияға (Septoria) 1000-нан астам паразитті түрлер жатады. Пикноспоралары ұзын таяқша не иілген жіп тәрізді, түссіз қөлденең перделерге бөлінген. Конидия сағағы өте қысқа, көпшілігі Mycosphaerella және Sphaeropsis саңырауқұлақтарының конидия сатысы. Бұлардың біраз түрі – алмұрттың, томаттың, кендірдің және басқа өсімдіктердің паразиттері.
Диплодина (Diplodina destructiva) помидор жемісінде паразитті тіршілік етіп, оны қара дақ ауруымен ауыртады. Дақтың ортасы қара, шет жағы қоңыр келеді. Дақтың шеті дөңес болып тұрады.
Әдебиеттер
1 Азбукина З.М.б Каратыгин И.В. Определитель грибов России. Пор. Головневые. ─ СПб. : Наука, 1995 . ─ Вып.2 . ─ 262 с.
2 Биологический энциклопедический словарь . ─ М. : Сов. Энциклопедия,1986. ─ 811с.
3 Бирюзова В.И.,Боровягин В.М. и др. Электронно-микроскопические исследования биологических объектов. ─ М. : Изд-во. АН СССР,1963. ─ 204 с.
4 Бондарцева М.А. Система трутовых грибов (Polyporaceae s. Lato)// Микология и фитопатология, 1983. ─ Т.17. ─ Вып. 4. ─ С. 269 ─ 280.
5 Быков Б.А. Геоботанический словарь. ─ Алма-Ата: Наука, 1973. ─ 214с.
6 Быков Б.А. Экологический словарь. ─ Алма-Ата: Наука, 1988. ─ 245 с.
7 Викторов Д.П. Краткий словарь ботанических терминов. ─ М. ─ Л. : Наука, 1964. ─ 178 с.
8 Голубева О.Г. Современные проблемы систематики хитридиевых грибов (пор. Chytridiales) // Микология и фитопатология, 1981. ─ Т.15. ─ Вып.5. ─ С. 435 ─ 442.
9 Голубева О.Г. Определитель грибов России. Класс Хитридиомицеты. ─ СПб.: Мир и семья, 95. ─ Вып.1. ─ 1995. ─ 166 с.
10 Горленко М.В. Сельскохозяйственная фитопатология. ─ М. : Высшая школа, 1986. ─ 434 с.
11 Горленко М.В., Гарибова Л.В., Сидорова И.И. и др. Все о грибах. М.,1986. 279с.
12 Давыдов Н.Н. Ботанический словарь. ─ М., 1962. ─ 335 с. (рус.-англ.-нем.-франц.-лат.).
13 Дементьева М.И. Фитопатология. ─ М. : Колос, 1977. ─ 367 с.
14 Дьяков Ю.Т., Семенкова И.Г., Успенская Г.Д. Общая фитопатология с основами иммунитета. ─ М. : Колос, 1976. ─ 256 с.
15 Дудка И.А., Вассер С.П., Голубинский И.Н. и др. Словарь ботанических терминов. ─ Киев: Наукова думка, 1984. ─ 306 с.
16 Дудка И.А., Вассер С.П. Грибы. Справочник миколога и грибника. ─ Киев: Наукова думка, 1987. ─ 535 с.
17 Елинов Н.П. Патогенные дрожжеподобные организмы. ─ Л.: Медицина, 1964. ─ 382 с.
18 Жизнь растений. ─ М. : Просвещение, 1976. ─ Т.2. ─ 479 с.
19 Журавлев И.И., Крангауз Р.А., Яковлев В.Г. Болезни лесных деревьев и кустарников. ─ М. : Лесная промышленность, 1974. ─ 160 с.
20 Забинкова Н.Н., Кирпичников М.Э. Справочное пособие по систематике высших растений: Латинско-русский словарь для ботаников. ─ М. : Изд-во АН СССР, 1957. ─ Вып. 2. ─ 334 с.
21 Зубкова Р.Д. Спорообразующие дрожжи винодельческих районов Казахстана. ─ Алматы: 1977. ─ 171 с.
22 Казенас Л.Д. Болезни сельскохозяйственных растений Казахстана. ─ Алматы: Кайнар, 1965. ─ 348 с.
23 Калакуцкий Л.В., Агре Н.С. Развитие актиномицетов. ─ М., 1977. ─ 287 с.
24 Каратыгин И.В., Азбукина З.М. Определитель грибов СССР. Пор. Голгвневые грибы. ─ Л. : Наука, 1989. ─ Вып. 1. ─ 220 с.
25 Кашкин П.Н. Медицинская микология. ─ Л. : Медгиз, 1962. ─ 360 с.
26 Кашкин П.Н., Хохряков М.К., Кашкин А.П. Определитель патогенных, токсикогенных, вредных для человека грибов. ─ Л. : Медицина, 1979. ─ 269 с.
27 Костин В.В. Словарь ветеринарных микологических и микотоксикологических терминов. ─ М. : Россельхозиздат, 1987. ─ 78 с.
28 Коваленко А.Е. Определитель грибов СССР. Пор. Hydroporales. ─ Л. : Наука, 1989. ─ 174 с.
29 Красная книга Казахской ССР. ─ Алма-Ата: Наука, 1981. ─ С. 231─237.
30 Курсанов Л.И. Микология. ─ М. : Учпедгиз, 1940. ─ 480 с.
31 Мельник В.А. Определитель грибов России. Кл. Coelomycetes. ─ СПб. : Наука, 2000. ─ Вып. 1. ─ 278 с.
32 Мельник В.А. Определительгрибов России. Кл. Hypomycetes. ─ СПб. : Наука, 1993. ─ Вып. 1. ─ 370 с.
33 Новожилов Ю.К. Определитель грибов Росии. Отдел Слизевики. ─ СПб. : Наука, 1993. ─ Вып. 1. ─ 288 с.
34 Наумов Н.А. Методы микологических и фитопатологических исследований. ─ Л., 1937. ─ 270 с.
35 Новотельнова н.с. Фитофторовые грибы. ─ Л. : Наука, 1974. ─ 207 с.
36 Пыстина К.А. Определитель грибов России. Кл. Оомицеты. Род Pythium Pring. ─ СПб. : Наука, 1998. ─ 125 с.
37 Рейви П.,Эверт Р., Айхорин С. Современная ботаника. ─ М. : Мир, 1996. ─ Т. 2. ─ 344 с.
38 Реймерс Н.Ф. Основные биологические понятия и термины. ─ М., 1988. ─ 379 с.
39 Реймерс Н.Ф. Популярный биологический словарь. ─ М., 1991. ─ 537 с.
40 Саркисов А.Х. и др. Диагностика грибковых болезней (микозов и микотоксикозов) животных. ─ М., 1971. ─ 144 с.
41 Синадский Ю.В., Корнеева И.Т. и др. Вредители и болезни цветочно-декоративных растений. ─ М. : Наука, 1982. ─ 591с.
42 Словарь-справочник фитопатолога. 2 изд. ─ М. : Колос, 1967. ─ 384 с.
43 Соколова Э.С., Семенкова И.Г. Лесная фитопатология. ─ М. : Лесная промышленность, 1981. ─ 311 с.
44 Сопрунов Ф.Ф. Хищные грибы – гифомицеты и их применение в борьбе с патогенными нематодами. ─ Ашхабад, 1958.
45 Спесивцева Н.А. Микозы и микотоксикозы животных. ─ М. : Колос, 1964. ─ 511 с.
46 Уткин Л.А. Краткий ботанический русско-латинский словарь. ─ М., 1961. ─ 230 с.
47 Тахтаджан А.Л. Четыре царства органического мира // Природа, 1973. ─ № 2. ─ С. 22─32.
48 Тропинин И.В., Ведерников Н.М., Крангауз Р.А. и др. Справочник по защите леса от вредителей и болезней. ─ М. : Лесная промышленность, 1980.
49 Флора споровых растений Казахстана. ─ Алма-Ата: Наука, 1956─1987. ─Т. 1─ 8
50 Федоров А.А., Кирпичников М.Э. Справочное пособие по систематике высших растений. Сокращения, условные обозначения, географические названия. ─ М. : Ленинград: изд. АН СССР, 1954. ─ Вып. 1. ─ 109 с.
51 Черемисинов Н.Н. Общая патология растений. М.: Высшая школа, 1973. 350с.
52 Черемисинов Н.Н., Негруцкий С.Ф., Лешковцева И.И. Грибы и грибные болезни деревьев и кустарников. ─ М. : Лесная промышленность, 1970. ─ 392 с.
53 Шварцман С.Р. Грибные болезни древесных пород Казахстана и меры борьбы с ними. ─ Алма-Ата: Изд. АН КазССР, 1950. ─ 112 с.
54 Ainsworth G.C., Bisby G.R. Dictionary of the fungi/ Ed.6.Kew,1976. ─6 63p.; Ed.7.Kew Surrey. 1983. ─ 443 p.
55 Berger K. Mykologischen Worterbuch, 1980.
56 Corlett M., Choug J., Kokko E.G. The ultrastructure of the Spilocaea state of Vinturia inagualis in vivo// Can. J. Microbiol. 1976. ─ V.22. ─ N 8. ─ P.1144-1152.
57 Donk M.A. A conspectus of the families of Aphyllophorales// Persoonia, 1964. ─ V.3, ─ pt.2. ─ P.199-324.
58 Edwards P.A. A classification of plants into higher taxa based on cytological and biochemical criteria// Taxon. 1976. ─ V.25. ─ W5-6. ─ P.529 ─ 542.
59 Hawksworth D.L. The magnitude of ungal diversity: the 1.5 million species estimate revisited// Mycol. Res, 2001. ─ V.105(12). ─ P. 1422 ─ 1432.
60 Lodder J. (ed). The Jeasts. Amsterdam; London, 1972. ─ 853 p.
61 Satton B.C. Coelomycetes. Fungi imperfecti with pycinidia, acervuli and stromata, CMI. Kew. 1980. ─ 696 p.
Мазмұны
Кіріспе…………………………………………………………3
1 Фитопатологияға жалпы сипаттама………………………….4
2 Орман фитоптологиясының шығу тарихы.............................5-6
3 Өсімдіктердің аурулары мен олардың себебі туралы жалпы мәліметтер........................................................................................7
4 Өсімдіктің ауруларының симптомдары немесе алғашқы белгілері............................................................................................8
5 Өсімдіктің ауруларының типтері............................................9-11
6 Өсімдіктерді, ағаштарды зақымдайтын саңырауқұлақ аурулары.....................................................................................12-13
7 Саңырауқұлақтардың қоршаған ортаға қоятын талаптары14-16
8 Өсімдіктің биологиялық иммунизациясы..................................17
9 Орман ағаштары ауруларымен күрес жолдары........................17
10 Аурулар мен зақымдаушылардың пайда болуын қадағалау.18
11 Ағаш тектес өсімдіктерінің ауруларының диагностикалық әдісі.............................................................................................19-22
12 Аурудың дамуына болжау жасау.............................................22
13 Метерологиялық жағдайлардың кері әсері........................24-25
14 Шаруашылықтардан шығатын қалдықтардың кері әсері.26-27
15 Ағаш-бұта өсімдіктерінде кездесетін саңырауқұлақтардың жіктелуі............................................................................................28
16 Миксомицеттер немесе кілегейлі саңырауқұлақтар – Myxomycetes бөлімі........................................................................29
17 Миксогастериялылар-Myxogasteromycetidae класы..........29-32
18 Плазмодиофоралылар – Plasmodiophoromycetidae класы.33-34
19 Нағыз саңырауқұлақтар – Eumycophyta бөлімі.......................35
20 Хитридиомицеттер – Chytridiomycetes класы....................36-40
21 Оомицеттер – Oomycetes класы................................................40
22 Сапролегниялықтар – Saprolegniales қатары......................41-42
23 Пероноспоралықтар – Peronosporales қатары....................43-47
24 Зигомицеттер – Zygomycetes класы........................................48
25 Мукоралықтар – Mucorales қатары.....................................48-53
26 Қалталы саңырауқұлақтар – Ascomycetes класы...............54-57
27 Жалаңаш қалталылар немесе гемиаскомицеттер – Hemiascomycetidae класс тармағы...........................................57-61
28 Жеміс қалталылар – Carpoascomycetidae немесе эуаскомицеттер – Euascomycetidae класс тармағы................61-77
29 Базидиомицеттер – Basidiomycetes класы.......................77-109
30 Дейтеромицеттер – Deuteromycetes немесе жетілмеген саңырауқұлақтар – Fungi Imperfecti класы....................................109-119
Достарыңызбен бөлісу: |