5-сыныпта «Математика» оқу пәнінің базалық мазмұны, шамалы өзгерістерді қоспағанда толығымен бұрынғыдай қалды. Атап айтқанда, қолданыстағы оқу бағдарламасымен салыстырғанда жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасында «Жиын» тарауы және «шиыршық» принципін сақтау мақсатында «Кеңістік фигураларының жазбалары» тарауы қосылған, оларды оқуға оқу жылына берілген 170 сағаттан сәйкесінше 5 сағат және 3 сағат бөлінеді.
Сонымен қатар базалық мазмұн тарауларын оқып игеруге бөлінген сағаттарда айырмашылық бар. «Натурал сандар және нөл саны» тарауын игеруге шамамен 15 сағат бөлінген. Қалған тарауларды игеруге бөлінген сағат сандары өзгеріссіз.
2. 6-сынып, «Математика» оқу пәні. 6-сыныпта «Математика» оқу пәнінің базалық мазмұнына шамалы өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, қолданыстағы оқу бағдарламасы бойынша 6-сыныпта қарастырылатын «функция» ұғымына қатысты тарау 7-сыныпқа көшірілген. Осы тараудың орынан 6-сыныпта «Шамалар арасындағы тәуелділіктер» тарауы қарастырылады және келесі тақырыптардан тұрады: «Шамалар арасындағы тәуелділіктерді беру тәсілдері: аналитикалық (формула арқылы), кестелік, графиктік тәсіл», «Нақты процестердің графиктерін қолданып шамалар арасындағы тәуелділіктерді зерттеу», «Тура пропорционалдық және оның графигі». Осыған байланысты «Екі айнымалысы бар сызықтық теңдеулер мен олардың жүйелері» бөліміне өзгерістер енгізілген. Яғни осы тарауда екі айнымалысы бар сызықтық теңдеу және оның графигі, екі айнымалысы бар сызықтық теңдеулер жүйелері, екі айнымалысы бар сызықтық теңдеулер жүйесін қосу тәсілімен және алмастыру тәсілімен шешу, есептерді сызықтық теңдеулер жүйелері арқылы шығару материалдары ғана қарастырылады.
5-6-сыныптарда «Математикалық моделдеу және анализ» бөліміне баса назар аударылған. Әр бөлімді игерген кезде мәтінді есептерді шығару ұсынылады. Статистикалық мәліметтерді ұсынуға арналған тапсырмаларды орындауға көңіл бөлінген. Бұл практикаға бағытталған есептерді қарастыруға байланысты.
3. 7-сынып, «Алгебра» оқу пәні. Оқу пәнінің базалық мазмұнында қолданыстағы оқу бағдарламасымен салыстырғанда елеулі өзгерістер жоқ. Егер, қолданыстағы оқу бағдарламасында 5 тарау оқытылатын болса, жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасында 6 тарау оқытылады. Бұл, «функция» ұғымына қатысты материалдар жеке «Функция. Функцияның графигі» тарауы етіп берілген және бұл тарауға 6-сыныптан «Функция ұғымы», «Функцияның графигі», «Сызықтық функция және оның графигі», «Сызықтық функциялардың графиктерінің өзара орналасуы», «Екі айнымалысы бар сызықтық теңдеулер жүйесін графиктік тәсілмен шешу» тақырыптары көшірілген. Бұл тақырыптар 6-сынып білім алушыларының игеруіне қиындық туғызады деп есептеп, практик-мұғалімдердің ұсыныстары бойынша ауыстырылған.
Практикаға бағытталған, зерттеушілік және шығармашылық тапсырмаларды шешу қажеттілігіне баса назар аудару керек.
4. 8-сынып, «Алгебра» оқу пәні. Оқу пәнінің базалық мазмұнында қолданыстағы оқу бағдарламасымен салыстырғанда елеулі өзгерістер жоқ. Курстың базалық мазмұнына «Статистика элементтері» тарауы (Жиілік. Жиіліктер кестесі. Интервалдық кесте. Гистограмма. Жинақталған жиілік. Орта мән. Дисперсия. Стандартты ауытқу. Алқап.) қосылған. Бұл тараудың кейбір материалдары қолданыстағы оқу бағдарламасы бойынша 9-сыныпта қарастырылған болатын.
5. 9-сынып, «Алгебра» оқу пәні. 9-сыныпта қолданыстағы оқу бағдарламасындағы тәрізді «Екі айнымалысы бар теңдеулер, теңсіздіктер және олардың жүйелері», «Тізбектер», «Тригонометрия» бөлімдері қарастырылады. Оқу бағдарламасының мазмұны комбинаторика мен ықтималдықтар теориясы бойынша материалдармен толықтырылған. Атап айтқанда «Комбинаторика элементтері» бөлімінде келесі тақырыптар берілген: Комбинаториканың негізгі ұғымдары мен ережелері (қосу және көбейту ережелері). Санның факториалы. Қайталанбайтын «орналастыру», «алмастыру» және «теру» ұғымдары. Комбинаториканың негізгі формулалары. Комбинаторика формулаларын қолдану арқылы есептер шығару. Ньютон биномы және қасиеттері, ал «Ықтималдықтар теориясының элементтері» бөліміне «Оқиға, кездейсоқ оқиға, ақиқат оқиға, мүмкін емес оқиға. Элементар оқиғалар. Қолайлы нәтижелер. Тең мүмкіндікті және қарама-қарсы оқиғалар. Ықтималдықтың классикалық анықтамасы. Статистикалық ықтималдық. Геометриялық ықтималдық» тақырыптары енгізілген. Қолданыстағы оқу бағдарламасы бойынша бұл бөлім 10-сыныпта қарастырылған болатын
6. 7-сынып, «Геометрия» оқу пәні. 7-сыныпта білім алушылар «Геометрия» оқу пәнін оқуға енді ғана кіріседі, сондықтан қолданыстағы оқу бағдарламасымен салыстырғанда жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасында өзгерістер жоқ.
7. 8-сынып, «Геометрия» оқу пәні. «Геометрия» оқу пәнінің базалық білім мазмұнында қолданыстағы оқу бағдарламасымен салыстырғанда өзгерістер жоқ.
8. 9-сынып, «Геометрия» оқу пәні. «Геометрия» оқу пәнінің базалық білім мазмұнында қолданыстағы оқу бағдарламасымен салыстырғанда өзгерістер жоқ.
7-9-сыныптарда «Геометрия» пәнін оқытуда пәннің практикалық бағыттылығы күшейтіледі.
7-8 сыныптарда «Информатика» пәнінің базалық мазмұны өткен оқу жылындағыдай, өзгеріссіз.
5-6, 9 сыныптарда «Информатика» пәні жаңа оқу бағдарламасы бойынша оқытылады.