Сабақтың мақсаты: Африка жер шарының солтүстік және оңтүстік жарты шарларына шамамен бірдей қашықтықка созылып жатқан бірден-бір материк. Осы ерекшелік екі жарты шардың бірегей ендіктерінде бірегей климат болуына, жағдай жасайды. Климаттық белдеулердің барлығы дерлік Африка территориясында екі реттен қайталанады.
Дегенмен Африканың солтүстік бөлігінің оңтүстік бөлігінен (экватордан оңтүстікке қарай жатқан) ауданы жөнінен екі есе үлкен болуының үлкен маңызы бар. Африкадан солтүстікке және солтүстік-шығысқа қарай орасан зор Евразия құрлығы орналасқан, одан Африканы континентаралық жылы теңіздер Жерорта теңізі мен Қызыл теңіз бөліп түр. Оңтүстік субконтинент Атлант және Үнді мұхиттарының аралығында. Сондықтан Африкада экватордан солтүстікке және оңтүстікке қарай климаттың түзілу жағдайлары бірдей емес.
Материктің негізгі бөлігі тропиктер арасында жатыр және бүкіл жыл бойы күн жылуын көп мөлшерде қабылдап, әсіресе солтүстік, анағұрлым сом бөлігінде қатты қызады. Бүкіл Африка жылына 160 ккал см2 астам жылу алады, ал солтүстік бөлігінде жиынтық радиация 200 ккал см2 асып түседі. Бұл жоғары температураның белең алуына жағдай жасайды және Африканы Жердің ең ыстық материгіне айналдырады.
Материктің горизонталды бөлшектерінің шамалы болуы және шеткі аймақтарының ішкі бөліктермен салыстырғанда көтеріңкі келуі мұхит әсерін шектейді және климаттың Африкаға тән континенттігін туғызады, бұл оның көлемі үлкен болуына және Евразияға жақын жатуына байланысты солтүстік бөлігінен айқын көрінеді.
Африканың көпшілік бөлігі екі жарты шардың субтропиктік антициклон мен пасаттық циркуляциясының ықпалында болады. Солтүстік жарты шардың құрлықтан келетін пассаттары салыстырмалы ылғалдығы төмен континенттік ауа ала келеді. Үнді мұхиты жағынан келетін оңтүстік жарты шардың пассаттары материктің шығыс шетіне ылғалдылығы тұрақсыз ауа массаларын алып шығады.
Материктің солтүстік және оңтүстік жарты шарлардағы батыс шет аймақтары пассаттық инверсия тән атлантикалық субтропиктік антициклонның шығыс шетінің ықпалында болады.
Ауа массалары циркуляциясының жағдайы, жауын-шашын мен температураның таралуы екі жарты шар үшін январь мен июльде әр түрлі қалыптасады.
Январьда материктің оңтүстік бөлігі көбірек қызады, ал солтүстік бөлігі салыстырмалы. түрде.салқын тартады. Осыған байланысты жоғары қысымды субтропиктік белдеу Сахараның солтүстігін кесіп өтеді де, Солтүстік-Атланттық максимуммен түйіседі. Материктің қиыр солтүстік-батысы қыста қоңыржай ендіктердін батыс циклондық циркуляциясының ықпалына түседі.
Бұл кезде оңтүстік жарты шарда ауқымды тоқырау орын тебедіде оған қарай көршілес мұхиттардан да, солтүстік жарты шардан да ауа ағылады.
Солтүстік пассат 25° солтүстік ендіктен экваторға қарай қызған ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 30—15% болатын негізгі үш ауа толқыны түрінде қозғалады. Үлкен, шығыс бөлігінде ол солтүстік-шығыс бағыттағы Египет ағыны деп аталады да экваторды басып өтпей Конго бассейнінің солтүстік бөлігіне дейін барады. Онан шығысқа таман барынша құрғақ аравия пассаты әрекет етеді, ол, Сомали түбегін қамтып, экватордан оңтүстікке қарай өтеді де, Үнді мұхиты жағынан Онтүстік-Үнді максимумының шеткері жағы бойымен келе жатқан оңтүстік-шығыс пассатымен қосылып кетеді. Египет ағынынан батысқа Гвинея жағалауына
қарай харматтан атты ағын ағылады, ол Гвинея шығанағының солтүстік бөлігінде Оңтүстік Атлант антициклонының шығыс шеткері жағымен ағылып жатқан оңтүстік-батыс муссонымен кездеседі. Әдетте, харматтан Гвинея шығанағының жағалауына жете алмайды, онда бәсең оңтүстік-батыс желдері соғып тұрады. Бірақ үлкен биіктіктерде пассат толқындары оңтүстікке қарай алысыраққа өтіп, оңтүстік-батыс муссондағы жоғары бағытталған ағынға және жауын- шашынның жаууына кедергі жасайды. Сондықтан январь Гвинея жағалауында ең құрғақ ай болып табылады.
Оңтүстік-Үнді максимумы январьда оңтүстікке қарай көп ығыстырылады. Ол Африканың қиыр оңтүстігін қамтиды да Африканың биік таулы қыраттарының щығыс беткейлеріне Үнді мұхитынан мол жауын-шашын әкелетін оңтүстік-шығыс пассаттарына бастама береді. Олардың саны материктің түкпіріне қарай барған сайын.күрт азаяды да Калахаридің орталық бөлігінде минимуміне жетеді.
Африканың батыс жағалауы Оңтүстік-Атлант антициклонының шығыс шеткері жағының ықпалында болады. Қызған материкке онтүстік румб желдерімен анағұрлым биік ендіктерден салыстырмалы суық ауа массасының келуіне байланысты батыс жағалауда тура экваторға жуық созылып жатқан өңірде жауын-шашын болмайды.
Атлант ауасының Үнді мұхитынан жететін массалармен түйісетін ауданында фронт пайда болады, соған байланысты Калахиридің батысында жауын-шашын мөлшері материктің, анағұрлым батыс және шығыс аудандарымен салыстырғанда біршама арта түседі.
Июльде солтүстік жарты шар қатты қызады. Сондықтан бүкіл баралық зоналар солтүстікке қарай ығысады.Солтүстік жарты шардың субтропиктік максимумы Жерорта теңізі мен Оңтүстік Европаға қарай ауысады да Африканың қиыр солтүстік-батысын ғана қамтиды. Африканың солтүстік бөлігінде қатты қызуына байланысты төмен қысымды облыс пайда болады, ол экватордан оңтүстікке қарай жалғасып кетеді. Оңтүстік Африка өзінің көрші мұхиттарымен қоса оңтүстік жарты шардың баралық максимум аймағына кіреді.
Солтүстік Африкада (Сахарада) құрғақ солтүстік-шығыс және солтүстік батыс желдері соғады, ол Қызыл теңізбен Ніл аңғарын бойлап 20° дейін, ал батысында 18° с. е. дейін енеді. Оларға қарсы Оңтүстік Атлант максимумы жағынан оңтүстік-батыс муссоны ағылады да Судан территориясы мен Гвинея жағалауларына жауын-шашын ала келеді.
Эфиопия, Сомали және Африканың бүкіл шығысы экватордан солтүстікке қарай Үнді муссонының ықпалында болады, ол экватор арқылы өтіп, мол жауын-шашын әкелетін оңтүстік-шығыс пассатының жалғасы болып табылады.
Африканың жоғары қысым белдеуімен және әлсіреген пассат әрекеті мен қамтылған бүкіл оңтүстік бөлігі әсіресе оның ішкі аудандары бұл кездері құрғақ болады. Тек Кап облысы бұл жағдайдан тысқары қалады, өйткені оған жанданған циклондық әрекет тән.
Африканың, негізгі бөлігіндегі бүкіл жыл бойғы жоғарғы температура күннің көкжиектен едәуір биіктікте түруына және күшті инсоляцияға байланысты. Материктің едәуір бөлігінде жылдық орташа температура +20°С-ден асып түседі. Африканың солтүстік бөлігі анағұрлым сом, сондықтан да ол түтас алғанда оңтүстікке қарағанда қаттырақ қызады, онда Жерде байқалатын ең жоғарғы орташа айлык температура (+ 35°-40°С), сонымен бірге ең жоғары максимумды температура (+ 58°С-ге дейін) орын алады.
Бүкіл Африкаға сондай-ақ континенттік климаттың көрініс беруі, температураның тәуліктік едәуір ауытқуы тән. Мысалы, Сахарада температураның тәуліктік амплитудасы 50°С-ге жетеді.
Материктің территориясында жауын-шашын біркелкі таралмайды. Үнемі және мол болатын конвективтік жаңбырлар. экватор бойы бөлігіне шамамен 5°с.е. пен 10°о.е. аралығында түседі. Африкада максимум жауын-шашын (10000 мм шамасында) Камерун массивінің басым оңтүстік-батыс желдеріне қараған беткейлеріне түседі.
Экватордан солтүстікке және оңтүстікке қарайғы облыстарда, шамамен екі жарты шардың 17°-қа дейін жауын-шашынды тек әрбір жарты шардың жазында экваторлық муссондар әкеледі, олардың жылдық мөлшері географиялық орынға және рельефке байланысты құбылып тұрады. Онан әрі экватордан солтүстікке және оңтүстікке қарай (30°-қа дейін) жыл бойына жауын-шашын өте аз мөлшерде түсетін облыстар орналасқан.
Солтүстік Африкадағы субэкваторльіқ белдеу солтүстікте 17°с е. дейін жетіп жатыр. Оңтүстік жарnы шарда субэкваторлық климаттың белдеуі Атлант мұхитына дейін жетпейді, ал оңтүстікте 20°о.е-дейін жуықтап барады. Материктің шығысында жарты шардың солтүстік және оңтүстік субэкваторлық белдеулері түйіседі.
Достарыңызбен бөлісу: |