Өсімдіктің өсуіне сыртқы орта жағдайларының әсер етуі.
Өсу және даму ұғымы. Өсімдіктердің салмағы мен көлемі, оның мүшелерінің саны мен мөлшері және клеткалар санының артуы, сондай-ақ жаңадан протоплазма түзілу процестері өсу деп аталады.Ағзадағы сапалық өзгеріс процестерін даму деп атайды, бұл жағдайда ағза қызметінің жаңа түрлері немесе жаңа формалар пайда болады.Мысалы: өркендегі жапырақтар санының артуы өсу құбылысы болып табылады. Тұқымның өскінге айналуы, меристемалық клетканың өткізгіш ұлпа клеткасына өзгеруі даму процестері болып саналады. Өсу және даму процестері бір-бірімен ажырамастай байланысқан. Өсу процесінсіз даму болмайды. Клетканың өсуі нәтижесінде мүшенің өзі де өседі. Әр түрлі мүшелер және белгілі бір мүшенің әр түрлі бөліктері түрліше қарқынмен өседі. Түзуші ұлпа – меристема орналасқан жерлердегі органдар тез өседі. Сабақ пен тамырдың ұшында меристеманың болуы бұл мүшелердің ұзарып өсуіне мүмкіндік береді. Сабақ пен тамырда бүйірлік меристема (камбий) орналасқан, ол сабақ пен тамырдың жуандап өсуін қамтамасыз етеді. Өркен мен жапырақ түбіне орналасқан қыстырма меристема буын аралығының өсуін қамтамасыз етеді. Бұған астық тұқымдастар мен традесканция сабағында қыстырма меристеманы мысал етуге болады. Меристеманың орналасу жағдайы мен өсу бағытына қарай өсудің мынадай типтерін ажыратады: базальдық, түбінен өсу, аикалдық (тамыр мен сабақтың ұшынан өсуі) және интеркалярлық (қыстырма) өсу.
1. Клетканың өсу кезеңдері.Ағза клеткаларының өсуі мен дамуы нәтижесінде тұтас организм өсіп-дамиды. Әрбір клетка өсуінің үш кезенін ажыратуға болады:
клетканың эмбрионалдық бөлінуі;
созылу
дифференциациялану кезеңі.
Эмбрионалдық бөліну кезеңі ядроның бөлінуінен басталады, бұл процесс митоз немесе митоз жолымен жүзеге асады. Ядроның бөлінуі негізінен митоз жолымен өтеді, ол кариокинез деп аталады.Митоздың профаза, метафаза, анафаза және телофаза деп аталатын төрт кезеңі бар. Ядро бөлінбестен, тыныштық күйде болатын уақыт аралығы лагфаза немесе интерофаза кезеңі деп аталады. Митоз процесі негізінен түнде өтеді, ол 2 сағатқа созылады. Бұл аралықта цитоплазма да өзгереді. Профаза кезеңі басталғанда цитоплазманың тұтқырлығы күшейіп, оның өткізгіштігі артады. Келесі кезеңде бұл көрсеткіштер төмендеп, митоздың соңына қарай қайтадан артады. Бөліну процесінің басталуы алдында клеткада ақуыз мен РНК-ның синтезделуі күшейе түседі, тыныс алу қарқыны артып, клетканың тотықтыру-тотықсыздандыру потенциаль өзгереді. Бөлінуін тоқтатқан клеткалар келесі созылу кезеңіне өтеді. Бұл кезеңде клетка қабықшасы өседі. Клетка қабықшасы алғашқы кезде жұқа әрі созылмалы болады, одан соң ол ішкі жағынан келесі қабатпен көмкерілуі есебінен жуандай бастады. Клетканың созылу аймағында қарқынды тыныс алу,ақуыздар мен көмірсулар түзілуінің күшеюі және судың көп мөлшерде ағып келе бастауы байқалады, цитоплазманың мөлшері артып, онда вакуоля пайда болады. Ферменттердің активтілігі артады. Созылу кезеңінде клеткалар әлі де белгілі бір қызмет атқаруға маманданбаған. Бұдан былайғы уақытта мұндай клеткалар басқаша жолмен дамуы да мүмкін. Мұндай жағдай клетка үшінші дифференциялану кезеңіне өткенде байқалады.Клетка өткізгіш ұлпаға айналғанда ондағы ядро немесе бүкіл цитоплазма жойылып, көлденең жарғақтар еріп кетеді, ал клетка механикалық ұлпаға айналғанда оның қабықшасы жуандап, бойына лигнин затын сіңіреді. Клетканың белгілі бір даму жолына түсуін ақуыздардың ерекше жиынтығы айқындайды, мұндай ақуыздардың синтезделуін гендер реттеп отырады.Ағзаның әрбір клеткасындағы гендердің жиынтығы бірдей болған жағдайда олардың біреулерінің активтілігі артып, екіншілерінің активтілігі тежеледі. Бұл жағдайды гендердің дифференциалдық активтелуі деп атайды. Активтелген гендер МРНК (морфогенетикалық РНК) жасап шығарады, МРНК-ның жәрдемімен ерекше ақуыздар синтезделеді.Ақуыздар өз кезегінде клеткалардың дифференциациялануын айқындайды. Гендердің дифференциалдық активтелуіне әр түрлі факторлар, мысалы, фитогормондар мен жарық себепші болуы мүмкін. Мұнда әр түрлі клеткалар бір фактордың өзіне түрліше жауап қайтарады. Әсер етуші фактор, мәселен, жарық жекелеген генді немесе геномды активтендірместен, белгілі бір ретпен бір геннен соң екінші генді активтендіреді. Даму процесіне қатысатын барлық гендер осылайша активтеледі. 2. Өсу заттары – гормондар.Өсу заттары немесе фитогормондар ұлпалардың,мүшелер мен тұтас ағза клеткаларының өсуі мен дамуын қадағалайтын факторлар болып табылады. Мұндай заттардың үш тобы белгілі:1) Ауксиндер.Химиялық табиғаты жөнінен индолилил 3 сірке қышқылы болып табылады. Өсімдіктерде ол триптофаннан түзіледі. Мұнда алдымен индогилпирожүзім қышқылы түзіледі. Ауксин барлық жоғары сатыдағы өсімдіктерде және төменгі сатыдағы өсімдіктердің көпшілігінде, сондай-ақ бактерияларда түзіледі.Мысалы: ананас өсімдігінің құрғатылмаған 1 кг салмағында 6 мг ауксин болады. Ол өркендердің ұштарында, жапырақтар мен тұқым жарнақтарында, өсіп келе жатқан ұрықта түзіледі. Өсімдік тозаңында да ауксин көп кездеседі. Ауксин клетканың созылу кезеңіне жағдай туғыза отырып, өсімдіктердің өсуіне әсер етеді. Бұл жағдайда ауксин қабықшаның қасиетін өзгертіп, оны жұмсартады, ондағы пектиннің мөлшерін арттырады, сондай-ақ қабықшаға неғұрлым созылмалы, серпімді және су өткізгіштік қасиет береді. Цитоплазмада осымен бір мезгілде ақуыздың синтезделуі жақсарады, ал митохондрияларда тыныс алу процесі күшейіп, цитоплазманың тұтқырлығы мен өткізгіштігі өзгереді. Ауксиндер өркендер мен жемістердің өсуін күшейтеді, бірақ тамыр жүйесі мен жапырақтарға шамалы әсер етеді. Концентрациясы аз болған кезде ауксин өсу процесін күшейтеді, ал концентрациясы жоғары болғанда тежейді.