Студенттерге өзін-өзі бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
1.Қыпшақ тобына жататын тілдерінің басты ерекшеліктері.
2. Қазақ тілінің өзіне тән белгілер.
3.Қырғыз-қыпшақ тілдерінің ерекшеліктері.
4. Көне куман, армян-қыпшақ тілдерінің өзіндік ерекшеліктері.
5. Қыпшақ тілдерінің әліпбиінің ерекшеліктері.
Дәріс №15. Бүгінгі қыпшақ тілдері
Қазақ әдеби тілі
Қазақ тілі қазіргі Қазақстанның бүкіл аймағын мекендеген ежелгі туыстас ру-тайпалардың шаруашылық-кәсібі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, ой-санасы, таным-түсінігі ортақ болып, бір тілде қарым-қатынас жасауының негізінде қалыптасқан.
Тілші-ғалымдардың зерттеулері бойынша, қазақ тілі – батыс түркі тілдері тобының қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа кіретін тілдер – қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырым татары, қарайшай, балқар, құмық және тағы басқа тілдер. Осы тілдердің ішіндегі ең дамыған тілдердің бірі – қазақ тілі екені ғылымда жан-жақты дәлелденген. Қазақ тілі – айту, жазу нормасы қалыптасып дамыған, әдеби тіл дәрежесіне көтерілген ұлттық тіл. Оның тарихы әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты.
Қазақ тілі – Қазақстанның байырғы тұрғындары қазақтардан басқа Қытай, Монғолия, Иран, Ауғанстан, Түркия мемлекеттері және ТМД-ның Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан сияқты республикаларда тұратын қазақтардың да ана тілі. Қазіргі Қазақстан халқының 65 пайызы қазақтар. Әлемде 12 миллионнан астам қазақ жұрты өмір сүріп жатыр.
Қазіргі уақытта оның қоғамдық қызметі сан салалы, жан-жақты. Қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымы дүниежүзіндегі ауызша және жазбаша әдеби тілі қалыптасып дамыған алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.
Қазақ тілі сөздік құрамы өте бай, тілдік құрылымы барынша жетілген, қоғамдық-әлеуметтік қызыметі жіктеліп айқындалған тіл болып саналады. 2012 жылы жарық көрген 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде 150 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесі тіркелсе, осы сөздіктің сығымдалған нұсқасы «Қазақ сөздігінің» мәліметіне сүйенсек, оның сөздік құрамында 106 000 мыңнан аса лексикалық бірлік бар екен.
Ал қазіргі уақытта қазақ әдеби тілі өзіне етене жақын қарақалпақ, ноғай тілдерінен өзіндік ерекшелігі бар ұлттық тіл болып саналады. Қазақ әдеби тілін олардың әдеби тілінен ерекшелейтін басты белгі – оның лексика-грамматикалық бірліктерінің өзгешелігінде емес, қоғамдық-әлеуметтік қызметінің, тілдік бірліктердің қолданылу өрісі мен кеңдігінің әлеуетінде жатыр.
«Әдеби тіл дегеніміз жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан, ... жалпы халықтық тілдің ең жоғарғы формасы»,-деген анықтама күні бүгінге дейін үстем қағида болып келді. Осы анықтаманың «жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен» деген қағидаты, көп жағдайда, қазақ әдеби тілінің қалыптасып даму кезеңдеріне сәйкес келе бермейтінін қазақ тіл білімінің бірталай мамандары талайдан бері айтып жүр. Расында да оған ұлттық бітім-болмысымыз, яғни әдеби тіліміздің қалыптасып дамуы мен әр кезеңдегі қоғамдық түрлі қызметі онша сәйкес келе бермейтіні негізгі себеп екені анық. Сондықтан кейбір зерттеушілер «әдеби тіл» ұғымы тарихи жағынан алғанда, құбылмалы құбылыс деп санайды. Мысалы, В.В.Виноградов кейбір халықтың жазу дәстүрі болмаған не бір кезде жазуы болып, кейін дамымай қалған кезеңде де сол халықтың әдеби тілі болуы мүмкін деп санайды. Ол әдебиет үлгілері бізге, ұрпақтан ұрпаққа ауызша таралып, ауызша сақталып жетті. Демек, осымен байланысты ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан басталатын қазақтың төл жазба әдеби тіліне дейін де оның ауызша тараған әдеби тілі болған. Ол әдеби тілдің нұсқалары – халық ауыз әдебиеті үлгілері, бірнеше ғасырлық ақын-жыраулар шығармалары.
Қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеу мәселесі туралы айтқанда, ең алдымен орыс түркологі С.Е.Маловтың 1941 ж. жазған «К истории казахского языка» атты зерттеуін, сондай-ақ С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, М.Әуезов, І.Кеңесбаев, Қ.Жұмалиев, т.б. ғалымдар еңбектерін атауға болады. Ол еңбектерде қазақ әдеби тілінің қалыптасу кезеңдерін айқындау, оны дәуірлерге бөлу, әр дәуірдегі әдеби тілді лингвистикалық тұрғыдан сипаттау сияқты мәселелер қарастырылады. Кейін, 1950 жылдардан бері қарай бұл аталған мәселелермен қатар әдеби тілді танытатын нақты әдеби нұсқаларды зерттеу ісі қолға алына бастады. Бұл орайда ғалымдар Р.Сыздықова, Б.Әбілқасымов, С.Исаев, Е.Жанпейісов, Қ.Өмірәлиев, М.Томанов, Ш.Сарыбаев, Ә.Құрышжанов, т.б. көптеген зерттеушілер еңбектері жарық көрді.
Достарыңызбен бөлісу: |