Әрбір жасуша құрылысының ерекшелігіне қарай белгілі бір қызмет атқарады. Көпжасушалы организмдердің жасушаларынан ұлпалар түзіледі. Ұлпа — шығу тегі, құрылысы мен атқаратын қызметі бірдей жасушалар тобы. Өсімдіктерде ұлпаның алты типін ажыратады: түзуші, негізгі, жабындық, өткізгіш, бөліп шығарушы және тіректік (47-сурет).
Өсімдік ұлпалары
Түзуші ұлпа тамыр ұшы мен өркен ұшында орналасатын жасушалардан тұрады. Бұл жасушалар үнемі бөлініп, жаңа жасушалар түзеді, нәтижесінде өсімдік өсіп дамиды. Түзуші ұлпаларға сабақта орналасқан камбий жатады. Оның жасушаларының бөлінуі нәтижесінде сабақ жуандап өседі.
Негізгі ұлпалар фотосинтездеуші және қор жинаушы ұлпалардан тұрады. Фотосинтездеуші ұлпалар жасуша қабықшасы жұқа тірі жасушалар жиынтығынан тұрады, олардың цитоплазмасында көп мөлшерде хлоропластар болады. Бұл ұлпалардың негізгі қызметі — фотосинтез процесіне қатысу.
Қор жинаушы ұлпалар қор заттарын жинайтын жасушалар тобынан тұрады, қорға нәруыз, май, көмірсулар жиналады. Сондықтан бұл ұлпалар түйнектер, пиязшықтар, тамыржемістер, тұқымдар, жемістерді түзеді. Бұл ұлпаларға су жинаушы ұлпалар да жатады (су сақтағыш ұлпа). Мысалы, олардан кактустың сабағы, алоэнің жапырағы түзіледі.
Жабындық ұлпа — бұл жасушалар тобынан қабықша, тоз түзіледі. Ұлпаның негізгі қызметі — өсімдіктің ішкі жүйесін зиянкес микроорганизмдердің енуінен қорғап, судың артық булануынан сақтау.
Өткізгіш ұлпалар суда еріген минералды заттарды тамырдан өсімдіктің жер беті бөліктеріне және органикалық заттардың жапырақтан басқа мүшелерге жеткізілуіне жауапты. Бұл қызметті сүрек түтіктері мен тіннің сүзгі тәрізді түтіктері атқарады. Бөліп шығарушы ұлпаларға шайыр жолдары, шірнелік, сүт жолдары жатады.
Тіректік немесе механикалық ұлпалар өсімдік мүшелеріне беріктік қасиет береді. Олар қабықшасы қалың жасушалардан тұрады. Олардан жаңғақ пен емен жаңғағы қабықшасы, алхоры, өрік сүйектері түзіледі. Мұнда жасушалар тұтас қатты ұлпа түзеді. Жасушада көбіне тірі заттар болмайды, бірақ олар жас өсіп келе жатқан жасушаларда болады да, кейіннен толықтай бұзылады. Жануарларда ұлпаның төрт түрі болады: эпителий, жүйке, бұлшықет, дәнекер (48-сурет).
Жануарлар ұлпасы
Эпителий ұлпасының жасушалары бір-бірімен тығыз байланысқан, олар теріде, мүшелердің ішкі қабырғаларында қорғаныш қабатын түзеді. Жүйке ұлпасы нейрондардан тұрады, олар ми мен жұлынның қызметін қамтамасыз етеді. Бұлшықет ұлпасы ішкі мүшелердің қызметі мен организмнің кеңістікте қозғалуын қамтамасыз ететін дене бұлшықеттерін түзеді. Дәнекер ұлпалары тіректік, беріктік қасиет беріп, оттек пен қоректік заттарды тасымалдайды, оларға қан, лимфа, шеміршек, буын, сүйек жатады.
Ұлпалардан мүшелер түзіледі. Мүшенің денеде тұрақты орны, белгілі құрылысы бар және нақты қызмет атқарады. Әдетте, мүшені бірнеше ұлпалар жиынтығы құрайды, бірақ олардың біреуі ғана оның маңызды, басты қызметін атқарады. Мүше тұтас организмнің бөлігі болып табылады, ол организмнен тыс жұмыс істей алмайды. Өсімдік мынадай мүшелерден тұрады: тамыр, сабақ, жапырақ, гүл. Жануарлардың мүшелері: жүрек, бүйрек, өкпе, қарын және т.б.
Белгілі бір қызметті бірігіп атқаратын мүшелер мүшелер жүйесін түзеді. Жануарларда жүйке, тірек-қимыл, асқорыту, тыныс алу, қанайналым, зәр шығару, жыныс жүйелері болады. Мүшелер жүйесі оқшауланып қызмет атқармайды, организмде белгілі нәтижеге жету үшін бірігіп қызмет етеді
Достарыңызбен бөлісу: |