Ә.БАЙТАНАЕВ – ӘУЗОВТАНУШЫ ҒАЛЫМ
Нұрпейісов Н.Ж., филология ғылымдарының кандидаты
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент қ.
Қазақ халқының сан ғасырлық мол тәжірибесінен жинақталған бір даналық сөз бар. Ол сөз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Белгілі ғалым, профессор, әдебиеттану ғылымының майталманы, «Абай жолы» роман-эпопеясының шын мәніндегі зерттеушісі, «Шын шеберлік» атты монументальды монографияның авторы Әбіш Байтанаұлы Байтанаев осы айтылған екі ұғымның да қасиетті жүгін арқалап ғұмыр кешкен жан. Әбіш Байтанаев сынды ардақты тұлғаның бұл екі қасиетін бір шағын зерттеуде, «Шын шеберлік» атты монография жайлы жазылған еңбекте түгелге жуық қамтып шығу мүмкін емес. Әбіш ағаның жақсы адам ретінде ғұмыр кешкенін дәлелдейтін «Әбіш Байтанаев» атты естеліктер жинағы өткен жылдары жарық көрді, құрастырушы ғалымның қазіргі күні бірден-бір іздеушісі, ғылыми-әдеби мұраларының шырақшысы болып отырған Дина Әбішқызы, бұл жинаққа өзіміз де «Әбіш аға және Ақсүмбеліктер» деген дүниемізді ұсындық. Сол себепті де профессор Байтанаевтың ғалым ретінде қалай еңбек еткені, соның ішінде ғалымның төлқұжаты іспеттес басты еңбегі «Шын шеберлік» монографиясында және «Абай жолы» айшықтары» атты зерттеу еңбектеріндегі Құнанбай образының қазіргі таңдағы әдебиеттану ғылымындағы алар орны, мәні мен маңызы жайында ғана айтпақ ойымызды, пікірімізді сабақтаймыз. Тақырыбымыздың атауын да жоғарыдағыдай «Ә.Байтанаев – әуезовтанушы ғалым» деп алуымыздың сыры осында. Әйтседе, жоғарыда атап өтілген «Әбіш Байтанаев» атты естелік кітабы қалың оқырманның қолына жете бермеуі де мүмкін, осы жағдайларды ескере келіп, ұстаз, ғалым, әдебиетші Байтанаевтың мағыналы өмірбаяны, ел алдындағы еңбек жолы, білім мен ғылымда, мәдениет пен руханият әлеміндегі кейбір қырлары жайында шолу үлгісінде болса да айтып өткенді жөн санадық.
Байтанаев Әбіш Байтанаұлы 1910 жылы 25 желтоқсанда қазіргі Отырар ауданы (бұрынғы Шәуілдір) Ынталы ауылында дүниеге келген [1,148], кейбір дерек көздеріне қарағанда ғалымның ата-бабасы Түркістан қаласы төңірегіндегі Тоған деп аталатын жерді мекен еткен. Әбіш Байтанаевтың білім жолындағы сапары кеңес дәуірінің алғашқы аласапыран жылдарымен сәйкес келді. 1927 жылы №5 Түркістан қалалық мектебін жақсы үлгеріммен бітірген ол одан әрі Алматы қаласындағы жерге орналастыру техникумының алғаш дайындық бөлімінде, кейін осы оқу орнын үздік бітіріп, аталған техникумда оқытушылық қызметте қалып, еңбек жолын бастайды. Қазақ халқының басына нәубет болып келген 1932-1933 жылдары әскер қатарына алынып қызмет етеді, 1933 жылы елге оралған ол 1936 жылдың зобалаңына дейінгі аралықта «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде журналистік қызмет атқарады, бөлім меңгерушісі болып абырой мен құрметке ие болады. Бұдан кейінгі жылдары ұстаздық қызметке қайта оралады, 1936-39 жылдары Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, 1939-41 жылдары Шымкент қаласындағы №26 мектепте орыс тілінен сабақ береді. 1941 жылы өз еркімен сұранып соғысқа кеткен ол 1943 жылы жараланып, денсаулығының жарамсыздығына байланысты елге оралады. Сұрапыл соғыстан жаралы оралғанына қарамастан өзінің туған өлкесі Шәуілдірге қайта оралып, аудандық партия, совет қызметіне белсене араласты. Мемлекеттік қамсыздандыру саласында және аудандық газетті басқарған жауынгерді 1945 жылы Шымкент қаласына, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызметке шақырады. Сұрапыл соғыста жеңіске жеткен елінің өр рухын асқақтатуға бар күш-жігерімен үлес қосқан журналист Байтанаев газеттің жауапты хатшысы болып еңбек етті. Ұстаздық, журналистік жұмысты қат-қабат атқарған Байтанаев ендігі кездегі ел тыныштығын пайдаланып жоғары кәсіптік білім алуға ұмтылды, нәтижесінде 1948 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын сырттай оқып, ол оқу орнын үздік бітіріп шықты. 1947 жылы Шымкенттегі мұғалімдер дайындайтын екі жылдық институтқа (1953 жылдан пединститут) оқытушылық қызметін бастаған ол 40 жылдан астам осы оқу орнында еңбек етті, көп жылдар бойы кафедра меңгерушісі болып абыроймен еңбек етті, аталған оқу орны кейініректе М.Әуезов атындағы Шымкент педогогикалық институты болып, оңтүстік өлкесіндегі педагог мамандар дайындайтын қара шаңыраққа айналды, ғалым аталған оқу орнында 40 жыл тапжылмай еңбек етіп, ғұмырын арнады, 1988 жылы жылы құрметті демалысқа шықты. Бұдан кейінгі жылдары да қарт ұстаздың қаламы қолынан түскен жоқ, әрбір оқу жылы басталғанда өзінің бүкіл мағыналы ғұмыры өткен пединситутына арнайы келіп, шәкірттеріне батасын беріп кетуден жаңылған жоқ, 1993 жылдың 3 маусым күні ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмды.
Ғалымның ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ, «Еңбек Қызыл ту» орденімен, (1986) және көптеген медальдармен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды.
Әбіш Байтанаев ұстаздық еңбегінің бір парасын ұдайы ғылыммен ұштастырды, нәтижесінде 1956 жылы «Жамбыл Жабаевтың ақындық өнері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаса, 1971 жылы «М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын жазудағы шеберлігі» деген тақырып аясында докторлық диссертация қорғады. Ғылым-білімге сіңірген ұзақ еңбегі үшін 1981 жылы «Қазақ ССР Жоғарғы оқу орнының еңбек сіңірген үздік қызметкері» деген құрметті атаққа ие болды. 1986 жылы профессор атағын алды.
Әбіш Байтанаевтың ғылым көкжиегінде де өз ізі қалды. «Шын шеберлік» (1969), «Абай жолы» эпопеясының образдар жүйесі» (1970), «Абай жолы» айшықтары» (1995), «Әдебиет теориясын орта мектептерде оқыту» (Әдістемелік нұсқау, 1988), «С.Ерубаевтың творчествосы туралы» (1978), «Жамбыл Жабаев» (1957), «Саттар Ерубаев» (1958), т.б. сан алуан ғылыми еңбектері бар. Сонымен қатар ғалым Байтанаевтың жазушылық өнерде («Дәл төртте» новелла), драматургия жанрында («Замандастар»), аударма саласында («Қарауыл», М.Зощенкодан), тіпті сонау 50 жылдардың соңында қытай жазушысы Лу Синьнің әңгімелері мен повестерін де қазақ тілінде сөйлетіпті, әрине орыс тілі арқылы болу керек.
«Шын шеберлік» ғалым Байтанаевтың төлқұжаты дейтіндей монографиялық еңбек, олай дейтініміз ғалым дәл осы еңбегі арқылы докторлық диссертация қорғады. Еңбек өзара сабақтастықта, ғылыми теориялық тұтастықта жазылған төрт тараудан тұрады. Ол тараулардың тақырыптары төмендегідей: «Абай жолының» сюжеттік желісі», «Эпопеяның композициялық құрылысы», «Абай жолының» тіл мәдениеті жайлы», «М.Әуезовтің әдебиеттік стилі туралы». Ғылыми монографияда жоғарыда атап көрсеткеніміздей кіріспе немесе алғысөз болмағанымен, көлемді, тиянақты жазылған қорытынды бар. Еңбек М.Әуезов жайлы, кемеңгер жазушының «Абай жолы» деп аталатын роман-эпопеясы жайлы.
Зерттеуші ең алдымен «Абай жолының» сюжеттік желісін» басты нысана, зерттеу обьектісі еткен. Әуезов әлеміне көп ғалымдар барды, жазушы мұраларына әр қырынан барлау жасады. Қ.Сәтпаев, М.Қаратаев, Е.Ысмайылов, Ы.Дүйсенбаев, т.б. зерттеулері, ал алғашқы монографиялық очерктерді З.Кедрина, А.Нұрқатов жазды. Аға буын өкілдерінің ізін ала осындай күрделі тақырыпқа барған Әбіш Байтанаевтың бұл монографиялық еңбегі кейінгі кезеңдегі осы ғажайып дәстүрді жалғастырған З.Ахметов, З.Қабдолов, М.Мырзахметов, К.Сыздықов, Т.Жұртбаев сынды ғалымдардың ізденісіне бағдаршам болды, жол көрсетті, дәстүр сабақтастығын дамытты.
Әлем әдебиетінің алтын қорына енген роман-эпопеяның сюжеттік желісі жайында сөз қозғаған ғалым бұл жетістікті былай түсіндіреді: «М.Әуезовтің «Абай жолы» романының даңқы әлемді дүбірлетуінің бір себебі – оның ішкі көркемдік мазмұнға барынша молыққандығы еді», – деп бір түйсе, осы ойын одан әрі: «Көркемдік мазмұнның бірден-бір таянышы сюжеттік желінің күшті, шебер шығуында», – деп [2, 3] тиянақтайды.
«Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ халқының ХІХ ғасырдың соңғы жарты ғасырын түгел қамтитын болғандықтан, ол өмірді тұтас бір салалы оқиғамен қамтуы мүмкін емес, жазушы ондай ниетке ұмтылмайды да, қайта жазушы оқиға сайын, көркемдік түйін түрлерін молайта түсуге ұмтылғандығы байқалады, өйткені нағыз өмірлілікте философиялық топшылауды оқиға түйіндері ғана дұрыс түсіндіре алады,-деп білетін зерттеуші романның сан алуан сырларын оқушыға жеткізіп бере алған. Дәлірек айтқанда сюжет жайын болсын, композиция ерекшелігін айтсын, әрқашан жазушының жан-дүниесін, роман жазудағы шеберлігін терең ашуға ниет еткен. Ол өзінің ғылыми дәйектемесін енді бірде былай деп сабақтайды: «Абай жолы» авторының жеке сюжеттік түйіндерді таратудағы композициясы ерекше. Әуезов алған оқиғасын классикалық тәртіптегі дамумен жүргізеді, яғни алған оқиғасын мүмкіндігінше бөлшектемей, сол дамыған бойы алып барып аяқтайды» [2, 88].
«Эпопеяның композициялық құрылысы» жайында зерттеу жазып отырған ғалым енді бірде: «Композиция құрамына не жатады?» – деп сұрақ қояды және одан әрі осы композиция құрамына «аңыздау, бейнелеу, суреттеу, баяндау, мазмұндау, мінездеу, портреттеу, пейзаж, диалог, монолог, эпилог, т.б., сонымен бірге сюжеттен тыс элементтер: шегініс, көмкеру, т.б. жатады»,-деп түсінік береді. Ғалымның бұл пікірін кейінгі кездегі зерттеулермен, соның ішінде академик әдебиеттанушы З.Ахметов пікірімен салыстыра қарастырдық. «Композициялық тәсілдер алуан түрлі. Солардың ішінде екі нәрсені салыстыра суреттеу немесе қарама-қарсы қойып суреттеу жиі кездеседі. Бұларға қоса, шығарманың композициялық құрылысын белгілеуде елеулі орын алатын ерекшеліктер: уақиға автордың, автордан басқа баяндаушының атынан айтылуы немесе кейбір тұстарда болған жағдайлар шығармадағы кейіпкердің көзімен көрген қалпында алынып, соның ұғым-түсінігі арқылы берілуі», – деп [3,182] келетін пікірлердің арасында ортақ ұғым бар екеніне қапысыз көз жеткізуге болады. Ғалым Байтанаевтың тағы ерекшелігі кез-келген теориялық тұжырымын одан әрі тиянақтап, түсіндіріп, нақты мысалдармен дәлелдеп отыруы қатты қызықтырды, соның дәлелі жоғарыда композиция құрамында болатын бөлшектердің деніне жеке-жеке тоқталып, түсінік беріп отырған. Мысалы: «Композиция құрамының үлкен бір тетікті мәселесінің бірі – мінездеу. Жазушыларымыздың шығармаларында көп орын алатын бейнелеудің мол тетігі – осы», –деп атап көрсеткен ол енді бірде: «Композиция құрамының негізгі бір бөлшегі – портрет. Бұл тетік композицияның байырғы бөлшектерімен есептеледі. Алғашқы көркем әдебиетті жасаушы нұсқалардың бірі – осы портрет. Егер көркем әдебиеттік шығармаларымыздан осы портрет пен пейзажды алып тастасақ, алғашқы кездегі шығарманың ертегілік бұйымнан айырмасы болмай қалар еді», – деген [2, 107] мүлдем тың ой айтады. Портрет жайында айтылған ұшқыр ойларының ішінде бізді «Абай жолы» роман-эпопеясының бас кейіпкерлерінің бірі Құнанбайға қатысты тұжырымдары елең еткізді, себебі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары социалистік реализмнің дәурені жүріп, тап тартысының биік тұғырда тұрғаны бізге мәлім. Осы және басқа да себептердің қыр-сырына тереңірек үңілгіміз келген біз Әбіш Байтанаұлының Құнанбай образы туралы сол замандағы кезеңдік пікірін білгіміз келді. Ғалым бұл портретке былай деп баға береді: «Құнанбай – ұнамсыз кейіпкер. Бірақ ол сондай ақылды, беделді, пайымды, қандай жаудың болса да, алысуына да, айтысуына да татитын образ». Құнанбайдың ұнамсыз образ екенін романның алғашқы кітабы шыққан 1942 жылдан бастап айтумен болған зерттеушілер ол ұстаныммен 1990 жылдарға дейін өмір сүрді, алайда Байтанаев Құнайбайдың ұнамсыз кейіпкер екенін ғана айтумен шектелмеген тәрізді, ғажайып образдың ішкі әлеміне терең сүңгіп, барлық табиғатын ашып отыр, кейінгі ұрпаққа Құнанбайдың «сондай ақылды, беделді, пайымды» екенін меңзеп отыр. Ең бастысы ғалым көрегенділік танытқан, кеш те болса қасиетті қажы Құнанбайдың ақылды екенін ұққан жайымыз бар, ол әрине тәуелсіздіктің арқасында.
«Шын шеберлік» «Абай жолы» сияқты әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған мұраның сюжеттік желісін, композициялық құрылысын, тіл мәдениетін, стильдік ерекшеліктерін теориялық тұрғыдан талдаған еңбектің ғылыми құндылығы бүгінгі азат, тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ елінің білімі мен ғылымын дамытуға септігін тигізе береді деп сенеміз. Бір сөзбен айтқанда «шығарма көркемдігінің неде жататынын танытатын бұл еңбек – әдебиетші сыншыларға, жазушыларға, жалпы оқырмандарға керекті дүние, оқу құралы іспеттес. Сонымен бірге ұлы Абайды Әуезовтей елге танытқан, ал Әуезовтің «Абай жолын» Ә.Байтанаевтай бүге-шігесіне дейін талдаған ғалым өте сирек» екені жайында айтылған пікірді [4, 5] үнемі есте ұстаған абзал.
Профессор Ә.Байтанаевтың әлі де болса ғылыми айналымға көп түсе қоймаған еңбегінің бірі «Абай жолы» айшықтары». Ғалым қайтыс болғаннан кейін, 1995 жылы жарық көрген кітап екі томнан тұрады. Бірінші кітап «Кейіпкерлер келбеті» деген атаумен беріліп, іштей екі бөлімге бөлініпті. Екінші кітап «Эпопеяның сюжеттік поэтикасы» үш бөлімге жіктеліпті. Біздің алдымызда тұрған міндет Құнанбай образына ғана қатысты болғандықтан өз зерттеу обьектімізге байланысты ғана талдау жүргізіледі.
«Кейіпкерлер келбеті» деп аталатын алғашқы кітаптың екінші бөлімі «Образдар жүйесі» деген атаумен берілген. «Образдар жайлы түсініктен» бастаған әңгімені одан әрі Құнанбай, Абай, атқамінерлер, билер, ұрылар, әйелдер, қыздар, ақындар образы деп жіктепті. Құнанбай образы жайында ғалым айтқан пікірлердің бір шоғыры былайша өрбиді. «Құнанбай – қазақ халқына тарихтан былайша да белгілі болып қалған жан, тіптен сондықтан да емес шығар, әйтеуір автор оған экспозиция бермей, оқушыны бірден әрекетке енгізіп жібереді», – дейді [5, 31]. Құнанбай туралы айтқан келесі бір пікірлері де өткір, ақиқатқа жақын. «Біз оны бірден суырылған қылыштай тартыс үстінде көреміз» [5, 32]. Құнанбайдың бала тәрбиесі, әкелік ролі, бала Абайдың алдындағы әкелік касиеті жайындағы келесі бір эпизодты зерттеуші былайша жеткізеді: «Өзіне жүгіріп келе жатқан баласына Ұлжан: «Балам, мынау әкең тұр, алдымен әкеңе сәлем бер», – дейді. Мұның бәрі жазушының тапқырлығы, философиялық тереңдігі деп біледі Байтанаев.
Ә.Байтанаевтың шығармашылығы кеңестік кезеңнің социалистік реализм дәуіріне тұспа-тұс келді. Сол себепті де зерттеуші Байтанаевтың Құнанбай образына қатысты айтқан артық-кем пікірлері жоқ емес. Мұны естен шығармаған жөн. Құнанбайға берген сипаттаманың бірі төмендегідей: «Құнанбай – феодализмнің тірегі, осы төңіректегі ең мықты таянышы, феодализмнің ту ұстары. Өзінің айдынын асыру үшін Қодарды дарға кінәсіз астырады. Оның өлімі үстінде рушылдық қасиеттерінің ынтымағы ретінде қырық ру өкіліне кесек аттырып, өлігіне лағнет айтқызады». Қазіргі уақыт, азат дәуір көзімен қарағанда Қодар мен Қамқаның оқиғасы, Қодардың айуандық әрекеті әшкереленді. Тас боран, тас аттыру сияқты ауыр жаза қазақ тарихында болған, аса ауыр қылмыс жасағандарға қолданылған. Оны ойлап тапқан Құнекең емес, Құнекең тек сол лағнет иесіне лайықты жазасын беруші. Өмір сайысында Құнанбай құдіретті адамға тән сегіз қырлы, бір сырлы жан екенін мойындай отырып, дәуір талабына сай оның бәрі солақай әрекет еді деп өзі де солақай саясатқа бұрып кетеді.
Әдебиет теоретигі, соның ішінде образдар әлемі жайында көп іденген Байтанаевтың Құнанбай образына қатысты айтқан келесі бір пікірлері қазіргі заман рухына сай, Құнекеңнің шынайы бейнесін қапысыз көрсетіп отыр. Зерттеушінің: «...жетілген образдарға осы Құнанбай образы жатады. Құнанбайдың істеген әрбір әрекеті – үлкен характерлердің түрлі қырлары. Қодар оқиғасы – қайсарлығының, айлакерлігінің ...характері. Тоқпамбет оқиғасы және Мұсақұл соғысы – ұйымдастырғыш алғырлығының характері, тілмашпен, майормен әңгімесі – оның тапқыр, өктемшіл, мансап иесінің характері. ...Мырзалық характері – мешіттің біту кеші, қонақасы беруі. Бұлардың бәрі әр жерден көрініп тұрады. Сонда Құнанбай жай шешен емес, үлкен философ, өз тұрғыластарының ішінде - өз заманының үлкен қайраткері»,-деген пікірлері ең алдымен уақыттан оза айтылған ойлар. Қаншама дерек көздерінде, зерттеулерді Құнанбай бейнесі үстем тап өкілдерінің ең бір қатігез, қатал, кертартпа өкілі ретінде айтылып, талданып жатқан тұста дәл бұлайша баға беру ерлік әрі көрегендік, ең бастысы әділдік әрі ақиқатшылдық.
Құнанбайдың кемел ойлы кемеңгер әрі философ екендігін дәлелдейтін ғалым зерттеулеріндегі келесі бір ойлар былай өрбиді: Абай Байдалының бар ашуын, сөздерін түгел жеткізіп келгенде, Құнанбай терең ойланып отырып, тағы да тамаша қорытынды жасайды. «Адам пенде ғой, пенденің жоқ-жетігі толған ба? Бірақ өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады» [5, 33]. Тікелей философиялық ұғымның ауыл өміріне жақын құбылысы. Көпті көрген Құнанбайдың болашағынан мол үміт күттіретін баласы Абайға: «Таязсың, кім-көрінгенге қолыңды бере ұмтыласың, арзансың, орысшылсың» дегендері ірі тұлғалардың ғана аузынан шығатын сөз екенін сол кездері айтып үлгеріпті. Ә.Байтанаев «Құнанбай – күшті, барынша сан қырланған образ» деген қорытынды жасайды.
Ой қорытар тұста әлем мойындаған «Абай жолы» эпопеясының авторы М.Әуезовтің атақты Құнанбайдың тағылымды ісі туралы кейбір ойларын жаңғырсақ: «Құнанбайдың бұдан соңғы ел есінде қалған бір ісі – орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кенесарыны қуғандығы. Тегі Кенесарының Ұлытау, Кішітаудан көшіп, ұлы жүзді бетке алып бара жатқан кезі, яки Балқаштың Камал деген түбегіне қарай көшіп бара жатқан кездері бола ма, әйреуір сол жүрісінің бірінде үкіметтің бұйрығы бойынша, Құнанбай старшын күнінде Кенесарыны қуа шыққан орыс отрядымен бірге қазақтан кісі алып қоса қуысқан.
Қуған қол Кенесарының көшіне келіпті. Көшінің жанында Кенесарының өзі де болса керек. Олар бір топ кісі болып жиналып бір араға келгенде Кенесары атынан түсіп намаз оқыпты. Сонда орыс бастықтары шабайық дегенде: Құнанбай намаз уақытында шаппаймыз деп, шапқызбай қойыпты. Сол жолда Құнанбай қолмен келе жатқан қазақты ұстамауға, қас қылмауға уәделесіпті дейді» [6, 59].
Осы тұрғыдан алғанда, біздің қазақ халқының қанында ғасырлар бойы жинақталған өте бір асыл қасиеттер осы әулеттің жетесінде мол еді. Қазіргі замана зерттеушілерінің бірі М.Мағауиннің Құнанбай қажы туралы айтқандары азат ел рухына сай: «Құнанбай – жай ғана ірі шонжар емес, жай ғана билік басындағы үлкен би, білгір адам емес. Бұл – өз заманының барлық даналығын бойына сіңірген, қазақтың халық әдебиетін, ескі сөздерін, ескі жыраулардың, билердің нақылдарын, толғауларын – бір сөзбен айтқанда, бүкіл қазақ халқының философиясын, далалық философияны бойына сіңірген дана адам. Абай сол жас кезінен бастап, әрине, тілі шыққан кезден бастап, алғаш апыл-тапыл басып, есі кірген кезден бастап, әкесінің, әрине, тізесінде отырады... Абайдың дүние тануына, қалыптасуына Құнекеңнің орны айрықша. Абай ешқашан әкесінің алдынан шықпаған» [7, 315].
Қорыта келгенде ұлы Әуезов сомдаған Құнанбай образы жайында ертелі-кеш жазылған зерттеулердің ішінде Ә.Байтанаев зерттеулері де ерекше орын алады. Өмірде, көркем шығармада аңыз әңгіме, кейіпкер болған қасиетті тұлға жайында шынайы, ақиқаттан аттамай пікір айтқан профессор Байтанаев ойлары дәуір келбетімен рухани үндесіп, азат елінің Құнанбайға деген сүйіспеншілігі мен құрметін жаңғыртып отырғаны қандай құрметке де лайық.
Резюме
В данный работе анализируется монография профессор А. Байтанаева роман-эпопея М. Ауезова «Путь Абая». Исследователь рассматримастерство автора во всестороннем раскрыти образа Кунанбая, также изложена новая точка зрения в интерпретации данный проблемы.
Summary
In the article the monography novel by A. Baitanayev «Abay’s way» is analyzed. The researcher is investigating the authoris technigues in all lightning of Kunanbayev’s personality. New points of view of view of the problem interpretation is e[fmined as well.
Пайдаланылған әдебиеттер
Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. –А., Білік. 1999.
Байтанаев Ә. Шын шеберлік. –А., Жазушы. 1969.
Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. Құрастырушылар З.Ахметов, Т.Шаңбаев. – А.,Ана тілі.1998.
Тұрысбеков З. Әкімдер ақынын іздейді. // Байтанаев Ә. «Абай жолы» айшықтары. –Шымкент. Қасиет. 1995.
5. Байтанаев Ә. «Абай жолы» айшықтар». – Шымкент: Қасиет. 1995.
6. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 8-том. –А.: Ғылым. 1998.
7. Мағауин М. Толық шығармалар жинағы. 13-том. Қанағат – ҒМО баспасы. –Алматы. 2009.
Достарыңызбен бөлісу: |