ОТБАСЫ – РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ БАСТАУЫ
Ауелгазина Т.К.,
саяси ғылымдарының докторы,
Педагогикалық білімнің халықаралық
Ғылым Академиясының академигі,
«ӨРЛЕУ» біліктілікті арттыру
ұлттық орталығы» акционерлік
қоғамының филиалы «Алматы облысы
бойынша педагог қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты»
«Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру»
кафедрасының меңгерушісі,
Қазақстан Республикасы,Алматы қаласы
Аңдатпа
Мақалада Әбу Насыр Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Абай Құнанбаев сияқты ойшылдар, Макаренко, Сухомлиский тәрізді педагогтардың отбасы және бала тәрбиесі жайлы озық ойларын алға тартылып, бала бойынша рухани-адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеудің маңызы көрсетіледі.
«Адамзаттық күштің маңыздысының бірі – адамгершілікке ұмтылу. Осыдан біздің ішкі
тұрақтылығымыз бен тіршілік етуіміз басталады. Біздің өмірімізде адамгершілік қана біздің
қылықтарымызға әсемдік пен сенімділікті береді. Оны жігерлендіру мен оның мағынасын анық түсінуге көмектесу – білім берудің басты мақсаты
Альберт Эйнштейн
Адамдарды сүю, оған жақсылық жасау, жанашыр болу – адамгершiлiктiң белгiсi.Адамның шынайы байлығы затта емес,рухани қазынада
В. Сухомлинский
Отбасы - адамзат баласының түп қазығы, алтын ұясы. Бала тәрбиесiнде отбасының алатын орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негiзгi қызметі баланы өмiрге келтiру ғана емес, оның бойына көне заманнан келе жатқан ұлттық тәрбиенің тағылымдары мен аға ұрпақтың тәжiрибесiн сiңiру, қоғамға пайдалы жеке тұлға етiп тәрбиелеу болып табылады. Ата-ананың өз борышын мүлтiксiз орындауы – үлкен тәрбие мектебi. Осылайша, адамға тән рухани-адамгершілік сапа-қасиеттерді қалыптастырып, дамытудың негізі ең алдымен отбасында қаланады. Ал, отбасындағы тәрбие бесік жырынан бастау алады. Осыған орай ұлы жазушы М. Әуезов «Халқым ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтып кеткендей, отбасындағы тәрбиенің бесік жырынан нәр алуының маңызы айрықша. Ата-ана баласына ертегі, аңыз, әңгіме, жыр-дастандарды айту арқылы, оның ойлау, қиялдау, тыңдай білушілік пен армандау қабілетін ұштайды.
Жас ұрпақ өкілдеріне отбасында тәрбие беруде ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиенің, халықтық педагогиканың маңызы орасан. Халықтық педагогиканың негізінде ұлттық сана-сезімді, ар-ожданды, ұлтжандылықты, отансүйгіштікті, қоғамдағы ережелер мен ұстанымдарды, ұлттық рухты ұрпақ жадына тоқыту әрекеті жүзеге асырылады. Осыған орай белгілі педагог-ғалым К. Оразбекова «Иман және инабат» еңбегінде: «Халық педагогикасының негізгі көздер мақсаты - бай тарихи тәжірибеге сүйене отырып, келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгеруге, отбасы, ауыл-аймақтың, елдің ар-намысын қорғауға тағы басқа ізгі қасиеттерге баулу, яғни, адамның белсенді бет-бағдарын қалыптастыру» [1, 29-б], - деген тұжырым жасайды. Сонымен, халықтық педагогиканың тәлім-тәрбиелік негізі ретінде - ата-ананы, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, жағдайы төмен адамдарға қайыр қылу, әдептілік, парасаттылық, адалдық, шыншылдық, тектілік сияқты және т.б. қасиеттер кең байтақ өлкемізде ғасырлар бойы буыннан буынға жалғасын табуда.
Осылайша, бала мінез-құлқының негізін қалыптастыруда, оның бойына рухани-адамгершілік сезімін, инабаттылық, әділеттілік, шыншылдық тәрізді адамдық абзал қасиеттерді егуде отбасы ең алғашқы және басты рөлді атқарады. Нақ осы жағымды қасиеттерді жас ұрпақтың бойына дарыту ең алдымен отбасындағы тәрбие арқылы жүзеге асатыны белгілі. Осымен байланысты «Тәрбие -табалдырықтан басталады» деген нақылдың өзі өмірден алынған шындық.
Отбасында ата-анасы және өзге де отбасы мүшелері баланың тәлімді де тәрбиелі болып өсуіне ерекше назар аударатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда баланың бойына жас кезінен ұлттық сана-сезім мен рухани-адамгершілік құндылықтардың негізін орнықтырудың маңызы өте зор. Себебі бала жасынан қалыптасқан мінез, тәлім-тәрбие, қарым-қатынас қағидалары көбінесе есейгенде де сақталынады. Сондықтан әр адам өзінің ар-намысын, қадір-қасиетін жоғары ұстап, өзін-өзі тәрбиелей білуі керек. Өзін-өзі тәрбиелеуге әр адамның жақсы қасиет пен талғамға үйренуінің негізінде өз бойындағы бағалы адамгершілік қасиеттерін жетілдіруі жатады. Олай болса, «моральдың негізгі міндеті - адамның мінез-құлқын тәрбиелеу, осы арқылы олардың бойында адамгершілік, әдеп сақтау қатынастарын қалыптастыру, сөйтіп адам мен қоғам арасындағы қатынасты реттеу болып саналады» [1, 23-б]. Осымен байланысты ұлы ойшыл, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби адамның бойына кішіпейілділік, қайырымдылық, шешендік, қанағаттылық, жомарттық және т.б. ізгі қасиеттерді негіздеуде тәрбие мәселесіне зор мән берген. Бұл ретте ол «тәрбиелеу дегеніміз - халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз… Тәрбиелеу кезінде халықтар мен қалалықтарға білімге негізделген қасиеттерден туатын іс-әрекет жасау дағдысы сіңіріледі, олар осындай іс-әрекетке жігерлендіріледі.., сөйтіп, осы қасиеттер және бұлармен байланысты әрекеттер адамдардың жан дүниесін баурап алатындай және адамдарды осыған жан-тәнімен құштар ететіндей болуы көзделеді», - деген тұжырым жасайды [2, 343-б]. Сонымен қатар, ұлы ойшылдың жас ұрпақты жеке тұлға етіп қалыптастыруда адамгершілік тәрбиесін негіз етіп алудың маңыздылығы турасындағы ой-пікірлерінің орны айрықша. Соған орай ұлы ойшыл: «Енді біз жақсы адамгершілік сапалар туралы, сондай-ақ, осылардың негізінде туатын және мораль саласында ең абзалы болып табылатын нәрсеге қарай ойымызды сілтейтін мінез-құлық нормалары туралы әңгімелегеніміз жөн», - дейді [3]. Сондай-ақ, ұлы ойшыл әр адамның жеке-дара тұлға болып қалыптасуы үшін екі әдісті - ерікті түрде және күштеу арқылы тәрбиелеуді ұштастыра қолдануды талап етеді. Яғни, ол: «Күштеу арқылы тәрбиелеу және ерікті түрде тәрбиелеу тәлім-тәрбие алушы адамдар болмысының мәніне байланысты, бұлар өзінің аумағы мен күшіне қарай дараланып отырады… Ерікті түрде тәрбиелеу өнері өте-мөте көп күшті керек етеді. Күштеп тәрбиелеу өнері жөнінде де осыны айтуға болады, ал мұның мәнісі, басқасын былай қойғанда адамның өмірдегі арманы болып табылатын бақытқа жеткізерлік белгілі бір іс-әрекет жасау… деген сөз», - деп пайымдайды [2, 347-б].
Ал, әйгілі түрік ойшылы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасындағы:
«Сәбиінде көкірекке түйгені
Өлгенінше санасында жүреді!
Ұяда не көрсе, соны іледі,
Сүтпен сіңген өле-өлгенше жүреді!» [4], - деген бәйіті «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Сүтпен біткен мінез, сүйекпен кетеді» деген мақалдармен үндес. Яғни, Ж. Баласағұн бұл бәйіттерінде өмір есігін енді ғана ашқан жас ұрпақты отбасында және қоғамдық ортада адамгершілікке тәрбиелеудің орны бөлектігін атап көрсеткен. Міне, сонда ғана әрбір бала ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі қасиеттерді, әдеп ережелерін өз өміріне серік етіп өседі дейді.
Қазақ халқының ұлы ойшыл философы Абай Құнанбайұлының (1845-1904жж.) поэтикалық шығармалары мен «Қара сөздері» педагогикалық ой-пікірлерге толы. Ұлы ойшыл өзінің бүкіл саналы өмірі мен шығармашылық күш-қуатын адамды жеке тұлға етіп қалыптастыруға, адамдық қасиеттерді биіктетуге, адамды түбірінен жаңартып, оның рухани дүниетанымын байытуға, жетілдіруге сарп етті.
Адам мәселесі ұлы ойшыл шығармаларындағы негізгі рухани-әлеуметтік мәселе болып табылады. Ол адамның жеке тұлға ретінде әлеуметтік тұрғыда жетілуіне ықпал ететін алғышарттардың қатарында - «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды» [5] атап көрсеткен. Толыққанды, жетілген адам - адамгершілігі мол, білімді, еңбекқор, сабырлы, имандылығы мен ұяты жоғары, қанағатшыл болуға тиіс дейді. Ол халықты осындай қасиеттерді өз бойларына дарытуға шақырып, жалпыадамзаттық ізгілік пен рухани-адамгершілікке үндеді.
Ұлы Абай адамның әрқашан өзін-өзі жүйелі түрде жетілдіріп, тәрбиелеп отыруына айрықша көңіл бөліп, он бесінші сөзінде былай деп атап көрсетеді: «…Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?
Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» [6]. Олай болса, бұдан шығатын қорытынды – адам күнделікті істеген әрекетіне талдау жасап, өмірін мәнді де мағыналы өткізуге тырысып, дүниедегі өз орнын тауып, лайықты іс-әрекет жасауға ұмтылуы тиіс.
Ұлы Абай адамды биікке көтерді, оны толық жетілген адам дәрежесіне жеткізуді мақсат етті. Ойшыл-дана сомдаған «Толық адам» келбеті немесе оның жүрек тәрбиесі туралы ой қозғауы – қазақ халқының ертеден келе жатқан ұлттық тәрбиесі мен халық даналығынан бастау алған. Осылайша, ұлы ойшыл адам бойындағы адамгершілік, ақыл тәрізді қасиеттерді аса жоғары бағалаған. Ойшыл қоғам мүшелерінің адамгершілік мінез-құлқына талдау жасап, адамды оның жоғары деңгейдегі сана-сезіміне, өз ел-жұртына көрсетер қызметіне қарай бағалау керектігін атап көрсетеді. Оның адамгершілік мәселесі туралы толғаныстарына терең үңілетін тұс – қазіргі кезең. Еліміздің барлық саласында түбегейлі жаңарулар болып жатқан бүгінгі күндерде ұлы ойшылдың әлеуметтік ой-пікірлерінің оқу-тәрбие үдерісіндегі мәні өте зор.
Ұлы Абай өзінің бүкіл саналы өмірінде «Адам бол!» деген этикалық қағиданы ұстанып, қалың қауымды адамгершілікке, адамшылыққа, ізгілікке үндеді. Адамның өмірінің соңына дейін шын мағынасында адамдық қасиетін жоғалтпай, өз халқына адалдығын сақтап, адамзатты құрметтеуі – бүгінгі таңда да көкейтесті мәселе. Ойшыл үлгі етіп ұсынған адам болудың жолы әрқашан, қай қоғамда да өзінің мән-мағынасын жоғалтпайтын қағида болып табылады.
Ұлы Абайдың жастарды халқымыздың әдеп-ғұрпы, салт-санасы, дәстүрінен тәлім-тәрбие алуға шақыруы дүниежүзілік педагогика классиктерінің ой-пікірлерімен үндеседі.
Мәіне, осылайша, өскелең ұрпақтың жадына тәрбие қағидаларын дарыту отбасында ең алдымен ата-анасының ыстық махаббаты мен мейірімінен, шынайы қамқорлығынан басталады. Яғни, адамға, қоршаған ортаға, Отанға деген қымбат қасиет бала жүрегінде отбасы, ошақ қасында бүршік атып, бұтағын жаяды. Сондықтан да мұны «Отан - отбасынан басталады» деп түйіндейді халық даналығы. Жас балдырғандарға адамгершілік пен борыштың, арлылық пен намыстың мәнін жете ұғындырудың маңызы зор. Өйткені борышқа деген саналы көзқарасы қалыптасқан, ар-намысы берік жас ұрпақ ғана кейін өзінің Отан алдындағы, халық алдындағы парызын адал орындап, адамзат бақыты мен ел игілігі үшін қызмет ететіні сөзсіз. Біздің міндетіміз-отбасындағы әрбір баланың жадына «Қазақстан – менің Отаным» деген қастерлі сезімді егу болып табылады.
Отбасының жеке тұлғаның әлеуметтік тұрғыда қалыптасуындағы орны мен рөлі жайында кеңестік педагогика ғылымы саласында әртүрлі пікірлер орын алғаны белгілі. Көрнекті педагог А.С.Макаренко: «Жақсы да, жаман да семьялар болады. Семья ойдағыдай тәрбиелейді деп кепіл болуға болмайды. Семья қалай тәрбиелесе, солай тәрбиелесін деп біз айта алмаймыз. Семьялық тәрбиені біз ұйымдастыруға тиіспіз және мемлекеттік тәрбиенің өкілі ретінде бастапқы ұйымдастырушы мектеп болуға тиісті. Семьяларға мектеп басшылық етуге тиісті»,-деп өскелең ұрпақты қалыптастыру ісінде отбасына қарағанда мектеп жетекшілік рөл атқаруы керек деген ұйғарымды ұсынды [7]. Ал, педагог-ғалым В.А.Сухомлинский: «Мектеп, семьяны, әсіресе шешені толық дәрежеде алмастыра алмайды... Мектеп пен ата-ананың міндеті - әр балаға бақыт беру. Бақыт алуан қырлы. Ол – адамның өз қабілетін ашып, еңбекті сүйіп, онда жасампаз бола білуінде де және қоршаған дүниенің әсемдігінен ләззат алып, басқалар үшін әсемдік жасауында да, басқа адамды сүйіп, өзі де біреудің сүйіктісі болып балаларды нағыз адам етіп өсіре білуінде. Тек ата-аналармен бірлесіп ортақ күш-жігер жұмсағанда ғана мұғалімдер балаларға зор адамдық бақыт бере алады», - деп тек отбасымен бірлескенде ғана мектеп ізгі қабілет-қасиеттері бойында тоғысқан жеке тұлғаны тәрбиелей алады деген тұжырымға келді [8]. Демек, жас ұрпаққа мектеп, ата-ана және әлеуметтік ортаның өзара сабақтаса отырып, мақсатты түрде рухани-адамгершілік тәрбие беруді ұйымдастыруының маңызы зор. Себебі ұлы ақын Абай Құнанбайұлы тұжырымдағандай: «адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады».
Бала сонымен қатар отбасында дау-жанжалдың қалай туындайтынын және оны шешу жолдарын, бағынуды немесе қарсы тұруды, өзара келісімге келуде адамгершілік қасиеттерді ұстануды және т.б. әрекеттерді басынан өткізеді. Назар аударарлығы, отбасындағы үстемдік етуші қарым-қатынастың сипаты дербес өмір құруға қадам басушы жеке тұлғаның болашақтағы мінез-құлқында зор маңызға ие, мәселен, келісілген істі орындауға қабілетінің болуы, өз көзқарасына қарсы пікірлерді талқылай алу мүмкіндігі, агрессивтік мінез көрсету немесе көрсетпеу тәрізді ерекшеліктерді қалыптастырады деп атап көрсетеді поляк ғалымы Е. Вятр [9]. Міне, осылайша рухани-адамгершілік құндылықтар мен ұстанымдар жайлы отбасында қалыптасқан көзқарас пен көңіл-күй көп жағдайда баланың есінде өмір бойына сақталынады. Сонымен бірге, өсе келе оның мінез-құлқында көрініс тауып, өмірлік ұстанатын бағытына айналады. Бұған қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі «Отан от басынан басталады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» және т.б. нақылдар дәлел.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев халыққа Жолдауында (2009ж.): «...Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал, мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады», - деп тұжырымдағандай рухани-адамгершілік құндылықтарды өрістетуде отбасының рөлі ерекше [10]. Отбасында тұрмыстың қалыпты жағдайлары жасалып, адамның мінез-құлқының негізі, сондай-ақ, еңбекке, қоғамдық ортаға, адамгершілік, идеялық және рухани құндылықтарға деген қарым-қатынасы дамып, жетіледі.
Демек, отбасы - адам өмірінде, оны жеке тұлға ретінде қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Ата-ана мен отбасының өзге мүшелері баланың жас және жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып, рухани-адамгершілік тәрбие берудің формалары мен әдістерін нақты жүзеге асыра білуі тиіс. Қоғамда рухани-адамгершілік тәрбие беру үдерісінде ұлттық және әлемдік деңгейдегі құндылықтарды өзара байланыстыра отырып, жеке тұлғаның бойындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырып, дамытудың мәні зор. Себебі адамгершілік - адамның рухани арқауы. Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ғана ардақталады. Ал, қоғамдағы адамгершілік тәрбиесі - адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, парасатты мінез-құлық дағдыларын қалыптастырып, жетілдіруде жалпыадамзаттық құндылықтарды тиімді пайдалануға бағытталған жалпыадамзаттық тәрбиенің бір бөлігі. Сондықтан бүгінгі таңда оқу-тәрбие үдерісінің басты мақсаты - ақылды да әдепті, жан-жақты жетілген, адамгершілігі мол жас ұрпақ өкілдерін тәрбиелеу болып табылады.
Әдебиеттер
1. Оразбекова К.А. Ұлттық психология мен халық тәрбиесі болашақтың бастауы хақында. – А.: Дәуір, 2000. - 152 б.
2. Әл-Фараби. Бақытқа жету жайында // Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. - Алматы: Ғылым, 1975. - 420 б.
3. Әл-Фараби. Бақыт жолын сілтеу // Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. - Алматы: Ғылым, 1975. - 17-б.
4. Баласағұн Ж. Құтты білік. - Алматы: Жазушы, 1986. - 175-б.
5. Абай. Өлеңдер. - Алматы: Жазушы, 1977. - 33-б.
6. Абай. Қара сөз, поэмалар. - Алматы Ел, 1993. – 36-б.
7. Макаренко А.С. Коммунистік тәрбие туралы. – А.: Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика баспасы, 1960. – 370-б.
8. Сухомлинский В.А. Балаға жүрек жылуы. - А.: Мектеп, 1976. - 105, 29-бб.
9. Вятр Е. Социология политических отношений.-М.: Прогресс, 1979.- С.376.
10. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы // Айқын, 2009. - 7 наурыз.
Достарыңызбен бөлісу: |