Шапшаң, дұрыс, түсініп, мәнерлеп оқу бір-бірімен тығыз байланысты.
Шапшаң оқуға дағдыландырудың тағы бір түрі — сыныпта дауыстап оқу. Мұндай жұмысты орындатқанда мұғалім оқушыларды тақтаға біртіндеп шығарып, әрқайсысына тапсырма береді де, дауыстап оқытады (кейде әрқайсысына әр түрлі мәтін, кейде бір түрлі мәтіннің өзін беруге де болады).
Шапшаң оқу оқушылардың сөйлеу мүшелерінің жетілуіне де байланысты. Мұғалім әр баланың сөйлеу мүшелерінің қалай жетілгенін байқау үшін оқушыларға мәтінді хормен де, жеке-жеке де оқытып көреді. Айтылуы қиын жаңылпаштарды қайта-қайта айтқызып жаттықтыру әрі дұрыс оқуға, әрі шапшаң оқуға септігін тигізеді.
Шапшаң оқуға жаттықтыру жұмысы барлық сабақтарда да жүргізіледі. Оқушыларда шапшаң оқу дағдыларын жетілдіру мақсатында арнайы уақыт та бөліп отыру қажет. Ол:
шамамен қандай жылдамдықпен оқылуы керек екендігін мұғалімнің өзінің оқып көрсетуі;
сынып оқушыларына бір мәтін беріледі, оны белгілі бір мезгілде барлық оқушыға бастатып оқытады, белгілі бір уақытта барлығының бір мезгілде оқуларын тоқтату талап етіледі. Сонда әр оқушы өзінің тоқтаған жерін белгілейді, ал мұғалім әркімнің неше сөз оқығанын есептеп шығады.