Шөп шабу ісінің дамуы. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақтар шөп шабумен айналыса бастады. Алайда көшпелілердің шабындық жерлері Ресейден қоныс аударып келген шаруаларға, казактардың станицаларына, әскери бекіністер мен жаңадан салына бастаған қалаларға беріле бастады. Мың-мыңдаған мал басын қырып салатын жұт жылдары жиі қайталанатын. Ал ондай кезде мал басын алдын ала дайындалған шөп қоры мол болған жағдайда ғана аман сақтап қалуға болатын еді. Қоныс аударып келген орыс шаруалары қазақтардан сиырды көптеп сатып ала бастады. Мұның өзі бұл малдың санын арттыра түсу қажеттігін тудырды. Ал сиырды қолда ұстап бағу мал азығын дайындауға деген ынта-ықыласты күшейтті.
Шөп темір шалғылармен шабылды. Қоныс аударып келген орыс шаруаларынан үлгі алған ауқатты қазақтарда негізінен атқа жегіліп, шөп шабатын машиналар да пайда болды. XX ғасырдың бас кезінде Қазақстанның солтүстік, орталық, солтүстік-шығыс аймақтарында шаруашылықтардың 90 пайызға жуығы шөп шабумен айналысуды кәсіп етті.
Егіншілік кәсібі. Сырдарияның екі жақ өңірінде, Жетісу жерінде, сондай-ақ Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық аймақтарындағы кейбір өзендер мен көлдердің жағалауларында қазақтар егіншілікпен сонау ерте заманның өзінде айналысқан болатын. XIX ғасырдың аяқ кезінде елдің егіншілікпен айналысуға жаппай бет бұруы байқалды. Ішкі Ресейден қоныс аударушы шаруалардың көптеп келуіне және Қазақстандағы қала халқы санының арта түсуіне байланысты мал жайылымдарының көлемі қысқара бастады. Отбасы мүшелерін асырау мен қолда бар малды жемшөппен қамтамасыз ету ендігі жерде егін егуді ұйымдастыру мен дамытуға байланысты болып қалды. Отырықшы-егіншілік кәсібімен айналысуға көшу қазақтарды ежелден қоныстанған жерлерінен күштеп көшіру және басқа жаққа қуып шығу әрекеттеріне тыйым салатын еді. Патша үкіметі қазақтардың тұрақты отырықшы өмір салтына көшуге деген ынтасын қолдап отырды. Патша үкіметінің пікірі бойынша, бұл шаралар Ресейден қоныс аударушы шаруалар үшін қыруар көп жер телімдерін босатып беруі және қазақтарды басқару үшін қолайлы жағдайлар туғызуы тиіс болатын. Қазақтар бірте-бірте орыс шаруаларының үлгісімен егін егуді игере бастады.
Негізгі еңбек құралдары соқа, тырма, қол орақ, ағаш айыр, күрек пен кетпен болды. Егістік жерді суару үшін әртүрлі құрылғылар (атпа, шығыр) қолданылды. XIX ғасырдың аяқ кезі мен XX ғасырдың бас кезінде қазақтар мен орыс шаруалары қатар қоныстанған аудандардағы шаруашылықтарда темір соқалар мен тырмалар пайда болды. Уезд және кейбір болыс орталықтарында ауыл шаруашылық техникасының паркі ашылды.
Суармалы егіншілік Шығыс Қазақстан, Жетісу, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан аймақтарында жақсы дамыды. Қазақстанның өзге аудандарында тәлімі егін шаруашылығы кеңінен етек алды.
Қазақтар негізінен бидай, тары, сұлы, күріш және жүгері дақылдарын екті. Шымкент және Перовск уездерінде мақта, Верный уезінде азын-аулақ темекі, Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарында бақша дақылдары - қарбыз, асқабақ, пияз бен сәбіз өсірілді. Орыс-украин халықтарымен қатар алқаптарда тұратын қазақтар аздап болса да картоп, қияр және басқа да көкөніс түрлерін егумен айналысты. Малазықтық дақылдардан жоңышқа екті. Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы қазақтар шаруашылықтарында бау-бақша дақылдарын өсірді.