Көшпелілер немесе Дала өркениеті - түркі тектес халықтардың, соның ішінде қазақтардың материалдық және рухани құндылықтарының даму сатысы, этномәдени жүйенің қалыптасуындағы табиғи-тарихи тұрпаты. Адамзат тарихын зерттеу барысында өркениет атауының өзіне әр түрлі, кейде бір-біріне қарама-қайшы анықтамалар қалыптасты. Америка тарихшысы Л.Морган (1818-1881) мен Ф.Энгельс оны адамзат дамуындағы жоғары, жазу сызуды енгізу кезеңі ("тағылық — жабайылық — "өркениеттілік" үштағаны арқылы) ретінде сипаттады.
Көшпелілер тұрмысы. Жинақы тұрғын үй құрылымы, соған сәйкесті үй мүліктері мен киім-кешек үлгілері, тіпті, еуропалықтар тұрмысына да дендеп енді. Еуразия жазығының шығыстан батысқа қарай көсілген ендігінде олар ру-тайпалық бірлестіктен бастап өзара конфедеративті қарым-қатынасқа негізделген көшпелі империялар құруға дейінгі саяси интеграцияның күрделі үрдістерін өткерді. Әсіресе, мыңдаған жылдарға созылған нәсілдік-генетикалық бірігулердің, геосаяси және әлеуметтік-мәдени байланыстардың мекені болған апайтөс кеңістіктің батысы мен шығысын тұтастырған Тұран жазығының тұрғындары — протоқазақтардың өте ерте кезеңдерден көшпелілікті отырықшылық тұрмысқа, мал бағуды егіншілікке үйлестіре жүргізгені, көне қытай жазбаларында айтылған. Тоталитарлық режим тұсында тарихшылар түркі жұртының даңқы, өрелі өткені туралы деректерді айналып өтуге тырысты.
Рухани мәдениеті.Ұлы Дала төсі айрықша жауынгерлік рух пен ізгілікті дүниетанымды қалыптастырып, ұрпақтардың тарихи жадындай эпостык шығармалар арқылы кеңістік пен уақыт өрісіндегі оқиғалар тізбегін жоғалтпай, жіпке тізіп отырды. Кез келген көшпелі, қарапайым дала тұрғыны өз халқының бүкіл тарихи-мәдени, адамгершілік тәжірибесі жинақталған ауыз әдебиеті нұсқаларын — жыр-толғауларды, аңыз-әпсаналарды, т.б. жатқа білді. Сол арқылы Әлемдік өркениеттің тарихи ауқымымен біте қайнасып, өзіндік бітім-тұрпатқа ие деңгейде өмір сүріп жатты.
60—70-жылдардағы зерттеулер. XX ғасырдың 60—70-жылдарынан бастап жекелеген ғалымдар көшпеліліктің географиялық-экологиялық себептерін қайта мойындай бастады. Осы ғалымдардың пікірінше, көшпелілік дегеніміз, кейбіреулер айтқандай, "адамзаттық өркениеттің сара жолынан адасу" емес, керісінше, шаруашылықтың, мәдениеттің ерекше даму түрі. Олардың пікірі бойынша: "Көшпелілер далалы, шөлді, шөлейтті табиғатта өз шаруашылығын қалыптастырған, олардың негізгі күнкөріс көзі мал болған, мал басы өскен сайын жайылым айырбастау қажеттілігі туған, сөйтіп жылжымалы өмір салты қалыптасқан". Көшпелі халықтар, оның ішінде ғұндар мен түркілердің тарихына ерекше мән берген тарихшы Л.Н.Гумилев болды. Ол Еуразия көшпелілерінің бұл құрлықтың тарихында алатын орнын өте жоғары бағалады. Дегенмен Л.Н.Гумилев: "Халықтар дамуында, олардың қалыптасуында, шаруашылық-мәдени ерекшеліктерінің пайда болуында географиялық, экологиялық фактор үлкен рөл атқарады" деп санады. Оның ойынша, "бүкіл тарихи үдеріс географиялық, биосфералық өзгеріске тікелей және толығымен тәуелді". Л.Н. Гумилевтің осындай көзқарастары кезінде сыналған да еді.
көшпелі жұрттар өз бетімен таптық қоғамның ең алғашқы сатысына жетеді, ал олардың өрі қарай дамуы отырықшы халықтардың ықпалымен ғана іске асады. Көшпелі қоғам — бұл даму болашағы шектеулі қоғам. Кейінгі кезде көшпелі қоғамның ежелгі замандағы, орта ғасырлардағы мәдени, әлеуметтік-саяси оңды жақтары, артықшылықтары мойындалып келеді. Көшпелі өркениеттің адамзат тарихындағы заңды құбылыс, шаруашылықтың, мәдениеттің, өмір тұрмысының ерекше бір түрі екендігін көпшілік ғалымдар мойындай бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |