Қарақалпақтардың ауыз әдебиетін зерттеу өткен ғасырдың 20 жылдары қолға алына бастаған. Оны алғаш зерттегендердің бірі – Қаалы Айымбетов.
Қарақалпақ тілін ғылыми тұрғыдан зерттеуде профессор Н.А.Баскаковтың еңбегінің маңызы зор. Қарақалпақ тілін қазақ тілінен ерекшелендіріп тұратын басты белгі – оларда і дыбысының болмауы. Қазақ тіліндегі і дыбысының орнына қарақалпақ тілінде й (ій) дыбысы қолданылады. Осы ерекшелікті ескеретін болсақ, үндестік заңы қатаң сақталатын бұл тілде 4 жұп дауысты яғни, сегіз дауысты дыбыс болуы тиіс. Профессор Н.А.Баскаков қарақалпақ тіліне кейінірек кірген дыбысқа ә дыбысын жатқызады. Яғни, ә дыбысы түркі тілдерінде араб тілінен енген сөздердің әсерінен пайда болған. Ал қарақалпақ тілін зерттеушілердің қарақалпақ тілінде 11 дауысты дыбыс бар дегеніне келетін болсақ, олар орыс тілінен енген и, у дыбыстарын қосып тұр деп түсінген дұрыс.
Көптеген түркі тілдес халықтар тәрізді қарақалпақтар да Кеңес Өкіметі орнағанға дейін араб әліпбиін қолданған. Араб әліпбиі қарақалпақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл бере алмады әрі оны халық жаппай қолданған жоқ.
Қарақалпақстанда 1924 жылы араб графикасы негізінде 28 әріптен тұратын қарақалпақ әліпбиі жасалды. 1924 жылдың қараша айында осы әліпбимен ең бірінші қарқалпақ газеті «Азат қарақалпақ» жарық көрді, ал 1925 жылы алғашқы оқулықтар шыға бастады.
1926 жылы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында Бакуде өткен түркітанушылардың съезінен кейін КСРО-ның түркі тектес халықтарына латын әліпбиіне көшу ұсынылды. 1927 жылы шілдеде Қарақалпақ БКП(б) обкомының шешімімен латынға негізделген әліпби құрастыратын облыстық Жаңа Әліпби Комитеті құрылды. 1928 жылы мамандар мен зиялылардың сын-ескертпелері ескеріліп, толықтырылғаннан кейін, бұл әліпби бекітілді. 1929 жылдың басында осы әліпбимен газеттер мен кітаптар шыға бастады, ал 1930 жылы Қарақалпақстан толығымен жаңа әліпбиге ауысты. 1930 жылдардың аяғында Кеңес Одағында жазуды кирилл әліпбиіне көшіру үдерісі басталды. Қарақалпақ АКСР Жоғары Кеңесі Президумының 1940 жылдың 18 шілдесіндегі нұсқауы бойынша кирилл әліпбиінің жобасы бекітіліп, осы әліпбиге көшу мерзімі 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін деп белгіленді. Жаңа әліпбиде 35 әріп болды.
1954 жылы Нүкіс қаласында Қарақалпақстан, Мәскеу, Ташкент және Фрунзе қалаларынан келген ғалымдар қатысқан конференцияда жаңа әліпби жобасын талқылады. Конференция шешімі Өзбек КСР ҒА Тіл және әдебиет Институтының және КСРО ҒА Тіл білімі Институтының ұсыныстарымен толықтырылды. Нәтижесінде 1957 жылдың 28 ақпанында Қарақалпақ АКСР Жоғары Кеңесі Президумының шешімімен жаңа әліпби мен орфография бекітілді. Бұрынғы әліпбиден өзгешелігі жаңа әліпбиге Әә, Ёё, Ңң, Өө, Үү, Ўў әріптері енгізілді. Сөйтіп әріптер 41-ге жетті.
Әрине бұл әріптер орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген сөздерді орыс тіліндегідей етіп жазу үшін енгізілді. Кеңес өкіметінің өктем саясатының нәтижесінде енгізілген қарақалпақ әліпбиінде де қарақалпақ тілінің өзіндік ерекшелігі ескерілмеді. 1925 жылы Орынбор қаласында өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сьезінде» А.Байтұрсынұлы айтқан: «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Өлшенбей тігілген о жер бұр жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып, тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби де қолайсыз болады»,-деген пікірін бүкіл түркі тектес халықтар басшылыққа алуы керек еді. Өкінішке қарай Кеңес Одағы құрамындағы түркітектес халықтардың әліпбиі осындай өктемдікпен жасалып, орыс сөздері дыбыстық өзгеріске түспей енетін болды. Бұл өз кезегінде түркі тілдеріне тән емес дыбыс тіркесімдерінің пайда болуына әкеп соқты, орыс тілінен енген сөздерге қосымша жалғауда қиындықтар туғызды.
Кеңес Өкіметі кезінде қарақалпақ тілін зерттеуге Н.А.Баскаков, С.Е.Малов, Е.В.Поливанов, Н.Давкараев, Д.С.Насыров, Е.Бердимуратов, О.Доспанов, М.Дәулетов, С.Хамидовтар ат салысты.
1934 жылы ашылған Төркүл Мемлекеттік мұғалімдер институтында қарақалпақ тілі мен әдебиеті факультеті болды. Бұл инстиутут қазір Әжінияз атындағы Нүкіс Мемлекеттік педагогикалық институты деп аталады. Осы институттағы қарақалпақ тілі мен әдебиеті факультетінде қарақалпақ тіл білімі және қарақалпақ әдебиеті кафедрасы бар. Сондай-ақ Бердақ атындағы Қарақалпақ Мемлекеттік университетінің қарақалпақ тілі мен әдебиеті факультеті де қарақалпақ әдеби тілінің қалыптасуына өз үлесін қосып жатыр.
Қарақалпақ тілінде екі диалект бар: қазақ тіліне жақын солтүстік-шығыс диалекті және өзбек, түркмен тілдеріне жақын оңтүстік-батыс диалекті. Қазіргі қарақалпақ тілі солтүстік-шығыс диалектінің негізінде жасалған».
Қарақалпақтардың негізгі бөлігі XVI ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың ортасына дейін қазақтармен аралас өмір сүрді. Бірақ шаруашылық түрі жағынан қазақтардан ерекшеленіп тұрды. Қазақтар үлкен аймаққа көшіп-қонып жүрсе, қарақалпақтар жартылай көшпенді болды. Мал шаруашылығымен бірге жер өңдеумен, балық аулаумен айналысты. Ұзақ уақыт бойы қазақтармен араласа өмір сүргендіктен, бұл екі туыс тіл бірі-біріне өте жақын болып кеткен. Дегенмен 1936 жылы Өзбекстан құрамына енгеннен бастап қарақалпақ тіліне өзбек тілінің ықпалы күшейгені анық. Өзбек ұлтының сан жағынан басымдығы өзбек тілінің ықпалын жылдан-жылға күшейтіп келеді. Бұған қоса Қарақалпақстан Республикасының мемлекеттік тілі өзбек және қарақалпақ тілі болуы да қарақалпақ тілінің жағдайын мүшкілдете түсуде.
«Орта Азияда орналасқан түркі тілдерінің бір-біріне ықпалын зерттеу – ареалдық әдістің міндеті. Орналасу ретіне қарай ареалдық лигвистикаға бір-біріне өте жақын тілдермен қатар, бір-бірінен біршама алыс тілдер де зерттеу обьектісі болады. Орта Азиядағы түркі тілдерінің бір-біріне жақындық, ұқсастық дәрежесі әр түрлі: қазақ, қарақалпақ тілдері бір-біріне өте жақын болса, өзбек, түрікмен тілдері біршама алыс. Бірақ замандар бойы шектес террирорияда өмір сүру жиі араласуды қажет етеді. Сондықтан аталған тілдердің қазақ тіліне ықпалы, айталық қыпшақ тобындағы башқұрт тіліне қарағанда көбірек болады»,–деп профессор М.Томанов туыстас тілдердің көршілес болуының да тілдің лексика-фонетикалық құрамына ықпалы зор болатынын айтып кеткен.
Қарақалпақ тілінде дауысты дыбыстардың үндесуімен қатар, дауыссыздардың да үндесуі, яғни ілгерінді, кейінді ықпал заңдылықтары қатаң сақталған. Сөздің соңғы дыбысы үнді немесе ұяң болса, оған жалғанатын қосымша да үнді немесе ұяңнан басталады. Мысалы, қар-дың, жем-нің т.б. Егер өздің соңғы дыбысы дауысты дыбысқа аяқталса, оған жалғанатын қосымша үнді немесе ұяңнан басталады. Мысалы, ана – ана-ны, ана-дан т.б.
Қазақ тіліндегі сияқты қарақалпақ тілінде де қ, к, п қатаңдарына аяқталған сөздерге дауысты дыбыстан басталған қосымша жалғанғанда қ, к дыбыстары ғ, г дыбыстарына, п дыбысы б немесе у-ға айналады. Бірақ көптік жалғауының тек -лар, -лер нұсқалары ғана бар. Бұл, әрине, өзбек тілінің әсері және өзбек орфографиясының әсері.
Қарақалпақ тілі ноғай мен қазақ тіліне жақын болғанымен, оған оғыз, қарлұқ тілінің әсері тигені сезіледі. Профессор С.Омарбеков қазақ әдеби тілінде қ, к дыбысынан басталатын сөздердің қарақалпақ қазақтарының тілінде ғ, г дыбысынан басталу себебін былай түсіндіреді: «... өзбек тілі мен қарақалпақ тіліндегі г, ғ дауыссызына қатысты сөз басы ұяңдығының арғы төркіні ортақтығынан деп түсіну орынды. Өйткені бұл екі тілдің екеуінде де сөз басында г, ғ ұяңдары пайда болуының басты бір себебі – осы оғыз тілдерінің әсері болуы мүмкін. Оның бер жағында өзбектер мен қарақалпақтардың арасында елеулі тілдік қарым-қатынастың бұрын да, күні қазір де бар екенін бәріміз жақсы білеміз».
Н.Дәуқараев атындағы тілі білім және әдебиет инстиуты мен Тарих, археология және этнография институы негізінде 2012 жылы құрылған Қарақалпақ гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтында қарақалпақ әдебиеті мен фольклоры бөлімі және қазіргі қарақалпақ тілі бөлімі бар.
1992 жылы Қарақалпақстан Республикасы деген атауға ие болғанымен, Өзбекстан Республикасы құрамынан шыға алмай отырған Қарақалпақстанда шешілмей жатқан түйткілді мәселер көп. Арал теңізінің тартылуы республиканың табыс көзі болып саналатын балық шарушылығының құлдырауына әкеп соқты. Апат аймағына айналған Қарақалпақстанда демографиялық көрсеткіш те жақсы емес. Соңғы кезде қарақалпақ халқының Қазақстанға қоныс аударуы байқалып отыр. Сондықтан Өзбекстан Республикасы қарақалпақтарға қатысты саяси ұстанымдарын өзгертіп, елдің экономикалық дамуын қолға алуы керек.
Ссондай-ақ Қарақалпақстан Республикасында қарақалпақ тілінің бүгінгі жай-күйі де алаңдатарлық күйде. Қарақалпақ тілінің болашағы Өзбекстан Республикасындағы тіл саясатының оң шешімін табуына байланысты болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |