Қазақ әдеби тілінің даму тарихы туралы айтқанда, қазақтың ауызша әдеби тілі о баста, яғни ХV-ХVІ ғасырларда жалпыхалықтық тіл негізінде қалыптасқан еді.
Ал жазба әдеби тіл сол ауызша әдеби тіл мен сол тұстағы жалпыға ортақ сөйлеу тілі негізінде ХІХ ғасырдағы Абай мен Ыбырай шығармалары арқылы, Ш.Бөкеев, Н.Наушабаев, Әбубәкір Кердері, Ақылбай, Мағауия, т.б. ақындар шығармалары арқылы, сондай-ақ «Түркістан уалаяты («Туркестанские ведомости», 1870-1882ж. Ташкент)», «Дала уалаяты» (Акмолинские областные ведомости, 1888-1902 ж. Омбы), «Торғай газеті», «Ауылшаруашылық листогі» сияқты сол кезеңдегі баспасөз құралдарының тілі негізінде қалыптасып дамыды. Осымен байланысты, әрбір тарихи кезеңде қоғамның дамуына сәйкес әдеби тілдің де қалыптасу дәрежесі, лексикалық, грамматикалық сипаты, құрылымы өзгеріске түсіп, үздіксіз даму, жетілу үстінде болады.
Қазақ халқының әдеби тілінің қалыптасып дамуына негіз болған бірнеше арналар бар. Көне түркі дәуіріндегі және орта ғасырлардағы жазба ескерткіштер қазақ халқына ортақ мәдени мұралар болып табылады. V-VІІІ ғасырлардағы көне түркі жазбалары, ІХ ғасырда қоғамның ру, ұлыстық дәуірінде туған тұрмыс-салт жырлары, ертегілер, Алып батыр, Қорқыт жайлы аңыздар, «Оғызнаме», «Дәдем Қорқыт кітабы» сияқты жыр-дастандар түркі халықтарының көпшілігіне ортақ мұра.
Сондай-ақ орта ғасырлардағы (Х-ХVғғ. )түркі ескерткіштері де қазақ әдеби тілінің негізгі арналарының бірі. Осы кезеңдегі жазба ескерткіштер қазақ әдеби тілінің ауызша да, жазбаша да түрінің дамуына игі әсерін тигізді. Қазақ әдеби тілінің лексикалық бейнесін және тұрақты фразеологизмдік қорын молайтып, оны теңеу, шендестіру, метафора сияқты көркемдеуіш құралдармен байытты. Орта ғасырлық түркі жазба ескерткіштері арқылы қазақ әдеби тілінде кітаби тіл дәстүрі қалыптасты. Бұл дәстүрмен жазылған шығармаларда түркі тілдеріне ортақ көне тұлғалар қайта жаңғырып қолданылып отырды. Жазба кітаби тіл арқылы қазақ әдеби тілінде көптеген жаңа сөздер, грамматикалық тұлғалар орнықты. Жалпы, кітаби тіл дәстүрінің әсерін қазақ әдеби тілі дамуының барлық кезеңдерінен де байқауға болады.
Қазақ әдеби тілінің басты бір арнасы-ауыз әдебиетінің тілі. Қазақтың халық ауыз әдебиеті – сан алуан жанрларға бөлінетін өте бай мұра. Халық ауыз әдебиеті жалпыхалықтық әдеби тіл үлгісі ретінде қазақтың халықтық дәуірінде қалыптасты. Қазақтың халық тілі сияқты ауыз әдебиетінің тарихы да түркі халықтарының көне және орта ғасырлық дәуірлерімен ұштасып, сабақтасып жатыр. Эпостық жырлар - ауыз әдебиеті дамуының ең биік сатысы және ұлт тарихымен өзектес дүниелер. ХІV – ХVІІ ғасырлардағы тарихи оқиғаларға байланысты туған «Ер Едіге», «Ер Көкше», «Орақ батыр», «Шора батыр», «Ер Тарғын», «Қырымның қырық батыры» туралы жырлар, «Ер Қосай», «Қарабек батыр», «Төрехан батыр» жырлары, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Мақпал қыз», «Сегіз бен Мақпал», «Күлше қыз» лирикалық жырлар ауызша дамыған қазақ әдеби тілінің көркемдік нәр алған қайнар көзін құрайды. Зерттеуші Ә.Қоңыратбаевтың пікірінше, қазақ халқында 300-дей эпостық және лиро-эпостық жыр бар. Ғасырлар бойы дамып жетілген халық ауыз әдебиетінің тілі шешендік, дидактикалық, жауынгерлік, әлеуметтік, лирикалық және тарихи сипаттағы кейінгі поэзия үлгілерінің тууына негіз болды. Қазақ әдеби тілінің қалыптасуы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы және көптеген басқадай жақтарымен де тығыз байланысты екендігі даусыз.
Жәнібек пен Керей осыдан 550 жыл бұрын қазақ хандығын құрған кезде халқы аз уақытта 200 мыңнан 2 миллионға жетті. Көптеген тайпалар жаңа хандықтың құрамына ене бастады. Осы қазақ деп аталған ру-тайпаларды бір орталыққа бірігуге тартып тұрған саяси жағдаяттардан басқа негізгі тылсым күш-бір тілде сөйлесіп, бір тілде түсінісу, бір дәстүрде өмір сүру дағдысы. Яғни этності тіл туғызды. «Қазақ хандығы тарих сахнасына шыққанда оған қызмет еткен –қазақ тілі болды, өйткені, бұл тіл –осы хандықты құраған қаңлы, қыпшақ, алшын, арғын, найман, керей, жалайыр, тағы басқа да ру-тайпалар сөйлейтін тіл еді. Қазақ тілі аталған ру-тайпаларды бір-бірімен табыстыратын ұйытқы, хандықты құраған күштердің бірі болған дейміз»,- академик Рабиға Сыздықова атап көрсетті (Егеменді Қазақстан,22.09.2015). Ал хандық дәуірдегі ауызша өркендеген әдебиет қазақ әдеби тілі үшін алтын арна десе болады. Қазақ тіліндегі «әдеби тіл» деген ұғым тек қана жазумен байланысты айтылмаса керек. Ол, ең алдымен, сөзді мәнерлеп сөйлеу, келістіріп айту, әдепті етіп қолдану, сөз әдебін сақтау, сөзді айтуда сөз саптаудың тәртіпті жүйесімен айту деген сияқты ұғымдармен тікелей байланысты. Яғни сөзді әдеппен мәдениетті түрде қолдану деген ұғыммен ұштасып жатады.
Қазіргі қазақ әдеби тілінде функциональды стильдердің барлығы бар делініп жүр. Қалай дегенмен, ол, әдеби тіл деп танылатын тілге тиесілі барлық сипаттарды өз бойына жинақтаған. Алайда тарихи-саяси түрлі себептердің салдарынан кейбір функциональды стилдердің дамуы кенже қалып, айтарлықтай дәрежеге, әлі де болсын, жете қоймағандығы шындық. Бұл мәселе де тілші ғалымдар тарапынан әлсін-әлсін айтылып жүр. Мәселен, ресми және кеңсе ісқағаздары стилі мен ғылым тілінің әлі де қалыптасу үстінде екені және оның қалыптасуы жазба тілдің дамуымен тығыз байланысты екені талай еңбектерде аталған. Бірақ, бұл, қазақ әдеби тілінің қалыптасып даму тарихын –халықтың жазба тілді жаппай қолдану кезеңінен бастап қана қарастыру қажет дегенді білдірмесе керек. Осы мәселе қазақ әдеби тілінің мәртебесі, оның қалыптасу кезеңдері, оны дәуірлеу мәселелері бойынша 1984 жылы 27-28 желтоқсанда тұңғыш рет әрі соңғы рет өтілген «Қазақ әдеби тілі тарихының проблемалары» деген конференцияда тіл мамандары, әдебиетші, ақын-жазушы, журналистер тарапынан кең талқыланып айтылды. Яғни белгілі бір тарихи кезеңдерде тілде бір стильдің болу-болмауы оның даму барысында заңды құбылыс екені пайымдалып, сол бір тарихи кезеңдерде тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметінің бір саласы болмаса немесе жетілмесе, онда ол әдеби тіл дәрежесіне көтерілмеген дегенді білдірмейді деген тұжырым жасалды.
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Ресей империясы өз құрамындағы өзге ұлттарды орыстандыру саясатын күшейтті. Оның оқу-ағарту ісі православие дінін насихаттау жұмысымен астарласа жүргізілді. Бұл бағытта Н.И.Ильминский, А.Е.Алекторов, А.В.Васильев, В.Н.Катаринский тәрізді атақты орыс ағартушылары көзге түседі. Әсіресе Н.И.Ильминский белсенді әрекет еткен еді.
Өзге ұлтты орыстандыру бірден бола қалатын құбылыс емес. Ол тиянақты ойластырылған біртіндеп жүргізілетін тілдік саясат арқылы жүзеге асырылады. Осыны ескерген патшалық Ресей империясы өз құрамындағы бодан ұлттарды орыстандыру мақсатында, ең әуелі, олардың дәстүрлі жазу-сызу мәдениетін өзгертіп, кирилшеге ауыстыруды қолға алған еді. Жаңа жазуға көшіру – кез келген ұлттың таным-түсінігіне, дәстүрлі мәдениетіне әсер етіп, оның орыстық мәдениетке тезірек бейімделуіне жағдай туғызатынын олар жақсы білді. Оны Н.Ильминскийдің мына сөзінен де айқын аңғаруға болады: «Так и у нас в России единство алфавита, даже самое точное, не приведет к внутреннему единению инородцев с русскими, пока первые не объединятся с нами в вере православной. Я далее полагаю, что иноверные инородцы, имеющие свою религиозную письменность, как, например, татары-магометане, или ламайцы-буряты, не примут русского алфавита, ни целиком, ни с какими угодно приспособлениями и прибавками. Все наши инородцы, как и русский сельский народ, находятся в периоде религиозного миросозерцания и руководствуются религиозными мотивами» (Ильминский Н.И. Из переписки по вопросу о применении русского алфавита к инородческим языкам.-Казань, 1883).
Қазақ болмысын зерттеген орыс ғалымдарының миссионерлік белсенді әрекеті Ресей билігі тарапынан ескеріліп, орыс графикасын өзгертпей алу керек пе, әлде қазақтың өзіндік дыбыстарын бейнелейтін қосымша таңбалар қосу керек пе дегенге кеп тіреледі. Бұл арада орыс миссионер-ғалымдары арасында екі ұдай пікір болады. Бұл талас 1910 жылға дейін созылып, ақырында 1910 жылыдың маусымында бұл мәселеге арналып Санкт-Петербургте әдейі кеңес шақырылады. Оған жергілікті жерден өкілдер қатысты. Кеңесте бұған дейін 1906 жылғы «Орыстан өзге халықтар жазуын орыс графикасына көшіру туралы» ереже талқыланып, оған көптеген өзгерістер енгізіледі. Кеңесте кирилл әліпбиі тек ресми документтер мен оқулықтарда ғана қолданылатын болсын деген шешім қабылданады. Алайда бұл шешім іс-тәжірибеде іске асырылмай, бәрі керісінше болды.
«Орыс мектептерінде (бұл арада Омбы, Орынбор кадет корпустары мен орыс-қазақ мектептерін айтып отыр) тәрбиеленуші қазақ жастары арасында, сөз жоқ, мұсылман дініне салқын қарайтын, өз ана тілдерін жанын сала сүйетіндер бар. Соларға орыс алфавиті қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін сақтаудың негізгі амалы деп ұғындыра алсақ, олар қырғыз (қазақ) тіліне орыс алфавитін енгізуде көп нәрсеге көмектесе алар еді» [39, 38], – деп те орыс миссионерлері орыс-қазақ мектептерінде оқып жатқан немесе оны бітірген жергілікті ұлт өкілдерін өз мақсаттарына тартып, пайдаланып қалуды көздеді. Нәтижесінде жергілікті ұлт өкілдері арасынан Д.Банзаров, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин сияқты белгілі тұлғалар шықты, орыс-тузем мектептері ашылды, кирилл әрпімен қазақша оқулықтар жазылды, тіпті, кирилл әріптеріне негізделген ұлт әліпбилері де түзілді. Мысалы, Қ.Күдеринованың көрсетуінше, орыс графикасына негізделген алғашқы қазақ әліпбиін Н.И.Ильминский жасаған.
ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында көптеген түркі халықтары үшін жалпы түркі тілі өзекті мәселеге айналып, нәтижесінде Исмаил Гаспринский бастаған патшалық Ресей мұсылмандарының «жәдит» (жаңа) ағымы пайда болды. Осы кезеңде түркі-татар жазба дәстүрінің қолдаушысы – «Тарджиман» газеті (1883-1918) –өмірге келіп, күллі түркі халқына қызмет етті. Осы газет арқылы оның бас редакторы, қоғам қайраткері И.Гаспринский жалпы түркілік әдеби тіл тұжырымдамасын жасап, оны «урта лисан» (орта тіл) деп атауды ұсынды. Жалпы түркілік әдеби тіл ұғымы – барлық түркі халқына ортақ, түсінікті тіл дегенді білдірді. И.Гаспринский күллі түркі халқын «Пікірде, тілде және істе бір болу» идеясының аясында біріктіруге тырысты. Оның идеясын қолдаушылар өздері қолданып келген араб әліпбиін реформалап, ұлттық тіл дыбыстарының таңбаларымен толықтырды. Оқытудың көне әдісін жаңа оқыту әдістерімен алмастырды. Бұл ағым қазақ арасында «төте оқу», «төте жазу» атымен таралып, 1907-1914 жылдары қазақтың алғашқы әліпбилерінің 7-8 нұсқасы баспадан шықты. Бұлардан тыс қолжазба әліппелер де болған екен. Мысалы, Көкбай молда дайындаған «Әліппенің» қолжазбасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапхана қорында сақтаулы тұр. Бірақ бәрінің ішіндегі ең жүйелісі, емле ережесі дұрысы – Ахмет Байтұрсынұлының нұсқасы болды.
«Қазақ» газеті (1913-1918) мен «Айқап» журналы (1911-1914) және т.б. сол уақыттағы қазақ басылымдары қазақ әліпбиін, емлесін бір қалыпқа келтіру үшін әліпби нұсқалары туралы мақалалар жариялап, ел ішінде кең пікірталас туғызды. Мәселеге А.Байтұрсынұлы белсене араласып, өз әліпбиі мен дыбыстық жүйесінің дұрыстығын дәлелдеп көрсете білді. Әліпби 1912 жылдан бастап ел ішіне кең тарап, КСРО-да 20-жылдардың соңына дейін қолданыста болды. Оны ҚХР қазақтары қазір де пайдаланып отыр. Атап айта кететін бір мәселе – кеңестік жаңа өкімет алғашқы онжылдықта ұлттық тілдерді дамытуға біршама көңіл бөлді. Ұлттар халық комиссариаты (Наркомнац) жасақталып, оны И.В. Сталин басқарды. Бүкілресейлік орталық атқару комитеті (ВЦИК) мен Халық комиссариат кеңесінің (СНК) 1918 жылғы 15 ақпандағы №2 декретінде: «Соттың барлық жағдайында (инстанций) барлық жергілікті тіл қолданылады» деген шешім қабылданды. Мәселеге қатысты И.В.Сталин: «Сот ісін жүргізуде де, мектепте де ешқандай міндетті мемлекеттік тіл болмайды. Әрбір облыс өз халқының құрамына сәйкес тілді немесе тілдерді таңдайды, осыған қарай барлық қоғамдық және саяси шешімдерде азшылықтың да, көпшіліктің де тең құқықтығы сақталады»,- деп жергілікті ұлттық тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлді.
1918 жылдың 31 қарашасында Ресей халық комиссариаты: «Аз ұлттардың мектебі туралы» қаулы шығарады. 1919 жылы РКП(б) VІІІ съезінде ұлттық тілде сабақ беретін бірыңғай еңбекшілер мектептерін құрудың қажеттілігі көрсетілді. Нәтижесінде 1921 жылы Түркістанда (Орталық Азияда) ұлттық тілдерде, соның ішінде қазақ тілінде білім беріле бастайды. Осы жылдың наурызында Қазақ ОАК: «ҚазОАК-нің барлық мүшелері қазақ тілін кешіктірмей үйренулері қажет екені» туралы қаулы қабылданады.
1922 жылы құрылған Мәскеудегі Орталық шығыс баспасы Орталық Азия халықтарының тілінде ұлттық әліпбимен түрлі әдебиеттер шығарды. Баспа маркстік-лениндік идеологияны әр халыққа өз ана тілінде игерту мақсатында саяси әдебиеттерді, орыс ақын-жазушыларының шығармаларын, әлемдік классикалық көркем әдебиеттерді ұлт тілдеріне аударды. КСРО-ның әрбір азаматы өз ана тілінде әлемдік мәдениетпен таныс болуы міндетті болды. Бұлардың бәрі – кеңестік өкіметтің КСРО халықтары мен әлемдік жұмысшы табының (пролетариаттың) көңілін аулау үшін жасаған алғашқы тілдік (ұлттық) саяси әрекеті еді. Сондай-ақ, негізінен, «интернационализм» деген термин аясында орындалған осындай жұмыстардың барлығы – орыс мәдениетін уағыздап, басқа мәдениетке, мәселен, көшпенділер мәдениетіне онша назар аудармады немесе оларды керітартпа (реакционный) мәдениет деп санады, тіпті мұсылмандықтың өзін кеңестік мәдениетке жат деп насихаттады.
Кеңес үкіметі құрылған кезеңнің алғашқы жылдарында В.И.Лениннің бастамасымен коммунистердің қолға алынған маңызды қадамдарының бірі ұлттық саясат еді. Кеңес үкіметінің бастапқы кезеңінде А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы, Қ. Кемеңгерұлы, М. Дулатов, М. Жұмабаев, С. Қожанов, С. Сейфуллин, М. Әуезов секілді т.б. ұлт зиялыларын алаңдатып, қатты толғандырған да ұлт пен оның тілі мәселесі еді. Кез келген халықтың ұлт ретінде жойылып кетуі – тілдің жойылуымен байланысты екенін кезінде Алаш азаматтары жақсы түсініп, ұлттық тілдің қамын әріден ойлап, ерен еңбек еткен болатын.
Тіл мәселесіне қатысты өзінің өзекжарды бір ойын Ахмет Байтұрсынұлы былай білдіреді: «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халіміз онша емес. Осы күні орыс пен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса, өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек» (Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы.-Алматы: Ана тілі,1992).
Алаш ардақтыларының бірі – Халел Досмұхамедұлы өзінің «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген қазақ тіл білімі және қазақ дүниетанымы үшін аса құнды еңбегінде: «Қазақ-қырғыз жұрты оянғаннан бері мәдениет бәйгесінде ілгері кеткен жұртқа жетудің қамын қылып жатыр. Мәдениеттің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетеді. Білімді жұрттың тілі бай болады», – деп сапалы білім алудың ең маңызды тетігі тілді дамытуда жатқанын атап көрсетіп кеткен еді.
КСРО-ның алғашқы жылдарындағы кеңестік-коммунистік саясаттың дұрыстығына имандай ұйыған одақтас республикалар өз ішінде ұлттық тілдерін жандандыруға белсене кірісті. ҚазАКСР-де де қазақ әдеби тілін республиканың мемлекеттік тіліне айналдыру мақсатында соған арналған іс-шаралар қолға ала бастады. Бұл іске негізінен ұлттық мақсат-мүддені көздеген Алаш азаматтарын айтпағанда, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов секілді т.б. қазақ коммунистері де жұмыла кірісті. Мәселен, Сәкен Сейфуллин 1923 жылы «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген мақала жазып, Ресейлік коммунистік большевиктік партияның (РКПб) ХІІ съезінде: «бұрынғы кемдікте болған уақ ұлттардың республикаларында, мекемелерде барлық үкімет істерін сол ұлттың өз тілінде жүргізу керек» деген қарары қабылданғанын айта отырып, соны іске асыру керек деп көрсетеді. Осы мақаласында ол кеңсе іс қағаздарын қазақша жазуды немесе қазақшаға аударуды ауылдық жерлерден бастау керек дей келе: «Волосной исполкомдарда істі қазақ тілінде жүргізу үшін уездерде соларға кісілер дайындап жіберетін курстар ашылуы керек. Ауылдан, болыстан, ауданнан қаладағы мекемелерге қағаз жазғанда ылғи қазақ тілінде жазып отыру керек. Қалалардағы мекемелер қазақша жазылған сөздерді алып тексеріп қарап отыруға міндетті. Күллі тілдердің бәрі бірдей жүреді деген закон бар»,– деп жазды. Бұл жарлықтың қаншалықты дәрежеде жүзеге асқандығы туралы қолымызда жеткілікті мәлімет жоқ, алайда С.Сейфуллин 1929 жылғы қазақ тілінде іс жүргізудің қалай болып жатқанын пайымдай отырып жазған «Ашық хат» деген мақаласында осы істің өте баяу жүргізіліп жатқанына өкініш білдіре отырып, оның себептерін анықтап көрсетеді. «... азғантай жерлерде ғана болмаса, қазақ тілі әлі де қазақтың өз аузында. Кей жерлерде қазақ тілін кеңсеге кіргізбек түгіл, қазақ азаматы аузын ашатын емес. Тіл – жұмылған ауыздың ішінде» – деп ашына жазады. Бұл, әрине, бір жазу нұсқасына (арапша, латынша, кирилше) әлі тоқтала қоймаған қазақ қоғамының сол тұстағы әрі-сәрі күй кешкен ауыр кезеңінің бір парасын көрсетсе керек.
1926 жылғы кеңестік алғашқы халық санағының мәліметі бойынша, Орталық Азиядағы кеңестік одақтас елдердегі орыс тілін білетін жергілікті ұлт өкілдері Қазақстанда – 22,8%, ал Қырғызстанда – 15,1%, Түрікменстанда – 12,5%, Өзбекстанда – 10,6%, Тәжікстанда – 3,7% болған екен. Осы мәліметтен байқайтынымыз – Орталық Азия халықтарының ішінде қазақтарды орыстандыру саясаты зор қарқын ала бастаған. Бұған өз дәрежесінде еліміздегі ішкі себептер де өз әсерін тигізген болатын.
1920-жылдардың ортасы мен соңына қарай кеңестік тілдік саясат өз бағытын кілт өзгертіп, одақтас республикаларды латын әліпбиіне көшіру әрекетін бастайды. В.В.Базарованың көрсетуінше, бұл саясатты жүзеге асыруда Жаңа Әліпби Қоғамы мен КСРО Ғылым Академиясының беделі және мемлекеттік басқару мен күштік аппараттың ерекше қолдауы зор қызмет атқарған. Сонымен бірге бұл мәселеге И.В.Сталиннің тікелей араласты.
Осы тілдік саясаттың астарындағы түркі халықтары жазуын алдағы уақытта орыс әліпбиі мен емлесіне көшіріп, біртіндеп орыстандыруды көздеген саясатың жатқанынан бейхабар кеңестік түркілер латын қарпіне ауысуға жедел қамдана бастайды. Және осы реформаны белсене қолдап, жақтаушы болған әзірбайжан ұлтының қоғам қайраткері Н. Нариман (Кербалаи Наджаф оглы) секілді т.б. ұлт өкілдері (адамдары) бойында «латыншаға көшсек, бәрімізге ортақ әліпби жасалып, түркі халықтарының бір-бірімен тілдік, әдеби-мәдениеттік қарым-қатынасы жақсара түседі. Латын жазуы түркі халықтарының басын біріктіреді» деген секілді қияли (утопиялық) сенімде де болды. Әлбетте, бұл сенімді де олардың санасына ұялатқан кеңестік тілдік саясат болатын.
1928 жылы Бакуде өткен құрылтайда олардың (кеңестік түркі халықтарының) латын графикасына негізделген әліпби жобалары таныстырылып сарапталды. Қазақстан тарапынан 28 әріптен тұратын жобаны О.Жандосов бастаған топ әзірлеген еді. Оны 1929 жылы Қызылордада Т.Шонанұлы, Е.Омарұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов, Е.Д.Поливанов сияқты т.б. ғалымдар қызу талқылаған конференцияда бұл әліпби жетілдіріліп, 29 әріптен тұратын әліпбиге айналды. Бұл жоба А.Байтұрсынұлының қазақ қоғамына 20 жылдай мүлтіксіз қызмет еткен араб әріптеріне негізделген әліпбиін басшылыққа алды.
А.Байтұрсынұлы құрастырған арабша жаңа әліпби қазақ тілінің табиғи дыбыстық жүйесіне негізделіп жасалғандықтан, оның дыбыстық құрамын сол уақыттағы қазақ қоғамы тұрмақ, өзге ұлттардың да білгір тілші-ғалымдары толықтай мойындаған болатын. Мысалы, Е.Д.Поливанов: «Эту последнюю форму, которую приняла казак-киргизская графика в 1924 году, я во всяком случае, считаю уже не нуждающейся, в поправлениях и представляющей последний шаг в историческом формировании национальной графики, котором с полным могут гордиться киргизские деятели просвещения – создатели реформы, как крупным культурным завоеваням»,– деп айырықша атап көрсетті.
Сөйтіп, қазақ пен татар өздерінің арабтық ескі жазуын реформалап, алғаш рет өзінің төл әліпбиін құрастырғанына қарамастан, орыстандарудың жымысқы саясатының нәтижесінде Кеңестер Одағының орыс, грузин, армяндардан өзге халықтарының бәрі – латын жазуына көшірілді.
Қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуіне байланысты 1929 жылы емле (орфография) ережесі бекітіледі. Бұл ережеде кірме сөздердің жазылуы туралы А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» атты оқулығындағы, сондай-ақ Баку қаласында өткен Бүкілодақтық бірінші түркологиялық съезде айтқан пікірлері басшылыққа алынды. Мәселен, А.Байтұрсынұлы аталған съезде жасаған баяндамасында пән сөздері (терминдері) ретінде алынып жүрген Еуропа тілдеріндегі сөздердің айтылуы қазақ тілінің табиғатына сәйкес келмейтінін ескерте келіп, кірме сөздерді ұлттық тіл дыбыстық жүйесі бойынша жазу керектігін көрсеткен болатын.
Осы бағытты қолдаушылардың бірі Е.Омарұлы сол жылы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде: «Пән сөзді өз тілімізден таба алмаған күнде, иаурыпа қолданған латынша пән сөздерді алуға болады. Бірақ ондай жат сөздерді алғанда, – оны тіліміздің заңына келтіріп өзгертіп алу керек»,– деп бөтен тілден сөз қабылдаудың дұрыс жолын көрсетеді.
Қазақша жазу мәселесіне саяси қысым әлі жасала қоймағандықтан, 1929 жылы Қызылорда қаласында ресми бекітілген емле ережесі бойынша орыс тілінен енген сөздер қазақ тілінің заңдылығына бейімделіп жазылды.
Кеңес Одағы құрамындағы түркі тілдес халықтардың латынша жазуға көшіп, ортақ жазу арқылы бір-бірімізбен тығыз байланыс орнатамыз, түркі әлемінің басын біріктіреміз, түркі халықтарына ортақ әдеби тіл қалыптастырамыз деген мақсат-мүддесі алғашқы онжылдықта орындала бастағандай еді. Алайда, батыс зерттеушілері атап көрсеткендей, түркі халықтарының әрқайсысы өз тілдерімен ауызша сөйлесіп, бірін-бірі жақсы түсінгенімен, экономикалық және мәдени-әлеуметтік қарым-қатынастары өте алшақтап кеткендіктен және латыншаланған әліпбилері де бір-біріне ұқсамай кеткендіктен, оның іске асу мүмкіндігі неғайбыл болмапты. Оны кейінгі жылдардағы кеңестік үкіметтің тіл саясатынан да, яғни кеңестік түркі халықтарының әрқайсына арнап дайындап берген кирилше әліпбилердің сиатынан да айқын көреміз.
Патшалық Ресейдің өз қармағындағы өзге жұрттарды орыстандыруды көздегеніндей, кейінгі кеңестік тілдік (ұлттық) саясаттың да, яғни араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуын латыншаға ауыстыру саясатының да астарында қазақ халқын біртіндеп орыстандыру жатты. Себебі орыс жазуының (кириллица) өзі латын немесе грек әліпбиі негізінде қалыптасқандықтан, егер қазақ (кеңестік түркілер) жазуын латыншаға көшіре қалған жағдайда оны кейінірек орыс жазуымен оп-оңай алмастыра салып, орыстандыру саясатын емін-еркін жүргізе беруге кеңірек жол ашылатын еді. Солай болды да.
Латынша қазақ әліпбиін қабылдауға қарсы болған Алаш зиялылары түгелге дерлік репрессияланған соң, 1937 жылдан басталған дайындықтан кейін ешқандай талдау-сараптаусыз, дау-дамайсыз 1940 жылы мемлекеттік тілдік саясаттың ықпалымен және мемлекеттік тәртіптік күштердің зорлығымен латынша қазақ жазуы кирилл әліпбиіне көшірілді. Сөйтіп, қазақ жазуы тарихында болған Ахмет Байтұрсынұлының зор еңбегімен алғаш рет құрастырылған қазақтың арабшаға негізделген төл әліпбиі де, соның дыбыстық жүйесі басшылыққа алынып дайындалып, 1938 жылға дейін қолданыста болған латынша қазақ әліпбиі де қолданыстан шығарылды.
КСРО өкіметі ілгеріде орыстандыру саясатын елеусіз жалғастырып келген болса, Алаш зиялылары қуғын-сүргінге ұшырап, баршасына дерлігі репрессияланып атылып кеткеннен кейін, еш қарсылықтың жоқтығын пайдаланып, 1940 жылдардан бастап сол саясатын ашық жүргізуді қолға алды. Оған КСРО құрамында болған ҚазКСР-дың конституциялық құқығының кеңестік коммунистік саяси жүйенің ұстанымына тәуелді болғаны да қатты ықпал етті. Соған байланысты 1940-1991 жылдар аралығындағы қазақ әдеби тілінің республикалық қоғамдық-әлеуметтік қызметі шектеулі болғаны көпшілікке аян. Ол, негізінен, ауылдық, кейбір аймақтарда аудандық деңгейде ғана кеңсе ісқағаздарын жүргізуде қолданылатындығы болмаса, мемлекеттік тіл мәртебесінде пайдаланылмай, ғылым мен инженерлік-техникалық жоғары білім алуда, саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік салада, дипломатия мен ел басқару саласында өзінің толыққанды қызметін атқара алған жоқ. Республикадағы қазақтілді қоғамның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде ғана қолданылатын қарым-қатынас тілі болып қала берді.
Дегенмен кеңестік саяси жүйе қазақ қоғамын орыстандыруға қаншалықты тырысып бақса да, көркем әдебиет пен баспасөз тілінің үздіксіз қазақша дамуына кедергі бола алмады. Өйткені қазақ ұлты секілді сан мыңдаған жыл бойы қалыптасып орныққан халықтың өз жеріндегі саны тым азайып кеткеніне қарамастан, оның көркем-эстетикалық таным-біліктілікке деген құштарлығы еш уақытта төмендеген емес.
КСРО кезінде оның идеологиялық саясаты мен социалистік өмір салтын уағыздайтын қазақша көркем әдебиеттер молынан басылып шығумен қатар қазақ баспасөзі де жақсы дамыды. Республикалық «Жұлдыз», «Жалын», «Ара», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек», «Қазақстан коммунисі» сияқты т.б. әдеби-мәдени, ғылыми-танымдық, қоғамдық-саяси журналдармен қатар республика көлемінде тарайтын қазақша газеттер де мол болды. Облыстық газеттер қазақ-орыс тілінде – жеке-жеке жарық көрді. Қазақтар тығыз орналасқан жерлердің аудандық газеттері тек қазақ тілінде жарияланды. Бұл болса, өз дәрежесінде қазақ әдеби тілінің публицистикалық стилінің одан сайын ұшталып, дамып-өркендеуіне қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, қазақ әдеби тілі сөздік құрамын орыс тілінен тікелей (калка) аудару арқылы пайда болған сөз, сөз тіркесерімен байыта түсті. Әрине, ондай аударма сөз-сөз тіркестерінің дені қоғамдық-саяси лексика еді. Ал ғылыми-техникалық термин сөздердің баршасына жуығы, егер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ғылыми-көпшілік мақалаларда кездесе қалса, орыс тілінде қалай болса, қазақ тілінде де еш өзгеріссіз сол қалпында қолданыс тауып жатты. Оларға қазақша қосымша жалғап қолданса, қазақ сөзі болып кететіндей түсініктің қазақ ортасында қалыптасуы да кеңестік тілдік саясаттың нәтижесі болатын.
КСРО кезінде қазақ әдеби тілін бүлдіру оның дыбыстық жүйесін өзгертумен ғана шектеліп қалған жоқ. Орыс сөздері мен орысшаланған өзге тілдердің сөздері де қазақ әдеби тілінің сөздік құрамына «халықаралық термин» деген жалған желеумен мейлінше енгізілді. Олардың қазақ тілі сөздік құрамынан орын алуына, әлбетте, қазақ әдеби тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкес келмейтін жат тілдік дыбыс таңбаларымен толықтырылған «қазақ-орыс» әліпбиі қолайлы жағдай жасағаны даусыз.
Сөйтіп, қазақ ұлты патшалық Ресейдің боданында болған екі ғасырдан астам уақыттың соңғы 50 жылдығында, содан кейін, әсіресе, кеңестік режимнің 70 жылдан астам уақытқа созылған орыстандыру саясаты кезінде орыс тілінің ықпалына қатты ұшырап, өзінің ұлттық бітім-болмысынан айрылып қала жаздады.
Қазақ әдеби тілі өзінің жаңа бағыт алып, тың тыныспен дамуы Тәуелсіз Қазақстан өмірге келген кезеңнен бастады. Әрине оған дейінгі уақытта да қазақ әдеби тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметін сан салада дамыту әрекеті болды. Қалыптасу бастауын сонау Түркі қағанаты, тіпті оданда ілгері замандардан да алуы ықтимал қазақ әдеби тілі өзінің табиғи бітім-болмысын мыңдаған жылдар бойы жоғалтпай келді. Алайда Кеңес өкіметі кезінде қазақтардың өз еліндегі басқа ұлт өкілдерімен салыстырғандағы үлес санының кеміп, бұған қоса қазақ қоғамының айтарлықтай бөлігінің орыс тіліне мүлдем бет бұрып орыстанып кетуіне байланысты орыс тілінің орасан зор ықпалына ұшырады. Осы кезеңде ол өз тұтынушыларынан біртіндеп айырылып, қолданылу аясы тарылып, біртіндеп жойылып кетудің шақ алдында қалды.
Әрбір ұлттық мемлекет, ол бірұлтты (моноұлтты) немесе көптеген ұлт өкілдерінен тұратын мемлекет болсын, әйтеуір бір тілді мемлекеттік тіл ретінде пайдаланып, өзінің әлеуметтік-экономикалық саясатын жүзеге асыратыны белгілі. Көбінесе ондай тілдің қызметін мемлекет құрушы жергілікті ұлттың тілі атқарады. Ұлттық тіл мемлекеттік тіл қызметін атқара отырып, мемлекеттік маңызды іс-шаралардың ұлттық мүдде тұрғысынан жүргізілуін қамтамасыз етеді. Ұлттық мемлекет өзінің қоғамдық-әлеуметтік, яғни мемлекеттік сан салалы қызметі жан-жақты бола түсуі үшін мемлекеттік тілді өз қамқорлығына алып, оның дамып өркендеуіне барынша қолайлы жағдай жасап бағады. Сөйтіп, мемлекеттің тілдік саясаты ұлттық саясатпен етене астасып жатады. Сол себептен мемлекеттік тіл саясаты еш уақытта ұлт мәселесінен тысқары бола алмайды. Ұлттық мүдде ескерілмей, ұлттық мемлекеттің болуы да, дамуы да мүмкін емес.
Тілдік саясатын ұлттың ділі мен мүддесіне негіздеп жүргізетін елдер өзінің мемлекеттік тілі болып отырған тілінің сан салалы қызметтік қолданысына кедергі келтіретін жағдайларға ешқашан жол бермейді. Егер мемлекеттік тілмен қосамжарласып екінші бір тіл сол елде саяси-қоғамдық қызмет атқарса, ондай мемлекеттегі қоғамның тұтастығы мен беріктігі осал деуге болады. Себебі екінші тілдің сондай дәрежеге ие болуынан елде қостілділік жағдай қалыптасып, мемлекеттік іс жүргізу әлсірейді. Бюрократизм басталып, қағазбастылық күшейеді.
Қолданыстағы екінші тіл бұрыннан қызмет етіп келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдар мен қазіргі заманғы ақпараттық-қатыстық технологияларды еркін де тиімді пайдалану арқылы өзін қолдап-жебейтін басқа мемлекеттің (осы тілді мемлекеттік тіл ретінде пайдаланып отырған мемлекеттің) тілдік (ұлттық) саясатын жүзеге асырып, өз қызметінің маңызын арттыра түседі. Жергілікті ұлттық тілдің қолданылу аясын тарылтуға барлық мүмкіншілігін, барлық әлеуетін мейлінше жұмсайды. Бір есептен, бұны тілдер (ұлттар) арасындағы тіршілік үшін күрес десе де болады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикада қалыптасқан қостілділік пен ұлттық тіл мәселесі қазақтілді қоғамды алаң күйге түсіріп отыр. Сол себептен тәуелсіздік алған кезеңнің алғашқы жылдарынан бастап тіл мәселесі қоғамдық-әлеуметтік мәселе болумен қатар, ұлттық мүдделерімен де астасып, қазақтардың өзін-өзі сақтап қалу әрекетінің (стратегиясының) маңызды мәселелерінің біріне айналып отыр.
Адамзат тарихына назар аударсақ, бір тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметінің зор қарқын алып, үстем тілге айналуына байланысты екінші бір тілдердің, олар жергілікті ұлт тілдері бола тұрса да, қолданыс аясы бірте-бірте тарылып, жойылып кеткенін немесе қолданушы-тұтынушылары жоқ «өлі тілдерге» айналғанын көруге болады. Ондай тілдер жүз-жүздеп саналады. Солардың жойылып өлі тілдерге айналуына, көп жағдайда, белгілі бір ұлттың өмір бақи тіршілік етіп келе жатқан атамекенінде құрылған «бейұлттық» мемлекеттің ұстанған тілдік (ұлттық) саясаты себеп болып жатады. Тілдің қолданыстан шығуымен бірге біртіндеп ұлт та құриды. Алаш ардагері Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы Һеш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деп айтқанда осы мәселені ескерсе керек.
Әлбетте, қағазға түскен, хатталған ұшан-теңіз әдеби-мәдени жазба мұрасы бар тіл ешқашанда жойылып, кетпейтіні анық. Тек оның тұтынушылары жоғалып, өлі тілге айналып, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «ұлттың жоғалуы» әбден мүмкін.
Сан ғасырлар бойы бостан ел болуды көксеген қазақ ұлты тәуелсіздік үшін талай қан майданды, талай қилы кезеңді бастан өткізді. «Тіл тағдыры – ел тағдыры. Өрнегі бай, мұраты кенен, ойы терең, мақсаты биік, өмір мен заманалар шындығын соншама қуатты, көркем етіп суреттейтін ұлт әдебиетінің арғы-бергі дәуірлердегі үлгілері бізге осыны меңзейді. Әрине «ел еркіндігі» мен «ұлт рухын», бір сөзбен айтқанда, ұлт пен тілді сақтау қазақ үшін қай кезде де, қай дәуірде де оңай болмаған. Халқымыз сан түрлі аумалы-төкпелі замандарды бастан кеше отырып, өзі де, тілі де ондаған сойқанды кезеңдерді басынан өткерген» (Оразбаева Ф. Тіл мен рух. «Жұлдыз» журналы,№12,2009).
Сонау өткен ғасырлардағы ұлт-азаттық жолындағы күрестерге бармай-ақ, кешегі ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Кеңес Одағының орыстандыру идеологиясына қарсы «Жас тұлпар», «ЕСЕП», «Сарыарқа» ұйымдарының құрылып, іс-әрекетке баруы, 1986 жылғы қазақ жастарының көтеріліске шығуы тіл тәуелсіздігі мен ел тәуелсіздігіне деген асқақ рухтың жемісі болды. Өткен ғасырдың 90-жылдардағы «Азат» қозғалысының саяси-қоғамдық іс-әрекеті де рухани бостандықты мақсат еткен еді. Сол ұйымдар мен қозғалыстардың арқасында қазақ қоғамы үлкен дау-дамай, тартыс-күреспен 1989 жылы 11 қыркүйекте өз ана тілін өз елінде (ҚазССР) мемлекеттік мәртебеге ие болуына қол жеткізіп, сол жеңісін тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылған кезде де сақтап қалды.
ҚР тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы қазақ әдеби тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытуға арналған бірнеше кезеңдік іс-шараларды зерделеп, ой таразысына салсақ, қазіргі таңда Қазақстан қоғамының оған деген ынта-ықыласының біршама жақсара түскені аңғарылады. Себебі қазақ әдеби тілі – ҚР-дың мемлекттік тілі ғана емес, қазақ қоғамының білім алатын, ғылымды игеретін құралы, оның сан ғасырлар бойы жинаған рухани-мәдени мұраларының, ділі мен дінінің, әдебиеті мен өнерінің, сана-сезімінің, дүниетанымының жиынтығы. Демек, барлық ұлттық рухани құндылықтардың іргетасы әрі тірегі. Олай болса, оның қоғамдық сан салалы қызметін жан-жақты дамыта отырып, қолданылу аясын барынша кеңейту, оны дамытуға бағытталған іс-шараларды үнемі жүргізіп отыру – ҚР-дың өркениетті елдер қатарынан орын алуының бірден-бір кепілі.
Тәуелсіздік алған кезеңнен бері қазақ әдеби тілін мемлекеттік тіл ретінде дамыту жолында қаншама маңызды қадамдар жасалды. Алайда қолға алынған көптеген іс-шаралардың ойға алғандай болып орындалмауынан, қазақ тілі қоғамдық өмірдің, қоғамдық қарым-қатынастың бірталай саласына терең ене алмай жатыр. Талай мәселе күні бүгінге дейін өз шешімін әлі таба қойған жоқ. Мұның басты себебі – қазақ ұлтының өткен ғасырларда басынан өткерген бодандық пен тоталитарлық саясаттың ықпал-әсері және солардың бүгінге дейін сақталып отырған зардабы делініп жүр. Сол дәуірдің ұлттық тілге, ұлттық ой-санаға әкелген қасіретін ешқашан ұмытуға болмайды.
Мемлекеттік тіл – кез келген мемлекеттің ұлттық құндылықтар жүйесінде дамуының негізгі өлшемі болып табылады. Ол – Қазақстан Республикасының да әлемдік қауымдастықтағы өзіндік орнын анықтауда саяси-экономикалық, саяси-идиологиялық, қоғамдық-әлеуметтік маңызға ие.
Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес ел болып отыр. Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін, 1992 жылы оның алғашқы Конституциясы қабылданды. Қазақ әдеби тілі мемлекеттік тіл мәртебесін (статусын) алды. Қазақ әдеби тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуы қисынды және заңды шешім болатын. Соның нәтижесінде қазақ әдеби тілі егемен елдің мемлекеттік тілі ретінде дамудың жаңа жолына түсті.
ҚР-дың «Тіл саясаты туралы» Тұжырымдамасы (1996 ж.), «Тілдер туралы» Заңы (1997 ж.) және «Тілдерді қолдану мен дамыту туралы мемлекеттік бағдарламасы» (2000 ж.) өмірге келді. Осы маңызды құжаттарға сәйкес қазақ әдеби тілі мемлекеттік тіл ретінде республиканың бүкіл аймағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданыла бастады. Ол ҚР-дың мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін, іс қағаздарын жүргізу, білім беру, ғылымды игеру тіліне айналды.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бастап қазақ әдеби тілінің мемлекеттік мәртебесін арттыру жолында көптеген келелі істер тындырылды. Оның 1997 жыл 11 шілдеде қабылданған «Тіл туралы» Заңының 23-бабында: «Тілдің дамуы мемлекеттік тілдің басымдылығын және іс қағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең-кезеңмен көшіруді көздейтін Мемлекеттік бағдарламамен қамтамасыз етіледі», – деп атап көрсетілді. Заңның осы талабын жүзеге асыру мақсатында 2000 жылы «Қазақстан Республикасы тілдерін дамыту бағдарламасы» қабылданып, осы бағдарламаға Елбасының 2006 жыл 30 мамырдағы №127 Жарлығымен толықтырулар енгізілді. Содан бері осы Жарлыққа сәйкес жергілікті атқарушы және өкілетті органдарда іс жүргізуді мемлекеттік тілде жүзеге асыру талап етіліп келеді. Дегенмен еліміздің «Тіл туралы» Заңында айқын көрсетілген қазақ әдеби тілінің мемлекеттік мәртебесі нақты өмірде ойдағыдай жүзеге аспай келе жатқаны жасырын емес. Оны қазақ қоғамы біліп те, белгілеп те отыр. Сондықтан да қазіргі кезде республиканың әлемдік бәсекеге қабілетті ел болып қалыптасып дамуымен тығыз байланысты қазақ қоғамын алаңдатып отырған маңызды мәселелелердің бірі – мемлекеттік тілдің қазіргі жай-күйі, болашағы болып отыр.
Қазақ әдеби тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Өйткені оны қолданушылар республика көлемінде жеткілікті. Сондай-ақ лексика-фразеологиялық қоры аса бай, құрылымдық жүйесі жетілген ауызша әрі жазбаша әдеби тіл болуы оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуіне зор мүмкіндік береді. Қазақ әдеби тілінің мемлекеттік тіл ретінде басқару, ақпарат, білім беру мен тәрбие ісі, ғылым мен техника, экономика, бұқаралық ақпарат құралдары сияқты т.б. қоғамдық салаларда қызмет етеді.
Қазақ әдеби тілі, қалай дегенмен, ұлт руханиятының өзегі және ол – ұлт болмысының бір көрінісі. Оны егемен елдің барлық азаматы оқып-үйреніп, жетік меңгеріп, өз өмірінің өзегі ретінде пайдаланып, құрметтеуі «Ата Заңда» қарастырылған.
ҚР бойынша «Қазақстандағы тілдерді дамытудың 2000-2010 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында көптеген жұмыс атқарылды. Мәселен, тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай мыңға тарта қазақ мектебінің ашылуы, қазақ тілінің қоғамдық-саяси өмірдің бірқатар саласында қолданыс табуы, орыстілді білім ошақтарында қазақ әдеби тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытылып-үйретілуі, республиканың бас ордасы Астана мен Алматыда және облыс орталықтарында қазақстандық өзгетілді ұлт өкілдері мен өз ана тілін жетік білмейтін қазақтарға оны оқытып-үйрететін оқу-әдістемелік орталықтардың ашылуы оның дамуына айтарлықтай серпін әкелді.
Қазақстан қоғамы 2009 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» Заңының қабылданғанына 20 жыл толуын атап өтті. Осы уақыт аралығында қазақстандық азаматтардың мемлекеттік тілді үйреніп-білуі қажет деген талап күшея түсті. Республикадағы тілдерді дамытудың он жыл мерзімге арналған бағдарламасы аясында осы бағытта біраз жұмыс атқарылды. Қазіргі уақытта «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданып, тіл мәселесі ұлт руханиятының алтын қазығы болғандықтан, бұл бағдарламаға қазақ қоғамы ерекше маңыз беріп, мемлекеттік тіл саясатының осы он жылдығы қазақ әдеби тілінің болашақ дамуына қолайлы жағдай туғызады деп күтуде.
2013 жылы қабылданған «Қазақстан 2050» стратегиясында» ҚР-да жүргізіліп жатқан тіл саясатына жаңаша көзқарас көрсетіліп, оның болашақ даму бағытын айқындалды. Бұл қазақ тілінің жаңа бағытта дамуына жол ашуы мүмкін. Өйткені Стратегияда қазақ тілінің «қазақ ұлтын біріктіруші басты фактор», «Қазақстан халқын біріктіруші», «қазақ тілі – біздің рухани қазынамыз» екендігін баса айталған. «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту үшін барлық күш жігерімізді жұмсауға тиіспіз»,- деп президентіміз Н.Ә.Назарбаев атап көрсетті.
Тәуелсіздік жылдарында қазақ мектептері санының артуы ұлт руханиятының үлкен жетістігі деп бағалануы керек. Дегенмен қазақ әдеби тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәдени-әдеби, саяси-әлеуметтік, ғылыми-ақпараттық қызметін жақсарту мен кеңейту, қоғамдық қызметі мен қолданбалылық жағын жетекші орынға шығару мәселесіне байланысты «Мемлекеттік тіл туралы» Заң да қабылдануы қажет екенін бүгінгі өмір шындығы көрсетіп отыр. Осы бір маңызды құжаттың қабылдануының қажеттілігіне байланысты қазақ қоғамының талабы арта түсуде. Сол себептен 2011-2020 жылдарға арналатын тіл туралы мемлекеттік бағдарламада оның (мемлекеттік тілдің) отандық экономика, мәдениет пен өнер, білім мен ғылым кеңістігінен орын алуына және қоғамдық өмірдің барлық саласындағы қызметін жетілдіруге баса назар аударылған. Осы бағыттағы қоғамдық түрлі пікірлерді зерделеп пайымдасақ, «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның да қабылдауы қажет екені айқын аңғарылады.
Бүгінгі таңды Елбасы үш тұғырлы тіл саясатын ұсынып отыр: қазақ тілі –мемлекеттік тіл, орыфс тілі-ұлтаралық қатынастар тілі, ағылшын тілі- әлемдік экономикаға интеграциялану тілі. Болашақ қазақ жұрты үш тілді еркін игеріп, зияткер ұлт ретінде бәсекеге қабілетті болу керек. Дегенмен бұл ұсыныс мемлекеттік тілдің дамуын тежей ме деген күдік туғызды. Осы мәселе туралы Елбасы да «қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қана қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деп ескертті. Қазақ әдеби тілінің мемлекеттік тіл, ғылым, білім тілі, бизнес тілі, сыртқы қарым-қатынастар тілі ретінде өркендеуінің жаңа кезеңі басталды.
Достарыңызбен бөлісу: |