Зияткерлік тұлғаны дамытуға, тілдерді тереңдетіп оқытуға, ғылымға, мәдениетке және өнерге бағытталған білім қызметін ұйымдастыруда элитарлық білім беретін мамандандырылған білім беру ұйымдары келесі нормативтік-құқықтық құжаттарды басшылыққа алады: «Білім туралы» Заң, ҚР МЖМБС-2012, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы №499 Қаулысымен бекітілген тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы (7-тармақ); ҚР БҒМ 2013 жылғы 19 шілдедегі № 289 бұйрығымен бекітілген мамандандырылған білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі- Үлгілік қағидалар).
Қазіргі уақытта дарынды және жоғары уәждемелі балалармен жұмыс істеудің маңыздылығы мен қажеттілігіне ешкім күмән келтірмейді.
Дарынды балаларды анықтау мен дамытуға жағдай жасау, олардың әлеуметтік мүмкіндіктерін іске асыру Қазақстан Республикасының басым міндеттерінің бірі болып табылады.Дарынды балалар бір-бірінен дарындылық деңгейімен, танымдылығымен, қызығушылығымен ерекшеленеді. Сондықтан, мұғалімнің алдында баланың әлеуетін анықтау, оқу мазмұнын іріктеу, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру саласында үлкен мәселе тұр. Дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі жүйелі тәсіл, олардың қабілетін дер кезінде ашу, олардың қажеттілігіне сай бағдарламалық қамтамасыз ету, талантты балалармен жұмыс жасай алатын мұғалімнің кәсібилігі – мұның бәрі дарынды білім алушылардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүкіндік береді.
Мамандандырылған мектептердегі оқу процесін ұйымдастыру мамандандырылған білім беру ұйымдары үшін үлгілік оқу жоспарлары негізінде әзірленген оқу жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
Мамандандырылған мектептердің оқу жұмыс жоспарларын білім беру ұйымының басшылығы мақұлдап, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен және білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдармен келісіледі.
Мамандандырылған жалпы білім беру бағдарламалары негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді және тілдерді, ғылым, мәдениет, өнер, спорт негіздерін тереңдетіп оқытуға, олардың шығармашылық әлеуетін және дарындылығын дамытуға бағытталған.
Оқу жоспарының вариативтік бөлігінің құрамына кіретін оқу пәндері бойынша оқу жоспары мен бағдарламаларды әзірлеуді білім алушылардың сұраныстарына сәйкес мамандандырылған мектептер өз бетінше жүзеге асырады.
Осы әдістемелік-нұсқау хатта мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқу процесінде элективті курстардың, таңдау бойынша курстардың орны белгіленген. Таңдау бойынша курстар, элективті курстар бейіналды даярлық және бейіндік оқыту жүйесінде маңызды рөл атқарады және негізгі, жалпы орта білім беру деңгейінде оқу процесінің вариативті жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Мамандандырылған білім беру ұйымдары таңдау бойынша курстарды, элективті курстарды білім алушылар мен олардың ата-аналарының таңдауына сәйкес анықтайды.
1. Бейіналды даярлық үшін таңдау курстарының ерекшеліктері.
Таңдау бойынша курстарды оқу нәтижесінде білім алушылар екі сауалға жауап беруге дайын болуы керек: «Өзімнің білім алу перспективамда нені қажет етемін?» және «Мен таңдаған бейінім бойынша оқуымды жалғастыруға дайынмын ба?»
Осы курстарды оқу барысында білім алушылар:
мектептен кейінгі білім алу және бейіндік оқытуда сұранысқа ие құзыреттілікті меңгеруге және оқу материалдарын меңгеру бойынша күш-жігер жұмсауда тәжірибе алмасу;
бейіндік білім алуды болашақта жалғастыру үшін өмірлік, әлеуметтік, өзін-өзі кәсіби анықтауда бейіндік оқытудың маңыздылығы туралы ақпарат алу;
мектептен кейінгі білім алу бағытына және білім алу бейініне сәйкес оның құндылық бағдарын қалыптастыру.
Таңдау курстарын құрастырудың бірнеше жолы бар.
Іргелі тәсіл жоғарғы сыныптардағы бейіндік оқу пәндерімен тікелей байланысты, тиісті пән саласында ең бірінші дарынды балаларға бағдарланған пәнді терең оқытуға бағытталған іргелі заңдар мен теориялардан жеке заңдылықтарға көшу курс мазмұнын дамытуды қамтиды.
Әдіснамалық тәсіл ерекшеліктері ғылыми-тарихи материалдарда көрсетілген танымның ғылыми әдістемесіне негізделген. Әдіснамалық тәсілге негізделген таңдау курсының басты мақсаты: ғылыми танымның әдісімен танысу, кейбір зерттеу дағдыларын меңгеру. Бұл тәсіл практикум сабақтарды, практикалық-зертханалық сабақтарды ұйымдастыруды, оқудың жобалық технологиясын пайдалануды ұсынады.
Әмбебап тәсіл ғылым үшін жалпыға бірдей маңызы бар бірқатар маңызды тұжырымдар бойынша мазмұнды топтастырумен сипатталады. Бұл тәсіл әртүрлі ғылымдар аясында бір мәселені, құбылысты, түсінікті жан-жақты қарастыратын пәнаралық курстар үшін қолайлы. Ол үшін рефлексивті оқыту технологиясы, сыни ойлау, кейс әдіс т.б. пайдалану тиімді болып табылады.
Прагматикалық тәсіл өмірде кеңінен қолданатын және білім алушылардың негізгі мәдени деңгейін қамтамасыз ететін тиісті білім мен дағдыны қамтиды. Ол үшін тиісті кәсіби саладағы практикумдар, практикалық сабақтар тиімді болып табылады.
Қызметтік-құндылық тәсіл тиісті бейіндік оқытудың мазмұнын табысты меңгеруге қажетті қызметтің түрлерімен танысуды ұсынады. Бір жағынан оқу процесін ұйымдастырудың түрлері мен қызметінің әдістерін ұтымды іріктеу, екінші жағынан білім алушылардың тиісті бағдарға бейіні мен қабілетін анықтауда өзара белгілі бір қатынас бар. Осындай тәсілге негізделген таңдау бойынша курстың құрылымы білім алушылардың тиісті қызмет түрлеріне бейімделуін ескереді. Мысалы, жаратылыстану бағытында білім алушылар көптеген қызмет түрлеріне және химия мен биологияны оқыту процесінің нысандарына бейімділігін көрсетеді. Гуманитарлық бағыт үшін конспект, жоспар, тезис, реферат құрастыру тән, ал оқытудың қолайлы түрлері экскурсия, дискуссия, рөлдік ойындар, демонстрациялар болып табылады. Математика үшін таблица, схема құрастыру, заңдылықтарды анықтау тән.
Құзыретті тәсіл бүгінгі күні жақтаушылары көп, мүмкін көптеген құрастырушылар негізгі мектеп үшін таңдау бойынша курстарды әзірлеу барысында осы тәсілге көп көңіл бөледі. Бұл жағдайда келесі әрекеттер тізбегі болуы мүмкін:
- осы жастағы білім алушылар үшін маңызды мәселелерді анықтау;
- оларды шешу үшін тиісті шеберлікті көрсету;
- аталған мәселелерді шешу үшін қажетті құзыреттілікті анықтау;
- қажетті мазмұнды таңдау;
- оқыту әдістерін әзірлеу.
Таңдау бойынша курстың мақсатын анықтау үшін бағыт ретінде әлеуметтік, коммуникативтік немесе пәндік құзыреттілік алынуы мүмкін.
Бейіналды дайындық бойынша таңдау курсы пәндік-бағдарлы (сынама) және пәнаралық (бағдарлы) болып бөлінеді.
Пәндік-бағдарлы курс келесі мәселелерді шешеді:
1) оқу пәніне білім алушының қызығушылық танытуы;
2) пәнді жоғары деңгейде меңгеру қабілеті мен дайындығын анықтау;
3) таңдау бойынша емтихандарды тапсыруға жағдай жасау, яғни болашақ бейініне жақын пән.
Пәндік бағдарлау курстары үшін оқу-әдістемелік құрал ретінде қолданыстағы оқу құралдары, факультатив, арнайы курс бағдарламалары, жоғары оқу орындарына дайындыққа арналған оқу-әдістемелік кешендері және пәндерді тереңдетіп оқыту сабақтарының үзінділері пайдаланылуы мүмкін.
Пәнаралық (бағдарлау) курстар дәстүрлі білім беру пәндері аясынан шығуды ұсынады. Олар білім алушыларды көптеген пәндер бойынша білім синтезін және әртүрлі кәсіптік салалардағы даму әдістерін талап ететін күрделі мәселелер мен тапсырмалармен таныстырады.
Таңдау курстарының міндеттерін келесідей тұжырымдауға болады:
1) білім алушылардың заманауи кәсіптерге бейімделуі үшін база құру;
2) практикада кең тараған мамандықтардың, түрлері қызметтің ерекшеліктерімен танысу;
3) тиісті бейінге қолдау көрсету.
Бейіналды даярлау бойынша пәнаралық курстар үшін оқу материалдары ретінде ғылыми-танымал әдебиеттер, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары, Интернет және т.б. қолданылады.
Таңдау курстарының айрықша ерекшеліктері олардың стандартты еместігі, вариативтілігі (түрленуі) және қысқа мерзімділігі болып табылады. Таңдау бойынша курстың вариативтілігінің ерекшелігі бейіналды даярлық алдында нақты бір бейінді таңдаған немесе керісінше әлі таңдау үстіндегі білім алушы мазмұны мен саны жағынан өте көп түрлі таңдау бойынша курстарды меңгеруде өз күшін сынап көруі тиіс. Мазмұны, ұйымдастырылуы және өткізілу технологиясы бойынша бір-бірінен ерекшеленетін көптеген курстардың болуы алдынала тиімді оқытудың маңызды педагогикалық шарттарының бірі болып табылады.
Таңдау бойынша курстар келесі талаптарға сай болуы керек:
- білім алушыға нақты таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін санымен ұсынылуы тиіс;
- білім беру перспективасы тұрғысынан білім алушыға әлеуетін бағалауға көмек беруі тиіс («Әлеуметтік-гуманитарлық бағытқа математикадан үштік алуыма байланысты емес болашақта заңгер немесе журналист мамандығын таңдағандықтан барамын»);
- таңдауды жоспарлап отырған бейін бойынша оқуда оң уәждеме жасауғаықпал ету, «Мен осымен айналыса алам ба, маған осы керек пе?» деген сұраққа жауап бере алуы үшін білім алушының өзін тексеруіне көмек көрсету. Ал курстың жаңа мазмұны мен шектен тыс жүктеуі осы сұрақтарға жауап беруіне қиындық туғызуы мүмкін.
Мазмұнды таңдай отырып, мұғалім келесі сұрақтарға жауап беруі тиіс:
- жоғары сыныпта дұрыс бейіндік таңдау жасау үшін осы курс білім алушыға несімен пайдалы?;
- орта мектептің үшінші сатысында бейіндік оқу барысында рөлі арта түсетін заманауи білім технологияларын қолдану тиімді болып табылады;
- осы немесе оған жақын пәндер бойынша базалық курсты жүзеге асыратын басқа мұғалімнің бейіналды курстарын оқыту мүмкіндігін пайдаланған жөн;
- таңдау жасау барысында (тарихшы, филолог, физик т.б.) ол үшін маңызы бар, яғни кəсіби қызмет саласының білім алушының таңдауына əсер ететін курста білім алушы қызмет түрінің ерекшелігімен танысуы тиіс. Олар осы бейіннің қызмет түрлерінің үлгілерін қамту керек (бейіннің ерекшелігін қызмет арқылы көрсету – мәтінмен жұмыс, талдау түпнұсқасы, құқықтық құжаттарды пайдалану т.б.).
Таңдау бойынша курстар мүмкін болса, бір әдістемеге негізделуі керек. Бұл мұғалімнің ақпаратқа монополиясын жояды.
Бейіналды дайындық үшін таңдау курстары базалық курсты қайталамауы тиіс. Олар білім алушыны емтихан тапсыруы үшін емес, жоғары сыныпта нәтижелі оқуға дайындауы тиіс.
2. Элективті курстардың сипаттамасы.
Элективті курстар білім алушылардың бейіні мен кәсіби өзін-өзі анықтауын қамтамасыз етеді. Білім беру ұйымы шешім қабылдайды және білім алушыларға элективті курстарды таңдауға мүмкіндік береді.
Элективті курстардың көптеген функциялары мен міндеттері бар:
- бейінді оқу пәндерінің бірін, оның тарауын жоғары деңгейде меңгеруін қамтамасыз етеді (мысалы, әлеуметтік-гуманитарлық бағыт бойынша орыс тілінен элективті курс «Іскерлік қарым-қатынас»);
- пәнаралық негізде өзара байланысы бар оқу пәндерін меңгеруге қызмет етеді (мысалы, «Математикалық статистика, «Компьютерлік графика», «Өнер тарихы»);
- бірнеше базалық оқу пәндердің бірін меңгеруде жоғары деңгейді қамтамасыз етеді (мысалы, орыс тілінен электив «Түрлі стиль мен жанрдағы функционалдық-мағыналық мәтіндер құру»);
- практикалық маңызды тапсырмаларды шешу үшін қызметтің дағдылары мен әдістерін қалыптастыруға көмектеседі;
- кәсіптік бағдар бойынша жұмыстың үздіксіздігін қамтамасыз етеді;
- өмірлік жолын таңдауды жүзеге асыратын мүмкіндіктер мен тәсілдердің қалыптасуына ықпал етеді;
- өмірлік маңызы бар мәселелерді шешуге, танымдық қызығушылығын қанағаттандыруға себеп болады;
- еңбек нарығында үздік жетістіктерге жету үшінбілім алушылардың білім нәтижелерін меңгеруге ықпал етеді (мысалы, элективтер «Іс жүргізу», «Бухгалтерлік есеп негіздері», «Іскерлік ағылшын тілі», «Әртүрлі кәсіптік қызметтегі бағдарламалық қамтамасыз ету»).
Білім алушы курсты өз бетінше таңдайды. Элективті курстың немесе таңдау бойынша курстың мазмұнын іріктеу арқылы мұғалім келесі сұрақтарға жауап беруі керек:
1. Бейіналды даярлық мәселелерін менқандай мазмұндағы материалдар және жұмыс түрлері арқылы толық жүзеге асыра аламын? (білім алушыға бейінді таңдауға көмектесу, оның бұрынғы дайындығының орнын толтыру, осы бейіндік іс-әрекеттерге тән көрсету, білім алушыға өзін көрсетуге және табысқа жетуге мүмкіндік береді).
2. Курстың мазмұны негізгі курстан қандай сапалы ерекшелігі бар? (ол тіпті негізгі курста мүлдем көрсетілмеген, ол «кездейсоқ» ұсынылған, ол туралы тек ескеріледі, ол бір жақты ұсынылған, басқа көзқарастар көрсетілмеген т.б.)
3. Аталған курс қандай оқу және қосымша материалдармен қамтамасыз етілген? (кітапхана қоры, хрестоматиялар, жинақтар, дидактикалық материалдар т.б.)
4. Қандай жұмыс түрлері (бейіндік – және кәсіби бағдарланған) аталған мазмұнда жұмыс жасауға мүмкін? (Мысалы, талдау әдісін пайдалану; химиялық тәжірибе өткізу; топпен, жеке, жұппен жұмыс; логикалық пікірталас; өткен материал бойынша резюме құрастыру).
5. Аталған курс жұмысында білім алушының өз бетімен жұмысының үлесі қандай? (зерттеу нысаны; есеп жұмыстарының түрлері (реферат, мақала жазу, презентация).
6. Аталған курсты зерттеу барысында педагог пен білім алушыға түсінікті қандай өлшемдер жетістікті бағалауға мүмкіндік береді? (сабақ үстінде белсенділікті бақылау; білім алушылармен, ата-аналармен әңгімелесу; білім алушылардың талдау жұмыстары; тестілеу).
7. Курсқа, болашақ бейінге деген қызығушылық динамикасы жұмыс барысында қалай анықталады (алғашқы және соңғы сабақта анкета алу. Міндетті жұмыстарды орындаған сайын жұмыс барысында әңгімелесу)?
8. Білім алушыға арналған курс қалай аяқталады, есеп беру формасықандай?
Осы сұрақтарға жауап бере отырып, мұғалім бағдарламаға түсіндірме жазба құрастыруға дайындалады.
Бағдарлама құрылымы бірнеше компоненттерден тұрады:
-оқу-тақырыптық жоспар;
-ОӘК және басқа да тірек оқу құралдарының тізілімі;
-әдебиеттер тізілімі және библиография;
-түсіндірме жазба;
-қолданылатын технология түрлерінің тізілімі.
Бағдарлама:
-бейіндік мектептің тұжырымдамасына сәйкес келуі тиісті;
- практикалық бағыты болуы керек;
-оқу материалының құрылымы мен ұсыну логикасы болуы тиіс;
-мазмұны бойынша құрылымы және байланысы болуы;
-уақыт пен ресурстарын жұмсауда шынайы болуы керек;
-білім алушыларға үздіксіз білім алу үшін саналы және объективті түрде таңдауға мүмкіндік беретін белсенді оқыту әдістерін ұсыну;
-белгілі бір жаңашылдыққа ие болу;
-жалпы оқу және пәндік білім мен дағдыны дамытуға мүмкіндік беретін мазмұнды талдаудың кейбір түрлеріне ие болу.
Жоғарыда көрсетілген талаптарға сүйене отырып, бағдарламаны жазу алгоритмі құрастырылды:
1) Курстың атауы тартымды болуы керек. Ол бір жағынан мектептікіне ұқсамау керек, ал екінші жағынан курсқа қатысатын білім алушылардың курс барысында немен айналысатындығын көрсетуі тиіс. Мысалы: «Астрономия» - «Жұлдызды әліппе», «Журналистика»-«Қалам үлгісі».
2) Түсіндірме жазбада:
- элективті курстың түрі (пәндік-бағдарлы,пәнаралық),
- ұзақтығы мен апта сағаттарының саны,
- курс мақсаттарының тұжырымдамасы,
- курстың түрлері мен функцияларын ескере отырып, оның міндеттері,
- мұғалімнің пайдаланатын технологиялары,
- білім алушыларға ұсынылатын қызмет түрлері,
- аталған курсты оқу барысында табысты бағалауға мүмкіндік беретін критерийлер,
- ықтималды әлеуметтік сынақтар және күтілетін нәтиже.
3) Бағдарламаның мазмұны (зертханалық және практикалық жұмыстарды қоса).
4)Тақырыптық жоспарлау (білім алушылардың теориялық және практикалық сабақтарын, күтілетін іс-әрекеттерін көрсетеді).
5) Оқу-әдістемелік қамтамасыз ету.
6) Қосымша.
Элективті курстар мектепте вариативті компонентке берілген уақыт арқылы жүзеге асырылады. Элективті курстарды мектеп бағдарламасына енгізе отырып, бұл жерде оның бағдарламалары мен оқу құралдары туралы ғана емес, осы курстарды оқытуда қажетті барлық әдістемелік жүйе туралы екенін ескеру қажет. Сондықтан элективті курстарға берілген сағат аясында жеке бейіндердің жобалық оқу жоспарларында белсенді оқу технологияларына көңіл бөлу қарастырылған.
Элективті курстардың міндеттерінің күрделілігі мен көп өлшемділігі қатаң бекітілген тұжырымдамалық жүйе бойынша бағдарламалық қамтамасыз етуді және әдістемелік қолдау жүйесін құру қажеттілігін туғызады.
Элективті курстардың күрделілігі және көп жоспарлылығы элективті курстардың міндеттерінің күрделілігі мен көп өлшемділігі қатаң бекітілген тұжырымдама (яғни, өздігінен емес, іс жүзінде нығайтылған) негізінде бағдарламалық және әдістемелік қолдау жүйесін құру қажеттілігін туғызады. Ол үшін кез-келген таңдау бойынша немесе элективті курс оқу-әдістемелік жинақпен қамтамасыз етілуі тиіс.
Элективті курс бойынша оқу-әдістемелік жинаққа:
- курстың бағдарламасы;
- оқу, әдістемелік құралдар (мұғалімге, білім алушыға арналған әдебиеттер, қосымша әдебиеттер, электронды басылымдар. Интернет-ресурстар);
- білім алушының дәрістері, семинарлары, өзіндік жұмыстары үшін ақпараттық материалдар мәтіндері;
- өзіндік жұмысы үшін тапсырмалар каталогы және оны орындауға арналған әдістемелік нұсқаулықтар;
- жеке және сараланған тапсырмалар, соның ішінде тест түріндегі тапсырмалар;
- оқу тәжірибе бағдарламалары және оны өткізу бойынша әдістемелік нұсқаулықтар;
- зерттеу жұмыстары мен жобалардың тақырыптары;
- жобалық және зерттеу қызметінің бағдарламалары және оларды ұйымдастыру бойынша әдістемелік нұсқаулықтар;
- жобалық және зерттеу жұмыстарының үлгілері кіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |