ОРТАША 1-сұрақ. Ахмет Иүгінекидің өмірі және «Ақиқат сыйы» дастанының зерттелуі Ахмет Иүгінекидің өмірі, тұрмыс-тіршілігі туралы деректер өте аз. Зерттеуші-ғалымдар АхметИүгінекиді ХІІ ғасырдың соңында Түркістан өңірінде туып өскен деп болжам жасайды. Ахметтің туған жері Түркістанға қарасты Иугнәк деген қыстақ дейді. Қазақтар ол жерді Жүгенек деп атаса керек.Ахмед Иүгінеки дүниеге зағип болып келіп, зағип болып өмірден өтеді деген деректер бар. Бала кезінен білімге құштар болған сондай-ақ парсы, араб және түрік тілдерін өте жақсы меңгерген. Ол халық арасында "Әдиб Ахмет" деген атқа ие болған. Себебі діни танымды, шариғат қағидаларын зерттеп, олар туралы жетік білген. Сондай-ақ ол ақын, ойшыл да болған. Исламдағы руханилық туралы өлең-жырлар жазған. Оның шығармашылығының негізгі тақырыптары білім-ғылым,тіл, еңбек, жақсы мінез-құлық, достық және өмір иірімдеріне арналған.
Оның ауқымды шығармасының бірі және бірегейі "Ақиқат сыйы" дастаны. Бұл дастан түркі халықтарына ортақ дастан болып есептеледі. «Хибат-ул хақайық» («Ақиқат сыйы») еңбегі Ахметті өз дәуірінде танымал еткен және сол дәуірдегі халықтың сүйіп оқыған шығармасы. Дастанда сол уақыттағы ислам дәуірінің этикалық, моральдық, дидактикалық мәселелері, оқу-білім туралы мәселелер көтерілген. Дастанда жалпы ислам құндылықтары жайлы сөз етілген."Ақиқат сыйы" еңбегінің түпнұсқасы сақталмаған. Бұл жалпы тарихи-әдеби шығарма. Қазіргі уақытта оның үш түрлі көшірмесін біле аламыз. Ең ескі көшірме нұсқасын 1444 жылы Самарқанда Арслан Қожа тархан Әмірдің Зәйнәгүл Бақыт Журжани деген жазу шебері көшіріп жазған. Бұл нұсқаның жалпы көлемі 508 жолдан тұрады. Бұл нұсқа Түркия мемлекетінің Стамбул қаласындағы Айя-София кітапханасында сақтаулы. 506 жолдан тұратын үлгісін, яғни екінші көшірме нұсқасын Шайхзада Абд ар-Раззақ ұйғыр - араб жазуымен 1480 жылы Стамбул қаласында жазады. Парсы және тәжік тіліндегі түсініктемелері бар. Бұл нұсқасы да Айя-София кітапханасында сақтаулы. Осы нұсқасын түрік ғалымы Неджип Асым 1915ж., ал өзбек ғалымыК.Махмудов 1972ж. жариялап аударады. Дастанның үшінші нұсқасы арабша және ол XIV ғ. аяғында не XV ғ. басында көшірілген. 524 жол өлеңнен тұрады. Ол да Түркиядағы Стамбул қаласында Топ-Капы сарайында сақталған. Бұлардан өзге нұсқалары да болған, бірақ уақыт өте келе олар мүлдем жоғалып кеткен. Түркітанушы, филолог-ғалымдар Әбжан Құрышжанұлы және Берікбай Сағындықұлы "Ақиқат сыйы" дастанының қазақша тәржімасын жасады.