6-сұрақ. Бір тарихи өлеңді талдау
Халық бостандығы жолында күресіп, қан төгіп, керек болса жанын да қиған, оны өздеріне борыш, бақыт санаған əрі батыр, əрі ақын, ақылман жандар ұлтымыздың тарихында аз емес. Осындай əрі батыр, əрі ақын ұлы тұлғалардың бірі – 1836-1938 жылдардағы Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы жəне оның рухани көсемі, қазақ поэзиясындағы ерекше тұлға, ақын, сазгер, батыр Махамбет Өтемісұлы.
Исатай-Махамбет бастаған көтеріліс бір күнде бұрқ ете түскен жай ашу-ыза емес. Қазақ халқы – шыдамды халық. Бұл ұзақ жылдар бойы тепкі, теңсіздік, əділетсіздік көрген елдің бойындағы жиналған кек, бодандық бұғауынан шығуға деген ұмтылыс, қажеттілік еді. Мұны Махамбет Баймағанбет сұлтанға айтқан сөзінде:
Хан баласы ақсүйек
Ежелден табан аңдысқан,
Ата дұшпан сен едің,
Ата жауың мен едім, — деп өзі де ашық айтқан.
Махамбет жырлары – түгелдей осы көтерілістің үні, ұраны. Ол сөзсіз, отаршылдыққа қарсы күрес жырларының жарқын беттері. Мұнда көтерілістің мақсат-мұраты («Қорлықта жүрген халқыма бостандық алып берем деп»), оған араласқан ерлердің қандай болатыны (« Ереулі атқа ер салмай»), соғыс суреттері («Соғыс»), Исатайдың батырлығы оны жоқтауға арналған жырлар («Мұнар күн», «Тарланым», «Тайманның ұлы Исатай»), ақынның батырлық рухын бейнелейтін («Баймағанбет сұлтанға айтқаны», «Жəңгірге айтқаны»), өз жайына («Қызғыш құс») байланысты өлеңдер жалғасып, түгелдей көтеріліс тарихын бейнелейді. Көтерілістің басты мақсаты – елге бостандық əперу болғанын ашық айтады.
Еділдің бойы ен тоғай –
Ел қондырсам деп едім,
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім,
…Еңсесі биік ақ орда
Еріксіз кірсем деп едім,
Керегесін кескілеп.
Отын етсем деп едім.
Туырлығын тескілеп
Тоқым етсем деп едім.
Махамбеттің бұл тектес өлеңдерінің ауыз әдебиетіндегі қысқа тарихи өлеңдермен байланысы барлығы айқын.
Махамбет өлеңдері өз басынан кешірген ауыр халдерді сезіне отырып, терең толғап суреттеумен қатар, ол өз кезіндегі тарихи оқиғалармен байланысты туған қалың бұқараның көңіл күйін де көрсете білді. Оның өлеңдерінде өзінің көңіл күйі мен ел күйі ұштасып жатты. Сондықтан оның лирикасын әлеуметтік сарындағы, саяси-үгіттік лирика деп атауға тура келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |