Онлайн форматында қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру
6.1. Жалпы ережелер 6.1.1. Бакалавриатта білім алушыларды қорытынды аттестаттау жоғары білім беру мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына сәйкес білім беру бағдарламасы бойынша онлайн форматында дипломдық жұмыс жазу және қорғау түрінде немесе екі кешенді емтиханға дайындалу және тапсыру түрінде жүргізіледі. Бұл ретте, кешенді емтихан бағдарламасы жоғары білімнің білім беру бағдарламасына сәйкес еңбек нарығы қалыптастыратын интеграцияланған білім мен негізгі құзыреттілікті көрсетеді.
6.1.2. Дипломдық жұмыс жазудан университет басшысының бұйрығымен мынадай негіздер бойынша босатылған білім алушылар екі кешенді емтиханды тапсырады:
денсаулығына байланысты стационарда ұзақ ем алу;
екі жасқа толғанға дейінгі бала тәрбиелеу;
науқас ата-аналарына қарау.
6.1.3. Қорытынды аттестаттауға білім беру бағдарламаларының, жұмыс және жеке оқу жоспарлары мен оқу жұмыс бағдарламаларының талаптарына сәйкес оқу процесін толық аяқтаған студенттер ғана жіберіледі.
6.1.4. Бітіруші курстың студенті білім беру бағдарламаларының, жұмыс және жеке оқу жоспарлары мен оқу жұмыс бағдарламаларының талаптарын орындамаса жазғы семестрден өткізілместен оқу курсына қайта оқуға қалдырылады.
6.1.5. Білім алушының онлайн форматында қорытынды аттестаттау кезінде техникалық себептерге байланысты үзіліп, одан әрі жалғастыру мүмкін болмай қалған жағдайда хатшы электрондық акт рәсімдейді де сол күні комиссия мүшелеріне жібереді. Комиссия отырысының шешімімен білім алушыға басқа күні тапсыруға мүмкіндік беріледі.
6.1.6. Қорытынды аттестаттауға дәлелді себеппен келмеген білім алушы АК төрағасының атына еркін нысанда өтініш жазады, дәлелді себепті растайтын құжатты ұсынады және оның рұқсатымен АК-тың басқа отырысы болған күні дипломдық жұмысты қорғайды (кешенді емтихан тапсырады).
6.1.7. Кешенді емтиханды қайта тапсыруға немесе дипломдық жұмысты қайта қорғауға рұқсат етілмейді.
6.1.8. АК жұмысының кестесін тіркеу бөлімі факультет деканатымен бірлесіп құрады, жұмыс кестесін университет басшысы бекітеді және АК жұмысы басталуына дейін екі аптадан кешіктірілмей көпшіліктің назарына жеткізіледі.
6.1.9. Студенттерді қорытынды аттестаттауға жіберу университеттің академиялық саясатының негізінде студенттердің тізімі тегі, аты, әкесінің аты, білім беру бағдарламасының атауы көрсетіле отырып, диплом жұмысын қорғау мен кешенді емтихан тапсыруға дейін екі аптадан кешіктірілмей факультет деканының өкімімен рәсімделеді.
6.1.10. Кешенді емтихан тапсыру немесе диплом жұмысын қорғау аттестаттау комиссиясы мүшелерiнiң жартысынан артығы қатысқан жағдайда онлайн режиміндегі ашық отырысында өткiзiледi.
6.1.11. АК-тың барлық отырыстары хаттамамен рәсімделеді. АК отырысының хаттамалары әр бітірушіге жеке толтырылады. Кешенді емтихан тест түрінде өткізілген жағдайда хаттама толтыруға емтихан тізімдемесі негіз болады. АК отырысының хаттамалары электронды толтырылады.
6.1.12. Хаттаманы комиссия құрамына бекітілген және дауыс беру құқығы жоқ АК хатшысы толтырады.
6.1.13. Диплом жұмысын (жобасын) қорғау (кешенді емтихан) бағалары туралы сондай-ақ, білім беру салалары мен деңгейлеріне сәйкес берілетін дәрежелерді тағайындау және диплом (үздік емес, үздік) беру туралы шешім АК отырысына қатысушы мүшелерінің көпшілік дауысымен жабық отырыста ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар саны тең болған жағдайда АК төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
6.1.14. Диплом жұмысын қорғаудың (кешенді емтиханның) нәтижесі бойынша білім алушының теориялық, ғылыми және практикалық дайындықтарын, сондай-ақ ғылыми жетекшісі мен рецензенттің пікірлерін назарға ала отырып, білім алушылардың білімін бағалаудың балдық-рейтингтік жүйесі бойынша баға қойылады.
6.1.15. Білім алушы қорытынды аттестаттаудың нәтижелерімен келіспесе, аттестаттау өткізілгеннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей апелляция беруіне болады.
6.1.16. Апелляция өткізу үшін университет басшысының бұйрығымен біліктілігі аталған білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес келетін тәжірибелі оқытушылардан апелляциялық комиссия құрылады.
6.1.17. Бағаны жоғарылату мақсатында дипломдық жұмысты (жобаны) қайта қорғауға (кешенді емтиханды қайта тапсыруға) рұқсат берілмейді.
6.1.18. «Қанағаттанарлықсыз» деген баға алған тұлғаларға диплом жұмысын (жобасын) қайта қорғауға сондай-ақ, кешенді емтихандарды қайта тапсыруға қорытынды аттестаттаудың осы кезеңінде рұқсат берілмейді.