Бордың екінші жартысында және эоценде Сахара плитасын қайтадан трансгрессия жайлап алды да соның нәтижесінде Жерорта теңізі Гвинея шығанағымен жалғасты. Сондай-ақ теңіз Нубия-Аравия қалқанының шегіне дейін жетті және материкпен Мадагаскардағы Үнді мұхиты жағалауының кең өңірін қамтыды. Сол кездегі теңіз шөгінділерінің арасында карбонатты терригендік тұнбалар болып келеді. Материктің ішкі аудандарында бордың аяқ шенінен бастап көтерілулер жүрді және вулкандар жандана түсті.
Кайнозойдың бас кезінде Африка үшін ылғалды және ыстық тропиктік климат жағдайлары тән болды, ол тропиктік бай орман флорасы мен тропиктік омыртқалы жануарлар фаунасының таралуына қолайлы жағдай туғызды. Құрлықтың үстіңгі бетінде гидроморфты қызыл түсті қабық қалыптасты. Мұндай жағдайлар тек қана орталық аудандарға ғана емес, сонымен бірге материктің солтүстік және оңтүстік аудандарына да тарады. Органикалық дүниенің түр құрамының қалыптасуына әуелі Африка, Мадагаскар, Австралия арасында, бұрын орын алып, бор дәуірінде үзілген байланыстары, содан кейін Оңтүстік Америкамен арадағы түпкілікті түрде тек кайнозойдың бас кезінде ғана тоқталған бұрынғы байланыстар сондай-ақ бүкіл кайнозой бойына жалғасқан Аравия арқылы Евразиямен байланыс ықпалын тигізді. Құрлықтың басқа учаскелерінің ықпалы әсіресе флораның, қалыптасуына әсер етті.
Африканың фаунасы палеогеннен бастап біздің кезімізге дейін өзіндік ерекшелігімен көзге түседі.
Эоценнің аяғы мен олигоценнің басында Африканы түгелдей дерлік, әсіресе оның оңтүстік және шығыс бөлігін, пәрменді тектоникалық әрекеттер қамтыды. Мұның өзі қазіргі табиғат жағдайының қалыптасуы тұрғысынан қарағанда материктің дамуының соңғы аса маңызды кезеңі деп есептеуіміз керек. Африкадағы эоценнің соңы мен олигоценнің басындағы қарқынды көртерілуді, вулканизмді, опырықтардың пайда болуын осы материк үшін неотектоникалық кезеңнің басы деп санауға болады. Осымен бір мезгілде тропиктен тыс аудандар климатының құрғақтануы, тропиктік органикалық дүниенің экваторға қарай шегінуі, гидрофиттердің азайып, құрғақшылықты ұнататын өсімдіктер мен жануарлардың көбеюі, қызыл түсті гидроморфтық қабықтарды карбонат қабықтардың алмастыруы басталды.Тектоникалық жанданушылық пароксизмдерін біршама жайбарақат кезеңдері ауыстырды, оның барысында материктің шеттерінде теңіз трансгрессиясы мен ойыстарда шөгінділер жинақталып тегістелуі жүрді. Африка платформасындағы көтерілумен тектоникалық жандану фазалары Жерортатеңіздік геосинклинальмен Евразияның басқа да бөліктеріндегі сондай фазалармен дәлме-дәл келді. Африканың барлық жерінде — Эфиопия, Мадагаскар, Тибести және басқа аудандарындағы кең-байтақ күмбез тәріздес дөңдерді бойлай түскен жазықтардың бойымен базальттар төгілген неотектоникалық әрекеттің бастапқы фазасынан кейін, тектоникалық процестер миоценнің екінші жартысында да орын алды. Платформаның тектоникалық жандануының осы фазасы Альпі белдеуіндегі басты тау жасалуының
басталуына, Атлас жүйесі пайда болып платформаға қосылған кезіне сай келді. . Осы фазаның кезінде Қызыл теңіз, Суэц және Аден шығанақтарының опырындылары қалыптасқан. Плиоценнің орта кезінде Қызыл теңіз опырындысының қалыптасуы аяқталды және жарықтардың шығыс зонасы түзілді, Ахаггар, Тибести, Камерун тағы басқа массивтерде көтерілулер жүрді. Көтерілулер кезінде ірі ойыстар тереңдей түсті және қазіргі көлдерден көлемі жағынан едәуір үлкен көлдер пайда болды. Сонымен бір мезгілде Атлант және Тынық мұхиттар ойыстарының төмендеуі жүріп жатты. Ішкі ірі ойыстардың суға толып, мұхит деңгейінің төмендеуі өзен эрозиясының күшеюімен, өзендердің тереңдеуімен және ірі сарқырамалардың пайда болуымен қос-қабат жүрді. Мейлінше қуаң аудандарда көзге ерекше түскен су молаюы Евразияны мұз жамылғысы басқан кезеңнің басталуымен тұстас болған климаттың, жаппай ылғалдануымен байланысты еді. Африка тауларында қалың мұздықтар белең алды, сонымен бірге қар шекарасы шамамен алғанда 3000 м биіктікте жатты.
Достарыңызбен бөлісу: |