Көтерілісшілердің күшін біріктіру әрекеті. Көктем шығысымен қазақтардың қозғалысы жер-жерде қайтадан күшейе түсті. Мәселен, Елек өзенінің бойында Жоламан Тіленшіұлының жасағы іс-қимыл жасады. Арал-Каспий аралығында Жүсіп батырдың жасақтары пайда болды. Ал Орталық Қазақстан далаларында «бүлікшіл сұлтан» атанған Кенесары Қасымұлы бастаған аса қуатты көтеріліс кеңінен құлаш жайды.
Міне, мұндай жағдайда Исатай Тайманұлы Хиуа хандығынан бөлініп шыққан сұлтан Қайыпқали Есімұлымен күш біріктіруге шешім қабылдады. Сұлтан өзін хан деп жариялады. Оның жасағында 3000-ға жуық сарбаз бар еді. Бұл екі жасақ бір-бірімен Ойыл өзенінің сағасындағы шекті руының ауылдарында қосылды.
Патша үкіметі үшін өте күрделі қауіпті жағдай қалыптасты. Оның үстіне бүкіл Кіші жүздің көтеріліске шыққан күштерін біріктіру ниеті де байқалды. Сондықтан Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы қазақтардың қозғалысын басып-жаншу үшін ірі әскер құрамын аттандырды.
1838 жылы Қиыл және Ақбұлақ өзендерінің бойында көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында шешуші шайқас өтті. Оның барысында көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлы қаза тапты. Көтерілісшілердің қалған тобы кейін шегініп, дала қойнауына сіңіп кетті. Жазалаушы әскер олардың соңынан қуғын ұйымдастырды. Шайқаста көтерілісшілерден 80-ге жуық адам қаза тапты.
Көтерілістің жеңіліске ұшырауының себептері мен салдары. Исатай Тайманұлының қазасынан кейін көтеріліс бәсең тарта бастады. Жекелеген жасақтар Төменгі Жайық шекара шебіне таяу жерлерде, Ойыл өзенінің бойында ғана іс-қимыл көрсетіп жүрді.
Махамбет Өтемісұлы біраз уақыт бой тасалап, жасырынып жүруге мәжбүр болды. Көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін оған қатысқандарды қуғындау басталды. Көптеген адамдарға өлімші етіп дүре соғылды. Көтерілісшілердің бірқатары каторгаға айдалды, мал-мүлкі тәркіленді. Көтеріліске неғұрлым белсене қатысқандар Сібірге біржолата жер аударылды.
Көтерілістің жеңіліске ұшырауының негізгі себептері мынада еді: ең алдымен, қозғалыс алдын ала мұқият ұйымдастырылмады, оның айқын бағдарламасы болмады, көтеріліс жергілікті шашыраңқы сипат алды. Көтерілістің басшылары Кенесары Қасымұлы мен Жоламан Тіленшіұлы бастаған жасақтарымен байланыс жасай алмады. Патша үкіметінің әскерлері мылтық, зеңбіректермен жарақтандырылған еді. Кейде зеңбіректен үсті-үстіне бірнеше оқ
атудың өзі көтерілісшілерді кейін шегінуге мәжбүр етті. Қазақтардың қолында ондай қару болған жоқ. Көтерілістің жеңіліп қалуының басты себептерінің бірі бұл жолы да, Сырым Датұлының жасақтары сияқты, екі бағытта - әрі патша үкіметіне, әрі хан билігіне қарсы күрес жүргізілді.
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған көтерілістің зор тарихи маңызы болды. Бұл патша үкіметі құрған жаңа әкімшілік аумақтағы қазақтардың отаршылдыққа қарсы ірі баскөтеруі еді. Оның ұлт-азаттық сипаты басым болды. Көтеріліс аяусыздықпен басылғаннан кейін де жалғаса берді.