Дәрістердің қысқаша сипаттамасы 1,2 Дәріс 1960-2000 жылдардағы қазақ әдебиетінің дамуы Дәрістің мақсаты: 1960-2000 жылдар аралығындағы әдебиеттің даму жайын
меңгерту.
Тірек сөздер:Тың игеру,металургия,мал шаруашылығы,соғыс т.б.
Дәрістің жоспары:1.Жаңғыру кезіндегі қазақ әдебиеті.
2.Мал шаруашылығын өркендетуге байланысты туған
шығармаларға тоқталу.
3.Қазақстандағы тың көтеруге баиланысты туған жаңа
туындыларға шолу.
4.Зеиін Шашкиннің «Ұядан ұшқанда» , «Тоқаш Бокин»,
«Темір қазық», «Доктор Дарханов», «Сенім», «Өмір
тынысы» шығармаларындағы жаңа адам бейнесі.
5.Қ.Исабаевтің «Сұңқар самғауы» романы.
Бұл дәуірдегі әдеби қозғалыстың басты ерекшеліктерінің бірі жазушылардың шығармашылық белсенділігінің артуы деуге болады. Бұл осы дәуірде туған прозалық шығармаларда айрықша танылды. Өмірді күнгей жағынан ғана алып, боямалап көрсету фактылары сынға ұшырағаннан кейін қазақ жазушылары бүгінгі маман шындығындағы қайшылықты құбылыстарды көріп зерттеуге, көркем бейнелеуге ұмтылды. Ел тарихындағы маңызды тарихи оқиғаларды суреттеуге ойысты.
Бұл саладағы жаңаша ізденістің бір үлгісін Мұхтар Әуезов көрсетті. Ол «Өскен өркен» (1962) романы арқылы бүгінгі күн тақырыбын игеруде өзгеше ізденіс танытты. Әдебиетте өз замандастарының бейнесін этикалық түрде бейнелеуді ойлаған жазушы өмірінің соңғы кезінде республиканы көп аралап, еңбек адамдарымен танысып, өмір сырына ой жібере қарады. «Өскен өркенде» ол Қазақстандағы бүгінгі мал шаруашылығының жайы және онда еңбек етіп жүрген адамдар тағдырын суреттеуді мақсат ете отырып, сонымен байланысты моральдык-этикалық, ұлттық дәстүрлер мен олардың жаңаруы, салт-санадағы ескі ұғымдар мен өзгерістер, жаңа адамды тәрбиелеу мәселелері тәрізді көптеген проблемаларды қозғады. Осы негізде Қазақстанды мекендейтін халықтардың бүгінгі қарым-қатынастарына үңілді. Өмір шындығын әрқашан қат-қабатымен көтеріп үйреніп жазушы бүгінгі тіршіліктің де күнгей жағын ғана қаузамай, дамуға бөгет болып отырған қиындықтар мен қайшылықтарды шыншылдықпен ашады. Романның бүкіл сюжеттік-композициялық, идеялық-көркемдік негізінен туатын қорытынды – мал шаруашылығын өркендетудің сенімді шараларын ойласудың қажеттігі (өмір бойы мал басының өсуіне бөгет болған жұт әлі бар, малшылардың көшпелі күйінде өзгеріс аз) мен сападағы ескілікпен аяусыз күресу (Айсұлу – Сағит оқиғалары) керектігі. Мұны жазушы кейіпкерлердің белсенді әрекеті мен іскерлігін күтіп отырған проблема етіп көтереді.
М. Әуезов «Өскен өркен» арқылы қазақ әдебиетіндегі ұнамды кейіпкерлер туралы ұғымды кеңейте түсті. «Біздің замандасымыз – барша қауымның бақытын тілейтін, жалпақ дүниенің жан лебін жүрегімен ұғатын адам. Оны тебірентетін нәрсе жоқ - ел өмірі, достар мен қастар жайлы ойын бөледі, саясат та, ғылым да, өнер де, еңбектегі жеңіс пен жетімсіздік те, отаршылдыққа қарсы күрес те - бәрі-бәрі де оны толғандырады. Жеңісіміздің әр сәті - Кеңес еңбеккерінің жан-жүрегінің жарқ еткен сәулесі, жалт еткен ұшқыны іспетті. Ол өзі осындай адам»,- деп жазды ол «Қазіргі роман және оның қаһарманы» атты мақаласында. «Өскен өркенде» Мұхтар осындай қаһарманның жаңа үлгісін жасауға ұмтылды. Оның кейіпкерлері – бүгінгі заманның, қажырлы, жан-жақты білімді, адамгершілік мінездерді бойына жинақтаған тұлғалары. Олардың іс-әрекетінің өлшеуіші – қызмет емес, қоғам алдындағы жауапкершілік пен адамшылық игі қасиеттер Нил Карпов, Алмасбек Жайлыбеков, Әсия, Әлім, Ақан, Медет, Сағадат, тағы басқалардың бәрін де жазушы осындай жаңа қасиеттер тұрғысынан іріктеген. Мақсат, тілек бір болғанмен, олар характер есебінде дара-дара.
Көркем прозадағы шағын жаңалықтарын кең ашып, адамдардың өсу жолының күрделілігін көрсету, сол арқылы дәуір ерекшеліктерін диалектикалық тұрғыда танытудағы осы бастама Т. Ахтановтың «Боран» (1963) романында жақсы қолдау тапты. Жазушы онда күресте шыныққан, бойында рухани қуаты мол, моральдық сапасы биік еңбек адамының жаңа бейнесін жасады. Шығарманың сюжеттік желісінде ұзақ сонар баяндау жоқ. Ондашопан Қоспанның малымен ақтүтек боран астында қалып, бір отар қойды қалай аман алып қалу жолындағы арпалысы суреттеледі. Сол арқылы Тахауи Қоспан тағдырына, оның ішкі сырына, ол бастан кешкен дәуірдің өзгешеліктеріне үңіледі. Боранмен атыса жүріп, өз басынан кешкен өмір белестерін еске алады, терең ойға батады. Шығарма композициясын ұстап, тұтастырып тұрған да осы ойлар, қаһарманның ішкі монологы.
Қоспан тағдырына үңіле қарасақ, оны тағдыр маңдайынан сипап өсірмегенін көреміз. Ол ылғи өмірдің кедергілеріне кездесіп, соларды көре жүріп өсіпті, өмірдің зіл салмағын көтеріпті. Көрген рахатынан бейнеті көп осы азаматты қажытпай алып келе жатқан – Қоспанның өмір сүйгіштігі, жан дүниесінің тазалығы, рухани байлығы. Жазушы шығарма идеясын осыны көрсетуге құрады. Осы бір тұстан әдебиетке қойылған талап – өмір шындығын жеңіл етіп көрсетпей, кейіпкер бейнесін терең тартыста, күресте таныту Тахауиша жаңа ой салғаны көрінеді.
Қоспан бойында еңбек адамына тән іс-әрекет, көзқарас мол. Жаратылысында қарапайым, адал, жұртқа сенімі мен сүйіспеншілігі мол Қоспан – қысылтаяң күндерде қайраттанып кететін ер. Майданда взвод командирі Қасболаттың адьюданты бола тұрып, ол шегініп бара жатқан әскерлерге мүмкіндік беру үшін жау тосқауылын бөгеуге сұранып қалады. Осы ұрыста есін білмей жараланып, жау қолына түседі. Тұтқын лагерінде азаптар шегеді. Лагерьден қашып, ұсталып, неше түрлі қинау көреді. Бірақ ол тағдырына налымайды, көнбістік танытады, мойымайды.
Соғыстан соң туған ауылына келген ол жұмысқа орналаса алмайды. Жау тұтқынында болған адамға сенімсіз көзқарас оның алдынан шығады да тұрады. Ауданда басшы қызметте отырған Қасболат та көмектесе алмайды. Ақыры жұмыс таңдап үйренбеген Қоспан тері-терсек жинайтын мекемеге кілтші болып орналасады. Мекеме бастығы Жаппаспай деген алаяқ қу екен, Қоспан оның алдампаз, екі жүзділігін бетіне басып айтады да, ауылға шопандыққа кетіп отырады. Ал, шопан өмірінің қиындығы бір басқа. Қарауындағы мал қамын ол ойлағанмен, басшылар ойламайды, оны табиғатқа тәуелді етпей бағуға жағдай жоқ. Колхоз басқармасына айтқан ұсыныстар қолдау таппайды. Сөйтіп, мал боранда қалды. Долы боранда мал бір жағынан үсікке ұшырайды, екінші жағынан қасқыр қырады. Астындағы атын да қасқыр жарып, өзі жаяу қалады.
Тахауи осының бәрінде де Қоспанды орнықты, ісіне адал, сенімді, тәуекелі де, жауапкершілігі де күшті характер етіп бейнелейді. Өмірде сәтсіздікке көп кездессе де, ол жауапкершіліктен тайсақтап, қорқақтық көрсетпейді. Командиріне еріп кетіп қалуға болатын адьюданттың жауды бөгеуге сұранып қалуы, қашып шығудың қиын екеніне жарамай, жау лагерінен кетуге жасаған әрекеттері, Жаппасбаймен қақтығыс, малды шөп азайған тұста қолға қамамай, далаға алып шығуы оның тәуекелшілін, өзі бет алған ісіне беріктігін танытады. Ол еш уақытта ақтала сөйлемеген өзіне сену, өзінің тазалығына сену – оның басты адамдык сапасы. Ойланғанда ол көрген қиыншылықтарын емес, соны тудырып жатқан жағдайларды сске алады. Тұтқында болғаны мұның бетіне неге шіркеу болады? Оның еркімен жауға берілмейтінін, ержүрек жауынгер болғанын Қасболат білетін еді ғой, ол неге ара түспсйді? Неге өзі басқалармен бірге күдіктене қарайды? Ауыл басшылары неге мал бағу жағдайын жақсартуға енжар? Осы ойлар Қоспанды қинайды. Шығарма осылай проблемалығымен, кесек характерімен бағалы. Адамның рухани күші тағдырдың қандай қыспаққа түссе де, оны ілгері жетелейтін, еңсесін түсірмейтін биік саға екенін Тахауи терең аша білді.
Мал шаруашылығын өркендету шараларын проблемалық тұрғыда көтере отырып, ондағы адам тағдырының әр-қилы өзгешеліктеріне көңіл бөлу Т.Әлімқұловтың «Ақ боз ат» (1962) романында да байқалады. Мұнда қазақтың қанына сіңген жылқы құмарлық, жүйрік ат баптау, бәйгеге қосу, сонымен бірге сауықшылдықты қызық көрген елдің дәстүрлі кәсібі мен өнері кең бейнелі сурет табады. Біркімбай бейнесінен осындай қазақтың табиғатын, еңбекқорлық, адамилық ар-намыс, борыш атаулыны бағалайтын тұлғаны танысақ, өмірі еңбекпен өткен Гүлбаршынның да тұтас характерін көреміз. Оның бейнесін жасауда жазушы отызыншы жылдардың ауыр кезеңі оқиғаларына сүйенген. Бұл жылдардағы Кеңестік жалған белсенділік «Алтын тіс» - бойында жинақталған. Ұсақ мінезді, пасық Қараштың типінде де іштарлық, көре алмаушылық мінездердің айқын көрінісі бар.
Бұл жылдардағы ауыл еңбеккерлері жайлы романдарды Қазақстанда тың көтерумен байланысты туған жаңа туындылар толықтырды. Бұлардың ішінде С. Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», 3. Шашкиннің «Сенім» романдары көрнекті орын алады.
«Жапандағы жалғыз үй» – тың игеру тақырыбына арналды дегенмен, шаруашылық мәселелерін емес, адам тағдырын, оның өсу, өзгеру психологиясын тартымды суреттеген шығарма. Онда елдегі әлеуметтік өзгерістер бір отбасының тағдырына байланысты көрсетіледі. Жазушы онда заманның, уақыттың адамға, оның тағдырына кайшылықты әсер етіп жатқанын атады. Тың көтеру ісі де қайшылықты. Жапандағы жалғыз үйдің құлауы, бір жағынан, жаңарып жатқан тіршіліктің ықпалы болса, екінші жағынан, шаруаның жеке меншікшіл сезімінің күйреуін аңғартады. Коллективизация кезінде де солай болған. Шаруаны жерден айырған. Ескі дәстүр, ұлттық ұғымдар шектеле бастады. Сәкен мұны ашып айтпағанмен, характерлер, адам психологиясы арқылы танытады. Адам өмірі, олар көрген, жақсылық пен зорлық та сабақтас, Күргерей әңгімесінен, мұны анық түсінеміз. Жер ана жаңа адамдардың қолына тиді. Тағдыры не болады? Олар қайда апарады? Үлгі тағдыры, не күйге түседі? Роман осы тәрізді көптеген сұрақтар қояды.
Осы жылдары роман жанрында Зейін Шашкин (1912-1966) елеулі қызмет етті. Әдебиеттік қызметін өлең жазудан бастап,"кейін сын-зерттеу саласында еңбек еткен Зейін 1937 жылы, жазықсыз жер аударылып, елуінші жылдардың орта кезіне дейін шығармашылық үзіліске тап болды. Осыдан соң әдебиет өміріне қайта оралған ол ерекше бір белсенділікпен жұмыс істеп, эпикалық прозада көптеген шығармалар тудырды. Олардың ішінде «Ұядан ұшқанда» (1957), «Тоқаш Бокин» (1958), «Темірқазық» (1959), «Теміртау» (1960), «Доктор Дарханов» (1962), «Өмір тынысы» (1964), «Сенім» (1966) сияқты романдар мен повестер бар. Бұларда автор қазақ жеріндегі әлеуметтік өзгерістер мен халық өмірінің маңызды оқиғаларын көтерді. «Тоқаш Бокин» романында Жетісу жеріндегі жаңа өмір жолындағы күресті суреттесе, «Доктор Дархановта» жеке адамға табынушылық кезінің заңсыздықтарын доктор Дархановтың тағдыры арқылы ашты. «Сенім» романын тың игерушілер өміріне арнады. Онда туған жердегі жаңарту, елдің бақытына қызмет ету борышын ұғынған жаңа адамдардың бейнесін жасады.
«Теміртау» романы Зейіннің ғана емес, сол тұстағы қазақ әдебиетінің бағалы табыстарының қатарына кіреді. Жазушы онда жеке адамға табынушылықты сынағаннан кейінгі заман рухын, осы кездегі өндірістегі жұмысшы адамдардың ұжымдық өмірін, олардың қарым-қатынасын жаңаша танып бейнелейді. Шығармадағы тартыс екі жүйеде – өндірістегі әрқилы көзқарас пен махаббаттағы талас ретінде дамиды. Құрыш құюдың жаңа тәсілін ұсынған жас инженер Дәмешке бас инженер Мүсілім қарсы шықса, махаббат мәселесінде Дәмешті қатар сүйген зауыт директоры Қайыр мен қатардағы жұмысшы Ораз қақтығысқа түседі. Роман кейбір кейіпкерлер бойында жеке адамға табыну кезінде туған мінез-құлықтар мен адамгершілігі жоғары, күресте табанды, адал адамдар арасындағы күресті жап-жақсы көрсетеді. Әкесі жаламен ұсталған Дәмеш оның жолдасы, адал азамат Құрышбайдың қолында, оның баласы Оразбен бірге өседі. Осы жүйелі тартыста жазушы өз кейіпкерлерінің жаңа салалы адамгершілік үшін гуманистік күресін дәл бейнелейді. Жаңа дәуірдің қайраткерлері сыпатын ол Дәмеш, Қайыр, Ораз бейнелеріне жинақтаған. Жазықсыз жалаға ұшыраған Асқар да табандылығын жоғалтпайды. Құрышбай болса, күреспен өскен дәуірдің қаһарманы, ар алдындағы тазалығымен оң ұғым-түсінігіне беріктігін сақтайды.
«Теміртау» – қазақ даласындағы тың өндіріс – Қазақстан металлургия зауыты өмірін жылдамдықпен барлап, ондағы еңбек адамдарының қарым-қатынасын батыл суреттеген елеулі шығарма.
Геолог кен іздеушілер өмірі шындығын «Айқас» романында Ілияс Есенберлин де өткір сюжет арқылы дамыта алған. Роман Саят деген жерде мыс іздеушілердің өндірістік тартысын ғана емес, азаматтық борыш пен мансап, жеке бастың мүддесін жоғары қою арасындағы айқасты көрсетеді. Сол негізде қоғам мен адам проблемасын көтереді.
Қ. Исабаев «Сұңқар самғауы» (1966) романында Ертіс-Қарағанды каналы бойындағы жұмысшылар еңбегін суреттеді.
Бұл шығармалар әдебиетте қазіргі заман шындығын суреттеу жалаң тақырып қуалау емес, адамдардың биік санасын ашу, адамгершілікті сақтау, бастан кешкен қиындықтарға қарамай, қайткенде адам боп қалу проблемаларымен байланысты қойылғанын дәлелдейді. Ауыл өмірі,өндіріс тақырыбы кейіпкерлердің еңбек еткен ортасын, олардың қоғамдық міндетке деген көзқарасын, қатысын таныту үшін алынады. Ал, адам қайда болса да адам, қазақ әдебиеті осы адамның бүгінгі бейнесін танытуға ұмтылды.
Жалпы алғанда, бұл дәуірде Қазақстандағы әдеби қозғалыс қарқынмен жүрді. Қаламгерлер қатары молайып, 600-ге жетті. Әдебиет жанрларының барлық түрі өзінің тұрақты кадрларын дайындап, қатар, тең дамыды. Реалистік әдебиеттің беталысын танытатын проза, оның үлкен жанрлары кең көлемде өрістеді. Поэзия заманның озық идеялары мен жаңалықтарын танытуда қашанда ұшқырлық танытты. Театр репертуарын байытуда қазақдраматургтері мол үлес қосты. Әдебиеттің негізгі жанрларын байытудағы және қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі белсенді қызметімен сөз өнерінің жас күштері алға шықты. Ә. Кекілбаев, С. Жүнісов, М. Мағауин, Т. Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова, Ш. Мұртаза, Ә. Тарази, М Шаханов, Қ. Жұмаділов, Д.Исабеков, тағы басқалардан құралған талантты топ осы кезеңде өздерінің мол творчестволық мүмкіндіктерін айқын танытты. Қазақ әдебиетінің табысы одақ және дүние жүзі көлемінде мойыдалып, олардың тәуір шығармалары орыс және шетел тілдеріне аударылды. Ғ. Мүсіреповке Социалистік Еңбек Ері атағы берілуі, Ж. Молдағалиев пен Ә. Нұрпейісовтің КСРО Мемлекеттік сыйлығын алуы, О.Сүлейменов пен М. Шахановқа одақтық жастар одағы сыйлығының,
С.Шәймерденов, 3.Қабдолов, Р.Сейсенбаевқа одақтық кәсіподақтар
сыйлығының берілуі қазақ әдебиеті жетістіктерін танудың белгісі еді.
Т.Молдағалиев халықаралық Физули сыйлығын, А. Шамкенов пен Ә.Әлімжанов Ж.Неру сыйлығын алды. Әдебиетіміздің дамуы, қазақ жазушыларының шеберлікке шыңдалуы реализмнің бай мүмкіндіктерін игеру жолындағы әр алуан көркемдік ізденістердің нәтижесі еді.
Бұл дәуірдегі қазақ әдебиетінде халықтық поэзияның жаңа сапаға ие бола дамуы айрықша көзге түсті. Әсіресе, халық әдебиетінің өміршең жанры айтыс өрістеді. Жаңа айтыс ақындары шығып, бір кез ұмытыла бастаған бұл өнерді ө з дәрежесіне қайта көтеруге қызмет етті. Жыраулық, жыршылық дәстүр қайта жаңғырды.
Мұның бәрі қаралып отырған дәуірдің қазақ әдебиетінде үлкен мән-маңызы барлығын, оның ұлттық сөз өнерініңтарихын байытуда тарихи қызмет атқарғанын көрсетеді. Мұның нақты дәлелін жеке жанрлардың өрістеуі жайындағы шолу мен талдаулар анық байқатады.